К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Махамбет өлеңдерінің шыққан жылдары мен кезеңдері



бет5/26
Дата10.12.2023
өлшемі328,47 Kb.
#135805
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
Байланысты:
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану

Махамбет өлеңдерінің шыққан жылдары мен кезеңдері


Қажым Жұмалиев “Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері” еңбегінде “Соңғы жылдарда Махамбет өлеңдерімен шүғылданушы кейбір жолдастар (Б.Аманшин) мұрағат материалдарын әлі де тексеріңкіресек, тарихи жазылған еңбектерді салыстыра отырып мұқият қарастырсақ, өлеңнің даталарын дәл, не дәлге жақын анықтауға болады, - деген пікірлер ұсынып жүр. Бұл пікір дұрыс, бірақ қиын, қиын да болса келешек зерттеушілер осы бағытта ізденулеріне мұрындық боларлық, оқушыларды ойландырарлық пікір” /12, 323 б./, -деп жазды.
Біз сыншы, ұстаз ғалымның осы бір пікірін темірқазық етіп ұстана отырып, мұрағаттар мен Исатай, Махамбет көтерілісі жайында жазылған зерттеу еңбектерді (жеке кітап болып шыққан, ұжымдық жинақтарға енген, газет-журналдарда жарық көрген) қарай, зерттей, зерделей келіп бұл жолда М.Әуезовтің “алғашқы кезде бұлар соғысып жүреді. Ол кездегі көңіл екпіні, сөз тасқыны да бір алуан, өзгеше. Одан кейін жеңіледі. Бұдан туатын көңіл-күйі екінші түрде. Ең аяғында қашқын-пысқын болып, жүдеп-жадап жүріп хан, төреге жәй-күйін айтып, жәрдем дәмететін халге келеді. Ондағы күй-қалып тағы бір басқа. Міне, Махамбет шығармаларының осындай үш кезең, үш дәуірі бар. Тексеруді де осы ізбен беттету керек” /26/ деген сөзін бағыт-бағдар етіп, ақын өлеңдерін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады деген ой түйдік. Біріншісі – 1822-1829 жылдардағы алғашқы албырт кездегі балғын жырлары, екіншісі – 1829-1835 жылдардағы көтеріліс алдындағы, қол жинау кезіндегі ұранды өлеңдері, үшіншісі - 1836-1838 жылдардағы ереуілтұсындағы дауылды туындылары, төртіншісі –1838-1846жылдардағы көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейінгі лирика-элегиялық жырлары.
Ақын өлеңдерінің тақырыбына, мазмұнына, өлеңдерде кездесетін жер аттары мен кісі есімдеріне, оқиғаға, ел аттарына, сондай-ақ өлең характеріне қарай хронологиялық жағынан бұлай бөлу туындылардың қай жылдары жазылғанын анықтауымызды жеңілдете түскендей болды. Одан кейінгі Тарихи жазылған еңбектерді салыстыра отырып мүқият қарастыру көздеген мақсатымызға біршама жеткізген де тәрізді.
Ақынның алғашқы өлеңдерінен бізге жеткені “Еңіреу ұлы емшек боз”, “Жалған дүние”.
Олай дейтініміз бұл өлеңдерде жастық шаққа тән албырт сезім басым:
Дұшпаны қарсы келгенде,
Ер дініне берік болсын!
(“Еңіреу ұлы емшек боз”)
Ішелік те желік,
Мінелік те түселік,
Ойнайық та күлелік –
Ойласаңдар ,жігіттер,
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған?!
(“Жалған дүние”)
Жауығушылық та, налу да, өкініш те байқалмайды. Жігерлі болғанымен, ерлікке шақырғанымен, балаңдық, жастық желік аңғарылады.
“Жалған дүние” алғашқы туындыларының бірі болғанымен, Махамбет өлеңдерінің ішіндегі өте көркем жазылған жауһарларының қатарына жатады. Бұл да өзінен бұрынғы жыраулар дәстүрімен айтылған дидактикалық-философиялық толғау. Оған алда да тоқталып, айтқан пікірімізді дәлелдей түсерміз. “Арғымақ, сені сақтадым”, 1835 пен 1836 жылдар аралығында халықты күреске шақырып, қол жинау кезінде шығарған деп білеміз. Оны өлеңнің өзі-ақ дәлелдеп тұр. Соғыста жүрген адам “Ат – жігіттің майданы, қылыш – жанның дәрмені, өлім – хақтың пәрмені” екенін жақсы білсе керек. Оларға оның айтып түсіндірудің қажеті де жоқ. Сондықтан қолына қару алып, атқа қонбаған, әлі майданда болмағандарға арнайы айтылған. Бұл ойымызды “Атақты ермен бірге өлсе, жігіттің болмас арманы” деген келесі жолдар дәлелдей түседі. Ақын жігіттерді Исатай батырмен бірге болуға, керек болса, бірге өлуге шақырады. Өлеңнің халықты көтеріліске үндеп тұрғаны айдан анық емес пе?!
Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?!
Қаптай соққан боранда
Қаптама киген тоңар ма?!
Туырлығы жоқ тұл үйге
Ту байласаң тұрар ма?!
Ту түбінен тұлпар жығылса,
Шаппаған нәмәрт оңар ма?
Халықты нартәуекелге шақырған бұл дидактикалық-философиялық толғау Қиялымола қақтығысының кезінде айтылған. Ал бұл қақтығыс 1836 жылы болғанын Ығылман Шөреков:


Бір мың жылда сегіз жүз
Және бір отыз алты да
Ашуланып Жәңгір хан
Жарлық салды халқына.
Соғыс пәрмен бұйырды
Өзіне ерген жалпыға /27/,деп көрсеткен.


Қажым Жұмалиев те Ығылманның осы жолдарын ала отырып “Бұл да тарихқа дәл келеді. 1836 жылы 17 мартта, Жәңгір хан, Исатай, Махамбеттерді ұстау үшін Қарауылқожа Бабажанұлын бас етіп, 522 адам қарулы әскер аттандырады. Исатай, Махамбет 200-дей қаруланған жасақпен Қарауылға қарсы шығады. Бұлар 4 сәуір күні Қиялымола деген жерде кездеседі. Поэмада ақын тарихи датаны дәлме-дәл күйінде алған” /12, 92 б./, -дейді.
Қ.Жұмалиевтің бұл пікірін Беріш руының старшиналары Исатай Тайманұлы, Уса Төлегенұлы, Тінәлі Тайсойғанұлының 1836 жылғы Жәңгір ханға жазған арызы дәлелдей түседі:
Арызда Қарауылқожа мен Байтудың, оның старшындарының (бәрінің аты аталады) көрсетіп отырған жәбір-жапасы айтыла келіп, “...Жоғарыда зікір етілміш әр рудың старшина, би, төре, қожалар жамиғы өзінің қарамағына алған жасауылымен жар салып жоғарыдан пәрмен ертіп, өз білуінше ғали келбетті хұзіретіне айыпты болған старшиналар Исатай, Уса, Тінәлі дегендердің өзін өлтіріп, малын шауып алып, үшбу ерткен кісілерге олжа етіп беремін деп жоғары жар етілген тайпалардан сегіз жүз мыңдай кісі әскер жасап, 1836 жылы 24 хамалда (наурызда – К.М.) найза, мылтық бір ствол, қылыш, балта, қалжан әр неки адамдарға қырғын таптыратын жау қаруларын асынып, өлтірмекке құждымлық қылғанының бағытында біздер хабар алған соң, управитель Қарауыл Қожа Бабажанұлынан қорқып, нақақ өлтірмекке қас еткенін білдік” /7, 297 п./.
Исатай, Махамбет қолы Қарауылқожаның шабуыл жасағалы жатқанын естіп, біліп, ор қазып дайын отырады. Алайда Қарауыл Қожа Исатай, Махамбет бастаған көтерілісшілерді торуылдағанымен, лап қоюға бата аламай, кері қайтады. Бұл көтерілісшілердің құлағына жетіп, мерейлері өсіп қалады. Көтерілісшілерге Махамбет отты өлеңімен рух бере жоғарыдағы “Орай да борай қар жауса” жырын толғайды.
Толғаудан шаттық, марқайыс лебі еседі. “Біріндеп жауды қашырғаннан” кейін қуанбасқа не шара?!
“Орай да борай қар жауса, қалыңға боран борар ма” дейді. Қалың қолға қарсы тұру оңай емес, оның ішіне кіріп, айқасу үшін жүректілік, батырлық керек! “Қаптама кигеннің тоңбайтыны” сияқты сауыт кигендерге оқ өте қоймайтыны да белгілі. Көтерілісшілер ту байлайтын туырлығы жоқ жандар емес, нәмәрт емес, мәрт жігіттер, тұлпары ту түбінде жығылса, қарап отыра алмайды, жауына шапқан қабыландай атылып, қарсы ұмтылады.
Толғаудың өн бойында үгіт-насихат атойлап тұр. Ақын айтқан сайын ширығып, өлеңін де ширықтырып, қынулы да қызулы жолдарды нөсерше төгілтеді:
Беркініп садақ асынбай,
Біріндеп жауды қашырмай,
Білтеліге оқ салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан қарындасқа
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Үйде жатқан жігітке
Төбеден тегін атақ болар ма?! –
(“Беркініп садақ асынбай” 1836)
деп жігіттерді ерлікке шақырып ұрандайды. “Үйде жатқан жігітке төбеден тегін атақ келмейтінін айтып, намыстарын жанып, қамшылайды. Махамбеттің мінезін де, ақындығын да, батырлығын да, ереуілшілердің үгітшісі, насихатшысы, ұраншысы екендігін де осы толғаудан айқын аңғаруға болады.
Толғауда “тентек” деген сөз кездеседі. Хан маңайындағылар көтерілісшілерді төмендету үшін “тентек” деп атаған екен. Алайда Махамбет осы сөздің өзін ойнатып, аса мән беріп “халыққа тентек атанбай” деп, “тентектіктің” өзін батыр деген сөздің баламасындай етіп жіберген.
Махамбеттің бұл шығармасы – толғау. “Толғау, қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуінде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында” /4, 407 б./.
Ахмет Байтұрсынов толғауға осындай анықтама береді. Махамбеттің жоғарыдағы өлеңі осында айтылған шарттардың бәріне жауап беріп тұрған жоқ па?!
Жалпы, Махамбет шығармаларының бәрі дерлік толғау түрінде болып келеді. “Арғымақтың баласы”, “Аймақ көл”, “Аспандағы бозторғай”, “Ұл туса”, “Пыр-пырлап ұшқан қасқалдақ”, “Жалғыздық та” – дидактикалық-философиялық тұрғыдағы шешендік толғаулар. “Бұлар шешендік сөз, шешендік толғау өлеңдер сияқты белгілі бір формалармен ғана келіп отырады. Сол сияқты бұлардың лексикасы да бір топтағы сөздер, ал өлеңге обьекті болған нәрсе табиғат құбылыстарына тән шарттылық, заңдылық” /28/. Тіпті, бір өлеңін Махамбет “Толғау” деп атаған ғой. Оның себебі де түсінікті. Ақын жырлары күрес үстінде, қан майданда жорықта жазылған. Толғай-толғай атпаса, садақтың оғы да діттеген нысанасына не жетпей, не тимей қалары анық. Шамырқанбай, шаттанбай, күйінбей, сүйінбей, ашу-ызаға булықпай, шабытсызайтылғанжыр дахалық жүрегіне жетпесі шындық. Махамбет туындылары оның өзегін жарып шыққан өшпес, өмірлі, өжет жырлар. Олардың бір жолы қылыш, бір жолы найза, бір жолы мылтық, бір жолы шоқпар, бір жолы жай оғындай, бір жолы Махамбеттің “Ұл туса” деген толғауындағы:
Күнқақты ердің астында
Көп жүгіретін күлік бар.
Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар, –
өзі жырлаған көбе бұзар көн садақтың жебесіндей. Осы “Ұл туса” былайша жалғасады:
Қарайғанның, жігіттер,
Бәрін кісі демеңіз,
Көпе-күндіз тайраңдап,
Түзге шықпас ерлер бар.
Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас.
Ордалыға көз салма,
Оғы қалса, жоғалмас.
Топтан озған тарлан боз,
Турасынан айырылса,
Тасты басып тұра алмас.
Асылдан болат ұл туса,
Екі жақ болып тұрғанда,
Егескен жерде шарт кетер.
Жауырынынан өтін алса да
Жамандарға жалынбас!
Алғашқы жолдарда мал-мүлкіне байланып үйлерінен шыға алмай, әліптің артын бағып ереуілшілерге қосылмай отырған “үйкүшіктерді” түйреп намысын жаныса, одан кейінгі жолдарда күреске үндейді: “Ордалыға көз салсаң, оғы қалса, жоғалмас” дегенде ақынға көпшілік жерде ештеңе жоғалмайды, қалың қол керек, “қалың қолды жау ала алмайды” дегенді мегзейді. “Ұл туса” деген аты айтып тұрғандай, асылдан ел қамын жер ұл туды ма” деп жігіттерге жігер беріп, кеуделеріне намыс отын жағады. Сөйтеді де ‘ “асылдан болат ұл туса, егескен жерде шыдап тұра алмайтынын, шарт кетіп, тіпті жауырынынан (ішінен, не бүйірінен, не қабырғасынан емес!) өтін алса да, жамандарға жалынбайтынын” айтып елді мәрттікке, батырлыққа шақырады.

Толғаудың характерінен, “Екі жақ болып тұрғанда” деген жолдарынан біз Ішкі Ордадағы халықтың екі топқа бөлініп, бір-бірімен алыса алмай тұрған мезгілі - 1836 жыл екенін аңғарамыз.


“Туған ұлдан не пайда?” толғауы да осы кезеңде шыққан. “Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса”, “Алаштың байлығынан не пайда, Тарығып келген ерлерге қайыры оның болмаса?!”, “Алтын тақты хандардың Хандығынан не пайда, Қаріп - пенен қасірге туралық ісі болмаса?!”
Махамбет “не пайда?” деген риторикалық тіркесті қайталау арқылы өзінің өмірден түйген дидактикалық-философиялық пайымдауларын жеткізеді. Бұл риторикалық сұраумен келетін эпифоралық қайталаулар патриоттық толғауға әсер, күш беріп, ойын жаңартуға да, дамытуға да септігін тигізіп түр. Ақын ел намыс- жігерін жанып, майданға, ерлікке шақырады. Толғауда нақыл, тапқырлық, шешендік сөзге жүйріктік басым. Осы 1836 жылы дүниеге келген “Арғымақ, сені сақтадым” толғауында жауынгер ақын:
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп, – дейді.
Олай дейтіні, жаугершілік заманда, дәлірек айтқанда Исатай, Махамбет көтерілісі кезінде бастарына қауіп-қатер төнген шақта құтылып кету қамымен батырлар ешкімге көрсетпей сезімтал да жүйрік, ұшқыр ат ұстаған. Оны ереуіл кезінде мінетін болғандықтан “ереуіл ат” деп атапты.
Бұл сөз туралы мерзімді баспасөз беттерінде әдебиетшілердің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың, қарапайым оқырмандардың біраз материалдары жарық көрді. Олардың бірі “ерулі” десе, бірі “ереулі” енді біреулері “ереуіл” десті. Ақыр соңында академик Зейнолла Қабдолов: “Ереуіл” деп дәлелдей келіп: “Қысқасы солай, “ереулі” де емес, “еруліде емес,” “ереуіл” /29/, -деп оған нүкте қойған болатын.
Осы пікірді ғалым Қабиболла Сыдиықов та қолдап: “Ереуіл аты – өзге кезде жүген, құрық салмайтын, арнайы соғыс, шайқаста ғана батырлар мінетін ат. Мұндай жортуыл-жорыққа мініске шыдамды, әрі жүйрік, жүргіш, әрі мықты қазанаттар мен тұлпарлар батырлардың бәрінде де болған. Махамбеттің 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген “Шайыр” жинағында “Ереулі ат-мінбей сақталған ат” деуінің мәнісі де тек жорыққа мінетін ат деген мағына береді. Оны қисық ойлап, қия тартудың жөні жоқ” /30/, -деп тұжырымды айтқан.
Исатайда осындай екі ат болған. Оның бірі Ақтабан, кәдімгі Тастөбе қырғынында санына оқ тиетін қазанаты, екіншісі – Көгілдір, өте ұшқыр, атылған жебедей зулайтын тұлпар. Батырдың осынау екі арғымағына арнап Махамбет “Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай” деген өлең де шығарған:
Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай.
Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың, міне қара, сақтағаны-ай
Мінгені Исатайдың Көгілдірді-ай,
Әскерін Барша қүмға төгілдірді-ай.
Мыңды алған бірді беріп ақтабанды,
Жыландай белге соққан бүгілдірді-ай.
Баласы Исатайдың Жақия-ды,
Жақия жауды көрсе ақияды.
Түлейді түнде жортқан жолбарыстай
Алдырдым қабыланымды қапияда-ай!
(1838)
“Зеңбірек үш атқанда дарымады, құдайдың, міне қара, сақтағаны-ай, мінгені Исатайдың Көгілдірді-ай, әскерін Барша құмға төгілдірді-ай” дегенде, ақын Ақбұлақтағы ақырғы шайқаста болған оқиғаны айтып отыр. Егер тарихи шындыққа жүгінер болсақ, бүл А.Ф.Рязановтың “Исатай Тайманұлы” деген еңбегіндегі “Геке өз отрядына бірнеше рет граната лақтыруға бұйрық берген бойда, біреуі Исатай жігіттерінің қақ ортасына жетіп жарылды да, екеуін аттан жұлып түсірді, бірнешеуі ауыр жарақат алды. Соған қарамастан, қалғандары жан-жаққа ыдырап сейіле тұрса да, алға ұмтылумен болды” /31/ деген жолдарға дәлме-дәл келеді. Мұны филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тілепов те: “...зеңбірек үш атқанда дарымады” деп Исатай сарбаздарын шабуылға алып шығуы кезінде зеңбіректерден қанша доп атылғанына дейін айтатыны – сол айқас картинасының нақты көрінісі. Ал бүл нақтылық сол айқас туралы Гекенің және тағы басқалардың рапортында да, кейін осы оқиға жайлы дастан жазған Ы.Шөреков туындысыңда да айтылмай қалған, бірақ болған факті еді. Ақын мұрасының тарихилық бағасын арттыра түсетін де осындай шынайы шындық сәулесі екендігі даусыз” /32/, -деп нақтылап көрсеткен.
Бұл өлеңнің Исатай оққа ұшқаннан кейін шыққанын “Алдырдым қабыланымды қапияда-ай!” деген жолынан шамалауға болады.
“Мыңды алған бірді беріп ақтабанды, Жылаңдай белге соққан бүгілдірді-ай” – дейтіні, Көгілдір - Исатай ереуілге деп әдейі сырт көзден жасырып мініп жүрген ұшқыр аты. Осыны білетін орыс әскері Қиыл қырғынында Исатайды тірілей қолға түсіру үшін өзін емес, оның астындағы атын атып құлатқан.
“...халықтың сөз өнерінде жылқы малының сүйкімді бейнесі айрықша орын алады. Жұртшылық жылқының жасын: құлын, тай, құнан, дөнен, бесті деп бөлсе, аттың түсін: “Алдыңғы ат баран емес, қылаң дейді” (Ақан сері) -деп ажыратып отырған. Екіншіден, аузымен құс тістеген тұлпардың сұлу мүсіні, сын-сипаты, желіс- шабысы т.б. қасиет-ерекшеліктері халық шығармашылығындаәртүрлі теңеу-баламалармен өрнектеліп, көп астасулар туғызады” /33/.
Өйткені ат – батырдың пырағы, қысылған мезетте құтқарушысы, қуған кезде жеткізушісі, айқасқа түскен шақта айбыны, қайратына қайрат қосып, иесінің әр қимылына сай қимыл жасап, тебінгенде қаймықпай жауға ұмтылып, керек кезде жалтара да білетін есті серігі, баға жетпес керемет қазынасы.
“Ереуіл” – “еруліден” де, “ереуліден” де қуатты сөз. Махамбет сөз қуатына, құдіретіне айрықша мән берген. Әсіресе, синоним сөздерді таңдап, талғап орнымен қолдана білген. “Мен Махамбет өлеңін “ереулі” де, “ерулі” де емес, “Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай” – деп оқығанмын, -деп жазады қазақтың белгілі талантты ақыны, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы Әбділдә Тәжібаев. – Бүгін де солай оқимын. “Ереуіл” – біздің ең бір қуатты, мәні айқын сөздеріміздің бірі. Газет-журналдарымыз әлемнің әр бүрышында көтеріліске шыққан, демонстрация жасаған жұмысшыларды “ереуіл жасаушылар немесе ереуілшілер” деп жазып жүр. Оған жұрттың бәрі түсінеді. Жарауы жеткен жүйрікті көрген сырт көз: “Жануар елеңдеп тұр екен” дейді. Өзіміз де: “Жануардың ереуілдеп тұрғанын қарашы” деп шиыршық атып, көкпарға, додаға кіруді тіленіп тұрған желдіаяқтарға талай айтқанбыз.
Содан болар, Махамбет өлеңін оқи бастағаннан-ақ маған ереуілші батыр мен ереуіл ат бір бүтін дүниедей көрінеді де тұрады... Қос атпен шабатын қуғыншылар, хабаршылар туралы біз де естігенбіз. Ал бірақ майданға кіретін батырлардың жылқышыға ұқсап ат жетектеп жүруі тіпті көкейге де, көңілге де қонбайды. Сол сияқты, ұлы ақынның жырына да “ерулі” мен “ереуліден” гөрі “ереуіл” үйлесетін тәрізді” /34/.
Мұхтар Әуезов те “Ереуіл атқа ер салмай” /26, 268-269 б./, - деп, тайға таңба басқандай етіп жазып кетіпті. Олай болса, “Ереуіл” деп алғанымыз дұрыс.
Махамбет жырларында малға байланысты “Ереуіл атқа ер салмай”, “Арғымақ, сені сақтадым”, “Арғымақтың баласы”, “Жүйрік аттың белгісі”, “Қас түлектен туған қатепті қара нар керек біздің бұл іске”, “Маң-маң басқан сары атан маңғыстап шығар өріске”, “Арғымақ жақсы ат мініп”, “Ат маңдайын тура қойсақ” ‘деген сияқты жолдар жиі ұшырасады. Бұдан да біз сол заманның салт-дәстүрін, малға деген көзқарасын, әсіресе ат пен түйені – жүйріктік пен күштілікті төзімділікті аса қадірлеген этностың ұлттық психологиясын аңғарамыз. Ақын мал мен жан қасиетін бір- бірімен қабыстыра халықтық мақал үлгілес афоризмдерді шебер қолдана отырып, ерекше әсерлі жыр толғайды:
Арғымақтан туған қазанат,
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын
Күніне көз көрім жер шалғысыз,
Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар,
Асылын айуан десе нанғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғаңда,
Жарамды бір теріге алғысыз.
(“Тайманның ұлы Исатай”)


.

Арғымақтың баласы
Аз оттар да көп жусар
Талаудан татқан дәні бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да көп жортар –
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар,–


деген. “Азамат ердің баласы” аталатын өлеңі де 1836 жылы айтылған. “Арғымақ, сені сақтадым” толғауымен тамырлас, үндес.
Нарын құмында бұрыннан болып тұратын барымта, ру мен ру арасындағы қақтығыс Ішкі Орда бір-біріне қарсы екі топқа бөліне бастағаннан-ақ ушыға түсті.

Қазақтың ұлан-ғайыр даласының өзі - тарих. Тіл бітсе Нарын құмының шертер сыры да таусылмақ емес. Сол құм Нарыннан – “құланнан басқа ел таппай, қонарына жер таппай, маңқиған сары даладан” момын қазақтың мінез-қүлқы қылаң береді. Махамбет соны “маң-маң басқан сары атан” деп бірде жандыға, “маңқиған сары даладан” деп бірде жансызға балай отырып, оқушысына анық та дәл жеткізеді. “Тарығып келген ерлерге қайыры оның болмаса”, “Алаштың байлығынан не пайда?!” Жер бедері мен кеңдігі, мол ашып, ащы шындықты айтып сөйлеп кеткен. Көз алдына сол “маңқиған сары даланы” үркітіп қонып жатқан ел елестейді, отарлау саясаты еске түседі. Іштей “шынында да, “Алаштың байлығынан не пайда, жерінің кеңдігінен не пайда?“Азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шолу дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықтағы шабыттан туса керек” /35/. Махамбет жырлары, міне, осындай ішкі психологиялық тебіреністен, кейде күйзелістен, биік сана мен дүниетанымнан, шабыттан туған дүниелер. Ақын, әсіресе, өмірлік шындық пен көркем шындықты бір-бірімен астастыра беруге шебер. Бұл шеберлігі ақынды халыққа жақындата түседі. Өйткені Махамбет өмірде болған оқиғаға өзінің субъективті көзқарасын, пікірін сақтай отырып, оны объективті шындыққа ұластырады. Яғни, өмірлік шындық пен көркем шындықты тамырластырып, маңыздылығы мен құндылығын жинақтай, тыңдаушысына бейнелей, өрнектей, әсерлей жеткізеді. Бұлар Хан маңайындағылардың ауылын шауып, мал-мүлкін тартып әкету әдетке айналғандай еді. Ол туралы тарихи құжаттар да жоқ емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет