К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Мен - қарақұстан туған қалықпан



бет7/26
Дата10.12.2023
өлшемі328,47 Kb.
#135805
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26
Байланысты:
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану

Мен - қарақұстан туған қалықпан...
Мен – тауда ойнаған қарт марал...
Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын.
Мен бір шарға ұстаған қара балта едім-
Шабуын таппай кетілдім,
Қайраса – тағы жетілдім.
Ат – жігіттің майданы.
Қылыш – жігіттің дәрмені,
Өлім – хақтың пәрмені.
Еменнің түбі - сары бал,- десе, метафоралық тіркестер өлеңнің әсерін күшейтіп, отты сөзге айналдырып, ажарын кіргізіп, айтпақ ойының экспрессиясын арттыра түскен. Әр жолда өрлік, өршіл мінез бар.
Махамбет өлеңдерінің ауыз әдебиетімен және жыраулар поэзиясымен үндестігінің тағы бірі – оның жоғарыда мысалға келтірілген қарамен жазылған жолдарындағы лирикалық “мені”.
“Қазақтың ілгері дәуіріндегі ерлік-азаматтық жырлары негізінен “Менге” құрылған. “Тоқтамыс пен Едіге жыры” да, “Орақ-Мамай жыры” да, “Әділ жыры” да, Қазтуған, Доспамбет өлеңдері де – “Мен” поэзиясы. “Батыр меннің поэзиясы” /28, 74 б./, -дейді ғалым Қ.Өмірәлиев.
Махамбет те өзіндік тұлғасын “Мен” түрінде айқыңдай, көркем бейнелермен салыстыра жырлаған.
Мұндай метафоралар «Ер Тарғын» жырында да («Мен кетемін, кетемін» /68,294 б.), «Мен аңқау туған бөрімін» /68, 295б./), ауыз әдебиетінде де (“Мен тауда ұялар сұңқармын” /26, 75 б./, “Мен қарағайдан биік біткен терекпін” /28/), хандық дәуір әдебиетінде де (“Мен бір шапқан жүйрік ат” /53, 112 б./) (Шал ақын) кездеседі.
Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдерінде эпитет, теңеу, әсірелеу, литота, ауыстыру мағынасында қолданылатын фигура өзара байланысты түрде жиі ұшырасатынын айтып, сөзін дәйекті мысалдармен дәлелдеп, талдап көрсеткен. “Ақындық тілдің өте бір толық түрі- дейді ғұлама ғалым, – ақынның шеберлігін керек ететін (өз орнына қолдана алса), суреттейін деген өмір құбылысын айтып беру үшін мәні күшті ауыстырып айтатын өлеңдердің бір түрі – метонимия (алмастыру).
Махамбеттің:
Қой мойынды, көк жұлын...
Көк жұлынды, жетелеп,- деген екі жолындағы метонимия әрі сынды, әрі шебер болып шыққан. Бұл сықылды метонимиялар Махамбетте көп” /50, 356 б./.
Қ. Жұмалиев Махамбет өлеңдерінде ауыстырудың да, фигураның да түрлері өте көп кездесетінін айтады:
“Мысалы:
Ау қызғыш құс, қызғыш құс!
Көл қорыған сен едің –
Сенде айрылдың көліңнен.
Ел қорғаған мен едім –
Мен де айрылдым елімнен – деген параллелизм, немесе:
Борай да, борай қар жауса,
Қалыңға боран барар ма?
Қаптап соққан боранда
Қаптама киген тоңар ма?
Ту түбінде тұлпар жығылса,
Ту байласа, тұрар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге
Шаппаған нәмәрт оңар ма?
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайрылмай кеткен жігіттің
Өзін қатын алғаның,
Талақ деп айтсам, болар ма? – деген риторикалық сұраулар фигураға жатады.
Фигураларды қолданысы да оның негізгі тілегімен байланысты. Бұл риторикалық сұрауларға берілетін жауаптың бәрі де қарындас үшін, қатын бала үшін, екінші сөзбен айтқанда, ел үшін, отан үшін жауға шап деген оның негізгі мақсатымен ұштасып жатыр.
Махамбет өлеңдерінде көркем тілдердің жеке-жеке барлық түрлері де кездеседі” /50, 357 б./.
Фигураның (айшықтаудың) түрлері көп. Солардың бірі - сұрай арнау. “Жалған дүние” термесі осы сұрай арнауға жатады.
Философиялық ойға құрылған ойлы да, көркем, шымыр, ырғақты, эпитет, теңеулерге толы бұл өлеңді жатқа білмейтін қазақтың баласы жоқ шығар?!
Қарын қамын күйттеп, хан, сұлтандар ордасын сығалап, оларға мадақ өлеңдер шығарғандардың туындылары қара жер қойнына өздерімен бірге енді. Қазтуған да, Доспамбет те, Шалкиіз де, Ақтамберді де, жалпы тарихта аты қалған ақын-жыраулардың бәрі дерлік қарақан басының қамын ойламаған. Олардың жырларының халық көкейінен шығып, әлі күнге ұмытылмай келе жатқанының - мәңгілік халық мұрасына айналуының бір сыры осында.
Жыраулар поэзиясында жиі ұшырасатын айшықтаулардың енді бірі – қайталаулар.
Ақын айтайын деген ойын тыңдаушысына әдейі назар аударту үшін әрі өлең қуатын, екпінін күшейту, әсерлі жеткізу мақсатында құбылысқа ерекше мән беріп қайталап айтады.
Жай қайталаулар:
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың күлемге /53, 38 б./.
Шалкиіз
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін /53, 52 б./.
Жиембет


Махамбет:
Көтере берме бұтыңды,
Көптіре берме ұртыңды.
Басқы қайталаулар:
Алаң да алаң, алаң жұрт /53, 29 б./.
Қазтуған
Сере, сере, сере қар /53, 32 б./.
Доспамбет
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқардан биік тау болмас /53, 45 б./.
Шалкиіз
Махамбет:
Еңку-еңку жер шалмай...
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудың со бүркіт...
Жез қарғылы құба арлан
Жез қарғыдан айрылып...
Соңғы қайталаулар:
Арғымаққа оқ тиді,
Қыл майқанның түбінен.
Аймадетке оқ тиді,
Отыз екі омыртқаныңбуынынан /53, 32 б./.
Доспамбет
Махамбет:
Арғымаққа оқ тиді
Қыл мықынның түбінен.
Ер жігітке оқ тиді
Ауыз омыртқаның түбінен.
Сондай-ақ ақын басты назар аударған жайлардың жыр жолдарының аяғында бірнеше мәрте қайталанып келуі де (“Айдан ару нәрсе жоқ, ол түнде бар да күндіз жоқ, күннен ару нәрсе жоқ, ол күндіз бар да, түнде жоқ”), көмекші етістіктерден жасалған эпифоралық қайталаулар да (“Біз орданы тіктім деп, Боз ағашты жықтым деп”), риторикалық сұраумен келетін эпифоралық қайталаулар да (“Желп-желп еткен ала ту, Жиырып алар күн қайда? Орама мылтық тарс ұрып, жауға ататын күн қайда?”), сүрай арнау түріндегі эпифоралық қайталаулар да (“Айналайын Ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда? Еңсесі биік боз орда, Еңкеймей кірер күн қайда?”), істің, заттың, құбылыстың, оқиғаның себеп, салдарын, мақсат-шартын білдіретін эпифоралық қайталаулар да (“Қарындастың қамы үшін, қатын менен бала үшін”), санамалап, сатылап, беркіте, көз жеткізе баяндау түріндегі эпифоралық қайталаулар да (“Айырдан туған жампоз бар, нарға жүіін салғысыз. Аруанадан туған мая бар...”) ұшырасады.
Махамбет айшықтау (фигура) тәсілдерінің арнау түрлерін соның ішінде сұрай арнауды жиі қолданған: “Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда? Еңсесі биік боз орда, Еңкеймей кірер күн қайда?” (“Күн қайда?”). Осы секілді “Желп-желп еткен ала ту”, “Әрайна”, “Туған ұлдан не пайда?” толғаулары да сұрай арнаулар. Тыңдаушысына сұрақ қояды, бірақ жауап күткені аңғарылмайды.
Бұл ақынның “Өзгемен кеңескен күйде өзімен сырласуы, өмірде нысана еткен арман-мүддесінен туындаған терең тебіренісін шебер берудің бір тәсілі ретінде танылады” /94/.
Ал, “Қоғалы көлдер, құм, сулар” мен “Орай да борай қар жауса” риторикалық сұрай арнаулар шешендік сұрақ қоя отырып, нақыл, ақыл айта толғау болса, “Беркініп садақ асынбай” жарлай арнау: “Халыққа тентек атанбай, Үйде жатқан жігітке Төбеден тегін атақ болар ма?!” дейді. Мұнда ақын бір адамға ғана емес, халыққа қарата сөйлеп, көңілдегісін ақтарып сырласып отырған сияқты.
“Әй, Махамбет, жолдасым!” - жеке адамға арналған. Бұған - сырласу ретіндегі сұрай арнау өлең: “Қасыңда тұрар жан бар ма?”, “Құр жылаудан сән бар ма?”, “Қиналар ма екен біздерге”, “Сол ерліктен не көрдім?” деген жолдар айғақ. Ақынның “Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзінің
Алайма, сұлтан, алайма,
Астыма мінген арғымақ
Аяңдай түсіп марай ма?..
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?! –
деп келетін бірінші бөлігі мен “Мен Нарыннан кеткенмін” (“Жақияны ханға ұстап бергендей, Шүрен, саған не еткенмін?”) өлеңдері де жеке адамға арналған сұрай арнаулар.
“Арғымаққа оқ тиді” – ақын, жыраулар туындылары мен ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын зарлай арнау. “Зарлай арнау монолог түрінде кездеседі. Қаһарман көпшілікке, не біреуге немесе басқа бір нәрсеге қайырыла сөйлегенде өз басының ауыр хал, қиын жағдайын өте зарлы, мұңды түрде баяндайды” /95/.
Махамбеттің бір ғана “Мұнар күн” толғауының өзінде қайталаудың бірнеше түрі кездеседі.
Жалпы бұл өлеңде аллитерация да, ассонанс та, теңеу де, эпитет те, егіздеу де, шешендік-ділмарлық айшық та, дауыс ырғағы да (интонация), құбылту да, айшықтау да, пейзаж да бар. Бір сөзбен айтқанда, көркемдік құралдардың бәрі дерлік осы өлең жолдарында тоғысып, жыраудың ұлылығын да, арқалы ақыңдығын да, батырлығын да, Исатай ағасына деген шексіз махаббатын да аңғартып тұр. Сонымен бірге бұл өлең Исатайдың батырлық тұлғасын да биіктетіп, “өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына” /18/ айналдырған.
Ел намысын қорғап, көкірегін кек кернеген дауылпаз ақынның қазақтың қара өлеңіне ойын сыйдыру қиын еді. Сондықтан да Махамбет толқын атып, бірде жағалауға жетпей, бірде жетіп, енді бірде арнасынан асып, төгіліп жататын дауылды күнгі теңіздей – буын саны өлшемсіз, өз табиғатына сай тегеурінді де қуатты жыр.
Махамбет шығармалары - жорық жырлары, отты, отқа тиген дауылдай жырлар.
Қазақтың қара өлеңінде де, ақын-жыраулар поэзиясында да ұйқас әр жолдың аяғында – а-а-а-а, немесе, шалыс ұйқас – а-б-а-б, немесе, кезек ұйқас – а-а - б-б, немесе, шұбыртпалы ұйқас – а-а-а- а, б-б-б-б тағы да басқаша болып келетіні мәлім. Ал ұйқас өлең жолының соңында да, алдында да емес, ортасында болуы Махамбет өмір сүрген дәуірде сирек кездеседі. Махамбет осы ішкі ұйқасты әдемі, орнымен тауып қолданған. Мәселен,; жоғарыдағы өлеңдегі:
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,- деген келетін жолдардағы ұйқасатын “Тұрман” мен “құрбанның” алдындағы сөздер де жайдан-жай алына салмаған. Бұл сөздер де бір- бірімен үндесіп, жымдасып тұр.
Осы сияқты:
Керегесін кескілеп,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын тескілеп,
Тоқым етсем деп едім,
деген шалыс ұйқаспен жазылған өлеңдегі екінші жол мен төртінші жолдың алғашқы сөздері ұйқасуы да жаңалық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет