Кафедрасы



бет1/93
Дата29.03.2023
өлшемі1,72 Mb.
#77262
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   93
Байланысты:
лог каз


ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТIК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


Т АРИХ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА ФАКУЛЬТЕТІ
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ПЕДАГОГИКА
КАФЕДРАСЫ
«Логопедияның қазіргі теориясы мен практикасы» пәнінен
6В011901 Арнайы педагогика (Логопед) білім беру бағдарламасының білім алушылары
үшін лекция сабақтарға арналған
ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ
Оқу түрі: күндізгі


Шымкент 2022ж
Құрастырушы: аға оқытушы А.М.Шатаева

Әдістемелік нұсқауда жалпы лекция сабақтарды ұйымдастырудың мақсаттары мен міндеттері және жүргізілуіне қойылатын талаптар көрсетілген. Сондай-ақ, және «Логопедияның кәзіргі теорисы мен практикасы» пәнінен жүргізілетін лекция сабақ тақырыптары және оларды өткізуге арналған нұсқаулар беріледі.


Әдістемелік нұсқау Мектепке дейінгі және арнайы педагогика кафедрасының мәжілісінде талқыланып, бекітуге ұсынылды.


№_1 хаттама, ж.

Кафедра меңгерушісі ________ Ж.А. Масалиева



Лекция 1. Кіріспе. Логопедия ғылымы
1.Логопедияның мақсаты мен міндеттері
2.Логопедияның принциптері және әдістері
3.Логопедияның басқа ғылымдармен байланысы
Логопедия дегеніміз - сөйлеу тілінің кемістіктерін, оның бұзылу себептерін, болдырмау жолдарын, сонымен бірге осындай кемістіктерді әртүрлі жолдармен түзетіп жоюдың тәсілдерін зерттейтін арнайы педагогика ғылымының бір саласы.
«Логопедия»-logos (сөз) және paideia (тәрбиелеймін, үйретемін) деген грек сөзінің түбірінен алынған. Логопедия арнайы педагогиканың (дефектологияның) бір бөлігі болып есептеледі.
Сөйлеу тілі бұзылуының түрлері және оған көрсететін көмек жайында баршамызга ежелден белгілі. Сөйлеу тілінің бұзылуы жөнінде алғашқы мәліметтерді ежелгі Греция, Үндістан ескерткіштерінен (папирустер, аюрветтер) кездестіруге болады. Мысалы, Ресейде логопедия жеке педагогикалық ғылым ретінде бірден қалыптасқан жоқ. Алғашқыда (17ғ.) логопедия сурдопедагогика құрамында болған. 19 ғасырдан бастап логопедия жеке дара ғылым боп бөлінген, бірақ ол медициналық бағытта болды. Тек 20 –ші ғасырдың 30-ші жылдарында Дефектология Ғылыми Зерттеу Институтының құрылуына байланысты логопедия педагогикалық ғылым болып танылды.
Логопедияның зерттеу нысаны - сөйлеу тілінің бұзылуынан зардап шеккен адам.
Сөйлеу тіл бұзылыстарын физиологтар, невропатологтар, психологтар, лингвистер және т.б. зерттеп, қарастырады. Бұл ретте олар сөйлеу тіл кемістігін өз ғылымдарының мақсатына байланысты қарастырады. Логопедия болса сөйлеу тіл кемістігін арнайы ұйымдастырылған құралдар,тәсілдер арқылы алдын алу және түзету тұрғысынан қарастырады, сондықтан ол арнайы педагогикаға жатады.
Логопедияның негізгі мақсаты сөйлеу тілі бұзылған адамды оқытуды, тәрбиелеуді және қайта тәрбиелеуді, сонымен бірге сөйлеу тілі кемістіктерінің алдын алу жолдарын ғылыми негізде жете зерттеу болып табылады.
Логопедияның ғылым ретіндегі анықтамасына байланысты төмендегідей міндеттерді белгілеуге болады:
-сөйлеу тілі бұзылуының таралуын, оның симптоматикалық белгілерін анықтау;
- қазақ тілді қалыпты дамыған және әр түрлі тіл бұзылыстары бар балалардың сөйлеу іс-әрекетінің онтогенезін зерттеу;
- дамуында әр түрлі ауытқуы бар қазақ тілді балалардың (зияты, естуі, көруі, тірек-қимылы бұзылған) сөйлеу тілінің қалыптасу ерекшеліктерін анықтау;
-сөйлеу тілі бұзылған баланың сөйлеу қабілетінің өздігінеy белгілі бір бағытпен дамуын, сөйлеу кемістіктерінің адамның жеке басының қалыптасуына, психикасының дамуына тигізетін әсерін анықтау;
-сөйлеу тілінің бұзылу себептерін, белгілерін, механизмдерін анықтау;
-сөйлеу тіл бұзылыстарының педагогикалық диагностикасының әдістерін өңдеу, құрастыру;
- отандық және шетелдік логопедиялық теориясы мен тәжірибесіндегі жетістктерді талдау;
- сөйлеу тіл кемістіктерін жүйелеу;
- қазақ тілінің фонетикалық – грамматикалық ерекшеліктерін ескере отырып сөйлеу тілінің кемістіктерін түзету, жою, әдістерін жетілдіру;
- сөйлеу тілі кемістіктерінің алдын алу тәсілдерін толық жетілдіру;
- Қазақстанда логопедиялық көмек беруді ұйымдастыру мәселесін зерттеу, жетілдіру;
- логопедиялық оқу үрдісіне жаңа технологиялар мен компьютерлік техниканы еңгізу, қолдану.
Логопедияның принциптері және әдістері
Логопедияның негізгі принциптеріне: жүйелік, кешендік, жанжақтылық, онтогенетикалық, сөйлеу тілі бұзылыстарының этиологиясы мен механизмін ескеру (этиопатогенетикалық принцип), бұзылыстың симтоматикасын, сөйлеу тілі ақаулығының құрылымын ескеру принципы, дамытушылық, т.б. жатады.
Жүйелік принципі. Сөйлеу тілі күрделі функционалды жүйе, оның құрылу компоненттері бір бірімен тығыз байланысты. Сондықтан, сөйлеу тілін және оның дамуын зерттеу, түзету сөйлеу тілінің барлық компонеттеріне ықпал етуді болжайды.
Жанжақтылық принципі. Логопедиялық жұмыс логопаттың тұтас тұлғасына ықпал ету арқылы жүргізілуі керек. Оның қайта тәрбиелетін жағымсыз жағы және компенсация процесінде пайдаланатын жағымды жағын ескеру қажет (бұзылған анализатор орнына сақтаулы анализаторды қолдану).
Кешенді принципі. Логопедиялық қорытынды жасау, сөйлеу тілінің бұзылуын ұқсас формаларынан ажырату үшін сөйлеу және сөзсіз симптомдарына, медициналық, психологиялық және логопедиялық тексеру нәтижелеріне талдау жасау керек. Сонымен қатар баланың сөйлеу тілінің даму денгейі мен танымдық әрекеттерінің даму денгейін салыстыру керек болады.
Дамытушылық принципі. Сөйлеу тілі бұзылыстарын зерттеуде және түзетуде нормадан ауытқыған бала дамуының ерекшеліктерін және жалпы даму заңдылықтарын ескерген жөн. Дамытушылық принцип логопедиялық жұмыс барысында баланың «жақын» даму аймағына байланысты міндеттерді, қиыншылықтарды, кезендерін ажыратуды болжайды. Сөйлеу тілі кемістігі бар балаларды зерттеу, олармен логопедиялық жұмысты ұйымдастыру баланың негізгі іс -әрекетін (заттық-тәжірибелік, ойын, оқу) ескере отырып жүзеге асырылады.
Онтогенетикалық принципі. Логопедиялық түзету жұмысы баланың сөйлеу тілінің түрлері мен функцияларының шығу реттілігін және баланың онтогенездегі іс-әрекетінің түрлерін ескеруді талап етеді.
Динамикалық принципі. Баланың даму барысында ауытқушылықтың байқалуы.
Сөйлеу тілі бұзылуын зерттеу және түзетуде келесі дидактикалық принциптер маңызды орын алады: көрнекілік, қолжетімділік, саналылық, даралап тіл табу және т.б.
Логопедия әдістерін бірнеше топқа бөлуге болады:
1 топ – ұйымдастыру әдістер: салыстыру, лонгитюдиналды (даму барысында зерттеу), кешенді.
2 топ –эмпирикалық әдістер: обсервациялық (бақылау), экспериментальді (зертханалық, табиғи, қалыптастырушы, психологиялық –педагогикалық), психологиялық –диагностикалық (тестер, анкеталар, сұқбаттасу), биографиялық (анамнез бойынша мәліметтер жинау және оларға анализ жасау).
3 топ – жинаған мәліметтерді ЭЕМ қолдану арқылы сапалық және сандық (математика –статистикалық) талдау.
4 топ- интерпретациялық әдістер, зерттеу құбылыстары арасындағы байланысты теория жүзінде зерттеу тәсілдері (тұтас пен бөлшектердің, жалпы құбылыс пен жеке параметрлердің, тұлға мен функциялар арасындағы байланыс).
Зерттеудің шынайылығын қамтамасыз ету үшін техникалық құралдар кеңінен қолданылады: интонографтар, спектографтар, назометрлер, бейнесөз, фонографтар, спирометрлер және басқа да құралдар, сонымен қатар біртұтас сөйлеу әрекетінің және оның бөлшектерінің динамикасын зерттеуге мүмкіндік беретін рентгенокиносуреттер, глоттография, кинематография, электромиография.
Логопедияның басқа ғылымдармен байланысы
Жүйелік байланыстың ішкі және сыртқы түрі болады. Ішкі жүйелік байланысқа педагогика, арнайы педагогиканың әр түрлі саласымен (сурдопедагогика, тифлопедагогика, олигофренопедагогикамен); ана тіліне және математикаға оқыту әдістемесімен; логопедиялық ритмикамен, жалпы және арнайы психологиямен байланысты. Сыртқы жүйелік байланысқа медициналық-биологиялық және лингвистикалық ғылымдар жатады.
Отариноларингология, невропатология, психопатология, олигофрения клиникасы, педиатрия ғылымдарының мәліметтері сөйлеу тілі бұзылуының механизмі және этиологиясын зерттеуде мамандарға өте көп көмегін тигізіп, логопедиялық ықпалмен қатар медициналық көмекті де уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, дауыстың бұзылуы көмей және дауыс перделерінің органикалық зақымдалуының салдарынан болуы мүмкін (ісіктер, папиломмалар, т.б.). Бұл жағдайда дауыс бұзылуын жою дауыс аппаратының физиологиялық қалыпты қызмет етуінсіз мүмкін емес. Ол тек дәрімен емдеу, хирургиялық, физиотерапиялық, психотерапиялық ықпал арқылы нәтижелі болады.
Невропатология, психопатология, олигофрения клиникасы, есту, көру, сөйлеу тілі мүшелерінің патологиясының өзара байланысы сөйлеу тілін дифференциалды диагностикалауға қажет. Мысалы, естуі төмендеуінің салдарынан сөйлеу тілінің бұзылуы мен сенсорлы алалияны диагностикалау есту функциясын мұқият тексергенді талап етеді, ал олигофрения және алалия кезінде сөйлеу тілі бұзылыстарын анықтау үшін баланың зиятының қалпын, психикалық және сенсомоторлы дамуының ерекшеліктерін анықтамай онша мүмкін болмайды.
Логопедия лингвистикалық ғылыммен және психолингвистикамен тығыз байланысты. Сөйлеу тілі әртүрлі денгейдегі тіл бөлшектерінің және олардың жұмысының ережелерін пайдалануды болжайды. Олар әр түрлі сөйлеу тілі кемістіктерінде әр түрлі бұзылуы мүмкін. Баланың тіл нормаларын менгеру реттілігі мен заңдылықтары туралы білу логопедиялық қорытындыны анықтауға ықпал етеді, логопедиялық жұмыс жүйесін құруға қажет. Заманауи логопедияда сөйлеу тілінің жүйелі бұзылуын зерттеу және түзетуде сөйлеу әрекетінің күрделі құрылысы, қабылдау операцияларының және сөйлеудің пайда болуы туралы Л. С. Выготский, А. Р. Лурия, А. А. Леонтьевтің іліміне негізделген психолингвистиканың деректері кеңінен қолданылады.
Психологияны білу логопедке тек сөйлеу тілі бұзылыстарын ғана байқап қоймай, бәрінен бұрын баланың өзін, оның сөйлеу тілінің бұзылыстары мен жалпы психикасының дамуының ерекшеліктерін байқауға мүмкіндік береді. Бұл білім әртүрлі жастағы балалармен қарым-қатынасқа түсуге, олардың сөйлеу тілін, қабылдауын, есін, зейінін, ой-өрісін, жігер-ерік аймағын тексеруге арналған дұрыс тәсілдерін таңдауға және тиімді логопедиялық жұмыс жүргізуге мүмкіндік туғызады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   93




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет