Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар 1. Дауыс шығарудың акустикалық негізін ашып айтыңыздар
2. Бала дауысының даму кезеңдерің атаңыздар
3. Дауыстың функционалды және органикалық бұзылыстарының жеке түрлерін сипаттап беріңіздер.
4. Фонопедияның негізгі міндеттері.
5. Дауыстың бұзылуын түзету жұмысының ерекшеліктері
Ұсынылған әдебиеттер 1.Логопедия негіздері. 2017. Дүйсенбаев А.Қ., Балтымова М.Р
2.Логопедия. 2014. Өмірбекова Қ.Қ.
3.Дамуында түрлі ауыткулары бар балалардың сөйлеу тілі дамуының ерекшеліктері. 2014. Ибатова Г.Б.
4.Қазақстан Республикасында балаларға білім беру мекемелерінің әр түрлерінде логопедиялық жұмыстың ұйымдастырылуы және мазмұны. 2014. ИбатоваГ.Б., Оразаева Г.С.
5.Дамуында түрлі ауыткулары бар балалардың сөйлеу тілі дамуының ерекшеліктері. 2014. Ибатова Г.Б., Коржова Г.М.
6.Логопедиялық практиканы жүргізудің әдістемелік нұсқауы. 2014. Қ.Қ. Өмірбекова
Лекция 23. Жазбаша сөйлеу тілінің бұзылуы 1.Жазбаша сөйлеу тілі ұғымы
2. Дислексия және кеңістіктік түсініктерінің бұзылысы
3. Дисграфияның белгілері және классификациясы
Жазбаша сөйлеу тілі ұғымына оқу мен жазу кіреді. Жазу-бұл графикалық элементтердің көмегімен информацияны қашыққа жіберіп сөйлеу тілін белгілейтін таңбалар жүйесі. Яғни, жазбаша таңбалар жүйесі арқылы қатынас жасаудың ерекше түрі.
А. Р. Лурия оқу импрессивтік сөйлеу тілінің ерекше түрі, ал жазу экспрессивті сөйлеу тілінің ерекше түрі деп сипаттайды. Жазбаша сөйлеу тілі ауызша сөйлеу тілінің негізінде қалыптасады. Дегенмен, екеуінің арасында айырмашылықтар болады:
- ауызша сөйлеу тілі бір жаста, ал жазбаша сөйлеу тілі 5-6 жаста қалыптасады;
- ауызша сөйлеу тілі үлкендермен қатынас үдерісінде пайда болса, жазбаша сөйлеу тілі саналы түрде, оқыту процесінде қалыптасады;
- жазбаша сөйлеу тілінде күрделі пунктуациялық ережелер жүйесін қолданады;
- жазбаша сөйлеу тілінде эмоционалды қатынас түрлері (мимика, жест, т.б) қолданбайды;
- оқушыға немесе тыңдаушыға түсінікті болу үшін хабарланатын ақпарат толық, нақты болу керек. Қазіргі кезде арнайы әдебиеттерде жазбаша сөйлеу тілінің бұзылуының (ЖСТБ) білдіретін әр түрлі терминдер қолданады: жазудың жартылай бұзылуы – дисграфия; жазудың мүлдем қалыптаспауы – аграфия; оқудың жартылай бұзылуы – дислексия; оқу дағдыларының мүлдем болмауы – алексия; орфографиялық біліктілігі мен дағдыларын менгере алмауға байланысты жазудағы тұрақты кездесетін қателер – дизорфография деп аталады.
ЖСТБ-н атап айтсақ, дисграфия мен дизорфографияны ажыратудың негізгі критерийлері сауатты жазудың принциптері болып табылады. Жалпы орфографияда негізгі үш принцип белгілі: фонетикалық, морфологиялық, дәстүрлі. Фонетикалық принциптің негізінде дыбыстық талдау жатыр. Сөз қалай естілсе, айтылса солай жазылады (бас, шана, т.б.).
Морфологиялық принцип бойынша айтуына қарамастан морфемдегі (түбір, жұрнақ, жалғау) әріп белгісі тұрақты сақталады. Морфологиялық талдау деңгейі сөйлеу тілінің лексикалық-грамматикалық жағының дамуымен тығыз байланысты болады.
Дәстүрлі принципте сөздің ескі тарихи жазылуы сақталады. Мектеп тәжірибесіне ол сөздер «сөздік сөздер» деп аталады.
Орфографиялық принциптерді ескере отырып дисграфия фонетикалық принциптің, ал дизорфография морфологиялық, дәстүрлі принциптердің қолдануының бұзылуынан деп тұжырымдауға болады.