Қазір Gallup институтының Clifton Strengths тесті кеңінен таралып жатыр. Күннен күнге өз талантын танып, өмірін толықтай өзгертуге ынталы жандар көбейіп келеді. Жетістік пен өзін-өзі тануға деген мұндай ұмтылыс шын қуантады. Өйткені ізденіске деген ұмтылысы осындай қоғамның ертеңі жарқын. Осы орайда өзін танысам, өмірімді өнімді өткізіп бар әлеуетімді ашсам, деген адамдарға көмек ретінде осы кітапшаны жазып отырмыз.
Менің Gallup-тық “сауатымды” Данияр Жігітбек ағамыз ашты. Алғаш бұл тест туралы сол кісіден естідім. Басында ондай дүниелерге сенімсіздікпен қарадым. Бірақ кейін айналамдағы есті кісінің бәрі сол тестті тапсырып, әңгіме қылғанын көрдім. Сөйтіп тапсырдым және өз таланттарымды зерттеймін деп жалпы талант мәселесіне қызыға кеттім. Талантымды тану арқылы өзімді таныдым. Өмірім жақсарды. Өзіме де ешкімге де ренжімейтін болдым. Өйткені бәрінің болмысын, талантын көріп үйрендім. Білімнің ең қайырлысы бөліскен білім демекші, мен де өз білгенімді сізге айтуға асықпын.
Мен “талант” деген сөзді ес білгеннен бері естіп келдім. Талант тек өнерге қатысты істе болады деп ойлайтын едім. Десе де біздің әр әрекетіміз бен сөзіміздің астарында бір талант жатқанын білмедім. Тіпті біздің сезіміміз де бойымыздағы таланттар жиынтығына тәуелді. Талант алыстағы қиял емес,
Кіріспе
қойнымдағы құпия қару екен. Ол бәрінде бар. Тек біреулер сол қаруды байқап, күшейтіп қолданады. Ал басқалар сүреңсіз өмір сүріп өтеді. Сөйтіп уақыт өте бойындағы ең ұлы әлеуетті аша алмағанына ызасы келіп, өзін бақытсыз сезінеді. Өйткені бақытсыздық дегеніміз бола алатын әлеуетіміз бен қазіргі күйіміздің арасындағы алшақтық. Сондықтан бұл кітаптың қызметі сол алшақтықтың арасын барынша қысқарту.
Бұл кітаптың жазылуы да бір қызық. Мен басында “Бақытты бол!” деген кітап жазып жүрген едім. Бірақ кейін Қайрат Жолдыбайұлы аға ондай қасаң қағидаға толы кітап көп екенін айтты. Сонымен бірге “Нағыз бақыт талантын ашып, сүйікті ісін тапқаны емес пе?!”- деді. Сол себепті халыққа пайдалы болуы үшін талант туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітапты жазуға бел будым.