Казахский суд биев общекультурная ценность с. З. Зиманов


С.З.Зиманов Қазақ билер соты—ортақ мәдени құндылық



бет6/9
Дата06.01.2022
өлшемі176,6 Kb.
#16721
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
қазақтың билер соты

С.З.Зиманов

Қазақ билер соты—ортақ мәдени құндылық

2007 жылдың басында Мәскеу зерттеу институттарының бірінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратын заң ғылымдарының профессоры, Meнiң бұрыннан таныс тілектес әріптесіммен өзекті әңгіме өрбіткен едім. Ол — мемлекеттік құқық саласындағы танымал маман. Мен оған Алматы қаласында, шамамен 2008 жылдың екінші жартысында «Қазақ билер соты—бipeгей сот жүйесі» атты Халықаралық ғылыми конференциясын ұйымдастыруды жоспарлап отырғанымызды айттым. Ол кici менің жетекшілігіммен соңғы он жылда «Қазақтың ата заңдары» атты он томдық ғылыми жоба саласында жұмыс iстеп жатқанымызды және оның сегіз томы жарыққа шығып, қалған eкeуі 2007 — 2008 жылдары басылатынын жақсы білетін. Бұл жөнінде тілектесім былай деді:

− Менің түсінуімшe, сіздер ортағасырлық Қазақстандағы билер сотын ғалымдар қауымының назарына ұлттық деңгейдегі мәдени құндылық ретінде ұсынуды көздеп отырған сияқтысыздар?

− Қателескен жоқсыз, — дедім мен, зерттеу-зерделеу жұмыстары барысында адамгершілік тұрғысындағы құнды жерлері билер сотында көрініс тапқан «Жеті жарғы» атты казак заңдар жинағының бірегейлігіне көз жеткізді.

— Бұл — өте жауапты және батыл тұжырым. Мұндай ұсыныстарыңыз тек заңгерлердің ғана емес, кептеген ғалымдардың да жиі сынына ілінетіні сөзсіз. Сол себепті бұлтартпас айғақтар керек, ал ең бастысы — осы айғақтар сараптамасы мен негізгі тезистеріңіздің бастапқы дәйектемелері қажет, — деп нали сөйледі әріптесім.

− Қазақ билер сотының аса маңыздылығы жөніндегі тұжырымымызды, әзірше, осы мәселе төңірегіндегі мамандардың пікірталасы мен жалпы бұқара талқысына түсетін ғылыми концептуалдық гипотеза ретінде қабылдасаңыз болады. Әрине, мұндай icкe қолымызда дәйекті дәлелдер мен айнымас айғақтар болған соң ғана бел буып отырмыз.

Әріптесім ескерте былай деді:

− Римнің жиырмадан астам ең мықты заңгері Рим құқығын қиырлы түсініктер мен сатылық сала заңдылықтарынан тұратын бірегей заң жүйесі ретінде құрып, қалыптастыру үшін екі ғасыр бойы еңбектенген. Ал сіздер мұндай маңызды icкe аз күшпен енді ғана кірістіңіздер, оның үстіне біз әлі тарихи мұраларға деген «таптық» көзқарастан арыла қоймаған өтпелі кезеңде өмip сүрудеміз, — деп ескертті әріптесім.

Мен де түсіндіруге тырысып бақтым:

− Біз ортағасырлық көшпелі қазақ қоғамының «Жарғы» заңдар жүйесі мен Рим құқықтар жүйесін салыстырғалы отырған жоқпыз. Олардың сипатын және сапалық ерекшеліктерін салыстыруға да болмас. Алайда, қазақ билер соты сот билігі ретінде жүйеленіп, дамығаны сонша, тіптi құрылыс-құрамы өз кезінде қалыптасып үлгерген. Сондықтан әлде бірдеңені ойдан шығарып, жасанды дәлелдер іздеудің еш қажеті жоқ. Тек қана ғасырлар баскан «шаң-тозаңнан» тазартып, билер сотының бастапқы қалпын қайтаруға тиіспіз. Рим заңгерлері жекеменшіктің түпкi тұрпатындағы көпвекторлық қарым-қатынастың даму барысында жиналған мол, кейде тіптi партикулярлық, дегенмен заң саласы үшін де құнды болып табылатын құқықтық ұғымдарды жинап-құрастырумен айналысты. Ал билер соты қызметінің міндет-мүдделері, орны мен мәртебесі, қарым-қатынастар жүйесі басқа үрдісте болатын. Бұл үрдіс халық санасында туындап, билер сотына кызмет бабы мен шарты ретінде жүктелген. Егер римдік заңгерлердің күшімен енгізілген қазықтай құқықтық нормалар мен түсініктерге келсек, онда қазақтың сот құқығы қысқа-нұсқа, тілге жеңіл, еске оңай сақталатын ұйқас түpiндeгi айнымас нормалар мен түсініктерден тұратынын ескере кету шарт. Бұл тұрғыда казак билер соты мәселесінің ғылыми зepттeyi айтарлықтай жеңілдейтінін сөзсіз.

Әңгіме-сұхбатымыздың соңында әріптесім басты сауалын қойды:

− Құқық саласынан алғанда, билер соты мен Рим құқықтар жүйесінде жазылған әділ соттың мән-мағынасында қандай айырмашылық бар?

− Билер соты мен олардың қызметін айқындайтын жарғылар және түсініктер төркінінде дау-дамайды адамгершілік пен бейбітшілік тұрғысында шешіп, этно-мәдени қауымның тұрақтылығы мен бірлігін сақтауды және әділдік пен бейтараптықты ұстануды мақсат еткен қазылардың өнеге-өсиет нормалары жатыр. Қазақтың «жарғысы» мен билер сотында байлық пен дәулет түсінігi адам өміріндегі жан қуаттарынан кейінгі орында тұр. Билер соты біршамa еркін, әpi өнегелі болғандықтан, халық көңіліне де жақын және жағымды еді. Бұл орайда, билер соты өркениетке ортақ үлгідегі сот жүйесі болғаны анық.

I

Қазақ тарихын білмейтін немесе үстірт шолып шыққандар жан қуаттарының құнды қасиеттеріне негізделген билер сотының мал соңындағы ортағасырлық халық боп есептелетін көшпелі қазақ қоғамында пайда болып, қалыптасқанына сене алмас. Көшпелі қазақтардың тұрмыс-салтын зерттеген беделді ғалымдардың бipi, орыс шығыстанушысы, профессор В.В. Григорьев қазақтар туралы мұндай пікірді теріскe шығарып, былай деп жазған: «Әдетте, көшпелі тұрмысты экономикалық және интеллектуалдық дамудан мақұрым қалған деп есептейді. Бipaқ мұндай ойдың еш негізi жоқ».— «Кочевой быт считают обыкновенно несовместимым с каким-либо значительным развитием — экономическим и интеллектуальным. Но это едва ли основательно» 1. Оның ойынша, қазақтардың өміріне тереңірек үңілген сайын «керемет ерекшеліктерді жиі кездеседі.

Ендігі қолда бар тарихи-әдеби деректерге назар аударайық. Ұлы Даланы зерттеу жұмыстары бертін уақытта, яғни XIX ғасыр — Ресейдің отарлау саясаты кезеңінде ғана басталған. Қазақ қоғамының ортағасырлық саяси-құқықтық тарихын зерттеу құрметі орыс зерттеушілерінің құзырында болып табылады. Олардың еңбектері мен жазбаларында заңдылық және әділ төреліктің «Алтын ғасыры» мен қазақтар тарихындағы «әділ соттың асыл күндері» туралы мағлұматтар кездеседі. Қазақстан тарихын алғаш зерттегендердің бipi, шығыстанушы-ғалым А.И. Левшин Қазақстанның тарихы мен тұрмыс-салтына қатысты материалдарды жинап, зерттеу және сараптау жұмыстарымен арнайы айналысқан. Осы мақсатта ол Петербург және Мәскеу қалаларының Азиялық мұрағаттарында тер төгіп, Қазақстанда, сол заманғы тілмен айтқанда, «Қырғыз даласында» болып қайтқан Патша үкіметінің өкілдері мен қызметкерлерің күнделікті баяндама, қолжазбаларымен танысты. Казак Даласын қадағалаушы орталық — Орынбор қаласында болып, шенеуніктермен бipгe Қазақстанның Батыс бөлігіндегі ауылдар мен рулардың қотандарын аралап, болыстар және жергілікті халықтың тарихы мен әдет-ғұрпын терең білетін көрегендерімен кездесті. Бұл XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдары болатын. Осы зерттемелердің нәтижесі 1832 жылы Санкт-Петербургте басылған үш бөлімді «Описание киргиз-казачьих, или киргиз кайсацких, орд и степей» деген еңбегінде жарық көріп, авторына әлемдік атақ әкелген еді. А.И. Левшин қазақтар туралы «патриархалдық тұрмыс кешіп, артта қалған көшпелі халық» деген жалпы еуропалық және жалпы орыстық көзқарасты ұстанғанын айта кету керек. Дегенмен, мұндай көзқарас көшпелі қазақтардың өмipi мен тұрмыс-тіршілігіндегі кейбір әдеттен тыс құбылыстарды байқауға кедергі бола алмады. Мәселен, ол сол бip кезде заңдылық пен әділ соттың қалайша биік деңгейге көтерілгенін түciнe алмаған. «Кіші орда көрегендері «кезінде біздің халық бейбіт өмір сүріп, тәртіп, заң және әділ сотқа бағынған» дейді. Және олар сағына еске алып отырған «Алтын ғасырда» хандық құрған әйгілі Тәуке хан, егер аңыздарға сенсек, шынымен-ақ данышпан болған, сондықтан қазақтар туралы жазбаларда Соломон мен Ликург сынды біртуарлардың қатарында тұруы тиіс... Үлкен және Орта Орданың қазақтары халықтық заңдарының Тәуке заманынан бipaз бұрын қалыптасқанын айтуда, —«Было время, — говорят благоразумнейшие из киргизов Меньшей орды, — когда и наш народ жил в покое, было время, когда и у нас существовал порядок, были законы и правосудие. Сей Золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого хана Тявки (Тауке, 1680 —1718 гг. период его Ханства— С.З.), который, если верить преданиям, был действительно в своем роде гений, и в летописях казачьих должен стоять наряду с Соломонами и Ликургами... Киргизы Большой и Средней орд утверждают, что народные законы их гораздо древнее Тявки (подч. мною — С.З.)» .

Жоғарыда аталған профессор В.В. Григорьев мырзаны Қaзipгi заман зерттеушілері Қазақстанның саяси және мәдени тарихының жетік зерттеуші ретінде қабылдайтыны жасырын емес. Өз еңбектерінде ол билер сотына талай тоқталған және зерттемелерін орыс мемлекетінің Орталық мемлекеттік мекемелеріндегі шаң басқан архивтің материалдарға ғана сүйеніп жасай салмаған. XIX ғасырдың орта шенінде он жыл бойы Орынбор қаласындағы Қазақстанның Батыс бөлігін басқару жөніндегі патшалық мекемесін басқарды (Орынбор шекаралын комиссиясының төрағасы болды). Ол қазақ тілін меңгеріп, қазақ ақсүйектерімен жиі араласып тұрған және дала өмірінің түкпір-түкпірінде болуға тырысқан, бәрінен бұрын — ол жергілікті халықтың сенім-нанымдарын құрметтеп, көшпелі тұрмыс-салтқа салиқалы көзбен қараған. Профессор В.В. Григорьев көшпелілердің ішкi өміріндегі саяси және әлеуметтік жағдайына қанық болғандықтан, терең, әpi дұрыс сараптама жасай білгеніне еш күмән жоқ. Ол Дешті-Қыпшақтың Шығыс бөлігі — қазақтың үш жүзі жайлы жазылған батыс және орыс әдебиетін қатаң сынға алды. Қазақстандағы мемлекеттік қызметін тастап, шығыс-түркі халықтарының тарихына салыстырмалы сараптама жасау үшін көбіне зерттеу жұмыстарымен айналыса бастаған шақта жарық көрген бip мақаласында қазақ қоғамын меңзеп былай жазған: «Қазақтардың саңлақ, сот ici мен соттық-тергеу процестерінің тәртібіне кезінде өркениет еткен елдер қызыға қарар eдi». — «У киргизов (казахов — С.З.) такое превосходное судопроизводство и такие порядки следственного и судебного процесса, каким могут позавидовать многие издавна цивилизовавшиеся народы»1.



Көп жылдар бойы Қазақстандағы Патша әкімшілігінде қызмет еткен көрнекті орыс зерттеушісі Л.А. Словоохотов мырза да қазақ тілін жетік меңгеріп, Ұлы Даланың ішкі құрылысы мен көшпелі халықтың әдет-ғұрпың жіті зерттеген. Ол Қазақстандағы сот ici жайлы арнайы еңбек жазған өте білікті шенеунік ретінде танымал. Оның ойынша, көптеген орыс авторларының дала заңдылықтары мен билер соты туралы жазған жұмыстары үстірт және шындықты бұрмалайды. «Бұл жұмыстар алғашқы алдамшы әсерге еріп, қолма-қол жазылған. Біржақты және жалаң болғандықтан, салмақты ғылыми еңбектен гөрі еріккеннің ермегіне көбірек ұқсайды,» — деп жазды ол. — «Они написаны в большинстве случаев прямо от руки, под первым непосредственным впечатлением. Эти труды сильно грешат субъективизмом оценки, что придает им характер скорее авантюризма, чем серьезной научной работы». Шендік соттың жаңа жүйесі енгізілген орыс отаршылдығы кезінде де Қазақстанның көшпелi аймақтарында өз мәртебесін жоғалтпаған билер сотын ғалым мақтаулы сөзбен суреттеген. Kөбінe айыптау емес, бәсеке-сайыс түрінде өтіп, халыққа жақын, түсінікті және пайдалы болғандықтан, ғалым билер сотын «бірегей» және «халықтық» деп есептеді. «Қазақтардың халықтық сот ici,—деді ол, — ашық, жариялы, қысқа және нұсқа. Халық өзінің ұзақ ғұмырында бюрократтық зардаптан ада, өзіне ғана тән ерекше, әpi түсінікті сот процестерінің жүйесін қалыптастырған. Дала аймағындағы билер басқаратын сот төрелігі халық көңілінен шыға білді, сондықтан ол — шынайы Сот болды»,—деп жазды Словоохотов Л.А. —«Народное судопроизводство киргизов (казахов — С.З.) гласно, публично, несложно, непродолжительно. Долгими годами своей жизни народ выработал своеобразную, но вполне ему понятную структуру судебных процесов, обойдя столь вредный бюрократический элемент. Правосудие в степном крае, отправляемое биями, любимая народом и, следовательно, действительно судебная власть». Ол Ұлы Даланы жиі аралап, көнекөз қариялар мен шешендердің аузынан естіген тарихи жылдар мен оқиғалар жайлы аңыздарды, әcipece сот және заңдылықтар турасындағы естеліктерді қағаз бетіне түсіреді. Басты екпінді билер сотына жасаған: «Заңнамасы мен халықтық әдiл соттың асыл күндерін аңсаған қазақтың әніне құлақ түріңіздерші, сағынышқа толы жан дауысын есте сақтасаңыздар екен». —«Прислушайтесь, как киргиз (казах—С.З.) поет про былые дни своей юрисдикции, помните, как тоскует его душа по утрате светлых дней народного правосудия». Осы сөздер профессор Григорьевтің ел аузынан жазып алған аңызымен мазмұндас: «Кезінде билер көктен түскен періштелер іспеттес дала кезіп, сот пен жаза қолданып, қайырымдылық жасаған». — «Когда би как ангелы степь исходили, и суд, и расправу повсюду чинили, добро водворяя».5

Қазақ жерін жан-жақты отарлауды кездеген Орыс үкіметі XIX ғасырдың орта шенінде, әcipece, жетпісінші жылдарынан бастап, оның ішкі жағдайы мен құқықтық тәртібіне, басқарма және соттық құрылымына баса назар аударып, белсенді түрде зерттеуге кірістi. Отаршыл әкімшілік органдарында бірталай уақыт кызмет етіп, оның тапсырмаларын орындаған патшалық шенеуніктердің арасында парасатты қайраткерлердің болғанын мойындау керек. Олар қазақ даласындағы басқарма билер қолындағы әділ сотқа негізделгенін және әлеуметтік-саяси өмірінде ғасырлар бойы бірлік пен халықтықтың нышанындай болып бекітілген тұрақты жүйе болып табылатынын баяндап тұрған. Және осы билер сотын әлсіретіп, жоймағанша, отаршыл билікке бағынышты жаңа жүйені енгізу қиын, тіпті мүмкін eместігін хабарлаған. Солардың бipi, Ақмола облыстық өкіметінде қызмет еткен Козлов И.А. баяндама хатында былай деп жазған: «Қазақ соты — халықтық сот. Біріншіден, оның шешімдері халықтық-құқықтық әдет-ғұрыпқа негізделген, екінші жағынан, оның мүшелері — билерді халық өз арасынан сайлайды. Mінсіз адалдығымен көзге түсіп, өзінің табиғи даналығын салт-дәстүрлердегі терең таныммен ұштастыра білген ілуде-бірі ғана халық санасындағы би лауазымына ие болған». — «Прежде всего киргизский (т.е. казахский —С.З.) суд — народный суд, понимаемый в том смысле, 1) что решения его основываются на народных юридических обычаях и 2) что органы его — бии выбираются народом из своей среды. В сознании народном звание бия принадлежит тем немногим, которые отличаясь безукоризненной честностью, с природным умом соединяют глубокие познания в коренных обычаях народа». Тағы бip білікті шенеунік Г. Загряжский Түркістан аймағындағы патшалық әкімшіліктегі бес жылдық қызметінен кейін қазақ даласындағы сот төрелігі туралы мынадай ой түйген: «Жаза және сот icтeрі негізделген салт-дәстүрлерді жетік меңгерген, сот саласында мол тәжірибе жинап, адалдығымен ерекшеленген және парасат-пайым, өрлі өнегесімен аты шыққан қазақты би деп атайды». — «Киргиз (казах — С.З.), известный по своему уму, безукоризненной нравственности, справедливости, опытности в киргизском (казахском — С.З.) судопроизводстве, а следовательно, и в знании киргизских (казахских) обычаев, на основании которых производятся суд и расправа у киргизов (казахов), именуется бием»Аты-жөні белгісіз, бірақ деректерге қарағанда, Торғай облысындағы отаршыл әкімшілікте, кейін Ресейдің ішкі icтep министрлігінде қызмет еткен автордың Тәуке хан (XVIII ғасырдың басы) мен билер соты туралы жазған хатында мынадай жолдар бар: «Бұл заңдар қағаз бетінe жазылмаған, алайда оны сақтап, түсіндіріп, ұрпаққа жеткізу міндетін халық мол тәжірибелі, қастерлі де, атақты билерге жүктеген». — «Законы эти ни тогда, ни позже не были записаны, но хранителями их, истолкователями и проводниками в сознании народа являлись умудренные опытом и пользовавшиеся всеобщим уважением и известностью бии»8. Ол казактар арасында кең таралған сағынышқа толы өлеңдерден үзінді келтіреді:«...Халық үшін жанын қияр көнекөз билерім-ай; Қайдасыңдар, билерім-ай?..» — «...Вы, старые бии, полагавшие за народ свою душу; о бии, где вы теперь?» . XIX ғасырдың аяғында патшалық үкіметтің тұғыры мен саясаты қатайып, Қазақстандағы ішкі басқарма жүйесі жаңа үрдіс алғанда қызмет еткен С.Масимов та «әттеген-айын» жасыра алмаған: «Билер маңызы төмендеп, халықтың соттың игі әcepi әлсірей бастады және бірталай билер қызметсіз қалды...Керемет халықтық мекеме көнеріп, онымен бipгe ақиқат пен әділдік түсініктері де жоғалып барады». — «Значение биев пало, благотворное влияние народного суда ослабло и немало число биев осталось без занятия и средств... Прекрасное народное учреждение падает, а с ним исчезает и понятие о правде и справедливости». Басқа да салиқалы орыс шенеушктері осындай ойларымен бөліскен. Мэселен, А. Зуев билерді «ең дана және дара адамдар» деп атайды. Оның ойынша, қазақ билер соты «өмірдің өзіндей шынайы және пәк» болған. Қазақ қоғамы мен хандығындағы би-қазылардың дәурені бұрынғы дәуірдің қатпарында қалғанымен, «Қазіргі қазақ жадында бұл дәурен жайлы асыл аңыз терең сақталған: осы аңызды әңгімелеген шақта терең күрсініп қойып, сағыныш толы сөздерімен қасындағыларды мұңайтады». — «В современном киргизе (казахе) крепко живут еще светлые предания этого прошлого: делясь ими, он всегда приправит свой рассказ то глубоким и тяжелым вздохом, то такими хорошими словами, от которых станет грустно и не ему одному»10 . Қазақстанда отаршыл саясатты жүргізу міндетімен орталық мекемелерде қызмет етіп, азиялық icтермен шұғылданған орыс ғалымдары мен Қазақ еліндегі Патша әкімшілігі органдарында қызмет атқарған қатардағы шенеуніктердің билер соты турасында тамсана айтқан саналы сөздерінен кейін еуропалық мәдениетте тәрбиеленген орыс шығыстанушы-ғалымы, профессор В.В. Григорьевтің билер сотына «кезінде өркениет еткен елдер қызыға қарар еді», деген тұжырымының туралығы мен толыққандылығына тағы да көз жеткіздік.

II

Ұлттық мәдениеттегі көрнекті қайраткерлердің, әcipece, XIX —XX ғасырлар қиылысында, яғни билердің әділ төрелігі туралы естелік әні көмескіленбеген. Тіпті түкпірлердегі кейбір ізбасарлар аяулы би-қазылардың тарихқа батып бара жатқан билігін жаңғыртуға тырысқан кезде өмip сүрген ipi тұлғалардың ой-пікірлері мен айтқан сөздері аса қымбат. Ceбeбі, олар — көнекөз билердің соңғы тұяғы мен Патшалық Ресейдің және Кеңес Одағының куәгерлері.

Билер соты туралы керемет қолжазбалар қалдырған көрнекті ғалым, қазақтың «жарқ еткен жұлдызы» Шоқан Уәлиханов (1835 — 1865) жайлы 1904 жылы орыс шығыстанушысы, академик Н.Веселовский «орыс ориенталистері бұл адамның феномендік құбылыс екендігін бірауыздан мойындады» деп жазды. Біртуарымыздың Қазақстандағы Ресей әкімшілігіне дайындаған «Ежелгi халықтық үлгідегі сот» атты көлемді мақаласында қазақ қоғамының даму ерекшеліктері мен билер сотының артықшылығы жайында айтылған ғажап сөздері бар: «Халқымыздың Шығыс шығармаларынан гөpi үнді-германдык эпостарға сай келетін бай, әpi поэтикалық қазынаға толы әдебиеті бар. Және, ең бастысы, біздің қоғамдық дамуымыздың формасы жоғары мәдени даму деңгейінің табиғи кезегінде тұр». Ғалым қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі «жоғары мәдени даму» деңгейіне, яғни еуропалық дәрежеге жеткен осындай қоғамдық нысан (форма) ретінде билер сотын меңзеп отыр. «Билер ресми түрде сайланып, тағайындалмайды. Еуропадағы ақын, ғалым, заңгерлер сынды олардың да мәртебесі жеке бастарының абыройына байланысты. Бәpi де Шекспир мен Гетені ұлы жазушы деп қабылдайды, Бipaқ олардың ұлылығы үкімет жарлығында немесе халықтың ресми сайлауында бекітілмеген ғой». «Ұлылық» cөзi билер сотына да қатысты айтылғанын аңғару қиын емес. Тағы бip маңызды жайт, Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, XIX ғасырдың ортасындағы билер соты «мың жыл бұрынғы» бейнесінен айнымаған, ал өзгеріске ұшыраған ішкі және сыртқы жағдайлар, «оның ежелгі, әpi қарапайым түріне»11 қылаң түcipe алмаған.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында, яғни дала түкпірлерінде би-қазылардың соңғы толқыны «келместің қайығын» күтіп отырғанда, ал халық Ресей сотынан жиреніп, әділ сотын армандаумен күнелткен заманда өмір сүрген Дала заңының саңлағы, қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев халықтық сот міндетін атқаруға бел буып, ең болмағанда өз руластарын жepгiлiктi шенеуніктср мен «жаңа билердің» қанауынан құтқаруға тырысады. Дау-дамайларына терелік eтуін өтінген ауылдастарының тілегін орындап, бұрынғы билердің ашық және еркін сотының салтын ұстану арқылы дана, әpi әділ би ретінде таныла бастайды. Күрделі сот істерінің күрмеуін шешетін Төбе-би болып сайланады және оның соттық кесімдері мен беделі ел арасына кең таралады. Бүгінгі таңда, «ежелгі» ереже бойынша сот процестерін қарастыру үлгісінде шығарылған елуден астам шешімдері белгілі. Олардың кейбipeyi ізбасарлары — «халықтық» қазылар мен либералдың басқарушылар үшін соттық және өмірлік үлгі болып табылады. Ақынның билер соты туралы жазған қолжазбалары сақталған. «Рас, — деп жазды Абай, — бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ, бұл замандағылардан артық, eкi мінезі бар екен». Оның ойынша, бірінші артықшылығы — билер соты. «Көш қонды болса, дау жанжалды болса, билік соларда болады екен... Оны зор тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен». Ата-бабамыздың екінші артықшылығы: «Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен». Абай айтпақшы, ол заманда «арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айрылдық». Қазақ билepiнің қазылық бейнесі қандай еді деген сұраққа Абай былай жауап берген: «...Бұл билік деген қазақ ішінде әpбip сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Eciм ханның ecкi жолын», Әз Тәуке ханның «Күлтебенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек»12.

Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрес жолында құрбан болған аса зиялы ағартушымыз Байтұрсынов Ахмет (1873—1938) 1917 жылғы Октябрь большевиктік Революциясына дейінгі жазылған мақалаларының бipiн «Бұрынғы әділ билер» деп атаған. Қазақстандағы патшалық әкімшіліктің отарлау реформалары мен шолақ саясатын сынағаны үшін қуғын-сүргін көріп, патшалық цензураның езгісіне түскен жылдары жарық керген бұл батыл мақаласындағы билер туралы ойы маңызды және мәнді болғандықтан, көлемді үзінді кeлтipyдi жөн көpдiк. Пaтшaлық oтapлay caяcaтының бұғауына түce қoймaғaн Қазақстанда төрелік еткен билер жайында алып қайраткеріміз былай деп жазған: «Народный сот дегеніңіз қазақтың ғадетіндегі қағидалар бойынша айтылатын билік. Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді, бұл күнгі арам билердің (патша үкіметі тағайындаған билepдi айтып отыр — С.З.) қолында дәрі болмақ, түгіл, у болып жұғып тұр... 1822 жыл уставы (Қазақстандағы хан билігін жою жөніндегі Ресей Заңы — С.3.) шықпастан бұрын қазақ билігі (соты) өзінде еді, сайланған би жоқ, қазақтың қадipлi, халық, қалаған билері билік айтушы еді. Биге екі жағы келіп жүгініп, билік әділ саналып, оны бұзамын деу болмаушы еді. Қазақтың мұндай билері, ілуде бipey болмаса, қинат билік айтпаушы еді»13

Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш Президенті және оны 20 жыл бойы басқарған әйгілі ғалым-геолог, қазақ мәдениет тарихының саңлағы Сәтпаев Қаныш Имантайұлы (1899 — 1964) Томск университетінде оқып жүргенде «Биде қырық кісінің ары, білімі бар» атты мақала жазған болатын. «Тура сөзді «әділ жарғыға» сансыз адамның батасы тимекші. ...елде қашанда ханнан гөрі бидің қадір-киесі басым болады»,—деп пайымдады ол. Шыңғыс ханның әулетінің ұрпағынан сайланатын хандардың өзі билерсіз билігін жүргізе алмаған: «Ханның арқа сүйеуі жарасымды бимен табылады. Бисіз хан оңбайды, хандықпен қатар қырағы билікте бip жерге бас қосса, ондай ханды ел дe сүйеді, ұмытпайды, шежіресінде атын қалдырады... Ел ішіндегі рулардың көсемі — билерді ішіне тартып, қыбын таба алмаған алаңғасар, әңгүдік хандар хан болып та тұра алмайды»



III

Қырағы би-қазылардың әділ төрелігі кезеңінен кейін өмip сүрген бұрынғы және қазіргі ұрпақ қазақтардың парасат және саяси мәдениетінің нышанындай болған еңселі ата-бабасын мақтан тұтады.

1993 жылы Қазақстанның оңтүстігіндегі Ордабасы шатқалында билердің ерен еңбегіне деген құрмет ретінде XVIII ғасырдағы ұлы үш би — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биге арналған естелік саябағы бой көтерді. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев осы дала ескерткішінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. «Үш ұлы би тарихтың дәл мұндай тар өткелде бірліктен қалған жұрттың тірліктен де үміті үзілетін ашық, көpcemmi. Қазақ, батырларына үш жүзге сауын айтқызып, халықты алқалы жиынға шақырған да сол ұлы бабаларымыз болатын. Үш ұлы бабамыздың даналығы, даралығы, Miнe, осындай қысталаң шақта ерекше білінді... Барша қазақ баласы аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған осы үш бабамыздың ел aлдындaғы еңбегіне, халық, қамын жеген қacuemmі iciнe сөз жеткізіп, баға беру қиын-ақ»14

Билер төрелік қылған қазақ әділ соты ортағасырлық көшпелі қазақ қоғамының мұратындағы ең киелі де, қастерлі қасиеттерін дарыта білген. Бұл сотқа хандардың бұйрығы мен сыртқы күштердің еш қатысы жоқ, тіпті көшпелі қоғам тірегінің қосымшасы да емес. Ол осы қоғамнан тамыр алып, тұрмысы мен даму ерекшеліктерін айқындайды. Бостандық пен еркіндікті, демократия мен халықтық билікті қастерлегендiктен ғана қазақтар Орта Азия кеңістігінде этнос пен мемлекеттіктің мердігері ретінде қалыптаса білді. Қазақтар тұқымының (генезисінің) мұндай ерекшеліктері жайлы осы штаптың басқа мақалаларында нақтырақ жазылған.

Билердің сот құқығы жалпы алғанда, яғни өз ұстанымдары мен қызмет-құрылым негіздерінде, бip жағынан, демократия мен халық билігінің ортағасырлық көшпелі қоғамға тән қалыптарын анық байқатса, енді бip жағынан, адам табиғатының киелі қасиеттеріне арқа сүйеген. Дәл осы соңғы аталған ерекшелік билер әділ сотының мәртебесін айқындап, ұлттық деңгейден асуға мүмкiндiк берді. Бұл орайда, билер сот жүйесі адамгершілік тұрғысындағы қадір-қасиеттерін дарытып, қызмет барысында қолдану арқылы өзінің әлеуметтік-экономикалық негізін қалай білді.

Билер сот ісінің бастамасы мен соңғы нәтижесі, яғни оның қызметі мен міндеті әдет-ғұрып нормативтеріне айналған моральдық нормалармен белгіленген. Билер соты материалдың, нормативтi – құқықтық ic жүргізу нормаларын ортақ құндылықтарға қол жeткiзy құралы ретінде пайдаланатын.

Көшпелі казактар мен билер әділ сотындағы киелі түсінік— «Ар» ұғымы. Халық оны өмip заңдылығы деп қабылдап, «Малым—жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деген қағиданы ұстанған. Ана сүтімен берілетін бұл өсиетті былай да айтуға болады: «Мал сақтама, ар сақта». Бұл бұқаралық қағида би, хан және ақсақалдар сотының құқықтық нормативінде де көрініc тапқан: «Жігіттің құны жүз жылқы, ары—мың жылқы». «Ардың» алғашқы иeci би деп есептелген: «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар».

«Ар» ұғымынан кейін тұрмыстық қана емес, нормативтің маңызы бар «Ұят» түсінігі тұр. Егер халық «Өлімнен ұят күшті» немесе «Бар барын жейді, ұятсыз арын жейді» десе, билер соты негізделген «Жарғы» заңдар жинағында «Ұятсыз жалған» немесе «Ұятсыздан ант сұрама» деген нормалар бар. Бұл нормалардың түп төркінін: сот ісінің ережесіне сәйкес, егер жауапты жақтың айыбын айқындау үшін айғақтар жеткіліксіз болса, би-қазылар дауласушы eкi жақтың келісімімен, сенімді бip адамның антын дәлел ретінде қабылдаған. Осы орайда, «Ұятсыздан ант сұрама» деген норма ұятсыз адам жалған куә бepyi ықтимал екендігін ескертіп тұр.

Әділдік пен Шындық түсініктері кез келген әлеуметтік-мәдени қауымдағы қарым-қатынастың іргетасы болып табылады. Алайда басқарма мен билік қатынасында бұл ұғымдар жариялы және ресми түрде ғана болуы мүмкін. Билер соты сот ici басталмас бұрын халық алдында әділдік пен шындықтың сот процестерімен кесім шығару барысындағы басты шарттар екендігін ресми түрде хабарлаған. Осындай мағынадағы нормативтер өсиет-өнеге түрінде де кездеседі. «Ақ, пен қараны шындық, айырар»; «Сөз шыңына тастайды, пышақ, қынына тоқтайды»; «Шыннан өзге құдай жоқ»; Көшпелi қазақтар санасындағы әділдік пен шындықтың белгісі билер мен билер соты болып табылады. Бұл келесі өсиеттерден байқалады: «Адал би — әділ би»; «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»; «Турашыл би елін оздырады, тумашыл би елін аздырады»; Ал әйгілі Төле би (XVII —XVIII г.г.) «Туралы биде туған жоқ, Паралы биде иман жоқ» деген даналықты айтыпты-мыс. Мұның «Әділсіз болса би оңбас, әйелсіз болса үй оңбас» деген баламасы бар.

Билердің сот төрелігін бейнелейтін аталмыш моральдық және нормативтік ұстанымдар мен заңдылықтардың сот ici құндылықтарын жүзеге асыратын қоғам арасындағы белгілі бip күштері мен құралдары бар. Олар «Ақыл — сөз құдіреті— заңдылық» үштігінде шоғырланған. Би-қазылардың қызметі осы үш ұғыммен тығыз байланысты деп есептелетін және әділдік пен шындықты орнату үшін осы қасиеттерді игеру шарт. Бұл ұғымдар — жер бетіне тән шынайы қуаттар. Және билер соты үшін өте маңызды болғандықтан, бастапқы факторлардың қатарына қойылады. Қарастырылып жатқан оқиғаны терең зерделеп, желісін шебер құрастыру қабілетіне ие ойшылдықтың ең биік сатысындай болған ақыл кез келген шығармашылықтың, соның ішінде сот қызметінің негізін құрайды. Күнделікті пайыммен ойлау — көпшіліктің парқындағы ic. Ал көшпелі қазақтар қоғамындағы би-қазылардың құзырынан асқан ойшылдық пен биік біліктілік айқын байқалады.

Қазақтар «Сөз» ұғымын киелі деп есептеген. Оны қоғамдық қарым-қатынастардың басты құдipeтiндeй көрген. Бұл орайда «ақыл көркі— тіл, тілдің көркi — сөз» деген мақал бар. Қазақтардың «сөз» деген түсінігінің астарында кез келгенді көндіре алатын алғыр және алып, нанымды және нағыз шешендік өнepi жатыр. «Өнер алды — қызыл тіл» дейді халық. Көбіне олжа мен байлық, бақ-дәулет пен бақытсыздықты «Сөздің» құдірет-күшімен, сипат әсерімен тығыз байланыстырады. Бұл жөнінде «жақсы сөз—жарым ырыс» деген нақыл бар.

«Сөз» ұғымының шарықтау шегі — шешендік өнepi. Би-қазылар осы өнерді де жетік игеруге міндетті болатын. Ceбeбi «сөз» оның басты қаруы және «сөздің» киелі құдіреті дәл сол билер сотында көрініс табады. Билер сотының қызметін реттейтін материалдық және ic жүргізу жүйесінде «Сөздің» маңызы зор. Және бұл құндылық би болу жолындағы негізгі талаптардың бipi, тіпті бастысы деуге болады. Осыған орайлас нормалардың кейбіреулеріне тоқтала кетейік:

1. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Нормативтік мәні бар нақылға сәйкес, егер сот процесіндегі айыпталушының айтқаны ақылға сыйымды, әpi қисынды болса, онда ол акталады.

2. «Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады». Бұл мәтіннен айғақтардың атасы «Сөз» екендігін түсуге болады. Мүлікке байланысты дауда (аталмыш істе малға байланысты) дәлелдеме сөздерімен сендіре білгені жеңеді. «Досы өткірді жау алмас, сөзі өткірді дау алмас» деген эпитет те осы мазмұнда айтылған.

3. «Сөз» құдіретін ерекше бағалап, аталы сөзді аттамаған қазақтар өмірде де, соттық талас-тартыстарда да өз айтқанын растату үшін кейде ата-бабасынан қалған даналықтарға сілтеме жасаған. «Аталы сөзге арсыз жауап қайырады» деген өсиет бар. Егер билер сотының әдет-ғұрып нормативтерімен қатар атақты данышпандар мен әйгілі би-қазылардың қисынды кесімдері мен өсиет-өнегелеріне сүйенетін ескерсек, аталмыш нақылдың мазмұны айқындала түседі. Халық санасында қалыптасқан «жөн сөзге тоқтамаған арсыз» деген пікір де «Сөздің» мен басымдылығын байқатады.

Kөшпeлi қазақ қоғамының идеологиясына сай, тірлік қамының маңызды құралы — «Сөз», яғни шешендік өнерінің киесін халық, ең алдымен, би-қазылардың құзырына табыстап, қатаң талаптар қойған. Яғни, ел сеніміне ие болған билер ердің құнын eкi ауыз сезбен бітіре білуге міндетті еді. Сот процесінің дәнекері болып табылатын би-қазы қаралып жатқан ic бойынша соңғы кесім жасау керектігін естен шығармауы тиіс. Бұл жөнінде «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген даналық, айтылады. Ал кесімнің нақты және дәлелдің болуы шарт екендігін ескертетін «Тілмен түйгенді тіспен шеше алмас» деген нақыл да әрқашан қазының жадында жүруі қажет.

Қазақтар ерекше дарыны мен қабілеті үшін би-қазыларды «от ауызды, орақ, тілді» деп мадақтаған. Және мұндай теңеуге ие болғандар өте сирек. Бұл орайда «Батырды екі долы қатынның бipi табады, биді ілуде бipi табады» немесе «жүзден бipey шешен, мыңнан бipey — би көсем» деген аксиомалар айнымас айғақтай.

Айта кеткен жөн, орта ғасырлардағы көшпелі қазақ қоғамының сана-сезіміне сәйкес, дау-дамайдың қаншалықты күрделі, ал дауласушы жақтардың қарым-қатынасы қаншалықты шиеленіскенше қарамастан, билер сотының басты мақсаты — бітімге келтіру, татуластыру, табыстыру. Бұл жөнінде «Даудың түбі — біту» деген нұсқау болған.

Орта Азияның басқа да түркітілдес мекені және хандықтарымен салыстырғанда, қазақ билер сотының қалыптасу үрдісі басқаша бағытта өрбіген. Ол Оңтүстігінде Сырдария және Әмудария сағаларынан бастау алып, Солтүстігінде Ciбіргe дейін, Шығысында Жоңғар қақпасы және Жетісудан басталып, Батысында Каспий теңізі және Волга өзеніне дейін жайылған құнарлы жайылым кеңістіктерін игерумен еткен көшпелі өмірдің еркіндік пен азаттық сынды артықшылығын өз бойына сіңіре білді. Қазақтардың көшу жолдары мен жолақтары бip бағдарда жүздеген, тіпті мыңдаған қашықтықтарға созылған. Біріншіден, олар табиғат пен ғарышқа етене жақын болды. Екіншіден тірліктің мәні соғыс, өзгелердің жерін жаулап алу деп түсінген және отырықшы өміргe мәжбүрлеп, мұсылман дінін билік арқауына айналдыруды көздеген билеушілердің билігін мойындағысы келмеген түркітілдес этникалық қауымдар «қазақ» деген тарихи атау астында шоғырланған. Осылайша, көшпелі азат өмірден қол үзгісі келмегендер топ-тобымен қоныс аудара, хандықтан шалғай жерлерге орналасып, өздерін еркін «қашқындар» ретінде жария еткен. Үшіншіден, көшпелі қазақ қоғамының қайта өркендеуі — көптеген ғасырлар ішінде өз негізіне дамыған құбылыс, сондықтан осы көшпелі қоғам тұрақтылық тұғырына қол жеткізді. Ал бұл өз кезегінде, ішкі тәртіп пен өзін-өзі ұстау мәнерін реттейтін нормаларды қалыптастыруға жол ашты. Көшпелілердің тұрмыс-салты мен ой-өpiciнің көне дәстүрлі қирату қиын, тіпті мүмкін емес еді. Дәл осы себептен хан, сұлтан мен қожалардың ауыл қазақтарының арасында мұсылмандық құқық пен дінді насихаттап, оларды қала тұрғындарына айналдырудағы ic-әpeкeттepi еш нәтиже бермейтін. Төртіншіден, өзара қарым-қатынастағы еркіндік, табиғи epiктiлiк пен бостандық рухының салдарынан көшпелі қазақ қоғамында өнeгeлi және әлеуметтік-мәдени құндылықтар қалыптасты. Аталмыш қоғамның ең қастерлі және демократиялық дәстүрлерін таңдай білген қазақ Билер Сотын тарихи-ұлттық және ортақ мәдени құндылық ретінде қарастыру қажет.

Қандай да болмасын Сот, ықылым заманнан бepi, қоғам мен мемлекеттегі басты құзырлы мекемелердің бipi болып табылады. Оның маңызы мен рөлі өте зор болғандықтан, халықтың барлық бөлігі — саяси және қоғамдық биліктегілер де, дәрежесі жоғары адамдар мен қарапайым кісілер де, байлар мен кедейлер де оған қатты құмар. Өйткені, нағыз билік — сот, себебі, бip жағынан, проблемаларын өзара шеше алмаған адамдар сотқа жүгінеді, ал екінші жағынан, адамдар тағдырына, тіпті кейде жалпы адамзат мүддесіне әсер ететін және барлығына бірдей міндетті болып табылатын кесім айтылады. Жағымды және жағымсыз эмоциялардан бастап, өмір мен өлімге дейін бәpi де осы сот шешіміне байланысты. Бұл орайда, сот саяси жүйе мен қоғам өмірінде табыстыру ғана емес, шабыстыру, яғни жауластыру рөлін атқаруы да ғажап емес. Мұның бәpi сот пен халықты құрайтын қауымдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Адамзат тарихы көрсеткендей, қоғамдағы әлеуметтік және саяси басымдылыққа ие таптар, әдетте, сотты басынып, өздерінің саясаты мен мақсат-мүддесін жүргізетін мекемеге айналдырады. Сонымен қатар, тарих тағы бip жайтты бейнелейді егер қоғам мен мемлекеттегі қарапайым бұқараның ықпалы салмақты болса, сот қоғамның жоғарғы ғана емес, төменгі табына да қызмет eтіп, халықтың барлық топтарының мүддесін тең дәрежеде ұстайтын демократиялық мекеме peтiндe қалыптасады және осылайша саяси-мәдени ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі заманда дәл осындай үрдістегі сот билігін қолдау тапқан. Өткен ғасырларда бәpi де болған — кейде тарих жаңа жағдайда қайталанады.

Қазақ билер соты демократиялық бұқараның мақсат-мүддесіне жақын сот билігі болып табылады, ceбeбi оның қызметін қоғамдық-саяси жүйенің болмысына және халықтыққа, тұрақтылыққа деген құлшынысын көрсететін императивтік нормалар мен өнеге-өсиетке толы қадір-қасиет құндылықтарына негізделген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет