Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №3(58), 2018 ж.
331
және анық мәлімет болып табылады. Осы уақытқа дейін арнй зерттелмеген бұл маңызды дерек ру-
таңбалармен шұғылданып жүрген бірқатар мамандарға беймәлім болды (4, 5-8 бб.).
В.С. Ольховскийдің дерегі бойынша, бегілі бір этностың қоныс аударуының сенімді белгілері
(антропо-лингвистикалық мәліметтер болмағанда): бір бірінен қашықтықта орналасқан жерде діни-
идеологиялық және басқа да себептермен әкелу қиын немесе алысқа тасу мүмкін емес ерекше
объектілердің болуы. Мұндай объектілерге табыну ғимараттары (діни орда, бата жасайтын жер, ірі құрбан
жасайтын орын), сонымен монументтік өнер ескерткіштері (тас мүсіндер, тасқа қашалған жазулар)
жатады.
Ә.Т. Қайдардың пікірінше, таңба - өз кезінде, яғни фетишизмнің, діни наным-сенімнің дәуірлеген
кезінде, киелі, қасиетті, кәделі саналған кейбір тұрмыстық зат-мүліктердің меншіктегі малға басу үшін
жасалған бейнесінің шартты белгісі, өрнегі. Қалай болғанда да малшы, дала шеберлері таңбаларда
материалдық негізін құрайтын заттар мен оның бейнесі, суреті арасындағы ұқсастық пен тұлғалық,
графикалық сәйкестікте сақтауға тырысқанын көреміз.
Демек, көне ру таңбаларын өзгертілмеген күйінде атадан балаға мұра ретінде қалдырып отырған.
Оның басты себебі, киелі, қасиетті заттың пішіміне қосымша сызық қосып өзгерту мүмкін емес. Сонымен
қатар таңба өзгеріске ұшыраса, рудың қорғаушы рухы іспеттес мәнінен де айырылады (4, 7 б.).
Тарихи ескерткіштердегі – қаған, йағбұ, шад, тегін - көшпелі ордалардағы орнын анықтайтын
бұлтартпас айғақтар – бұл символдар мен таңбалар деуге болады. Мысалы, ежелгі көшпелі ордалардағы
ру-тайпалар мен ішінде белгілі бір жыртқыш аңдар, құстар, жануарлар және табиғаттағы күн, ай, жұлдыз,
тау, су, т.б. түрлерін символ ретінде немесе таңба ретінде қолдану рәсімдері байқалады. Осыдан көріп
отырғанымыздай, ежелгі түрік дәуіріндегі көшпелі ордалардағы адамдар өздерін қоршаған ортаның,
табиғаттық бір бөлшегіміз деп білген. Онымен тығыз байланыста болу, аялау, құрметтеу, қорғау түсінігі
басым болғанба деген пікір қалыптасады. Сонымен таңбалық белгілердегі балық, жылан, арқар, қасқыр,
арыстан, бүркіт, қаршыға, қарға, қой, өгіз, жылқы, түйе т.б. аң құстар мен жан-жануарлар дүнесі бізді
көне заман тарихына сапар шегуге жетелейді. Соңғы кездері тарихшы ғалымдардың нақты дәлел келтіре
айтып жүргені, Еуразия даласындағы жергілікті тұрғындар таңбалық белгілерді қола дәуірі кезеңінен
бастап қолданысқа енгізе бастаған б.з.б. 1-ші мыңжылдықтар аралғындағы ғұн – сармат кезеңінде алуан
түрлі таңба мен символдар кеңінен қолданылды (5, 78 б.).
Орталық Азиядан ең көнесі соңғы палеолит дәуіріндегі сызылған таңбалар бізге жетіп отыр. Ол
Моңғолияның шығысындағы атақты Кентай жотасының сіліміндегі Арасантас (Рашан-хад) таңбалары.
Арасантасқа жүргізілген қазба нәтижесі археологиялық төрт мәдени қабат болғанын анықтады.
Арасантастағы таңбалар мен нышандар жоғарғы палеолит (35-12 мың жыл бұрын) пен мезолит дәуірінің
алғашқы кезеңінде қашалғаны белгілі болып отыр. Одан соң, кейінгі кезеңдерде жалғасып жүздеген
таңбалар мен нышандар қашалған деп археологиялық сараптамаларда тұжырымдалған. Мәскеулік
археолог Э.А.Новоградова Арасантастағы таңбалар туралы былай дейді: «Можно полагать, что все знаки
Арашанхад были связаны с каким-то строго закодированными мифами и традициями». Таңбалар мен
нышандаррулар мен тайпалардың, тайпалық одақтар мен тайпалықбірлестіктердіңнышаны. Сол
нышандар мен таңбалар арқылы қандай тайпа екенін таниды. Бұлар сол тайпалардың атын білдіретін код
деген сөз [1, 101 б.].
Еуразия аймағында өмір сүрген көшпелілердің қола, темір дәуірінен б.з. IX-X ғғ. аралығында
қалдырған суреттер мен гравюралар мыңдап саналады. Соның мол пайызы осы аймақтың тұрғылықты
халқы түркі этносына тікелей қатысты.
Ғ. Меңілбаевтың пікірінше, таңбалар әрбір жеке тайпаларды танып, түстеп беретін белгісі (код). Сол
белгі (код) арқылы пәлен деген түсінікті екінші, үшінші жақ алады. Малға басқан таңба арқылы пәлен
тайпаның малы деген ақпарат алады. Ал, біздің рәміздеріміз, тікелей киетекке (тотем) байланысты екенін
көпшілік біле бермейді. Киетек (тотем) деп аталған ұғым тайпалардың намысына, арына тікелей
байланысты болады. Кие - олардың шығу тегі, ата-бабасы. Оларды желеп-жебей жүретін аруағы. Тайпа
мүшелері, қауымдастық жауға, қауіпті сапарға аттанғанда, табиғаттың апатына тап болғанда, қысылғанда,
қуанғанда киетекке (тотем) жүгініп, күш-қуат сұрап, солар арқылы тәңірге табынып отырған. Сондай
қасиетті, киелі болғандықтан рәміз ретінде құрметтейтін болған. Киетектер қуатты, қорқынышты,
айбарлы жануар кейпінде абстракт түрде бейнеленген. Бұл ежелгі және орта ғасырдағы адамдардың
дүниетанымымен, этнопсихологиясымен тікелей байланысты. Ежелгі адамдар қоршаған ортасын түйсіну,
сол түйсігін ой сарабынан өткізу арқылы жануарлардың ерекше бітімін шамадан тыс бейнелеп рәмізге
айналдырған. Керісінше, таңба кескіндері ежелгі және байырғы түркі әліпбиіне айналған. Көріп
отырғанымыздай, таңба ретінде қолданған таңбалар әріпке бірден айналса, рәміздер кескіні оған
көнбеген. Міне, осының өзінде өте көп мән жатқан сияқты (6, 1 б.).
|