Кемел Тоқаев Мақала құрылымы былай болуы керек шығар



Дата29.09.2023
өлшемі16,95 Kb.
#111571
Байланысты:
К.Тоқаев


Кемел Тоқаев
Мақала құрылымы былай болуы керек шығар.
- Туған күні, айы, жылы, жері;
- Жұмыс орындары;
- Жарияланған жинақтары;
- Жетістіктері;
- Ең мықты 2-3 шығармасының көркемдік ерекшеліктеріне талдау;
Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысы, Қаратал ауданы, Қалпе ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, яғни қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін 1948 жылы бітірген. «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалисттік Қазақстан» секілді республикалық газеттерде жауапты қызметтер атқарған. 1960-1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы, 1980–1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болып істеген.
1954-жылдан бастап әр түрлі баспалардан: «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Замандастар сыры» атты кітаптары мыңдаған тиражбен жарияланған. 2008-2010 жылдары «Ана тілі» баспасынан жазушының 5 томдық шығармалар жинағы шыққан.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде төрт мәрте лауреат атанған (1956, 1972, 1977, 1980).
Қазақ детективінің атасы атанып кеткен Кемел Тоқаев өз шығармаларында қоғамның көлеңкелі тұсын, елге зорлық-зомбылықпен, ұйымдаса жасаған қандықол қылмыстарды көрсетіп, оларды ашуға бар күшін, ақылы мен интеллектін жұмсайтын, байқағыш, сергек те, сезімтал, бірінің өмірін бірі құтқаруға дайын Талғат Майлыбаев пен Кузьменко секілді екі дос тергеуші адамдардың образын сомдады. Олар «Сарғабанда болған оқиғада» заңсыз алтын сатушылар бандасын әшкерелесе, «Тасқын» повесінде жоғалды деп арыз жазылған адамды іздестіреді, «Көшкен үйдің қонысы қайда?» шығармасында алыпсатарлар мен дүкен тонаушыларды, кісі өлтірушілерді ұстап, жазалайды.
Жазушы шығармаларының көбі детектив жанрының заңдылықтарына сай, бірден қылмыстың жасалуымен басталып, оқырманды қызықтырып алып кетеді де, соңына дейін интрига күшейітіліп, өрбіп, ақыры заңды шешімін тауып, әшкере болады. Жазушы қай шығармасында болмасын, кішкентай детальдерді шебер ойнатады. Мәселен, сюжеті Талдықорған облысында өтетін «Сарғабанда болған оқиға» повесінде қарапайым адамдар аса зер сала қоймаған, тіпті кейбір милиция қызметкерлері де «мылқау дала деп» назар аудармаған нәрселерді ізкесушілер сөйлетіп, ілік етеді. Милиция майоры Талғат оқиға болған жерден, бірінің үстіне бірі түскен малдың, адамдың іздерінің арасынан таяқ батқан шұқырларды тауып, фактілерді жинақтап, адам өлтірушінің бір аяғы жоқ, күпшектей ағаш аяқпен жүретін, бату тереңдігіне қарап, оның салмағы 85-90 кг-дай кесек, ірі денелі екенін, жеңіл протез кимегеніне қарап, оның жас емес, қарт әрі пайдакүнем, үнемқор деп пайымдайды. Осындай логикалық ойдан шыққан қызықты түйіндер шығарма соңына дейін оқырманды жетелеп, қорытындының дұрыстығына таң қалдырып, бас шайқатады. Айдалада, қой бағып жүрген қойшыны өлтірген адамды табу қиынның қиыны, бірақ оны өлтіру тәсіліне қарай, азаптап, жанды жерлеріне тиетін тәсілдерді қолданғанына қарап, тергеушілер мұны жасаған адамның медицинадан хабары бар әрі қойшыдан бір деректі білмек болған деп топшылайды. Қылмыскерлер де ақымақ адамдар емес, олар да өз ізін жасырмақ болып, неше түрлі айла-шарғы жасап, жазықсызға кінә артуға, кейде тергеушілерге жала жабуға ұмтылады, бірақ осы жерде тергеушілердің қисынды, дедукциялық ойлауы әрқашан оған көмекке келіп, ақ пен қараны айыруға сеп болғаны оқырманды сүйсінтеді.
Суреткер тілін әсемдеп, түрлі көркемдеуіш құралдарды молынан пайдаланады десек, асыра айтқандық болар. Дегенмен, К. Тоқаевтың стиліне тән ерекшелік ретінде кейіпкердің әлеуметтік ролін нанымды сомдап, жанды етіп портретін жасап, әрекет ету мотивтерін иландыра суреттеуінде. Оның прозасындағы символдар әрқашан заттық әлемінен табиғи көрініс тауып отырады. Мәселен, кісісі өліп, қара жамылып отырған үйге кіргенде «Гүлсара тұтас қара киім киіп, басына қара орамал жамылыпты. Талғаттар үйге кіргенде шәлісімен бетін көлегейлеп, теріс бұрыла отырып, ұзақ жылады» десе, ал оларға жақын, жанашыр адамдардың үйін «Еденге сырмақ төсеп тастапты. Ақ киізге қызыл барқытты мүйіздеп ойып, сары жібек жіппен әдіптеген. Шам жарығымен жайнап, көздің жауын алады. Үстіне жата қалып аунағың келеді» деп сол үйдің мамыражай атмосферасын, кейіпкерге әсерін бернелеп жеткізеді.
«Көшкен үйдің қонысы қайда?» деген атауының өзінде жұмбағы бар, сюжеті Жамбыл облысында өтетін шығармасында масайған адамның өң мен түс арасындағы талықсу сәтін шебер жеткізген, оған төнген қауіпті де табиғатпен шендестіре «Осы сәтте қалқыған айдың қара таңбасына қыбырлап жан біткендей болды. Бара-бара ұлғайып барады. Міне жақындап та қалды. Сөйткенде терезені кернеп, біреу аттап өтті.
... Жылымшы жас қанның иісі келді. Бұдан кейін ол ешнәрсені сезбеді. Бұл соңғы тыныс еді...
Құбыжық көлеңке тастаған, толған ай, қанды кештің куәсі болудан тайсалғандай қоңыр бұлт арасына кіріп бара жатты» - деп береді.
Ауыл-үй арасында тіпті миға сыйымайтын, үрейлі, қорқынышты әңгімелер, ауыздан ауызға таралып айтылатын рас. Жазушы осындай фольклордық дәстүрге сай «Қара мысық», «Қобызшы шал» туралы дақпырт әңгімелерді оқырманның мәтінге әуестігін арттыру үшін шығарма поэтикасына сәтті енгізеді. Тергеушілер болса, мұндай аңыздарды таратушылар өз қылмысын жасырып, халық арасында үрей туғызу, шатастыру секілді белгілі бір мақсат-мүддені көздеп әрекет еткенін анықтайды.
Жазушы шығармаларында тартыс ашкөздік пен ынсап, тойымсыздық пен қанағат, немқұрайдылық пен жұмысқа адалдық, рахат пен азап, арсыздық пен ұят, жеке бас мүддесі мен қоғам игілігі арасында өрбіп психологиялық, әлеуметтік жайттармен астасып отырады. Осы тартыстардан кеңестік кезеңнің шындығын, заңдарын, сол кездегі қоғамдық түсінікті көреміз. Мәселен, алыпсатарлықпен айналысушыларды еңбексіз жеңіл нәпақа табушылар деп күрессе, бүгінгі нарық заманда ол заңды болып есептеледі, дегенмен алыпсатарлық өнімнің бағасын еселеп қымбаттатып, ақырғы тұтынушыға залалын тигізіп отырғаны да жасырын емес. Немесе, қазіргі батыстық полицейлер мен құтқарушыларының өміріне арналған фильмдерде қаһарманның жұмысбастылығы соншалық, тіпті өз отбасын да ұмытып кетіп, конфликт сол арадан туындап жатады. Осындай жайттар К.Тоқаевтың тіпті 1957-1958 жылдары жазылған шырағармаларынан көрініс табады. Детектив жанрының заңдылықтарына сай, әрине, зұлымдықты жақсылық, аюандықты адамдық, көргенсіздікті ар-намыс жеңіп отырады. Осындай адамгершілік заңдарын астарлы түрде насихат еткен К.Тоқаев шығармалары құнды әрі өміршең.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет