Жұмыртқа шайқап ішіп екі ителгі, Өргізіп ұшырады бір бидайық. Аз атаның баласы жалғыз қыран, Сегіз-тоғыз лашындар жүрер баулып. Ішінде отыз-қырықтан құзғындар бар, Үш жылда бір нәр татар өліп-талып. Баршасын таратады бір ителгі, Жапалақ жалбаң қағып шыр айналып, Аса ақын даңғайыр болсаң-дағы, Әсеке, таба аласың, мұны не қып? Ішінде жүзден аса күйкентай бар. Олар да қорек алар тышқан қағып. Бір теректен осынша құс өрбітіп, Алып кел, бәрін атап белгі тағып. Әсет: Бір сарай нұрланады Меке дүрмен, Қажы – парыз бай кісіге хақтан келген. Нұн – намаз, ра – риза, зи – зекет дұр, Парыздың енді бірі – иман білген. Қажы – исламның бесіншісі, парызың – сол, Қанзарақ мағынасында көзім көрген, Сұрасаң әділ кеңес көпке жеткен, Көңіліңді сөз кемітіп өкпелетпен. Бәйтерек жапандағы ақ падыша, Көңілі ұлылықпен көкке жеткен. Ұлық тақтан таймайды, елге жақса, Қатын байға еркелер, бала тапса. Иілген сегіз бұтақ – сегіз санат14. Жайылған жапырағы – қағаз ақша.
Пәнденің Алла деген тұрар бағы, Ақынның жарамайды сыңар жағы. Бәйтеректе жұмыртқа шағып ішкен – Ояз бен би, болыс дуандағы. Қазақтың Сарыарқада елі жиі, Жетіп тұр қызыл тілден сөздің иі. Бір бидайық – ел жейтін жебір болыс, Баулыған сегіз лашын – сегіз биі. Бақты кісі күледі бағы кемге, Құдайдың риза боп берген демге. Отыз-қырықтай құзғындар – елу басы, Үш жылда нәр татқаны он бес теңге. Сайлауда шарын салып соны алады, Оларға не пайда бар онан өзге? Ел мазасы кетеді мұндайлардан