Кенесары қозғалысының түрлі кезеңдерін қамтитын фольклорлық шығармалар өте көп. Олар жанрлық қырынан алғанда көлемді тарихи жырлар, ғашықтық мазмұндағы дастандар, кейіпкерлердің арман-аңсарларын аңдататын лирикалық өлеңдер, Кенесарының Арқа жұртымен қоштасуын бейнелейтін толғаулар, тəлімі мол тарихи аңыздар, хан Кене мен Наурызбай төренің қазасын жоқтауға арналған ғұрыптық жырлар болып келеді. Бұлардан басқа, күллі қазаққа аты мəлім ақындар шығарған туындылар да аз емес. Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбайы», Көкбайдың «Абылай- Кенесарысы», Нұрханның «Жасауыл қырғыны», Саяділдің «Кенесарысы», Досқожа ақынның «Қоштасу жыры», М. Сералиннің «Топжарған», Д. Əлімбаевтың «Кенесары» дастаны сияқты т.б. жырлар Кенесары қозғалысын бейнелеуге бағышталған авторлық шығармалар тізбегін құрайды. Бұл шығармалардың басым көпшілігі көтерілістен соң туған.
Бұған қоса, Кенесары мен Наурызбай туралы жазылған тарихи ғылыми еңбектерді бір-бірімен салыстыра отырып оқыған кісі өмірде болған жайдың шындығы мен қоспасын айырып, тарихи шындықтың көркем шындыққа қалай айналғанына көз жеткізері анық.
Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны аса елеулі шығармалардың бірі ретінде Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихы Нысанбай жырау Жаманқұлұлы қалдырған «Кенесары-Наурызбай» жырының негізгі сюжеті болған. Найзасы мен қобызын қатар ұстап, жорықтағы қолдың жыршысы болған Нысанбай шығармасында Ресей мен Қоқан өкіметі қыспағынан туған ел қасіреті, батырлардың ерліктері, ханның қолбасшылық өнері, майдан даласындағы соғыс суреті сол күйінде көрініс тапқан. Шығарма қаһармандарымен бірге жүріп, бар оқиғаның куəсі болған ақынның ой-сезімі, өкініші мен қайғысы жоқтау-жырдың бейнелеу амалдарымен ұштасып, тарихи туындының көркемдік мəнін көтере түскен.
Нысанбай Жаманқұлұлы 1822 ж. қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Аққошқар елді мекенінің түстігінде Шеңгелсай деген жерде дүниеге келген. Ата-тегін айтар болсақ, бұл кісі Кіші жүз, Жетіру-Керейт тайпасының Ашамайлы аталығынан тарайды.
Ақын өзінің қарымды қаламынан туындаған дастанында балалық, жастық шағы туралы былайша толғайды:
Он бес жасқа келген соң,
Кенесары, Наурызбай
Төрені іздеп келгенмін.
Сол кездегі төренің
Сойдақ қожа ақыны,
Қобыз алған балаға,
Толмады қожа тақымы.
Хан алдында сөйледім,
Ханның болып жақыны,
Керейіттен шыққан жеті ер
Жар болған соң беглерім,
Қожаны жеңдім ақыры...
Шайыр «Керейттен (Керейіттен) шыққан жеті ер» деп,
кезінде Үш жүздің пірі атанған Тəуке ханның діни кеңесшісі софы Əзиз Мүсірəлі əулиені айтып отыр. Жорық жолында тар жол, тайғақ кешулерде шайыр əрдайым жаратушы иесі мен жеті пірге қол беріп, жеті өлікке жан бітірген əулие бабасына сыйынып отырған. Мұны əуелі Құдай, сонан соң сол Мүсірəлі əулиенің желеп-жебеуімен талай-талай тажалдардан аман қалғанға ұқсайды. Алғашқы мүшел жасында бала Нысанбай түс көреді. Түсінде Мүсірəлі бабасы: «Алла жазса, бағың жанғалы тұр екен, шырағым. Өсе келе ел- халқыңның жоғын жоқтап, мұңын бірге мұңлықтар, соның сөзін сөйлеп, араша түсер дəрежеге жетесің. Əкеңді жолбасшы етіп, Қорқыт бабаның басына түнеп, ақ батасын алып қайтқайсың.Иншалла, бөтен болмассың», — деп аян береді. Ертеңгісіне жол жабдығын қамдап, əкесі екеуі қос атпен Қорқыт қорымына қарай жүріп кетеді.
Түсінде ұлы бабасы оған көне аспабын тарту етіп, ағынан жарылып, ақ батасын береді.
Нысанбай 15 жасынан Кенесары үйінде тəрбиеленеді. Оған ақынның
Ханның болып баласы,
Бірге жаттым ордада
Ахмет, Тайшық қасында, —
деген жолдары куə.
Ахмет пен Тайшық — Кенесары ханның балалары.
Кене ханның ұлт-азаттық көтерілісіне басынан-аяғына дейін қатысқан жорық жыршысының өзі өмір сүрген заманда қандай ақын болғаны, абырой-беделі, сыншылдығы мен шыншылдығы осы жыр арқылы берілген.
Нысанбай жыры көпке қадірлі, бар қазаққа кең тараған туынды болғандықтан, əр түрлі өзгерістерге ұшырап, бірнеше нұсқамен тараған. Бұл шығарма алғаш рет 1872 ж. (кейбір деректерде 1875 ж.) С. Жантөрин мен Т. Сейдалиннің аудармасымен «Записки Оренбургского отдела императорского Русского географического общества» журналының 3-бөлімінде орысша əріппен басылып шығады. Ал 1912 ж. «Кенесары-Наурызбай» жыры Қазан баспасынан жеке кітап күйінде жарық көреді.