Өндірістік салаларда және олардың кәсіпорындарындағы жасалатын жоспарлар әртүрлі сипаттарына байланысты жіктеледі. Орындау мерзімі бойынша оларды төмендегідей бөлуге болады:
стратегиялық, 5 жылдан жоғары мерзімге жасалады және кәсіпорынның шаруашылық қызметінің жалпы бағыттары мен оның әртүрлі жағын даму екпінін анықтайды;
ұзақ мерзімдік, әдеттегінше 3-5 жылға жасалады және өндірісті дамытудың негізгі бағыттарынан және осы бағыттар бойынша топтамаланған көрсеткіштерден тұрады. Ұзақ мерзімдік жоспарларда өнімді өндірудің, жұмыстың, қызметтің топтамалық көрсеткіштері, қаржылық ресурстардың көздері мен мөлшері, еңбек ресурстарын жасақтау, өндіріс шығындары, өндірісті жаңарту мен дамыту бағдарламаларының негізгі бағыттары мен қаржыландыру көздері қарастырылады;
орта мерзімдік жоспарлар, 3 жылға дейінгі мерзімге жасалады. Стратегиялық және ұзақ мерзімдік жоспарларда орнатылған барлық топтамалық көрсеткіштер мұнда әр жыл бойынша нақтыланады;
ағымдағы немесе жылдық жоспарлар жыл ширегіне бөлінген және бір-біріне байланысқандығын көрсететін кәсіпорынның барлық қызмет түрлері бойынша жұмыстарының көрсеткіштері кіреді. Ағымдағы жоспарда ұзақ мерзімдегі жоспарлар нақтыланады және кәсіпорын қызметінде пайда болған өзгерістерге байланысты түзетіліп отырады;
оперативтік жоспарлар бір ауысымға, декадаға, айға және жыл ширегіне кәсіпорын жұмысын жоспарлауды қарастырады. Оперативті-күнтізбелік жоспарларды жасау қажеттілігі көп профилді өндірісі бар кәсіпорындар үшін өте маңызды орын алады.
Өзінің өндірістік, функциялық белгіленуіне байланысты жоспарлар негізгі өндіріс, көмекші өндіріс, кәсіпорынның коммерциялық қызметінің жоспарлары болып бөлінеді. Сонымен қатар арнайы бағыттағы жоспарларды айтуға болады: инвестициялық жоспарлар-жобалар, маркетинг жоспары, кадрлармен қамтамасыз ету және оларды әлеуметтік қорғалуы және басқалар бойынша жоспарлар.
Әрбір жоспардың мазмұнында, әсіресе, орта мерзімдік және ағымдағы жоспарларда келесідегідей негізгі бөлімдер болады:
өндірістің көлемі мен сапасының жоспары қызмет түрлері бойынша жұмыстың негізгі көлемдік және сапалық көрсеткіштерін жасау кіреді;
еңбек жоспары еңбек ресурстарымен қамтылуы, еңбек ақыны ұйымдастыру, еңбекті ғылыми ұйымдастыру әдістерін енгізу, еңбек ресурстарын пайдаланудың тиімділігін бағалау көрсеткіштерін жасау жатады;
ағымдағы шығындар немесе шығындар сметасының жоспарына шығындардың барлық элементтері, өнімнің, жұмыстың, қызметтің жоспарланған өзіндік құнын қалыптастыру жатады;
қаржылық жоспар: онда табыс және пайда сияқты қаржылық көрсеткіштер анықталады, өндірісті дамыту шығындарын жабуға қажетті көздерді, негізгі қорларды сатып алу, олардың күрделі жөндеулері, сондай-ақ жұмыскерлердің әлеуметтік қамтылуы қарастырылады.
Жоспалар жүйесінде бизнес-жоспар ерекше орын алады. Ол қайтадан құрылып жатқан немесе қызмет жасап жатқан кәсіпорында жаңа қызмет түрін қалыптастыру кезінде, сондай-ақ жеке және ішкі өндірістік инвестициялық жоспар-жобаларды қалыптастыру кезінде жасалады.
Бизнес-жоспардың мазмұнына келесідегідей бөлімдер кіреді:
қайтадан құрылып жатқан немесе қызмет жасап жатқан кәсіпорында жаңа қызмет түрінің сипаттамалары;
өнімнің сипаттамасы, оның ерекшелігі және сапасы;
өнімді өткізу нарығын талдау;
бәсекелестерді бағалау;
маркетинг жоспары;
өндірістік жоспар;
ұйымдастыру жоспары;
қаржылық жоспар.
Бизнес-жоспарды толығымен жасап шығу жоспарлау саласында тек экономикалық білімді қажет етіп қоймай, сондай-ақ жоспарланып отырған өндірістің технологиясын және кәсіпорын жұмыс жасайтын сырқы экономикалық қатынастарды жақсы меңгеру керек. Қазіргі заманғы кәсіпорындар өзінің негізгі өндірісімен қатар қызметінің көмекші және коммерциялық әртүрлі жақтарын дамытады. Бұл энергетикалық кәсіпорындарға да тән нәрсе. Олардың құрамына өнім өндіру бойынша, халыққа немесе басқа кәсіпорындарға қосымша кызметтер көрсету бойынша коммерциялық және өндірістік құрылымдар кіреді. Сондықтан осы бөлімдер тиімді жұмыс істеу үшін олардың қызметін осы жасалған бизнес-жоспарлар негізінде реттеп отыру керек. Ол тіпті ұсақ коммерциялық құрылым құрған кезде де маңызы болып табылады.
Бизнес-жоспарды жасау осы саланың мамандарымен жасалуы қажет және бұл кәсіпорынға көмекші өндірісті қалыптастырудың қажеттілігі жайлы және оның маңыздылығын, экономикалық тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.