Байланысты: Кез келген тақырыпты комикс тілінде сөйлетуге болады
Комикс-кітап шығару процесі ең әуелі неден басталады?
– Комикс-кітап шығару бір қарағандағыдай оңай дүние емес. Әуелі бүкіл жұмыстың жоспарын жасап, істеу керек шаруаңның көлемін анықтайсың. Онда әңгімені кадрларға бөліп орналастырғанда қанша бет шығатынын, қанша кейіпкерді бейнелеуің керектігін, түпнұсқаны қай форматтағы қағазға салатыныңды анықтап аласың. Одан кейін әңгіменің жанры мен мазмұнына мән бересің, сол арқылы графика тілін таңдайсың. Қорқынышты кино көріп отырғанда, онда қараңғы түстер мен тұла бойыңды түршіктіретін музыка міндетті түрде болады ғой. Тура сол секілді, комиксте де оқиғаға байланысты түстер гаммасын ауыстырып, суреттерге жарық беру тәсілін өзгертесің. Бағана кейіпкерлер жайлы айтып қалдым, бөлек дәптерге әр кейіпкеріңнің жасы, мінез-құлқы туралы ақпаратты жазып, оның түр-сипатын, киімін, шаш үлгісін кішкентай детальдарына дейін ап-анық етіп түсіріп алған дұрыс. Мұның бәрі – комиксті салуға кіріспес бұрын орындалатын дүниелер.