КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
«ТҰРАН-АСТАНА» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ
БӘЙКЕН БАҚЫТГҮЛ ЕГІНБАЙҚЫЗЫ
Кілт сөздер:құзыр, құзырлылық
Ключевые слова: компетенция, компетентность
Keywords: competence, competence
Студент оқытудың дәстүрлі жүйесінде білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазіргі мақсат - әлемдік білім кеңестігіне ене отырып бәсекегеқабілетті тұлға дайындауда адамның құзырлылық қабілетіне бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну.
«Құзыреттілік» терминін ХХ ғасырдың ортасында Н. Хомский енгізген болатын, алғашында ол ана тілінде нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет қабілеттіктер деген түсінік берді.
«Құзыреттілік» ұғымы бүгінгі күні оқыту үдерісінде білімді қолданудың ақырғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үдерісінде «құзыреттілік» ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы. Оқыту үдерісіндегі құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі анықтамалар берген.
Л. М. Митина «құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар практикада, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері» деген анықтама береді [1, 22 б].
Г.Ж. Ниязова зерттеу жұмысында «құзыреттілік» ұғымына «Білім беру құзырлары - бұл студенттің мағыналық бағдарлары, білімдері, біліктіліктері мен тұлғалық және әлеуметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына қажетті нақты анықталған объектілер шеңберіне қатысты тәжірибелерінің жиынтығы»деп,-анықтама береді.
Б. Т. Кенжебеков құзыреттілік жөнінде: «Құзыреттіліктің бар-жоғын адам еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау кажет. Кез - келген қызметкер, өз әрекетiмен кәсiби iс-әрекеттiң түпкi нәтижесiне сай талаптарға жауап беретiн жұмыстарды орындаса ғана, кәсiби кұзыреттi болып саналады»-,деп, анықтама береді.
Ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз «құзыреттілік» ұғымына – студенттердің жеке тұлғалық психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген білімдерін, дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік іскерлігін өмірде дұрыс қолдануы деген анықтама бере аламыз.
Студенттердің кәсіби құзыреттілік мәселелері туралы пікірлер кәсіби маман даярлау мәселелерімен айналысып жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде көрініс табуда. Бүгінгі күні шетел ғалымдарының еңбектеріндегі кәсіби құзыреттілік анықтамалары «тереңдетілген білім», «міндетті шешудегі теңдік жағдайы», «қызметті орындаудағы қабілеттілік» ұғымымен мағыналас болып келеді.
Осыдан «кәсіби құзыреттілік» ұғымы туралы бірыңғай пікірдің жоқ екендігі байқалады. Көбіне бұл ұғым кәсібиліктің жоғары деңгейін бейнелеуде қолданылады. Кейбір авторлардың еңбектерінде «кәсіби құзыреттілік» ұғымы «кәсіби қызметке даярлық» және «педагогикалық кәсібилік» ұғымымен теңестіріледі.
Қазіргі педагогика сөздігінде «кәсіби құзыреттілік» адамның өзіндік кәсіби білім деңгейімен, тәжірибесімен және жеке қабілеттерімен, өз білімін үздіксіз көтеруге ұмтылысымен, өзін-өзі жетілдірумен, іске деген шығармашылық және жауапты қатынасымен анықталады.
Болашақ маманның кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру туралы мәселе ғалымдар арасында пікір қайшылықтар мен жаңа ойлар тудыруда. Тұлғаның кәсіби процесін көп жағдайда оның біліктілігімен, кәсіптік құзыреттілігімен байланыста қарастырады.
Орыс ғалымдары В.А.Адольф, Н.В.Кузьмина, А.К.Маркова, Э.Ф.Зеер, В.А.Сластенин, Т.Ф.Лошакова, т.б. педагогикалық зерттеулерінде педагог мамандардың кәсіби құзыреттілігі туралы мәселеге көп қызығушылық пайда болғанын айтады.
Д.Дьюи, У.Уоллер, М.Мид, К.Юнг, П.Сорокин, Ф.Знанецкий сынды философтар кәсіби құзыреттілікті адамның ортаға үйренуіне қажетті әрекеттер түрі ретінде қарастырады. Олар адамның мамандығы оның белгілі бір нәрсеге деген қызығушылығын тудыратынын, көзқарасын қалыптастыратынын, мақсатқа жетуге талпындыратынын, ортақ пікір алмасуға жетелейтінін айтады. Д.Л.Томпсон, Д.Пристли кәсіби құзыреттілікті жүйелі түрде алынған білім мен жоғары адамгершілік нормалар мен педагогтік кодексінің нәтижесі ретінде анықтайды[2.23б].
Кәсіби құзіреттілікті қалыптастырудың әдіснамалық және теориялық аспектілері мынадай авторлардың еңбектерінде көрініс тапқан: Дж.Равен, М.А.Холодная, Э.Ф.Зеер, А.К.Маркова, Ю.Н.Петров, С.С.Кунанбаева, К.С.Успанов, А.К.Козыбай, Б.Б.Баймуханова. Сонымен қатар жекелеген пәндер бойынша құзіреттілікті қалыптастыруға Б.Баймұхановтың, С.Е.Шәкілікованың, М.Ә.Құдайқұловтың, А.Е.Әбілқасымованың, Ж.А.Қараевтың, Б.Т.Барсай еңбектерінде ерекше көңіл бөлінген.
Кәсіби құзыреттілік ең алдымен студенттің ақпаратты сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Студент қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана кәсіби құзыретті маман бола алады.
Жоғарыдағы түрлі көзқарастардан біз студенттердің кәсіби құзыреттілігі туралы әр кезеңде әр түрлі авторлар еңбектерінде, ғылыми әдебиеттерде түрлі пікірлер кездесетінін байқаймыз. Солардың ішінде біздің көзқарасымызға сәйкес келетіні В. А. Сластениннің пікірі болғандықтан, соған сүйене отырып, мұның өзі «студенттің белгілі бір міндетті атқаруда икемділік пен білікті меңгеру жолындағы психолгиялық жағдай және білімділіктің, тұлғаның жалпы мәдениетінің деңгейі, педагогикалық іс- әрекеттегі теориялық және практикалық дайындығы мен тәжірибесінің тоғысуы, сол сияқты педагогқа қажетті көптеген сапалардың болуы» деп тұжырым жасауға болады. Осыдан келіп, «кәсіби құзыреттілік – студенттің жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімінің, дидактикалық біліктілігі мен қабілетінің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің жиынтығы» деп анықтама беруімізге болады.
Студенттің кәсіби құзыреттілігі кәсіби және жеке сапалардан құралады. Кәсіби құзыретті деп өзінің педагогикалық әрекетін жоғары дәрежеде жүргізе алатын, қарым-қатынасқа әрдайым дайын, педагогикалық үдерісте үнемі оң нәтижелерге қол жеткізіп отыратын маманды атауға болады. Қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістер студенттердің кәсібилігінің артуын, яғни кәсіби және әдістемелік құзыреттілігін арттыруды қажет етеді[3.52 б].
Болашақ маман тұлғасының қалыптасуы оның кәсіби іс-әрекетіне байланысты екенін ескерсек, педагогикалық практиканың оған қалай әсер ететінін түсіну қиын емес. Педагогикалық практиканың болашақ маман тұлғасын қалыптастырудағы орны оның сол іс-әрекетке қызығушылығымен байланысты. Болашақ маманның педагогикалық еңбекке қызығушылығы - күрделі психологиялық процесс. Бұл студенттің педагогикалық еңбекке саналы қажеттілігінің дамуын қажет етеді. Педагогикалық практика кезінде болашақ мамандардың кәсіби қалыптасу және өзін-өзі айқындау процесі белсенді жүзеге асып, кәсіби білімдер мен біліктерге деген қажеттіліктер, оларды қалыптастыру үдерісі байқалады.
Педагогикалық практика студенттердің болашақ кәсіби іс-әрекетіне барынша жақын жағдайларда өткізіледі. Ол түрлі педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған өзіндік практикалық іс-әрекетті ұйымдастыруды көздейді.
Студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың мынадай әдістер көмегімен айқындалды:
1) арнайы өз бетімен орындауға арналған тапсырмалар жүйесі;
2) жобалау әдісі;
3) шағын топтағы диалогтық, проблемалық жағдаяттар.
Сократтық әдіс ерекшелігі – әдіс қарапайым өмірлік ситуациялар негізінде құрылады. Шындықты бірлесе іздеу – білім берудегі ең басты тәсіл. Сократтың оқушылармен әңгімесі дәстүрлі тақырыптардан басталған. Диалогты өрістете отырып, оны құрамдас бөліктерге ажырата отырып, оның әрбір талқылау тармақшасынан жаңа сұрақтар тудырып, өзімен бірге ойлануға дайын адамдардың ойын шындықты іздестірудің қиын жолына апарған. Ойдың туындауына көмектесе отырып, Сократ бірде бір көзқарасты назарынан тыс қалдырмаған, алдын ала ешбір көзқарасқа жақтаспай, әңгімелесушілерді өзін-өзі жоққа шығаруға қатыстырған, осылайша, беделге емес, тек дәйектерге сенуге үйреткен. Сократтың пайымдауынша, педагог ештеңені қалыптастыру керек емес, ол басқа адамдарда даналықтың туындауына жағдай жасауы керек.
Топтық жұмыстың мәні - бірлескен жұмыс барысында қойылған міндетті шешу (оқу, т.б.), топ мүшелеріне қолдау көрсету.
Студенттердің тұлғалық әлеуетіне негізделетін, диалог құру, білім беруде өзара әрекеттесудің ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген оқыту түрі болып табылады. Диалог білім беру үдерісін тұлғалық деңгейге көтеріп және оның осы деңгейде жұмыс жасауын қамтамасыз етеді.
Еркін микрофон әдісінде топқа біріктірілген студенттер өз бетімен іздене отырып, мамандықтың мәні жайында қысқаша әңгімелер, эссе даярлап, оны жалпы талқылауға салды.
Миға шабуыл технологиясы бойынша әртүрлі сұрақтарды пайдалана отырып берілген сұрақ немесе зерттелетін проблема бойынша көп идеялар жинақтау. Идеялар сыналмайды және комментарий берілмейді.
Жобалау әдісінің негізі мына идея – ол «жоба» ұғымының мәнін құрайды, оның прагматикалық бағыты белгілі бір теориялық және практикалық мәнге ие проблеманы шешу барысында алынатын нәтижеге жетумен көрсетіледі.
Жобалау әдісі педагогикалық технология ретінде – бұл мәні бойынша шығармашылық болып табылатын зерттеу, ізденіс, проблемді әдістердің жиынтығы.Іскерлік ойынның мақсаты студенттің кәсіби және әлеуметтік қалыптасуы үшін үлкен мүмкіндіктер береді.
Рөлдік ойындар
«Аквариум» - диалог түрі, мұнда студенттерге «көпшілік алдында» мәселені талқылау ұсынылады. Топ мәселесі бойынша диалог жүргізіледі.
Пікірталас механизмінің арқасында адам эгоцентрикалық ойлаудан тысқара кетіп, өзгенің көзқарасын қабылдауға үйренеді. Пікірталастың объектісі болып тек арнайы қойылған мәселелер ғана емес, сонымен бірге өмірдегі жағдаят және қатысушылардың тұлғааралық қарым-қатынасы бола алады. Топтық талқылау әдісі әр қатысушының өзіндік көзқарасының қалыптасуына, белсенділігінің, сондай-ақ коммуникативтік сапалар мен іскерліктердің дамуына әсер етеді. Талқылау кезінде шешендік біліктердің қажеттілігі туындайды. Талқылау кезінде қарастырылған материалдың есте сақталу деңгейі жоғары екені дәлелденген.
Педагогикалық мақсатқа жету үшін оқу үдерісінде барынша белсенді оқыту әдістерінің маңызы зор болып табылады. Біздің зерттеуімізде бұл әдістер тобын қарастыру маңызды, өйткені мұндағы оқу өзара әрекеттесудің дидактикалық шарты ретінде және білім алушының тұлғалық өсуі мен әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді[4.63 б].
Педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруда осы жоғарыда қарастырылған әдістердің қажеттілігі нақтыланып отыр. Бұл интербелсендіәдістер педагогикалық үдерісті субъект-субъект шеңберінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді, қатысушылардың психологиялық тұрғысының теңдігін, тараптардың белсенділігін қамтамасыз ете отырып, оның барысында әр қайсысы тек әсер алып қана қоймайды, сонымен бірге тең дәрежеде өзге адамға да әсер етеді.
Студенттердің кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған әдістермен жұмыс істеу барысында коммуникативтік дағдылары қалыптасып, қарым-қатынаста өзгені үғыну мүмкіншіліктері артты, өздігінен ізденіп ой қорытуға деген қызығушылықтары оянды, әр түрлі педагогикалық жағдаяаттарды талдау мен оны практикада қолдану іскерліктерін меңгерді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 14 желтоқсан, 2012ж.
2. Ниязова Г.Ж. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану–кәсіптік білім мамандығы студенттерінің кәсіби құзырлылығын қалыптастырудың маңызды элементі. Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясы. Алматы, 2008, 141 б.
3. Кенжебеков Б.Т.Университет студенттерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы. (монография). – Астана, 2001. -275 б.
4. Омарова Л.Т. Студенттердің кәсіби құзіреттілігі мен педагогикалық шеберлігін қалыптастыру /«Аспирант.Докторант.Гуманитарлы-әлеуметтік зерттеулер» атты ғылыми-теориялық және қолданбалы кең профильді журнал. – Түркестан-Москва,2013- - баспада