Орындау жобасын құру. Бұл кезеңде оқытушының, бапкердің түсіндіріп, көрсеткен жаттығу техникасын ұғынған оқушы санасында жаттығуды қалай орындауға болатыны туралы қисынды, бейнелі түсінік қалыптасады. Ол жаттығу техникасын толық ұғынып, оны орындауға дайын күйде келеді.
Жаттығуды орындап көру. Жаттығуды орындап көру – танысу кезеңінің негізгі элементі. Оқушы жаттығу техникасын үш-төрт рет орындап көреді. Орындап көру арқылы оқушы өз міндетін қаншалықты ұққанын, қозғалысқа үйрену міндетін қалай құрғанын тексеруіне болады. Қимыл-әрекеттің күрделілігіне байланысты жаттығуды бөліп немесе тұтас орындауға болады. Қарапайым жаттығуды толық орындай беруге болады. Күрделі жаттығуды бөлшектеп орындаған жөн. Қозғалыс техникасын тұтас орындағанда оқушы қате жіберсе, бөлшектеп орындау әдісін қолдану қажет.