Зерттеутақырыбының өзектілігі. Бұған дейін де «Әдебиет танытқыштың» құнды еңбек екендігі жиі айтылып (Ш.Сатпаева, Р.Сыздықова, З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Нұрғали, А.Ісімақова, Ө.Әбдіманов т.б. ғалымдар) келеді. Дегенмен, бұл еңбектің бүтіндей теориялық тұжырымдамасы арнайы зерттеу тақырыбына айналған жоқ. Осы тұрғыда «туған топырағымызда әдебиет теориясының басы болып саналатын» (З.Қабдолов) «Әдебиет танытқышты» (1926) ХХ ғасыр басындағы әлемдік әдебиеттану ғылымындағы басты-басты әдеби-теориялық тұжырымдармен бірлікте талдау да әзір бірізге түсе қойған жоқ. Академик Р.Нұрғали: «Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі «Әдебиет танытқыш» төңірегінде әлі де көп зерттеулер жүргізу керек» [3, 35] – екендігін баса айтады. Осы ретте, әрине бұл диссертациялық жұмыс өзектілігі де «Әдебиет танытқышты» әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында кең көлемді талдауға алғаш түсіп отырғандығымен тікелей байланысты. Еңбектегі әрбір категорияның теориялық деңгейі де, әлемдік әдебиеттану ғылымында лайықты бағасын алған белгілі мамандардың тұжырымдарымен қатар түсіп жатады. Осы негіздерді ескере отырып, «Әдебиет танытқыш» толыққанды теориялық еңбек ретінде арнайы зерттеуді қажет етеді деп санаймыз.