2.Тайпалары. Саяси ахуалдарға байланысты шекара өзгеріп тұрғанымен Батыс Түрік қағанатының негізгі аумағы ежелгі үйсін жері, Жетісу өңірі болған. Батыс Түрік қағанатының халқы “он оқ елі” (он оқ бұдұн), “бес арыс дулу”, “бес тайпалы нушеби” деп те аталған. Қағанаттың құрамына әр кезеңде қарлұқтар, Енисей қырғыздары, шығылдар (шігілдер), чомулдар (шөмекейлер), тухсилер, т.б. енді. Батыс Түрік қағанатының мемлекет басшысы - қаған жоғары билеуші әрі әскербасы саналды. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық жүргізді, ру басшыларын тағайындады. Қарапайым халық “қара бұдұн”, ал әлеуметтік құрылымның ең төменгі сатысының тәуелді тобы “тат” деп аталған (қ. Тат). “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген көне мәтелге қарағанда түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған.
3.Мәдениеті Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы аймақтар да Батыс Түрік қағанатына қараған. Ұлы Жібек жолының Батыс Түрік қағанатын басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал жасады. Құлан, Навакет, Суяб, Тараз, Меркі, Испиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары ретінде әйгіленді. Қағанаттың халықаралық экономикалық және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды.Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды. Түркілер теңге соғуды игерді. Теңгелер түркі қағандары атынан соғылғанымен, олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Батыс Түрік қағанатында жазба мәдениет дамып, әдеби дәстүр қалыптасты. Батыс Түрік қағанатының халқы Көк тәңіріне, Ұмай анаға, Жер анаға, Су анаға тағзым етті. Қағанатқа Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар ене бастаған. 626 жылы қаған ордасына Үнді елінен Будда дінін уағыздаушыПрабхакарамитра он шақты серігін ертіп келген. 627 жылы келген қытайлық будда мамасы Сюань Цзянь түрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған. Сондай-ақ, Батыс Түрік қағанатында зороастра, несториан, манихей діндерін жақтаушылар да болған. Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағанаттың негізі—дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталған. Түркі империясы тұсында (VІ-VІІ ғғ.) Орта Азияның экономикасы мен мәдениеті гүлденіп өсті. Сауда, жер өндеу және қолөнер өте тез дамды. Жібек керуені Қытайдан Византияға қарай Бұхара, Самарқан, Ташкент, Қашқар, Турфан арқылы үздіксіз ағылып жатты. Түркі империясының құрылуы мен ыдырауы түркі халықтарының Батысқа қарай жылжуына алып келді. Шығыс пен Батыс мәдениеті араласып, бірін-бірі байытты.