Бейбарыс және Алтын Орда.
Сұлтан Бейбарыс туған жұртын Алтын Ордамен тікелей дипломатиялық байланыс орнатуға ерекше маңыз берді. Оның себебі араб тарихшылары көрсеткендей тек Хулагу иеліктеріне қарсы әскери одақ құру ғана емес, туған жерімен байланыс орнату, өз ұлтының ұлдары мен қыздарының Мысыр жеріне келуін қамтимасыз ету болды. Осы мақсаттарды орындау үшін Бейбарыс Алтын Орда хандарымен елшіліктермен алмасады. Бейбарыс билігі кезінде Алтын Орда хандары мен Иран елхандары арасында саяси теке-тірес қарулы қақтығыстарға ұласқан болатын. Осы кезде Берке хан Бейбарыс сұлтанға хат жазып, оны “Иран елханы Хулагуге бірігіп қарсы шығуға” шақырады. Иран елхандары мен Алтын Орда хандарының арасындағы жаулықтың өрши түсуіне Шыңғыс ханның “Ясасы” бойынша тиесілі олжаны бөлісу тәртібі де араздықты күшейте түсті. Жаулап алынған жерлерден қолға түскен байлық пен жер түсімдерінің бестен екісі Ұлы ханға, бестен екісі әскерге және соңғы бестен бірі Бату хан жанұясына тиесілі болатын. Бату қайтыс болып орнына Берке хан отырғанда Хулагу оған сыбағасын беріп тұрудан бас тартады. 1262 жылы өз үлесін сұрай келген Берке елшілерін өлтіруі де осыдан еді. Екі партия арасында болып жатқан қанды шайқастар көптеген көшпенді рулардың аманат сұрап Бейбарыс иеліктеріне түркі тайпаларының өкілдері топ-топ болып қыпшақ сұлтанының қол астына келеді. Бейбарыс оларды жылы қарсы алып отырған.
Сұлтан Бейбарыс 1262 жылы Берке ханға “елдер мен тілдерді жақсы білетін әмір Көмшербек” бастаған елшілік жұмсайды. Елшілікке олармен бірге аманат сұрап келген түркілерден екі адам, оның бірі Хулагудың әмірлерінің бірі Сараған ноян болып шығады. Берке ханға хат жазылып, онда ислам дінінің жағдайы егжей-тегжейлі баяндалады. Бейбарыс Беркені жиһадқа үгіттеп, өз әскерін жан-жақты суреттейді.
Бейбарыс елшілері Константинополь қаласына жетеді де сол жерде Беркенің елшілерімен кездеседі. Берке хан сый-сияпатқа ризашылық білдіріп, одан Хулагуге қарсы көмек сұрайды. Алайда бұл көп елшіліктің бірі болатын.
Мұсылман тарихшылары Алтан Орда ханы туралы “татар патшасы Берке хан Хулагудың немере інісі. Мемлекеті өте үлкен. Орасан зор сансыз әскері бар. Мемлекеті адам саны, жер көлемі және байлық жағынан Хулагу мемлекетінен асып түседі, бірақ Хулагу әскері өздері басып алған жерлерді тонаумен байыған. Берке мұсылмандарға көп іш тартып, ғұламаларды қолдайды, игі іс істейтін мұсылмандарға сенетін, шейхтердің батасын алады. Өзі ержүрек, мырза, табанды, әділ, халқына жайлы болған еді”,- деп көрсетеді.
Сұлтан Бейбарыс Алтын Орда ханы Берке ханмен одақтастық байланыстар құрып, әрдайым елшіліктермен алмасып отырған. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар сұлтан Бейбарыс қайтыс болған соң да үзілмей, өз жалғасын табады. Мәмлүк мемлекеті мен Алтын Орда билеушілері арасында қыз беріп, құда болу фактісі де кездеседі, алайда Бейбарыс сұлтандығынан көп кейін, бірақ, қыпшақтар заманында болады.
Достарыңызбен бөлісу: |