Қуыршақ Аббасид халифасын отырғызу.
Бейбарыс шииттердің көтерілісін басқан соң мәмлүк мемлекетін ислам әлеміндегі жетекші мемлекет ретінде өзіне лайықты орнын заңдастыру мақсатында Бағдад моңғолдардың жойқын соққысынан күйреген халифат тағын Каирде қайта орнатуға тырысады. Тарихшылар Бейбарыс халифатты Каирге көшіріп, ислам дүниесінің қорғаушысы болуға ұмтылған билеушілердің ішінде мақсатына жете алған жалғыз билеуші деп көрсетеді. Өткен себебі Ахмад Ибн Тулун, Юсеф Салахуддин, Құтыз сияқты біраз басшылар Бағдад халифасын Мысырға көшіруге әрекеттер жасап, ешқайсысы нәтиже шығара алмаған.
Халиф жанұясының бір мүшесі Абулқасим Ахмад Бейбарыспен келісімге келеді. Оны Бейбарыс 1261 жылы маусым айында Каир түбінде алдынан шығып, зор құрмет көрсетіп күтіп алады. Көпшіліктің алдына халифамен бірге келген бағдадтықтар мен оның шейхтары шақыртылып, Әбілқасим Ахмадтың шынында мұсылмандардың әмірі халифаның баласы деп ант ішеді. Куәліктің растығына дін өкілдері келіскен соң, әмір халифа болып жарияланады. Бейбарыс жаңа піскен халифаның алдында “құдайдың кітабы, пайғамбардың жолында, жиһад ісінде еңбек етуге, арамнан аулақ, адалға жақын болуға, Құдайдың малы мен дүниесін орнына жұмсауға” ант береді. Жаңа патша моңғол тепкісінен жан тапсырған соңғы халифаның титулы - әл-Мустансир – Билля деген атақты алады. Сұлтан, қазы және басқа ірі тұлғалардан ант алған халифа сұлтан Бейбарысқа барлық мұсылман жерлерін, оған жақын маңайларды және болашақта мұсылман қылышына бағынатын барлық жерлердегі билікті тапсырады. Сол күні Бейбарыс сұлтанның канцелериясы сұлтанның орынбасарларына жаңа халифаға ант беруге, мешіт мінберлерінен оның атына, содан соң ғана өз атына құтпа айтуға және оның атын динарлар бетіне қашауға әмір береді.
Сонда тарихшылар Бейбарыстың Бағдат халифасын қайта қалпына келтіруге әскер күшімен және қаржылай көмек беруге ұмтылғанын атап өтеді. Шынында Бейбарыс жаңа піскен халифаға Бағдат шахарын жау қолынан тартып алуға қажетті әскерді жасақтауға мол қаржы шығарады. Алайда, кейін Бейбарыстың халифаға деген көзқарасы өзгеріп, оған жорыққа аз ғана қол береді. 1261 жылы қазанда Бағдатқа кіріп келген халифа әскерін Бағдат әскері қоршауға алып, оның көпшілігі қаза табады. Халифа отбасынан шыққан үнемі халифалықты қолына алуды көздеп жүретін Абу Аббас деген адам елу шақты атты адаммен бірге құтылып кетеді. Бейбарыс оны арнайы шақыртып Каирге алдыртады. 1262 жылы Каирде қамалда жаңа халифаны таққа отырғызу рәсімі болады. Сұлтан Бейбарыс халифаға ант беріп, бүкіл мұсылман жеріне билік құзырын алады. Сұлтанға жаңа титул – мұсылмандар әлемінің еншілесі деген атақ беріледі. Бейбарыс мұсылман билеушілерінің ішінде осындай биік титулды иеленген алғашқы сұлтан саналады. Себебі “мұсылмандардың әмірі” атағы тек халифаларға берілетін болған, олармен билікке таласқан халифа жанұясына жатпайтын билеушілер өздерін мұсылмандар әмірінің қызметшісі, досы, уәлісі, т.б. деумен шектелетін.
Сонымен, Каир қаласында екінші рет халифа таққа отырады. Бейбарыс халифа тағын Каирде қайта қалпына келтіргенімен, Мысырда өзінің билігімен қатар діни һәм саяси екінші биліктің болуына жол бермейтін еді. Қайта халифатты қалпына келтіру мәмлүк мемлекетінің ислам әлеміндегі айбатын өсіріп, заңдылық негіздерін бекіте түсіру мақсатында қолданады.
Сол кезден бастап мәмлүктер өздеріне ислам қоғамында өте биік мәртебеге ие болды десе болады. Олар халифаны қамқорлыққа алған, олардың заңды құзыретіне ие болған күш ретінде басқа мұсылман иеліктеріне жоғарыдан қарайтын болған. Халифат орталығының Мысырға көшірілуі Каир қаласының маңызының артуына әкелді. Каир дін және ғылым орталығы ретінде аты шығып қоймай, ірі сауда орталығына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |