Кіріспе дипломдық жұмыстың жалпы сипаттамасы


Қазіргі повестер композициясындағы мекеншақ категориясының әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық қызметі



бет7/9
Дата25.04.2022
өлшемі129,49 Kb.
#32142
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
ДИПЛОМ совесть мадина

3. Қазіргі повестер композициясындағы мекеншақ категориясының әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық қызметі

Базбір тарихшылардың дәйектеулерінше, бір жарым ғасырдан астам уақыт Ресейдің бодандық бұғауында бұлқынып, ұлттық езілушіліктің талай құқайын көрген қазақ халқының ғасырлар ежелгі арманы ХХ ғасырдың соңына қарай ақыры жүзеге асты. Еркін ойлау мен демокоратиялық үрдістер қоғамда кең етек ала бастаған уақытта азаттыққа арқа сүйеген прозашыларымыз, соның ішінде повесть (хикаят) жанрына қалам тартушылар да өздерінің көркемдік-идеялық кредоларын іздеумен болды. Осы кезең ішіндегі бұл жанрдағы шығармалардың сан алуан айтар ойлары шамалас шамалас шығып жатқанымен, көркемдік бағыттағы ізденістерінің біркелкі бола алмауы да заңды еді.

Қоғам өміріне еркін тыныс, соны леп енгелі жазушыларымыз өздерінің идеялық бағыттарын осы тәуелсіздік рухы тұрғысынан қайта құрып, адам қоғамына не толғантады деген мәселенің легіне ілесуге ұмтылыс жасап жатты. Бұл үрдіс осы кезең ішіндегі қазақ повестерінің де мазмұнына тиісінше көрініс таба бастағаны байқалады.

Сонымен тәуелсіздік жылдары өмірге қандай хикаяттар келді десек, қолымызға іліккендері мыналар: Қабдеш Жұмаділовтың «Найман-ана», «Көкжал», Мұхтар Мағауинның «Қыпшақ аруы», Дүкенбай Досжанның «Жазмыштың формуласы», «Үрей», «Пайғамбардың өлімі», Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Сардаланың сағымы», Ұзақбай Доспанбетовтың «Бақ пен сор», Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Балалық шақтың әндері», «Какаду», Тұрдақын Жексенбайдың «Бала бүркіт», Тұрысбек Сәукетайдың «Көлеңкелер патшалығы», «Құзғын тойған қыс», Зұқай Шәрбақынұлының «Киелі қанның тамшысы», Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», Оразанбай Егеубайұлының «Тарымда өткен бір тәулік», Өмір Кәріпұлының «Саятшы», «Аусар», Өтен Ахметтің «Ер Алтынбай», «Желтоқсан ызғары», «Жылыстап өткен жылдар-ай», Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?», Несіпбек Дәутайұлының «Жол», Қуаныш Жиенбайдың «Аполлон көбелегі», Жұмабай Шаштайұлының «Жала мен нала», «Құралайдың салқыны», Нағашыбек Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», «Жерошақтың түтіні», «Өкілдер», Серік Асылбекұлының «Ақ қарға», Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы», Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», Самат Ибраимның «Құм баласының күнделігі», Қуандық Түменбайдың «Түрмедегі торғай», «Қой мен қойшы», Келіс Рахымжановтың «Қалғұты», Нұрғали Ораздың «Тазқара», Сейітқұл Оспановтың «Екі дүниенің абыройы», Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Арасанбай Естеновтің «Періштелер патшалығы», Толымбек Әбдірайымның «Тұжырым», Дәлелбек Батырдың «Махаббат оты», Жұмабай Қайранбайдың «Тұлпарлар дүбірі», Нұрлан Қамидың «Темірқазық», «Шал», Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін», Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні», Базархан Жақыбаевтың «Қош бол, Махаббат», Нұрғали Рахаевтың «Апамсыз өткен алты күн», Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек», Момбек Әбдіәкімұлының «Дүрбелең», Асқар Алтайдың «Қызыл бөлтірік», Әділбек Ыбырайымұлының «Абыз дала аңызы», Серік Нұғыманның «Жоқ іздеуші жан», Қанат Әбілқайырдың «Тіміскі» және т.б. туындылар.

Енді жазылмаған дәстүр бойынша ең алдымен тарихи тақырыпқа арналған шығармаларға тоқталып кетейік. Тәуелсіздік рухының әсерімен жазылған хикаяттардың бірсыпырасы қазақ халқының тағдырындағы ауыр кезеңдерге арналуы да бүгінгі заманның рухани талабына нақты жауап. Оларға жататындар – Қабдеш Жұмаділовтың «Найман-ана», «Көкжал», Мұхтар Мағауинның «Қыпшақ аруы», Зұқай Шәрбақынұлының «Киелі қанның тамшысы», Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», Оразанбай Егеубайұлының «Тарымда өткен бір тәулік», Өмір Кәріпұлының «Саятшы», «Аусар», Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы», Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні», Момбек Әбдіәкімұлының «Дүрбелең», Әділбек Ыбырайымұлының «Абыз дала аңызы» хикаяттары.

Жиырма бірінші ғасырдағы хикаяттардың арасында осы уақыттағы қазақ прозасына жекелеген формалық-мазмұндық ізденістерімен назарға іліккендері де жоқ емес. Соның бір мысалы – Қабдеш Жұмаділовтің «Найман-ана ескерткіші» [20, 7] хикаяты. Екі параллельмен дамитын шағын сюжеттер тізбегі көркем уақыттың екі түрлі кезеңін құрайды. Оның біріншісінде бүгінгі заманның оқиғалары дамыса, екіншісі сонау он төрт-он бесінші ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғаларды көз алдымызға алып келеді.

Жазушы Айжарық пен мүсінші Барақтың шығармашылық бірлестігі Найман-анаға ескерткіш қою жұмыстары төңірегінде өрбиді. Бұл тұлғаның кім екендігін мүсіншіге түсіндіру үшін жазушының ескі тарихи кезеңдерге барлау жасап отыруы – формалық ізденістің кезекті көрінісі. Ескі кезеңнің суреттері сөз болғанда, нақты көркем шығарманың өзегіне айналатын жайттар халық аузындағы аңыздар мен алыпқашпа әңгімелер. Атап айтқанда, оқырманды жетектеп әкететін тарихи фабула – «Қыз еней» атанған Найман ана мен «Өкіреш Найман» тарихының жазушы ұсынған нұқсасы.

Тарихи тақырыпқа жазылған повестердің бірі – Зұқай Шәрбақынұлының «Киелі қанның тамшысы» [21] деп аталатын шығармасы. Автордың «Тарихи хикая» деп анықтама беруіне қарағанда, бұл туындының мазмұнын құрайтын оқиға өмірде болған. Хикаяттың сюжеті Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1943 жылы Монғолия мемлекетінің аумағында тұратын бір топ қазақ тұрғындары шекара асып, Қытай жеріне қарай өтіп кетпек болып, білместіктің, сауатсыздықтың салдарынан түрлі трагедияларға ұшырауына құрылған.

Сонымен бірге хикаятта мынандай да мәлімет айтылады: «...1940 жылдың тамылжыған тамыз айының соңын ала кезінде отыз мыңдай ғана шамадағы адамы болған қазақтар үшін Монғолия Үкіметі оның Бас Уәлиі, елдегі 1921 жылғы Ұлт-азаттық Төңкерісінің қолбасшыларының бірі Маршал Чойболсанның тікелей бастауымен ұлттық дербес аймақ құрып, биліктің екі тізгін, бір шылбырын қазақтың өз қолына берген болатын. Сол қазақ аймақ халқының ұлттық салт-сана, әдет-ғұрпын сақтай, ана тілінде мектеп ашып, ұлттық қызыл отауы мен қазақша баспаханасын орнатып беріп, керемет жанашырлық жасағаны үшін 1952 жылы ел көсемі дүниеден озғанда қаншама қазақ өз әкесі өлгендей жылап, еңірей жылағанының тірі куәсі іспеттіміз бүгін» [21, 130-131]. Монғолия өкіметі қазақтарға осыншама зор қамқорлық жасап отырған уақытында хикаядағы кейіпкерлердің қарадан қарап өздерін өздері соншалықты өртке итергендері несі? Соншама азаптанатындай хикаядағы қашқындардың бастарына ешқандай да күн туып тұрған жоқ екен ғой деген ой туындайды.

Соған қарамастан, аталған хикая өз заманындағы тарихи шындықты сол қалпында ашып бере білуімен танымдық тұрғыдан бағалы әрі оның мазмұны бүгінгі оқырман үшін сабақ болуы тиіс.

Ұлттық әдебиетіміздің кемелденуіне үлес қосқан, өзіндік менін, халқының менін қалыптастыруда бар ғұмырын арнап келе жатқан дарын иесі, көркем сөздің майталманы, кемеңгер жазушы М. Мағауиннің тәуелсіздік жылдарында жазған жаңа тұрпаттағы шығармалары көркемдік әлемді игерудің тың арнасын қалыптастырып, ұлттық рухты сілкіндіретін өзгеше дүбірлі құбылысқа айналып отыр. Әлемдік әдебиетке түр рухыны тыныс- демін әкелген классик жазушының әсіресе соңғы кезде жазған кез келген шығармасы формалық тұрғыдан мүлде күрделі, әдіс-тәсілі тосын. Әйткенмен бұл туындылардың арғы қатпарында, терең діңінде халық мұрасының құнарлы да айшықты белгілері мол болғандықтан оқырманды тылсым табиғатымен қызықтырып баурап алады. Характер жасау, образ шындығы, сурет байлығы, тіл шеберлігі, психологизм молдығы тұрғысынан қарағанда, Мағауин жеткен биік те басын сол дәуірден, сол шығармалардан алады. Бұл тұрғыда - «Аласапыран», «Алдаспан», «Ұлтсыздану ұраны», «Көкмұнар», «Шақан шері», «Қара қыз», «Қасқыр бөрі», «Әйел махаббаты», «Жармақ», «Құмырсқа қырғын», «Қыпшақ аруы», «Қосағаш» секілді туындылары жазушының шығармашылық ізденісі жолында едәуір маңызы бар [22, 113]. Көрнекті қаламгер М.Мағауиннің өмірі мен кезеңіне, шығармашылық жолына жіті зер салсақ, ұлттық мұратқа, замана шындығына айрықша мән беретіндігі терең танылады. Бұдан байқалатыны, белгілі қаламгердің үлкен және кіші жанрлар бойынша жүйелі жұмыс жасайтыны оның бәрінде де ұлт пен заман мәселесі өзара сабақтастықта сөз болатыны айқын аңғарылады. Аталған шығармаларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси келеңсіз құбылыстар, атап айтқанда ұлттық құндылықтардың аяқасты болуы, тасбауырлық пен имансыздық, биліктегі шонжарлардың алаяқтығы, жаңа буын байлардың ана тілінен, ата ділінен жерінуі, қара халықтың дәрменсіз пұшайман халі, ата-баба тарихына жасалып жатқан қиянаттар, бір сөзбен айтқанда тәуелсіз жас мемлекеттің бүгіні мен болашағына кедергі келтіретін алуан түрлі кеселдер бүкпесіз сыналады. Бірақ бүгінгі өмір-тіршілігіміздің күнделігі секілді шыншыл реңдегі бұл шығармалар фольклорлық айшықты бояулармен шебер әрленіп, жаңа стильмен әшекейленгендіктен оқырманды мүлде беймәлім көркемдік әлемге жетелеп, ғажайып тылсым сырларға саяхат жасата алады.

Жазушының шығармасына «Қыпшақ аруы» деп қоюы шартты атау сияқты. Өйткені, оның аталған хикаятта көтеріп отырғаны – біздің ескі бабаларымыз, бұрынғы номадтардың ұрпағы бүгінгі өмірде қандай екен деген мәселе. Осындай ойды айтқысы келуі арқылы ол көптеген тарихи, әлеуметтік-философиялық категорияларды шендестіре суреттеген. , Соларды бір-бірімен салыстыра, тоғыстырып отырып, өзінің түпкі ойын әр оқырманға өзің шешіп ал дегенге дейін келтіреді. Хикаятта фон болып көрінетін категориялар қандай десек, жеке адам мен қоғам. Қоғам мен тарих. Тарих пен ұлт. Интеллект пен жалпы қоғамдық сана. Болмыс пен бітім. Осы мәселелермен қоса эстетикалық көзқарастардың қақатығысы. Жеке түйіндеулер.

Осылардың бәрін бір жіптің арқауына байлап тастаған жазушы бірінші жақтан әңгімелей отырып, ойды күрделі түрде жеткізуге тырысқаны байқалады. Оның бәріне жіктей сараптап, талдап айту қиын да шығар. Бас кейіпкердің рухани әлемін ашуда хикаяның жазылу формасы, ішкі мазмұны үйлесіп жатқандығын айтуымыз керек. Жалпы әдебиетте форма мен мазмұн деген проблема бірсыпырадан келе жатқан мәселе. Ертеде әдебиеттанушы, жазушы Мырзабек Дүйсенов ағамыздың «Мазмұн мен форманың бірлігі» деген монографиясы жұрттың әжептеуір назарын аударған еді. Содан бері әдебиетшілер арасында мазмұн деген не, форма деген не? Бұны біз қалай бөлеміз, қалай жіктейміз? Қай жерінен қосамыз? деген мәселелер пікірталас өзегі болуда. Бұны айтып отырған себебім, Мұхтар Мағауин бүгінгіні жоқтап жазғанымен, шығармада мифологиялық нышандар да төбе көрсетіп отырады. Кейіпкердің көз алдында тұрған балбал тастардың қозғалуы, жоқ болып кетуі, ғашықтардың мүсінге айналуы, ескі заман мен бүгінгі заманның тастарының бір-біріне қайтадан келіп, тіл табысып, сосын қайтадан ажырасып жатқандай болып көрінуі бір жағы бүгінгі таңда мода болып кеткен постмодернизм нышаны, ал екнші жағынан қазақ мифологиясының кейбір фрагменттерін қайтадан жаңғырту. Осындай көркемдік ізденістер мен эстетикалық құбылыстардың арасында Мұхтар Мағауин реалистік бір элементтерге сүйеуді ешқашан ұмытпайды. Туынды фабуласындағы публицистикалық, этногрфиялық шегіністер де бар. Тарихи талдаулар кездеседі. Ең бастысы сюжеттің дамуы психологиялық иірімдерге табан тіреп отырады.



Орайлы тұста, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай Мұхтар Мағауин шығармашылығы жайында өз нақты бағасын былайша берген болатын: «Шындығында да, «Қос ағаш» жазылғанға дейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа да, «Тамыз әңгімелерінен» кейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа. Мұнда жазушының «мені» басты кейіпкер дәрежесіне көтерілген, ал негізгі, қосалқы, үстеме, жанама сюжеттер сол «Менге» қызмет етеді. Жазылу мәнері – әр түрлі ырғаққа құрылған, баяндау тәсілі – құбылмалы, әдеби әдістері – алмағайып, алмасып отырады, шендестірулері – ширақ әрі күрделі, тұспалдары - тылсым, емеуріні – екі–үш мәнге ие, нысанасы – әрі биік, әрі терең, оқиғаға – өзін де, өзіңді де араластырып, уақытпен кеңістіктің желісімен жетектеп, қилы – қилы әсерде қалдырады [23, 14]. Сонымен қатар, бұрын Мағауиннің прозасында анықталмаған сарказмдық кекесіндердің өзі сюжеттің міндетін атқарып кетеді. Кейде жүрдек жазу мәнері тасырқап барып, қайтадан екпін алады. Сағыныш пен өкініштің өзіне де бірде кекесінмен, бірде мысқылмен, бірде жылы жымиып қарайды. Оқиғаның басталуы, дамуы, көркемдік шешімі, нысаны қат – қабат қатталып, көркем ойдың салмағы сомданып шыға келгенде шап – шағын әңгіменің салмағы шартабақтай ауыр тартады. Лирика мен мысқыл араласқан осындай күрделі көркем иірімде тұлғаланған әр қаһарманның әрқайсысына ортақ бір сипат тән. Ол – сол кейіпкер әлемінің қос жарылуы. Яғни, әлгі қаһарман бір оқығаныңда жазушының өзінің «мені» сияқты әсер қалдырады. Қайыра оқығаныңда ол мүлдем басқа, антиқаһарман болып шығады. Мысалы, «Травеннің әңгімесіндегі» ажалдың бейнесі, тіпті, «Одағай әңгімелердегі» әр оқиға осылай жинақтала жұмырланған. Ал «Құмырсқа-қырғын» мен «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Оралу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуріні қатпар-қатпар. Бір жақты, бір сезімді, бір түйсікті кейіпкер жоқ. Махаббат пен ғадауаттың ортасында алмағайып күй кешкен тағдырдың жанкештілерін байқаймыз [23, 14]. М. Мағауин «Қуыршақ» деген әңгімесіне қазіргі ел ішінде айтылатын жансорғыш (вампир) әйел туралы хикаяны (демонологияны) арқау етеді. «Қуыршақ» – М .Мағауиннің жазушылығын ертеректегі жазған туындысы «Әйел махаббатымен» байланыстыратын жастық кешуі туралы хикая. Ең сәтті әңгіменің бірі. Баяндау мәнері де, құрылымы да, сюжеттің дамуы да кәдімгі классикалық үлгіде құрылған. Алайда, мұндағы кейіпкердің «мені» жазушының (баяндаушының емес) «менімен» астасып кетеді. Автор кей кезде кейіпкердің орнын алмастырып кетеді. Баяндауы бір желінің бойына тартылған, ширақ. Оқығаннан өзіне тарта жөнеледі, кей тұста автордың толғауымен алмаса ұласады. Мұның барлығы болған оқиғаға, әсіресе, соңғы шешімге оқырманды сендіру үшін жасалған әдеби тәсіл. «Ең үздік оқушыдағы» немере де, немеренің романы да, оны тыңдап, пікір айтқан ата да данышпан. Мұны әдеби тәсіл деп те, жазушының жан сыры деп те, тіпті, кішкентай ғана авантюристік әдеби тюрк деп те қабылдауға болады. Қылауы мен қисыны жарасқан, сақа жазушының өзін сескендіретін, бала психологиясының логикалық тосын шешімі арқылы оқыс ойға қалдыратын шағын да шақпа туынды. Өйткені, сарабдал сыншының өзін шіміркендіріп, «немересінің романын жан-жақты талқылауды кейінгі қалдыруы» талай тұспалды аңғартады. Оқырманның шешуіне қалдырған тұспал бойынша: не лирикалық қаһарман қайтып қолына қалам алмайды, не немересі тұспалдаған шындықты жазу ғана қалады. Мүмкін немересі де қайтіп қалам ұстамауы мүмкін. Онда бұл ата өмірінің трагедиямен аяқталатыны анық. Ал немере жазушы осы бетімен өнерін өрістете берсе, онда... әлгі романды үлгі тұтқан мұғалиманың керін әрбір қазақ кешеді деген сөз. Қаламгердің «Тамыздан кейінгі» әңгімелерінде сарказмдық сыпат, ызалы тұспал бар. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» - деген тәмсілді еске түсіретін және тура бидің қаламымен жазылған жаза сөзі. Кейінірек, автордың «Талайсыз әңгiмелер» деп аталатын циклды әңгiмелерi жарияланды. «Талайсыз әңгiмелер». «Талайсыз» деген не сөз? Бұл – «бақытсыз» деген сөз. Демек, «бақытсыз әңгiмелер». М. Мағауин да өзiнiң «Талайсыз әңгiмелерiнде» бiздiң жоғарыдағы сөз еткен бақытсыздықтарымыздан да сорақы, одан да бесбетер бақытсыздықтарды, шын мәнiндегi ұлттық қасiреттердi көзiнен тiзiп тұрып көгендеп бередi. Ендi автордың «Талайсыз әңгiмелер» циклымен жариялаған бiр ғана, «Қара ләйлек» атты әңгiмесiне аз-кем тоқталып өтелiкшi. Осы әңгiмедегi бас кейiпкер (бас кейiпкердi М. Мағауиннiң өзi деп түсiнiңiз) ұзақ жылдар Чехияда болып, кезектi демалысында Шыңғыстаудың сыртындағы, Бақанас өзенiнiң бойындағы өзiнiң туған ауылына келедi. Туған өлкенiң тау-тасы мен аң-құсын бес саусағындай бiлетiн бас кейiпкер ежелден осы өңiрдi мекендеген қара ләйлектi (қыр арқасы – көмiрдей қара, бауыры мен қолтығы – ақсұр, тырнаға ұқсас ұзын сирақ құс), «Қызыл кiтапқа» баяғыда енген сирек құсты «тұқымымен тұздай құрып, жойылып кеттiге» санап жүредi екен. Сөйтсе, қара ләйлек жойылмапты. Аман екен: Бақанастың бойындағы қиын жартастың қуысына ұя салып, балапанын өргiзiп жүрiптi. Қара ләйлектi де, оның балапандарын да бас кейiпкер өз көзiмен көредi. Әңгiменiң соңғы қайырымында автор «Қара ләйлектiң қамын айтып отырсың-ау, қалың қазақтың жөнi не болмақ?» деп бiр сауал тастап алады да, құстың бiр нәсiлi ретiнде жойылудан аман қалған қара ләйлектiң тағдыры мен ұлт ретiнде жойылуға бет алып бара жатқан қазақтың тағдырын салыстыра келiп, былайша зар төгедi: «Киелi қара ләйлек мәңгiлiкпен бiрге жасап келедi екен. Ендi жоғалса, обалы адамға ғана. Ал қайран қазақ... Обалы кiмге деймiз? Әрi ойлап, берi ойлап, ақыры таптым. Қатерден сақтанып, ұясын алыс аймақ, онда да қол жетпес тас қияға салатын қара ләйлек құрлы түйсiгi болмаса... бұл қазақтың бар обалы өзiне. Аңдап тұрсаңыз, қалауы да, тiлеуi де өзiне қарсы. Бүгiнгi бар iсi – ертеңгi тiрлiгiне қайшы». Ендi Мұхтар Мағауинге параллель жасай отырып, бiз де жазушымен бiрге жарыса ойланып көрелiкшi: шынында да, неге бұлай? Неге құс екеш құс құрлы (қара ләйлек құрлы) түйсiгiмiз жоқ? Құс екеш құс та өзiн-өзi сақтай, қорғай алады екен ғой? Бiзге не болды? Жер- жаһанның жүзiнде өзiнiң тiлеуi өзiне қарсы, өзiнiң қалауы өзiне қайшы келетiн қазақтан басқа ұлт бар ма екен, сiрә? Бүгiнгi пәтуасыз, парықсыз iсiмiздiң (жаппай ұлтсызданып жатуымыздың) ертеңгi тiрлiгiмiздiң ойран-ботқасын шығаратынын неге ойланбаймыз? М. Мағауин геройлары – біздің бүгінгі замандастар. Кәрісі бар, жасы бар – қайсысы болса да қазіргі дәуірдің азаматтық міндеттерін белсенді атқарып жүрген іс адамдары. Жазушы солардың іс – әрекеті, мінез-құлқы, көзқарасы арқылы бүгінгі өмір шындығын, оның алуан түрлі сырларын ғана ашып қоймайды, өткенімізге, тарихымызға да ой тоқтатып қарайды, болашағымызға да көз жібереді. Ол характерлерді шебер ашады, солардың көзқарасы, ұғым- түсінігі арқылы дәуірдің өзекті проблемаларын батыл көтереді [25, 182]. Ғалым Ш. Елеукенов: «Көркем туынды адамды тек қана жағымды қаһарманның іс үлгісімен тәрбиелеп, шабыттандырып, қанағаттандырып қана қоймайды. Сонымен қатар ол өзінің әлеуметтік, азаматтық пафосымен де, адамгершілік әуенінің биіктігімен де, әсемдікті әлпештеп, дәріптеуімен де, адам бойындағы асқақ сезімдерді ардақтап, оған мораль талаптарын қатаң түрде қоя білуімен де игі әсер етеді» [24,166] - деп айтқан екен. Сол сияқты, М.Мағауин да өзінің аталмыш туындылары арқылы замандастарына адамгершілік мәселесін қатаң түрде талап етіп қоя білді.

Тәуелсіздік – қоғамда тараған жалпы ортақ түсінік бойынша эстетикалық емес, саяси санат. Ғалымдар тоталитарлық жүйе ретінде анықтап жүрген Кеңес дәуірінде эстетикалық құндылықтардың барлығы да, соның ішінде көркем әдебиетіміз де саяси ұстанымға бағынып, соның бір қуатты да оңтайлы құралына айналып қалғаны белгілі. Қоғам өміріне еркін тыныс, соны леп енгелі жазушыларымыз өздерінің идеялық бағыттарын осы тәуелсіздік рухы тұрғысынан қайта құрып, адам қоғамына не толғантады деген мәселенің легіне ілесуге ұмтылыс жасап жатты. Бұл үрдіс осы кезең ішінде тиісінше көрініс таба бастаған жанрдың бірі – повесть болды.

Адамның мінез-құлығын, жекелеген болмысын шағын көрініске, тіпті жалғыз детальға сыйғызып жібере алатын проза шебері Т.Нұрмағамбетов өзінің тәуелсіздік жылдары жазған повестерінде де сол биік көркемдік деңгейінен түсе қойған жоқ. Сөздің өз бояуын құбылтуға ұмтылыс жасамаса да, әңгімені ауызекі айтып отырғандай табиғи қалпында өрбіте отырып-ақ, адам жан дүниесін аша білу керектігін бір сәт те ұмытпайды. Жазушы негізінен жасөспірімдер мен жастарға арнап жазғанымен, оның кейбір туындылары ересек оқырмандардың өзін ойландырып тастайтындай сипатқа ие.

Мәселен, оның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жарық көрген «Балалық шақтың әндері» [26] повесінің түйінді тұстарынан адам болмысын ашуға бағытталған парасатты прозаға артылар ұтқыр ойлар мен бейнелерді байқау қиын емес. Шығарма оқиғасы Елденов Тана деген баланың атынан бірінші жақтан баяндалады. Ондағы әлеуметтік-моральдық маңызды мәселелердің бірі – балалар мен ересектердің арасында орын алып келе жатқан түрлі түсініспеушілік көріністері. Бас кейіпкер Бура есімді жеткіншектішешесі жас кезінде тастап, басқа кісіге тұрмысқа шығып кеткен. Бала нағашы әжесінің қолында өсіп, ержетіп келе жатады. Өміріндегі сол бір шетін жағдай баланың көкірегіне беріш болып байланып қалады да, оның бүкіл адамдық болмысының қалыптасуына әсер ететін де сол бір оқиға. Кейде жақын деген адамдарының өзіне сырын бермей, айналасына жауыға қарауы, тымырайып үндемей қалуы оның жан дүниесінде қаталдық нышандары бар екенін әйгілеп тұрады.

«Әжем ақ жаулығы ағараңдап, үй жанында қалып қойды. Ұзап кеткенше мен әжеме қолымды бұлғадым. «Бура да қолын көтерсе екен» деп ойлап едім. Бірақ мұндайда біреуге ілесіп елп ете қалар Бура қайда? Міз бақпаған қалпы сазарып, басқа жаққа қарап отыр. Әжеме қараса да, айналайын екенау» [26, 58]. Бұл – басқа ауылдағы жетіжылдық мектепке оқуға аттанып бара жатқан екі дос баланың ауылмен қоштасардағы сәті. Екі түрлі мінез, екі түрлі қалып. Осы шағын көріністен-ақ, Бура деген жас кейіпкердің мінезқұлқы, адами ұстанымы ашылып тұр. Өмірге өкпелі болса да, өркөкіректігін жоғалтпаған жеткіншектің басқаны айтпағанда, өзі бауырында өскен қарт кейуануға да иіле қоймауы – жасөспірімнің бойында кездесе бермейтін ірі мінез. Жастығына қарамай Бура бейнесінің жасалу барысы біршама күрделі. Ал осы оқиғаларды бірінші жақтан бяндап отырған әңгімеші Тананың ақкөңілділігі, мінезінің жұмсақтығы да байқалып қалады.

Шығармада алдыңғы қатардан көрініс тауып отыратын жағдай – бүгінгі күні ғана емес, қай заманнан бері проблема болып келе жатқан ересектер мен үлкендер арасындағы түрлі кереғарлықтар. Сондай моральдық тартыстардың нәтижесінде түрлі мінез-құлық иелері де ашылады. Мысалы, кейіпкерлердің мұғалімі Найзабек ағай. Жайшылықта қатал, тіпті өз құқығын асыра пайдаланып, шәкірттерін зар илетуден де тайынбайтын ол көзәйнегін сындырып алғаннан кейін аянышты да мүсәпір күйге түсіп қалады. Ал сол бір көру құралын қайтадан тағып алуы мұң екен, тағы да сол айбынына қайта мінген қатал мұғалімді көресіз.



Жазушы оны түрлі шағын оқиғалар мен тартыстардың негізінде оқырман ойланатындай биіктікке көтере білген. Оқиғалар арасында көрініп отыратыны да – қазақи мінез-құлық, салт-дәстүрлер қатары. Сол арқылы повестің тәлімдік, тәрбиелік қырлары өзіндік ракрусқа ие бола бастайды. Бір сөзбен айтқанда, Т.Нұрмағамбетовтың «Балалық шақтың әндері» атты повесі ұлттық болмыс-бітімімізді өз тарапынан аша түскен шығарма.

Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары әңгіме жанрында қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік, т.б. ізденістерге барғаны белгілі. Сондай-ақ, дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі әдеби ағымдармен толықты. Қазіргі қазақ прозалық шығармаларында модернистік, постмодернистік ағымдар көрініс бере бастады. Қазақтың қазіргі прозалық туындылары адам мен қоғам, адам мен әлем арасындағы қарым-қатынасқа, адам болмысының мәнін, өмірдегі орнын бағамдауға байланысты экзистенциялық дүниетаным шеңбері кең, өмірдің мәнін философиялық тұрғыдан түсінетін кейіпкерлерді өмірге әкелді. Қазіргі қазақ прозасындағы сюжеттің бөлшектері белгілі бір жүйеге бағынбайды, сондықтан шығармадағы оқиғаның баяндалуында хронологиялық тәртіптің сақталмауы заңды құбылыс.

Қазақ әдебеитінің кейінгі жас толқынының сюжет құру ерекшеліктерін дәстүрлі прозаға қарағанда өзгеше екені мәлім. Бұл ерекшелік авторлық ұстанымына, уақыт пен кеңістік рөлімен түсіндіріледі. Ұлттық әдебиеттегі ашыла жазуға, көсіле жазуға заманы мүмкіндік бермеген модерндік әңгіме үлгісі замануи прозашыларымыз тарапынан қазіргі дәуірде постмодерндік әңгіме үлгісіне айналды. Атап айтар болсақ, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Роза Мұқанова т.б. жазушылардың әңгімелерін ұғыну үшін олардың постмодерндік бағытының тереңіне үңілуіміз керек. Классикалық әдебиеттегідей сюжет, композиция деп талдаудан алыстап барамыз. Постмодернисттер сюжетке оқыс оқиғалар, образдарды басқаша түрде ұсынып, оқиғаны күтпеген тұста аяқтап тастап, оқиғаның шешімін оқырманның үлесіне қалдырады. Тіпті, мысалы «Дидар Амантайдың әңгiмесiнен сюжет iздемей-ақ қойған абзал. Себебi, сiздiң iздеген сюжетiңiз бұл әңгiмеде жоқ»-деген пікірде Таласбек Әсемқұлов. Қазіргі қазақ прозасында біраз қаламгерлердің шығармаларында виртуалды әлемді суреттеу көптеп кездеседі.

Сөздік-көркем туындыларда барлық кейіпкерлер виртуалды болып табылады, олар нақтылы өмірде емес, автордың ішкі дүниесінде, содан кейін барып оқырман туындыны оқыған кезде оның ішкі дүниесінде өмір сүреді. Сондықтан автор, нақтылы өмірдің виртуалды сыңарынан қалыптастырған кезде өзінің виртуалды адамдарына өздерін нақтылы өмірдегі адамдар сияқты қылықтар жасауына мүмкіндік береді: олар басқа басқа адамдарды бейнелейді немесе өзін сипаттайды.

Осы орайда мақаламызға арқау болып отырған қазіргі таңда өзіндік ізденісімен орта буын өкілдерінің алдыңғы қатарында есімі аталатын жазушы Асқар Алтайдың шығармаларындағы сюжеттік ерекшеліктеріне сипаттама бере кеткіміз келеді.

Қазіргі тәуелсіз қазақ әдебиетінде Асқар Алтай – өз бағытын айқындап, стилін танытқан жазушы. Оның шығармаларынан кезінде З.Қабдолов жазушыдан талап ететін сегіз қасиетті толық көруге болады. Оның «Қара бура» повесі, «Қараштың қарасы» әңгімесі қазақ басынан өткерген небір тарихи оқиғалардан сыр шертеді. Асқар Алтай шығармаларындағы бір ерекшелік – шығарма ішіне тағы бір шығармаға сюжет боларлық бір оқиғаны сыйғызып жіберуі. Мұндай тәсіл көбіне О.Бөкей шығармаларына тән болатын. «Қара бурадағы» ботасын іздеген ақ түйе туралы аңыз, «Қараштың қарасындағы» Қараш батыр туралы әңгіме мен «Ереуілтөбе» жайындағы тарихи оқиғалар шығарма құрылысына нұқсан келтірмей, негізгі оқиғамен жымын білдірмей кірігіп кеткен. Асқар Алтай көбіне қазақ елінің өткенін безбендеп, елдігін танытатындай тақырыпта жазады. Оның «Көзжендет» әңгімесінің өзі жазушылық шеберлік туралы көп мәлімет береді. Біреуге істеген қастандығың, тіпті аңға жасаған қатыгездігің өз алдыңнан шығады деген философиялық түйін жасайды. Талай аң-жануарды көзсіз қалдырған «көзжендет» сауысқанның иесінің немересі көзсіз туады. Әңгіме соңы адамға ой салады. Қаламгердің бірқатар әңгімелері оқырманды мынау әлеуметтік ортадан алыстатып көркемдік әлемге жетелейді.



Асқар шығармаларының кейіпкерлерінің де өзіндік әлемдері бар. Мысалы «Лайбаран» [27] атты әңгімесінде кезінде өзінің алдағы мақсаты бар Әкөн есімді жігіт Семейдегі медицина институтына оқуға түседі. Алайда, ырың-жырың жүріс, ырду-дырду думан жас, лапылдап жанып тұрған жігітті қызыл «Талас» шарабы мен мөлдіреген түссіз «Водкаға» құмартады. Аяғы бір курстың өзін аяқтамай жатып әскерге кетіп тынады. Әскерден келген соң оқуын жалғастырмайды. Бұл баяғы жүрісіне қайта басады. Сөйтіп жүріп Нұрайнаны жүкті етеді. Ащы суға жаны құмар болған соң отбасының шырқы бұзылып, сұлуы көп, жылуы жоқ Алматы асып, есіл-дерті екі стақан араққа ауған өзі секілділерге қосылып, тапқан таянғанын «түссіз суға» жұмсайтын БОМЖ-дың өзі болып шығады. Өзімен бірге өскен, сыныптасы Сейсен қаладағы базарда үсті-басы кір-қожалақ, сақал-мұрты өсіп кеткен Әкөнді қапыда көріп қалып, жабыса кетіп, айдаладағы аядай аудан Аягөзге алып келіп, Иван-кочегарға табыстайды. Ваня-кочегар мұны қазандықтағы ыстық суға шомылдырып, бу бұлауынан кейін 200 грамм «ақаңды» жұтқызып жіберіп, майға қуырылып піскен семіз, бірақ тарамыстау етті қарбыта соқтырып, жылы оратып, жеке бөлмеге жатқызып тастаған. Бір-екі мәрте ғана шарап көтерген, санасы сауығып қалған Әкөнді ертесі күні түнде кочегар ит аулауға өзімен бірге сыртқа алып шықты. Міне, осы күннен бастап дәу орыс пен Әкөннің арасында кикілжің туа бастады. Бұл Ваня-кочегардың итті Акон бауыздасын деуі еді. Әкөн болса бірден «жоқ» деп бас тартқан. Келген күні қара кесек етті байқамай жеген Әкөн осы күннен бастап ет жеуді қойған болатын. Ет жеуді доғарған Әкөн-әпендіге ашуы келіп жүрген Ваня-кочегар: «Эфенди, мен сені ерте ме, кеш пе өлтіремін! Сен бәрібір адам болмайсың, лайбараннан артық саған қандай мал керек, малғұн!..» - деп жиі айтып жүрді. Әкөннің сөніп қалған намысын кочегардың «Иттен туып, іннен шыққан» деген соңғы сөзі жанып өткен еді. Басқасы басқа соңғы сөзі жанына батып кетті. Осы сөз жанын жегідей жеді. Иван-кочегар мен Болат-бұзау ит аулауға кеткенде мұның ойынан әлгі сөз шықпай қойды. Олар қанжығалары майланып оралғанда үнсіз ғана есікті іліп, Болатқа көксұр иттің аяғын байлауға көмектесіп жүрді. Жүз грамм арақты сіміріп жатып, Әкөнді көзқиығымен баққан Иван Болатқа ит бауыздауды тоқтатып, пышақты Аконға бердірді. Әкөн: «Мен соймаймын. Пышақты да ұстамаймын. Керек болса, Иван-кочегар, өзің сой, өзің же! – деп ысылдады. Бұған шыдамаған Ваня-кочегар БОМЖ-ды ауызынан кеп отырғызды. «Жаныңның барында «барыныңды» бауызда! Болмаса балтамен басын шап!» деп бұйырды.

«Әкөннің санасын тұман тұтып, көзін қан басты. Қан аралас түкірігін тағы да түкіріп, пеш аузына жақын жатқан қайраулы балтаны барып алды. Қайырылып ит қасына келді. Тістенген қалпы аузына толған қасқа тістің қанын енді түкіріп тастамай, жұтып жіберді.

– Эфенди, - деді тұздай көзін қадаған Иван-кочегар, - балта өткір, бір-ақ сілте! Қорықпа!

– Неге қорқам?

– Е-е-е, бәсе! Аюға да жан керек... ха-ха-ха!..



– Қорықсаң сен қорық... – Бұл сөзің аузынан қалай шығып кеткенін Әкөн-әпендінің өзі де сезбей қалды.» [27, 6-7].

Ашуға булыққан Әкөн ешкім күтпеген, шапшаң қимыл жасап, өткір балтамен итке жақын отырған Иван-кочегарды қақ маңдайдан шауып жіберді. Сөйтті де байлаулы жатқан көксұр итті босатты.

Асқардың бұл әңгімесінің кейіпкері Әкөн екі әлемнің арасында дүбара күйде жүреді. Жас шағындағы намысшыл, таза қалпынан жүре пайда болған араққа деген тәуелділіктен айырылып, санасы уланып «БОМЖ»-дық әлемге бой ұрады. Бұл кейіпкеріміздің жүре қалыптастырып алған өзіндік әлемі. Ал, аздап тиымнан соң санасы серги бастаған Әкөннің, көңіл түкпіріндегі сезімдері оянып, қайта қалпына келе бастағандай еді. Баз баяғы табиғи әлемінің көкжиегі көрінгендей.

Сонымен, қорыта келгенде, Асқар Алтай әңгімелеріндегі виртуалдық әңгімелер желісі өзіндік соны өрнектері, жаңа ой түйіндерімен ерекшеленеді.

Жалғыздық сарынын қазіргі қазақ прозасында өмір мен өлім концепциясы тұрғысынан қарастыруға болады.

Соңғы жалдары қазақ қаламгерлері өлім туралы көп жазып жүр. Өлім болмаса, өмірдегі тірінің қадірін білмейтіндігіміз рас. Адам қимайтын арсыз жалғанда бір-ақ опасыз дүние бар. Ол – тіршілік. «Мені де, өлім, әлдиле» дейді Мағжан. Мені де, мені де... Адам өлімді есіне алған кезде ғана Аллаға жақындай түседі. Қаламгердің кейіпкерінің Құдайды іздеуі бекерден бекер емес. Дүниеде Құдайдан асқан философия жоқ. Кейіпкердің мына уы мен шуы, қуанышы мен қайғысы мидай сапырылысқан тіршіліктен безіп, жалғыздыққа қарай қашуы – Құдайдың шұғылалы сәулесінің жылуын іздеуге ұмтылысы.

Автордың айтпағы Құдай – адам жүрегінің сәулесі. Ол – өлгенше пендесімен бірге болатын жалғыздығы, қуанышы мен қайғысы. Автордың кейіпкерінің жалғыздығы - Құдай. Жалпы адамзат басына түскен қайғыңа, жаныңды ауыртқан жаманатқа қара емен болып қатып қалған күнде ғана сен бұл өмірдің қасіретін жеңесің деп ой түйдіреді. Ал, әзірше, автор кейіпкерінің ұлы идея үшін азап шегіп, қайғының отына күюі – қаламгердің сюжет ойыны тәрізді.

«Ақыл мен ғылым адамзат тарихында тек екінші сатыдағы қызметті атқарып келеді» деп күйінген еді Достоевский.

Суреткер кейіпкерінің күйінбеуін, бәрібір тастай қатып қалған өмірдің жүрегін жібіте алмайтындығын бағамдатады. «Ұлылық дегеніміз – өзіңді-өзің тергеу» (Ибсен).

«Өмірдің талаптарымен келісе алмаған адам азапқа түседі» (Бодлер) айтқаны еске түседі. Жалпы Бодлер айтпай-ақ Ұлылық дегеніміз – азап шегу. Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген ғақлияны ұлылықтың тонналық қасіретін бек сезгендіктен айтқан.

Жалғыздық сарынын прозадағы Құдай мен Адам тұрғысынан қарастыруға да болады.

«Жалғыздығыңа қарай қаш» дейді Ницше. Жазушының кейіпкерін жалғыздық қана құтқарып қалады. Жалғыздыққа Жаратушы ғана қарсы тұра алмайды. Алла тағала пендесін алып кеткенмен, біреудің жүрегінде жалғыздығы қалады. Ең құрығанда...Біреудің.

Жалғыздық сарыны туралы Г.Пірәлиева «Жалғыздық қашанда жеке адамның басындағы қайғы-қасіретке, ішкі ойға, емін-еркін егілуге де, ішкі құпия тіршілікке ерік беруге, өз сезімін қадағалауға да, қадағаламауға да құқысы бар мезет. Әрі бұл адамның (кейіпкердің) ішкі табиғатынан, болмыс- бітімінен сыр берер, оның харекетін ашуға да өзіндік үлес қоса алатын көркемдік қасиет. Өйткені, адам жалғыз қалғанда ғана ішкі ой еркіндігіне бой алдырады. Жалғыздық – адамға өз ойымен болуға, еске алу, елестету, қайғыру, сүйсіну, белгілі бір шешім қабылдау, т.б.секілді толып жатқан философиялық, психологиялық категориялар мен процестерді, сан алуан түрлі сезімдік құбылыстарды бастан кешетін кезең.

Жалғыздық сарының Асқар Алтай шығармаларындағы көрінісі қандай болмақ. Осы мәселе төңірегінде ой өрбітеміз.

Асқар Алтайдың осы уақытқа дейін белгілі сыншыларымыздың назарына іліккен туындыларының бірі – «Кентавр» [28] әңгімесі. Әңгіменің желісі бас адам тәрізді дене тұрқы жылқы іспеттес сәбидің дүниеге келу. Ата-анасының бір перзентке зар болып жүріп тапқан ұлдарын ел көзінен таса жерде өмірге әкеліп, өсіреді. Алайда күн санап өскен жылқы-жігіттің жалғыз екенін түсінуін автор былай жеткізеді.

«Түзде тағы өскен құлын-бала құнан-жігіт шықты. Тұрқы зорайып, қуаты толысты. Бұла көркі көз тартып, бұғанасы бекіді. Тарлан Тарбағатайдың тағы аюын да алды, бұла бөрісінің белін де үзді.

Тұнық табиғатта Басарыстың санасы сараланды... өзінің тірі пендеге ұқсамайтын жалғыз екенін түсінді. Жат екенін сезінді. Әкесі мен көкесі ескерткен, шешесі көз жасын төгіп айтқан: «Тірі пендеге жолама! Көздеріне түспе!» деген сөзді берік ұстанды» [28, 12-13].

Ал Асқардың «Альпинист» [29] шығармасындағы тау шыңына шығуды өзінің рухы, жан рахаты көретін Тайшынның қалаға сыймай әрдайым тауға қарай аңсары ауып тұрады. Қаладағы бейберкетсіз тіршіліктен жалығады. Автор кейіпкердің ішкі жай-күйін терең түйсінеді. Оның қаумалаған адамдардың ішінде әрдайым жалғыз сезінуін жеткізеді.

«Екеу елеусіз ғана иек қағысады. Иек астынан ащы тер тамшылайды. Бірін-бірі көздерімен ұғысады. «Нағыз адамдық асыл қасиет тау басында ғана оянады...» деген ой келді Тайшынға. Таудағы достық – бәрінен биік. Таудай биік, таудай қатал, таудай төзімді. Таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді. Төменде «достық» дегеннің өзі «қастық» дегенмен қатар жүреді. Ойда достыққа да, қастыққа да орын бар. Тауда орын жоқ. Тау-тарпаң.

Тайшынға бұл таңсық ой емес. Құз қиясында қырандай қанаттасып қатар жүрген, бар қиындықты қара нардай бірге бөліскен альпинистер етекке түскенде бұзаубас кесірткедей құбылып сала береді. Қар құлайтын, мұз жылайтын жалама беткейлерде адамдық жанашыр сезімдеріне сызат түспестей, сына қағылмастай боп көрінгенімен, қалаға кіре бере бқлғақсыз бауырмалдығы қорғасындай суынады. Адам атаулы бір-біріне суық қана жымиып, ішін бермейтін қаланың қалың қатпарлы тіршілігімен беттескен сәтте бәрі де әдіре қалып, тау төсіндегі сәбидей пәк сезімдері лезде ластанып қоя береді. Шың басындағы кешегі қара тастай берік достық, альпинистік адал сезім сынған хрустальдай шыл-шыпыры шығып, әрқайсысы бөтен біреулерге айнала жөнеледі. Тайшын осыны түсінбейді... ойға түсе көңілі күңгірт күздей құлазиды, жапанда қалғандай жалғызсырайды. Ал бозбала Сұңғат оны қайлан білсін?! Ол – әзірге әсершіл» [29, 10-11].

Бір сәт алаңдадың ба әңгіменің мәнісін басқаша түсініп қалуға ұрынасың. Асқар Алтай әңгімелерінің құдіреті де осындама деген ойға қаласың...

Қазіргі қазақ прозасы болып толған, өзінің ұстаздық-тәлімгерлік орнын әлем әдебиетінен алған және бұрынғыдай ұлттық поэзияның тасасында қалып қоюдан мүлдем арылған. Өзгеден үйренуді доғарып, өзге үйретуді бағыт етіп ұстанған милет мақтанышы. Әңгіме жанры әдеби сын мен әдебиет назариятын өзінің жаңашылдығымен қуантып жүр. Заманалық қазақ әңгімесі оқырманына мәтін ләззатын сыйлап жүр десек, артық айтқанымыз емес.

Бір кездегі ұлт әдебиетіндегі ашыла жазуға, көсіле жазуға заманы мүмкіндік бермеген модерндік әңгіме үлгісі, 40-50 жастағы сақа прозашыларымыз тарапынан қазіргі дәуірде постмодерндік әңгіме үлгісіне айналды. Иә, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы т.б. өкілдері болып саналатын прозашылар шоғырының әңгімелерін ұғыну үшін олардың постмодерндік бағытының тереңіне үңілуіміз керек-ақ. Бұрынғыдай мынау сюжет, анау композиция деп белгілі процесті қаздың баласындай бірізділікпен қайыра айтып салып, жарыса жазудан тізгін тартып, аян нәрсені қайтара жайып салудан бойды аулақ ұстайтын кез келді.

Осы сала дипломдық жұмпысымызға арқау болғандықтан біз бұл мәселелерді теориялық жақтан шешіп алмай, қазіргі қазақ прозасындағы Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы т.б. әдебиет алыптарының шығармашылығының есігінен қарай алмаймыз.



Ең бастысы беллетристика мен классикалық әдебиеттің сюжеттерін түзілетін мотивтерге белгілі бір фабулалық кестелеулердің өзектенуін топтастыруда сюжет табиғатын біршама айқындай түсуге септігі бар тақырыптық қағидатқа арқа сүйеген жөн. Және әрбір фабулалық кестелеуге Асқар Алтайдың «Казино» әңгімесі бойынша мысал келтіре дәлелдеуді хош көрдік.

Казино [30, 7-9] әңгімесі – заманалық қазақ әдебиетінің дамуы процесіндегі ерек құбылыс. “Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ” деген автор уәждауы “Бай-шонжарлардың мырзаларының” қоғамдағы алатын орнын айқындайды.

Оқиғалық мәртебеге ие емес көптеген сюжеттік бөліктер (портрет, суреттеу, деталдандыру, диалог т.б.) Асқар Алтай әңгімелерінде оқиғаны өрістетуге дайындық ретінде, фабуланы тежей отырып, “әңгімелеу ағынын” тудыруға дайындық жасайды. Біздің байқауымызша, Асқар Алтай көбіне сюжеттік амал-тәсілдерді: психологиялық мінездеулер мен уәждаулар, суреттемелерді кең ауқымды қолдана отырып, өзіндік стильдік ерекшелігімен басқа қаламгерлерімізден өзгешелене түсіп отырады. Сюжеттік амал-тәсілдерді кең ауқымды постмодерндік қолдану қазіргі қазақ әңгімесінің өзіндік дәстүріне айналды. Әңгіме сюжеті моноцентрлік сипатқа ие (фабулалық оқиғалардың барлығы бас кейіпкер Жошының Сапалақпен кездесуіне және оған дейінгі оқиғаларға құрылған).

Асқар Алтай шығармашылығындағы әңгімелеуші мотивті дәстүрлі алаш фольклорлық және әдеби элементтерінің түр өзгерушілігіне ұшырап хикаяттануы деп санаймыз. Қазақ қоғамында жасалынған қылмыс “Казино” әңгімесінің басты мотиві болып табылады. Өйткені, дейдейтүркі, орта түркі және қазақ халық прозасында мотив табиғаттың бабаларымызды бетпе-бет келтірген түйткілді мәселелеріне жауабын өздерінше баяндап шығатын бірмүшелі бейнелікпен эстетикалық кестелеуі болып табылады. Әрі біздің қаламгерлеріміздің туындыларында ұшырасатын батыстық және шығыстық мотивтер әдебиет түгіл фольклордың өзінде бірін-бірі айырып алғысыз баламатамдыққа (контаминацияға) ұшыраған, сондықтан, ұлттық прозаиктеріміз “сөз” сияқты одан ары бөлшектеуге келмейтін тұрақты мотивтерді өз әңгімелері мәтіндерінде кеңінен қолданып келеді.

Асқар Алтайдың әңгімелерінің көптеген сюжеттері белгілі бір фабулалық кестелеу арқылы ХХ ғасырдың соңғы және ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдықтарындағы қазақ қоғамында орын алған қоғамдық процестерді айшықтайды. Тақырыпнамалар біріншіден, адам мен қоғам, адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды көтерумен; екіншіден, қаһармандардың отбасылық және махаббаттық жағдаяттықтарымен байланысты осы бір «мәңгілік» тақырыпты әлеуметтік және жеке бастық мәселелік (проблематика) аясында белгілі бір кезеңге тән стильдік және жанрлық модалдылық реңкімен берумен; үшіншіден, ұлт қаламгері санасындағы кейіпкер келбетінің түр өзгешелігіне ұшырап экзистенциалды сипатта сомдалуы бұрынғы қалыптасқан канондарға сыймауымен байланысты болып келеді.

Қорыта айтқанда, жаңашыл ойлау мен дүниені жаңаша тануға негізделген қағидаттармен түзіліп, әлеми адамды соны үлгімен өрнектеуге құрылған романдық замана сөзінде әрі дағдарысты, әрі алмағайып жаһандану жан алқымынан алған алаш рухы бойына тұнған жаңа көркем жүйенің бітім-болмысы қалыптасып отыр. Қазіргі қазақ романының әні де, жыры да көз үйренген, көңілде хатталған, жадыда жатталған кеңес дәуіріндегі романдардан тұрпаты мүлдем бөлек болатындығы содан да болар деген ойдамыз.

XXI ғасырда ұлттық дәстүрлі шығарманы трансформациялап, бұрынғы жанрлық канондар позициясы тұрғысынан бағалау мүмкін емес, мүлдем жаңа көп деңгейлі, көп өлшемді жаңа ойлау формасын қазіргі прозашыларымыздың өмірге әкелуі ұлттық мәдениет кеңістігіндегі мақтанышымызға айналып отыр. Жас толқын олардан (Таласбек Әсемқұлов, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Нұржан Қуантайұлы және т.б.) үйреніп, өздерінің тәй-тәй басқан әдеби тырнақалды қадамдарына өнеге етуге бұрынғы проза алыптарын емес, ендігі жерде біздің заманымыздың маэстроларына айналған осындай қаламгерлерді қош көрулері арқылы өз шығармашылықтарын шыңдап жатыр.

Сонымен аталған хикаятарды қысқаша сараптай келгенде, өзекті болып табылатын негізгі типтік проблематикалық мәселелер төбе көресетеді екен.

Ең бірінші көңіл бөлетін жағдай – көркем әдеби тілдің шұрайын сақтай отырып, ізденістерге жол аша алатындығын сездіретін мысалдар аз емес. Әдеби көркем тілді игеру бағытында назар аударуға татитын ізденіс белгілерінің кездесіп қалып отыратынын атап айтқанымыз абзал. Көркем сөздің көрігін қыздыратын бейнелі тіркес, бедерлі суреттер салынған хикаяттар ізденіс нышандарын білдіреді.

Бірақ тілге қатысты жалпы кемшіліктер жағы әлі түзеле жойған жоқ.

Екінші бір олқылық – өмірлік материалдарды іріктеп, көркемдік шындыққа айналдыру барысында жүзеге асуы тиіс шығармашылық ізденістердің тапшылығы. Көпішілігіміз өмірде болған жайларды сол қалпында жаза саламыз да, соның салдары еріксіз натурализмге, көркемдік талаптар тұрғысындағы басқа да кемшіліктерге әкеп соғып жатады екен.

Үшіншіден, айтамын деп ниет қылған негізгі оқиғаны аяғына дейін иін қандырып алып щығудың орнына кейде көлденең жағдайларды, ұсақ-түйек мәселелерді термелеп, шұбалаңқұылыққа ұрынуы.

Төртіншіден, характер даралаудағы диалогтардың, полилогтар мен монологтардың көркемдік мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмаушылық. Аталған туындылардың басым бөлігінде кейіпкерлер автордың сөз саптауымен сөйлеп, автордың мәнерімен ойлап жатады.

Жазушылардың назар аудармайтын тағы бір осал тұсы – өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыру барысындағы шығармашылық үдерістің табиғатын меңгеру.

Көңілге қона қоймайтын келесі бір ұнамсыз нәрсе – тарихи туындыларымыздың кейбірінде оқиға болып жатқан көне дәуір адамдарының уақыт тынысымен санаспастан, бүгінгі заманның тілімен сөйлей беретіндігі. Бұл алдағы уақытта көне кезеңдерге қалам тартушылардың қаперінде болатын-ақ жағдай.

Басымырақ назар аударатын келесі бір өзекті мәселе – бүгінгі күннің тақырыбына қалам тарту жағы, уақыттың ділгір шындықтарын көркемдікпен кестелеп жеткізу жағы. Қазіргі кезеңді көркем прозаға сұранып тұрған өмірлік материалдар асып-төгіліп жатыр деуге болады. Бірақ қолымызға тиген прозалық шығармалардың арасында нақ өзіміз тыныстап отырған бүгінгі күннің образы өте аз, барларының өзі көбінесе әлі тәжрибелері толыспаған жас қалам иелеріне ғана тән екен.

Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жылдары өмірге келген қазақ повестерінде (хикаяттарында) осындай проблемалық мәселелердің бар екендігін айтуға тиіспіз. Елдігіміздің, «Мәңгілік ел» мұраттарының көркем жылнамасын қағазға үзілдіріп түсіре отырып, ұлттық рухты асқақтата берейік!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет