Зерттеудің дереккөздері. Қазақ тіліндегі түр-түстердің атауларына қатысты сөздер мен саналуан (негізінен анықтауышты) тіркестер ең алдымен қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігі, орфографиялык, фразеологиялық, диалектологиялық сөздіктерінен, әр түрлі кәсіпке байланысты терминологиялық сөздіктерден, сондай-ақ әдеби, тарихи, этнографиялық, фольклорлық , паремиологиялық т.б. көздерден жиналып, сұрыпталып берілді.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Жұмыста негізінен сипаттама, семантикалық талдау, тарихи-салыстырмалы әдістер қолданылды. Түр-түс атауларының туынды, ауыспалы, рәміздік, кәделі мағыналарының пайда болу уәждерін айқындау мақсатында бұл атаулар ретроспективті бағытта талданып, этнолингвистикалық ізденістер жүргізілді. Сонымен қатар жүмыста салыстырмалы және статистикалық әдістер де пайдаланылады.
Зерттеудің теориялық мәні мен практикалық құндылығы. Әр түстің атаулары мен олардан туындаған сан алуан тіркестердің жасалу уәждеріне, лексика-грамматикалық, семантикалық тәсілдеріне қатысты талдаулар мен тақырыптық, лексика- семантикалық топтарға жіктелуіне байланысты зерттеулер қазақ тіл білімінің сөзжасам, әсіресе оның этимология, семасиология, ономасиология, синонимия, омонимия салаларына өз дәрежесінде теориялык- практиқалық үлес қосты деп айтуға болады.
Қазақ тіл біліміндегі түр-түс атаулары мен олардан туындаған жай және тұрақты тіркестердің ауыспалы, символикалық, метафоралық, кәделі т.б. мағыналарын ашып, айқындап, қолданыс аясын анықтау тек конгнитивті функционалды лингвистикаға немесе этнолингвистикаға ғана қатысты емес, сонымен бірге практикалық (оқыту процесі, мәтін талдау, лексикографиялық тәжірибе т.б.) қажеттілігімен де құнды.
Нақтылап айтқанда, бүгінгі таңда халықаралық қарым -қатынастардың жанданып, рухани, мәдени және экономикалық байланыстардың дами түскен кезеңінде жалпы сөз байлығымен қатар түр-түс атаулары әлемін де жан-жақты терең білудің практикалық мәні зор. Өйткені бұл құбылыс қазақ тілінің байырғы, әрі көне лексикалық қорына жатады. Олардың бәрін басқа (орыс, ағылшын, неміс т.б.) тілдеріне бірден оп-оңай аудара салуға келмейді. Ол үшін сол атау, тіркестердің негізінде жатқан, олардың уәждік мәнін айқындайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, дүниетаным сияқты ұлттық факторларды жетік білу қажет. Осыған байланысты жұмыста көркем шығармалардағы түр-түс атауларының орысшаға аударылу үлгілері де қарастырылды.
Түр-түс әлемінің құнарлы да көп мағыналы, ерекше дамыған компонент саналатын түр-түстер атаулары мен олардан туындаған тіркестердің табиғатын зерттеудің нәтижелері жоғары оқу орындарында қазақ тілі лексикологиясын, оның семасиология, этимология, терминология, фразеология т.б. салаларын оқытуға қажетті, жүйеге келтірілген, анықталған бай әрі құнды материал болып саналады. Бұл материал қазақ тілін үйретушілер мен үйренушілерге де, лексикографиялық еңбектер (қазақша-орысша, орысша-қазақша, фразеологиялық, түсіндірме сөздіктер т.б.) жазуға да қажеті бар деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |