Сезім мүшелері жақсы жетілген және әр түрлі. Өрмекшілердің педипальпаларындағы ретімен орналасқан түктері механикалық әсерлерді қабылдайды. Ауа тербелістерін сезетін арнайы түктер - трихоботриялар педипальпаларында, аяқтарында және дененің жоғарғы жағында, ал химиялық өзгерістерді сезетін және иіс сезу қызметін атқаратын лира тәрізді мүшелері кутикулада шағын саңылаулар түрінде орналасқан. Олардың түбіндегі жарғақшаларын нерв талшықтары торлап жатады.
Көздері қарапайым, баскеуденің дорзальды жағында әдетте бірнеше - 12, 8, 6, ал кейде 2 көзі болады. Құршаяндардың жұп ірі көздері баскеуденің ортанғы бөлігінде, ал 2-5 жұп көздері бүйірінде орналасқан. Өрмекшілердің 8 көздері 2 доға түрінде орналасқан, алдыңғы доғаның ортаңғы көздері басқаларына қарағанда ірілеу келеді. Құршаяндар бір-бірін 2-3 см, ал кейбір өрмекшілер 20-30 см қашықтықтан көре алады.
Өрмекшітәрізділердің улы және усыз бездері гиподерма клеткаларынан дамыған.
Улы бездері өрмекшілерде, құршаяндарда, кейбір жалған құршаяндарда және кенелерде болады. Өрмекшілерде олар хелицералардың түп жағында орналасып, сыртқа хелицера тырнағының ұшында ашылады. Құршаяндарда улы бездері құйрығының ең соңғы бөлігінде орналасып, сыртқа арнайы иненің ұшына ашылады.
Өрмек бездері тек өрмекшілер отрядының өкілдерінде ғана бар, олар құрсағының төменгі жағында орналасып, сыртқа өрмек сүйелдерінің төбесінде ашылады. Кресті өрмекшінің (Araneus diadematus) үш жұп өрмек сүйелдері бар. Өрмек бездерінің пішіні әр түрлі: алмұрт, түтік, ампула, бұтақты ағаш тәрізді. Олардан бөлінген сұйық зат ауада тез қатады да, өрмек жібіне айналады. Бұларды өрмекшілер тор құру, ұстап алған жемтігін орап тастау, жұмыртқа пілдесін жасау үшін қолданады.
Жыныс жүйесі. Өрмекшітәрізділер дара жыныстылар. Жыныс безі құрсағында орналасқан және көптеген түрлерінде жұп болады. Көбіне оң және сол гонадалары қосылған. Құршаяндардың аталықтарында екі ұрық бездері болады (әрқайсысы жалғасқан түтік), ал аналықтарында аналық безі біртұтас. Ол біріккен үш түтіктен тұрады. Өрмекшінің аталық және аналық бездері әдетте жұп болады, кейде аналықтарында ұрық бездері соңғы жағында бүтін гонадаға біріккен. Гонадалардан әрқашан жұп жыныс тармақтары шығады да, олар құрсақтың алдыңғы жағында қосылып жыныс тесігі арқылы сыртқа ашылады. Барлық өрмекшітәрізділердің жыныс тесігі құрсақтың бірінші сегментінде ашылады. Аталықтарында әр түрлі қосымша бездері, аналықтарында ұрық қабылдағышы дамиды.
Дамуы. Өрмекшітәрізділердің арғы тегінде болған сырттай ұрықтанумен қатар, оларда іштей ұрықтануда дамып қалыптасқан. Қарапайым түрлерінде сперматофора арқылы ұрықтануы болса, күрделі құрылысты формаларында копуляция кездеседі. Сперматофор - ішінде белгілі бір мөлшерде тұқым сұйықтығы бар бөлінген аталық қапшық. Қапшықтың ішіндегі сұйықтық сперманы ауада құрғап кетуден сақтайды. Жалған құршаяндардың және кенелердің көп түрлерінің аталықтары өздерінің сперматофораларын топыраққа тастайды, ал аналықтары оны өзінің сыртқы жыныс мүшесімен іліп алады. Екеуі де сол кезде соған тән қозғалыс жасап "махаббат" биін орындайды. Өрмекшітәрізділердің көпшілігінде аталықтары сперматофораны аналық жыныс тесігіне хелицералардың көмегімен енгізеді. Кейбір түрлерінде шағылысу мүшелері болады да, сперматофоралары жойылады. Кейде копуляцияның жүруіне жыныс мүшелерінің құрамына кірмейтін дене бөліктері де қатысады. Мысалы, аталық өрмекшілердің - түрі өзгерген педипальпалары шағылыс мүшесінің қызметін атқарады.
Өрмекшілердің көбі жұмыртқа салады, ал құршаяндарда, жалған құршаяндарда және кенелердің кейбір түрлерінде тірі туу байқалады. Жұмыртқалары ірі, сарыуызға бай, сондықтан бөлінуі жарым-жартылай беткейлік жүреді. Кейіннен құрсақ жағынан көп қабатты тақта тәрізді ұрық жолағы түзіледі. Оның жоғарғы беткі қабаты эктодермадан дамыған, одан төмен, яғни тереңірек жатқан қабат - мезодермадан, ал одан ең терең қабат (сарыуызға батып жатады) энтодермадан дамыған. Ұрықтың қалған бөлігі тек эктодермамен қапталған. Ұрықтың денесі ұрық жолағынан дамиды.
Даму сатыларында ұрық денесіндегі сегменттердің саны ересек жануарларға қарағанда көбірек. Мысалы, өрмекшілердің ұрығындағы құрсақ сегменттерінің саны - 12, оның алдыңғы 4-5 сегментінде ұрықтың аяқтары болады. Одан әрі даму кезінде құрсақ сегменттері бірігеді де тұтас құрсақ құралады. Құршаяндар құрсағының алдыңғы сегменттерінде аяқтары пайда болып, олардың алдыңғы жұбы жыныс қақпақшаларын түзейді, екіншісі - ескекті мүшелерді, қалған аяқтарының дамуы өкпенің түзілуімен байланысты. Мұның барлығы Arachnida класы өкілдерінің жақсы бунақталғандығын және тек баскеудеде ғана емес, сонымен қатар құрсағында да дамыған сегменттері және аяқтары бар арғы тектерден шыққандығын көрсетеді. Өрмекшітәрізділердің дамуы тура, тек кенелерде метаморфоз немесе түр өзгеріс байқалады.
Классификациясы. Өрмекшітәрізділер класы көптеген отрядтарға бөлінеді, солардың ішінен кең тараған және маңызды отрядтарын қарастырамыз: құршаяндар - Scorpiones, жалған құршаяндар - Pseudoscorpiones, қылаяқтылар Pedipalpi, пішеншілер - Opiliones, түкі бүйі немесе сольпугалар - Solifugae, өрмекшілер - Агапеі, кенелер - Асагі.
Құршаяндар отряды - Scorpiones Құршаяндар - ұзындығы 1-20 см-ге дейін, төменгі сатыдағы өрмекшітәрізділер. Денесі 2 негізгі бөлімнен: баскеуде және құрсақтан тұрады. Олардың арасындағы шегі дененің арқа жағынан айқын көрінеді. Құршаянның дене ұзындығының 1/10 бөлігі цефалоторакс немесе баскеуде. Арқа жағынан ол карапакспен, немесе қалқаншамен жабылған. Карапакс акронның және баскеуденің тергиттерінің қосылуынан құралған.
Баскеудедегі карапакс орталығының маңында екі медиальды көзі және бүйір жақтарында бірнеше жұп көздері бар.
Дененің айқын сегменттелген екінші бөлімі - абдомен немесе құрсақ, 12 сегменттен және тельсоннан тұрады. Ол екіге бөлінген: алдыңғы құрсақ бөлімі -мезасомаға және артқы метасомаға. Мезасома - кең 6 сегментті. Оның алғашқы екеуі қаруланған. Метасоманың 6 сегменттері алғашқыларына қарағанда жіңішкелеу . Тельсонның ұшында имек, үшкір шаншары бар көбікше болады, оның ішінде екі улы бездер орналасқан, өзегі шаншарға жалғасып, сыртқа ашылады. Уы ұсақ жануарларға қауіпті, ал адам үшін онша қауіпті емес, бірақ едәуір әсері бар.
Хелицералары - аяқтардың алғашқы жұбы - дененің бас жағында, ауыз тесігінің алдында орналасқан. Олар үш буынды. Солардың алғашқысы қысқа және баскеуде қалқанның астында жасырылған. Келесі екі буындары қысқыштар, яғни екінші буыны - қысқыштың қозғалмайтын бармағы, ал дистальды буыны - қысқыштың қозғалатын бармағы. Екі бармақтың ішкі жақтары хитинделген тістермен қапталған. Хелицералардың көмегімен құршаяндардың жемтігі бөлшектеніп, майдаланады және сыртқа көп мөлшерде ас қорыту сөлі шығарылады. Сөйтіп жемтік ас ботқаға айналып, сорып қорытылады.
Аяқтарының екінші жұбы - педипальпалары (латынша pedes-аяқ, раірае-сезу) - жақаяқтары, немесе аяқ қармалауыштары. Өзара жылжымалы байланысқан, 6 буындардан тұрады. Солардың соңғы екеуі нағыз қысқыштарға айналған. Педипальпалардың негізгі қызметі - сезу, жемтік ұстау, жаудан қорғану.
Баскеуденің барлық аяқтарының ішінде жүретін аяқтары біршама біркелкі құрылысты. Олардың саны сегізден аспайды. Әрқайсысы буындардан құралған. Жүретін аяқтардың проксимальды буыны - жамбасша (cocsa) деп аталады. Одан кейін қысқа ұршықбас (trachanter), ал одан кейін едәуір ұзын келетін сан (femur) және сирақ (tibia). Жүретін аяқтардың соңғы буындары башпайды құрайды (tarsus). Оның ұшында бір немесе бірнеше тырнақшалары бар. Жүретін аяқтарымен қатты топырақтың бетінде құршаян жылжи алады.
Құршаяндар - дара жыныстылар. Аталықтардың жыныс бездері екеу, әрқайсысы көлденең тармақтармен байланысқан екі түтікшеден тұрады. Тұқым жолдарының да саны екеу, олардың ақырғы бөлімінде тұқым көпіршігі және қосымша безі бар. Аналықтың жыныс аппараты құрсақтың алдыңғы бөлігінде жататын көлденең өсінділермен өзара байланысқан үш көлденең түтікшелерден тұрады. Солардың барлық қабырғаларында жұмыртқа фолликулалары дамиды. Қазіргі құршаяндардың ежелгілерден айырмашылығы аз.
Құршаяндардың 750-ге жуық түрлері бар. Олар негізінде субтропикалық және тропикалық аймақтарда, сондай-ақ Орталық Азияда, Қазақстанның оңтүстігінде Buthus және Euscorpius туыстың өкілдері көбінесе шөлді құмдарда мекендейді.
Құршаяндар түнде тіршілік ететін жыртқыштар, күндіз тастардың, түбірлердің, басқа жерлердегі қуыстарда паналайды. Қоректері - көбінесе насекомдар, өрмекшілер.