Эхинококк (Echinococcus granulosus). Денесі 3-4 буыннан тұрады, ұзындығы 2-6 мм. Басында төрт сорғышы және ұзарған тұмсығында ілмешектері дамыған. Алдыңғы буындары гермафродитті, ал соңғы жетілген буыны ұрықтанған жұмыртқаға толы болып келеді . Ересек түрлері иттердің, қасқырлардың ішегінде тіршілік етеді, ал эхинококк типті личинкалары аралық иесі: үй қояндары, тышқандар, мысық, қой, ешкі, ірі қараның, шошқаның ішкі мүшелерінде, әсіресе бауырында, өкпесінде мекендейді. Адам да аралық иесі бола алады. Өте қауіпті кеселге ұшыратады.
Эхинококктың жұмыртқалары итгің қиымен араласып сыртқа тарайды, көп жағдайда олардың жүніне жабысып тұрады. Адам итті қолымен сипап, қолын жумай тамақ ішсе, жұмыртқалары аспен бірге ішке кетеді. Ішекке түскен жұмыртқалардан алты ілмекті онкосфералар дамып, олар қан арқылы ішкі мүшелерге жетіп мекендейді (бауырға, өкпеге, жүрекке, миға). Осы мүшелерде эхинококк көпіршігі үлкен көлемде өсіп, мүшелерді ісіндіріп қатты зақымдайды. Эхинококк көпіршігін тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококк көпіршігі өте жай өседі. Бір айдан кейін оның диаметрі 1 мм-ге жетеді, 5 айдан кейін - 1 см. Көпіршік жылдар бойы өседі (20-30 жыл). Адамға эхинококкоз ауруы өте қауіпті.
Альвеококктың (Alveococcus multilocularis) дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклі эхинококқа өте ұқсас. Түпкі иесі түлкі, сонымен қатар ит, қасқыр, басқа да жыртқыштар. Аралық иесі - кемірушілер. Адам да аралық иесі бола алады. Альвеококк көпіршігі бір шоқ болып орналасады және көпіршіктер жайылып өсуі нәтижесінде бір мүше емес, басқа да мүшелер зақымдалады. Көпіршіктерді тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококка қарағанда, альвекокктар өте қауіпті құрттар.
Қой мишығы (Multiceps multiceps). Денесі 200-250 буындарынан тұрады, ұзындығы 40-80 см. Басында төрт сорғышы және екі қатарлы орналасқан ілмешектері болады. Пісіп жетілген буындарындағы жатын тармақтарының саны 9-26. Личинкалары ценур типті. Ересек түрлері негізгі иесінің - иттің, қасқырдың, түлкінің ішегінде тіршілік етеді, ал ценур деп аталатын личинкалары аралық иесінің - қойдың, ешкінің, тағы басқа жұп тұяқтылардың миында дамиды. Адам да аралық иесі бола алады.
Шөп арқылы қойдың ішегіне түскен жұмыртқалардан онкосфера ұрығы дамып, олар қан тамырлары арқылы миға жетіп ценур личинкасына айналады. Көпіршікті сатысында көлемі жаңғақтай болады. Олар қойды айналма ауруына ұшыратады. Қой жүре алмай, орнында айнала береді. Бұл ауру жануарларды өлімге соқтырады.
Anoplocephalidae тұқымдасына жататын мониезия - (Moniezia expansa) солитері ересек түрінде қойлардың, ешкілердің, ірі қара малдың ішегінде паразиттік тіршілік етеді, ал цистицеркоид деп аталатын личинкалары аралық иесінде, топырақта тіршілік ететін ұсақ кенелер - орибатидалардың (Oribatoidea) денесінде дамиды. Шөппен бірге орибатидалар малдың ішегіне түсіп, цистицеркоид личинкалары құйрық тәрізді өсіндісін тастап ересек түріне айналады. Құрттың ұзындығы 1-5 м-ге дейін жетеді. Басында тек төрт сорғышы болады. Жатыны қапшық тәрізді. Мониезиоз іш ауруын туғызады.
Hymenolepididae тұқымдасына жататын қортық (ергежейлі) солитері (Hymenolepis nanaның) денесі 100-200-дей ұсақ буыннан тұрады, ұзындығы 1,0-4,5 см. Басқа солитерлерден айырмашылығы даму циклі бір ғана иесінің ішінде өтеді - адамның ортаңғы ішегінде. Ұрықтанған жұмыртқалардан онкосфералар дамып, олар ащы ішектің өте ұсақ өсінділеріне - бүрлеріне еніп цистицеркоид личинкасына айналады. Кейін олар ішек арасына түсіп, сорғыштары арқылы ішекке бекініп, ересек түрі жұмыртқаларын бөліп шығарады. Жұмыртқалардың біразы адамның нәжісімен бірге сыртқа тарайды, ал қалғандарынан онкосфералар дамып, даму циклі қайталанады. Сонымен, адам құрттың негізгі және аралық иесі болып келеді. Хименолепис ауруымен көбінесе балалар ауырады. Адамның ішегіне солитердің жұмыртқалары жуылмаған жеміс, көкөніс, су арқылы өтеді.