Кіріспе лекция Зоология пәні, жануарлар әлемі


Қабыршақты амебалар отряды – Testacea



бет8/163
Дата26.09.2022
өлшемі2,15 Mb.
#40283
түріЛекция
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   163
Байланысты:
30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия (1)

Қабыршақты амебалар отряды – Testacea
Қабыршақты амебалардың құрылысы кәдімгі амебалардың құрылысына өте ұқсас, негізгі айырмашылығы олардың денесі бір камералы қабыршақпен немесе сауытпен қапталынған. Қабыршақтары органикалық заттан не қоймалжың заттан құралған, бұған майда қиыршық құм, тағы басқа бөгде заттар жабысып тұрақты формасын жасайды (қапшықтәрізді, табақшатәрізді т. б. пішінді). Қабыршақтың устье деп аталатын арнайы тесігі болады, псевдоподиялардың шығуына арналған. Псевдоподиялары арқылы қозғалады және қоректік заттарын жинап алады. Жыныссыз жолмен көбейеді. Пайда болған екі клетканың біреуі устье арқылы сыртқа шығып жаңадан қабыршақ түзейді.
Қабыршақты амебаларға: арцелла - Агсеііа, диффлюгия - Difflugia туыстарының өкілдері жатады. Бұлар тұщы суларда (судың түбіндегі шөгінділердің бетіне қоныстанады), батпақтарда, ылғалды мүктерде жиі кездеседі.
Фораминифералар отряды - Foraminifera
Фораминифералар отрядына теңізде тіршілік ететін 4000-нан аса түрлері жатады. Бұлардың дене құрылысы амебалардың құрылысына өте ұқсас, негізгі айырмашылығы денесі сыртынан көп камералы қабыршақпен немесе сауытпен қапталынған. Қабыршағы алғашқы кезде бір камералы болып келеді, бұл камераны ұрық камерасы деп атайды. Содан кейін цитоплазманың бір бөлігі қабыршақтың тесігі арқылы сыртқа шығып, оның сыртында жаңа қабыршақ пайда болып, сөйтіп екінші, үшінші, көптеген камералары түзіледі. Көп камералы қабыршақтың ішінде тек қана бір клеткалы қарапайым орналасады.
Камералар бір-бірімен тесік арқылы байланысады. Қабыршақтары ұзын қапшықтәрізді, бұтақ, түтік, спиральтәрізді болып келеді. Фораминифералардың қабыршақтары эктоплазмадан бөлінген қалың органикалық заттан - псевдохитиннен құралған. Осы органикалық затқа көмірқышқыл ізбесті сіңген, сондықтан қабыршақтары жеңіл және берік болып келеді. Кейбір түрлерінде қабыршақтың органикалық затына майда қиыршық құм жабысқан, бұлардың қабыршақтары үлкен, ауыр болып келеді (мысалы, Hyperammina, Rhabdammina, Astrorhiza туыстарында).
Фораминифералардың жалған аяқтары кабыршактың тесігінен сыртқа шығып, жіп тәрізді, ұзын, бір-бірімен ұштасып түйінделіп тор жасайды. Бұларды ризоподия деп атайды. Ризоподия негізінде, қоректік заттарды ұстау және қозғалу қызметін атқарады.
Фораминифералар ұрпақ алмасуы жолымен, яғни жыныссыз көбеюмен жынысты көбеюдің кезектесіп отыруы арқылы дамиды. Мысалы, Polystomella crispa фораминиферасының даму жолымен танысайық. Бұлар даму кезінде екі түрлі ұрық камераларын түзейді. Ұрық камерасы кішкене - микросфералық камера және ұрық камерасы үлкен - макросфералық камера.
Микросфералық камера жынысты жолмен, ал макросфералы камера жыныссыз жолмен дамығанда пайда болады. Дамуы кезінде микросфералық камераның ішіндегі клетканың ядросы көпке бөлінеді, (100-ден аса). Ядроның әрқайсысы сыртынан цитоплазмамен қоршалып, көптеген (100-ден аса) бір клеткалы организмдер пайда болады. Бұлардың денесі жалаңаш, қабыршақпен қапталынбаған. Осы организмдер микросфералық камераны тастап, сыртқы ортаға шығып, өніп-өсіп қабыршаққа оралып, камераларын түзей бастайды.
Бұлардың ұрық камерасы бұрынғы аналық ұрық камерасынан - микросфералық камерадан үлкендеу болады, сөйтіп бұлар макросфералық формаға айналады. Осылайша жыныссыз көбеюі өтеді. Келесі жынысты көбею кезінде макросфералық камераның ішіндегі клетканың ядросы көпке (мыңнан аса) бөлінеді. Ядроның әрқайсысы сыртынан цитоплазмамен қоршалып, көптеген (мыңнан аса) гаметалар, яғни аталық немесе аналық, жыныс клеткалары пайда болады. Гаметалар макросфералық камераны тастап, сыртқы ортаға шығып осы жерде басқа особьтарынан шыққан гаметалармен қосылып, ұрықтанып зиготаға айналады. Зигота қабыршаққа оралып камераларын түзей бастайды. Бұлардың ұрық камерасы кішкене болады, сөйтіп бұлар микросфералық формаға айналады. Осылайша жынысты көбеюі өтеді.
Жынысты және жыныссыз көбеюінің кезектесіп отыруын ұрпақ алмасуы деп атайды. Сөйтіп фораминифералардың макросфералық формалары клетканың жыныссыз жолмен көбейген кезде пайда болады да, өздері жынысты жолмен көбейеді, ал микросфералық формалары жынысты жолмен пайда болады да өздері жыныссыз жолмен көбейеді.
Фораминифералар ертеде пайда болған жәндіктер, бұлардың қабыршақтары кембрий дәуірінен кездеседі. Жасыл қиыршық құм, әк, кәдімгі бор, негізінде фораминифералардың қабыршақтарынан құралған.
Фораминифералар теңізде тіршілік ететін жәндіктер, ал Miliolina oblonga, Spiroloculina turco түрлері Қарақұм мен Орта Азия далаларының құдық суларынан табылған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   163




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет