(1) Аққулар – қазтәрізділер отряды, үйрек тұқымдасының жеке туысына жататын өте сымбатты құстар.
(2) Қазақстанда аққудың үш түрі кездеседі: сұңқылдақ аққу, сыбырлақ аққу, кіші аққу.
(3) Аққудың мойны мен денесінің ұзындығы тең әрі иіліп келген. Денесі созылыңқы, басы онша үлкен емес, тұмсығы тік әрі жалпақтау келеді. Қысқа сирағы денесінің арт жағында орналасқан. Қауырсыны тығыз әрі үлпілдек, шымқай ақ түсті (тек Австралия мен Тасманияда кездесетін бір түрі ғана шымқай қара). Салмағы 5-10 кг, ең ірісі 13 кг-ға жетеді. Қанатының ұзындығы 150-180 см. Тіршілігінің көп уақытын суда өткізеді, жақсы жүзеді, бірақ сүңги алмайды, құрлыққа сирек шығады. Жылына бір рет түлейді. Ересектері су өсімдіктерімен, кейде судағы омыртқасыз жәндіктермен, ал балапандары су жәндіктерімен қоректенеді. Аққу – жыл құсы. Қыс жылы кезде аққудың біраз тобы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында, Ақтау қаласының маңында қыстап шығады.
(4) Аққуды қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп есептейді әрі киелі құс төресі санап, оған еш уақытта оқ атпайды. Аққудың аталығын «сапар», балапанын «көгілдір», мойнын «сұңғақ» деп дәріптейді. С. Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы», М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», Қорқыттың, Қожеке Назарұлының, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйлері халқымыздың аққуға деген сүйіспеншілігінің белгісі болып есептелінеді.
kk.wikipedia.org