Қазақ өнерінің дамуы. Ширек ғасырға созылған бүкіл осы кезеңді тек қара бояумен суреттеуден аулақпыз. Қазақстанда кеңес өкіметі жылдарында мәдени салада едәуір жетістіктер де болды. Партия саясатын түсіну үшін елге «көзі ашық», сауатты азаматтар керек еді. Ресей сияқты бұрын негізінен сауатсыз империяда халыққа білім беру жүйесі бірталай табыстарға жетті. Әрбір одақтық республика өз Ғылым Академияларына, мемлекеттік университеттеріне, институттарына ие болды. Жоғары басқару жүйелері негізінен орыстарға сүйенгенімен «жергілікті ұлт өкілдеріне» мұқтаж еді. Оларды даярлау Ресейдің орталық аудандарында жүргізілді. Мұның нәтижесінде көптеген ұлт өкілдерінің еуропалық мәдениет және білімге қолдары жетті. Баспасөз, газет-журналдар шығару, радио хабарларын тарату, теледидар, кезінде «отарба», «сиқырлы машина» деп жүретін ауыл тұрғындарына жете бастады. Қазақстанның мәдени өмірінде ұлттық опера, балет, драма, симфониялар пайда болып, ауқымы кеңи түсті. Қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітова, шебер биші Шара, кәсіпқой сахна жүлдыздары Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов т.б. өз өнерлерімен халық дәстүрін жаңа заманға лайықты жалғастыра білді. XIX ғасырдың ортасынан кейін қалыптаса бастаған жазба әдебиеті де кеңес Өкіметі жылдарында біршама табыстарға жетті. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Мұқағали Мақатаев сияқты көптеген ақын-жазушылар, социалистік реализм мен тап күресі идеологиясының шеңберінен шығып, өз шығармаларында халықтың көңіл-күйін, арман-тілегін, тыныс-тіршілігін шебер суреттей білді. Осы жылдары қазақ халқының мәдени тарихын зерттеп-білуге бағытталған біршама әрекеттер жасалды. Бұл ретте қазақ эпосының негізінде көрермендерге ұсынылған «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Қалқаман-Мамыр» сияқты опера, көркем фильм, балеттерді атап өтуге болады. Тарихи ескерткіштерді қорғау, сақтау, Қазақстан тарихын көрсету мақсаттарында республикада көптеген мұражайлар ұйымдастырылды. 80-жылдарда республикада 47 мұражай, оның ішінде 29 өлкетану, 5 тарихи-мемориалдық, 4 әдеби-мемориалдық, 4 өнертану, 1 этнографиялық музей жұмыс істеді. Алайда тоталитарлық жүйе Қазақстан халықтарының мәдени толысуына ынталы емес еді. Мұны, әсіресе, мәдениеттің өзегі тіл мен дінге байланысты жүргізілген саясаттан көруге болады. «Феодализм мен алғашқы қауымдық құрылыс қалдықтарымен күресуді» желеу еткен Орталық 20-жылдардан бастап мешіт пен медресе мүлкін тәркілеп, діни өкілдерді қуғынға ұшыратты. Ондаған түрік халықтары алдымен латын, кейін славян алфавитіне көшірілді. 1927-1928 жылдары билер соты жойылып, дәстүрлік заңдар жарамсыз деп жарияланды. Мәдениеттің таза партиялылығын жоғарыдан бақылаушы ұйымдар қатты қадағалап отырды. Баслит (цензура) мен Басрепертком баспасөз бен театрларда социализм идеяларына сәйкес келмейтін шығармаларға тыйым салды. 1991 жылдан бастап Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Ата заң бойынша, ол қазақ халқының өзін-өзі билейтін елі және басқа этникалық топтарға тең құқықтықты қамтамасыз етеді. Екі ғасырдан артық қилы заман Бұғалығын басынан өткізген ел енді ғана өзіне тән мәдениет пен өркениетті қалыптастыруға мүмкіндік алды.