Мұстафа Шоқай Мұстафа Шоқай - Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист. Қызылорда облысының Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында Сыр өңірі қазақтары арасындағы беделді кісі Шоқайдың отбасында дүниеге келген.
Шоқайдың әкесі Торғай Сыр қазақтары Ресей патшалығының қоластына кірмей тұрғанда, Хиуа ханының уәлиі, ал нағашылары Хиуа хандығын орыстардан қорғауда ерекше көзге түскен әйгілі әскербасылар болған. Мұстафа Шоқай жазу-сызуды өз анасынан жасы беске толмай жатып үйренген.
Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. Балқан соғысына байланысты 1912 жылы Санкт-Петербордағы қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзірбайжан студент-жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алған кезде оның арасында Мұстафа Шоқай да болады.
Ол 1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған «Сират-ул-мустақим» («Тура жол») партиясына алғаш қарсылық танытқандар қатарында болып, студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне «Сират-ул-мустақим» партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған «Сөз» газетінде жарияланды. 1916 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарды. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік Дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқай болды.
Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Шоқай Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік Думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірледі. 1917 жылы Ақпан революциясы нәтижесінде патша өкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алып, қалыптасқан саяси ахуал Ресей империясында ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының бостандыққа жетуіне мүмкіндіктер туғызады деп үміттенді.
1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.
1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды.
1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Адмирал А.В.Колчак Комучты жойғаннан кейiн Грузия Республикасына барып, онда Түркiстан құрылтай жиналысын шақыру жөнiндегi Комитеттi басқарған. "Әрбiр халықтың ұлт және егемен мемлекет ретiнде танылу құқығын қорғау", "бұрынғы Ресей аумағындағы жаңа мемлекеттiк құрылымдарды реакциялық, большевиктiк режимдерге қарсы күрес негiзiнде" экономикалық, саяси және дипломатиялық жолмен бiрiктiру үшiн күреседi.
Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз» - делінген еді.
Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады.
Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда зайыбы Мария Горина Шоқаймен бірге Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен. 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып, барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді.
Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Мұстафа «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан, Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен , Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып , «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымына жетекшілік етті.
Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1923 жылдың 19 наурызында Шоқай Парижден Б.Николаевскийге "Түркiстандағы төңкерiс жылдары туралы естелiктер" жазу жөнiндегi оның ұсынысын қуаттайтынын бiлдiрiп жауап жазған. 1923 жылғы 20 маусымдағы хатында ол былай деп жазады: "Ойыма күннен-күнге жаңа деректер оралуда... "Төңкерiс шежiресiнiң" бiрiншi томын мұқият оқып шықтым. Құдай соларға қиған сабырлылықты маған да берсiн" деп жазады.
Шоқайдың Париждiң "Orent et Occ-ident" журналындағы (1923 жылдың мамыр айы) мақаласы Еуропа баспасөзiндегi Түркiстанның толық тәуелсiздiкке жету жолындағы мiндеттерi туралы ашық айтылған бiрiншi жарияланым болды. 1925 жылдың 29-мамырында И.Сталин "ақгвардияшы баспасөзге бейтаныс емес Шоқайдың" қазақ басылымдарынан алынған мәлiметтердi пайдаланып жазған мақалалары туралы РКП(б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне жолданған хатқа қол қойды. "Бiз өкiметтi, — деп жазды Сталин, — жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi буржуазиялық партияда жоқ интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда — С.М.) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең".
Шоқайдың кеңестiк ұлттық саясатты талдаудағы әдiстемесi кеңес басшыларын қатты қауiптендiрдi.
1928 жылы Парижде француз тiлiнде жарық көрген Шоқайдың кiтабы Кеңес өкiметiнiң Орта Азиядағы iс-әрекетiн, оның саясатының отаршылдық сипатын айыптаған Еуропада басылған тұңғыш еңбектердiң бiрi саналды. Француз Социалистiк партиясының органы "Le Populaire" газетiнде (1928 жыл) осы партияның көшбасшыларының бiрi Ж.Лонге (К.Маркстiң немересi) аталған кiтапқа "Түркiстандағы орыс империализмi" деген тақырыппен рецензия жазды. Француз социалистерi жетекшiленiң бiрi П.Ренодель 1928 жылы осы кiтапқа жазған кiрiспе сөзiнде "Шоқай мырзаның бұл кiтабы — көптеген негiздердiң құжаты болуымен бiрге, 1917 жылғы наурыздағы революция аса үлкен үмiтiмiздi оятса, ал большевиктердiң Қазан төңкерiсi сол үмiтiмiздiң күлiн көкке ұшырғанын дәлелдейдi" деген пiкiр айтады.
1929 жылдан «Яш Туркестан» («Жас Түркістан») журналын , шығаруды қолға алды. Бұл журналдың алдына қойған міндетін Мұстафа Шоқай: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде әлсіретпей, «Яш Туркестан» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік», деп сипаттады. Ол «Яш Туркестанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды. Сонымен бiрге Түркiстан ұлттық бiрлестiгi (ТҰБ) Орталық комитетiнiң мүшесi, 1929 жылдан бастап оның жетекшiсi, Кавказ, Украина және Түркiстан халықтарын ұлттық қорғау органы — "Прометей" (Париж, 1926-1938) журналы редакциялық алқасының мүшесi.
1928 жылы Варшавада Польшаның Бас штабы мен Сыртқы iстер министрлiгiнiң Шығыс бөлiмi эмигранттардың барлық топтарын бiрiктiру және КСРО-ға қарсы пайдалану туралы Ю.Пильсудскийдiң алға қойған мiндеттерiне байланысты құрылған "Прометей" (Ресейдiң езгiсiндегi халықтар лигасы) халықаралық ұйымының мүшесi. Бұл ұйымға Әзiрбайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстiк Кавказ, Түркiстан, Украинаның және басқалардың өкiлдерiкiрген. 1930 жылдың 8-сәуiрiнде Ф.Данға жазған хатында айтылғандай, бұған дейiнгi екеуара әңгiмеде Николаевский Данға Шоқайдың "Прометей" ұйымы аясындағы "ынтымақтастығы", оның ағылшын консервативтiк баспасөзiндегi мақалаларына және басқа да iс-әрекетiне қатысты көңiлге секем туғызатынын айтқанда, оған жауап ретiнде Дан "Шоқайдың "ниетi адал адам емес" ("шығыстықтарға тән қу") сияқты көрiнгенiн айтып қалады, мұны Николаевский "Шоқай туралы пiкiрiмен толықтай келiседi деп қабылдағанын" егжей-тегжейлi жазған.
1932 жылы Парижде прометейшiл қайраткерлердiң алдында сөйлеген сөзiнде Шоқай: "Егер бiз сол кезде ақылға келгенiмiзде, егер "орыс демократиясының шындығына сенудiң" орнына, бiздiң санамызда ұлттық аймақтарда революцияны меңгеруге және оны iске асыруға батыл ұмтылғанымызда, егер бiздер бүгiнгi прометейшiл майданның өкiлдерi сол тарихи кезеңде Украинаның үлгiсiмен бiрiккенiмiзде, бiздiң халықтарымыз қазiргi кеңестiк ұлттық, материалдық және ұлттық-мәдени мағынадағы езгiден гөрi тәуiр тағдырға ие болар едi" деп көрсеттi.
Мұстафа Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық-аумақтық межелеу негізінде бірнеше кеңестік республикалардың өмірге келуін құптаған жоқ. Ол большевиктер бұл өлкеде бөле отырып билеу саясатын ұстанып отыр-, деп түсінді. Ал республикаларды «ұлттық» емес, «ұлыстық» республикалар ретінде қабылдады. Түркістанда кеңестік биліктің орнауы және оның қызметі, іске асырылған жер-су реформасы, мемлекеттік мекемелерді жергіліктендіру, байлар меншігін тәркілеу, көшпелілерді отырықшы тұрмысқа көшіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелерін талдауда нақтылы мәліметтерге жүгіне отырып, тоталитарлық жүйені сынға алды және оның солақай саясатын әлем жұртшылығына паш етті.
Кеңес өкіметі басшылығына Мұстафа Шоқай сыны өте жайсыз тиді. Сондықтан да кеңес өкіметінің үгіт-насихаты Мұстафа Шоқай сынына қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады, ал бұл істің басында И.Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде фактілік материал ретінде пайдаланылған түркістандық қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды кеңестік билік орындары қатаң бақылауға алды. 1925 жылы мамырдың 29-ында И.Сталин РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында «Ақ жол» мен ақ гвардияшыл эмигрант Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазды. Мұстафа Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл түркі-мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты.
Түркі-мұсылман халықтарын «Батыс Түркістан», «Шығыс Түркістан» немесе «Орыс Түркістаны», «Қытай Түркістаны» деп бөле қарауға қарсылық танытты. «Тұтас Түркістан» идеясын, түркі халықтарының бірлікте болуын насихаттады. Ұлттық езгідегі түркі-мұсылман халықтарының азаттыққа қол жеткізуі мен өзіндік құндылықтарын сақтап қалуы олардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігіне байланысты екендігін дәріптеді. Эмиграциядағы түркі-мұсылман қайраткерлері арасындағы ұлттық мүддені жалпы түркілік мүддеден жоғары қоюшылармен қызу пікірталасқа түсті. Мұстафа Шоқай ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде Ресей мұсылмандарының мәдени реформаторлық қозғалысы — жадитизмнiң ықпалында болды. Петербор университетiнде оқып жүрген жылдары ол орыс зиялы қауымының революциялық-демократиялық және либералистiк топтарының ықпалымен өзiн материалистер, вольтершiлдер санатына жатқызды, саяси еркiндiк пен "әлеуметтiк әдiлдiктi" бiрiншi кезекке қойды, "халықтың сенiм-нанымына аса құрметпен" қарағанымен, шариғаттан ұлт азаттықтың амалын көре алмады.
Ресей мен Түркiстан тарихына баға бергенде, Шоқай орыс үкiметi, бiр жағынан, патша тағының тiрегi болып табылатын помещиктердiң "ғасырлар бойғы құқығын" қорғайды; екiншi жағынан, өкiметке шаруалар бұқарасының революциялық көңiл-күйiмен күресу қиындап барады деген қағидаға сүйенедi. Егер Ресейде жер мәселесi "әлеуметтiк, таптық-саяси" мәнге ие болса, Шоқайдың ойынша, ол Түркiстанда көбiне саяси, оның үстiне "ұлттық-саяси" мәселе болып табылады. Егер Ресейдегi революция орыс шаруаларының жер жөнiндегi мүдделерiмен үндессе, Түркiстандағы революция келiмсек орыс шаруаларының мүддесiне қарсы сипатта болып, шұрайлы жерлердi оларға берудi едәуiр қысқартуды немесе түркiстандықтарға жердi түгелдей қайтаруды ашық қолдады.
Түркiстан халықтарының тарихындағы билiк пен қоғамның өзара қатынасының сипатына баға бере отырып, Шоқай: "Бiздiң хандарымыз қатыгез болды және олардың ел билеу тәртiбi аса қарапайым едi. Бiрақ бiздiң халқымыз құл болған емес. Оларды ешқашан сатпаған, сондай-ақ ит-құсқа айырбастамаған" деп жазды. Большевиктердiң Түркiстандағы жеңiсiн ол, бiрiншiден, "объективтiк себептермен: "ұлан-байтақ қуатты Ресей және оған мүлдем қаруланбаған, жарты ғасырға жуық империалистiк және отарлық саясаттан әлсiреген Түркiстанның қарсы тұруымен"; түркiстандықтардың күреске өзiнiң Ресей тарихы барысымен "маталған" кезеңде түсуiмен; екiншiден, субъективтiк себептермен: "түркiстандықтар ұлт-азаттық күрестiң қажет екенiн айқын сезiнiп отырса да, өздерi iштей күш бiрiктiре алмағанымен" түсiндiрдi. "Егер түркiстандықтар төңкерiстi қабылдауға, оны жүзеге асыруға жақсы әзiрленгенде, олар Ресейдiң басқа бөлiктерiне қарағанда өздерiнiң көптеген ұлттық талап-тiлектерiн жеңiл жүзеге асырған болар едi. Бiрақ, зор бақытсыздығымызға орай, бiз техникалық жағынан дайын болмадық" деп жазды.
Мұстафа Шоқайдың жалпы мұсылмандардың және олардың көшбасшыларының психологиясын сынауы Түркiстан қоғамының қоғамдық-саяси дамуындағы екi негiзгi бағыттың күресiмен байланысты: "Өздерiн халықтың "жанашыры" деп есептейтiн әлеуметтiк-консервативтiк элементтер өмiрдiң барлық көрiнiстерiнде шариғаттың қағидаларына толық және түпкiлiктi бас июдi халықтың бақыты деп санады. Осы үшiн молдалар Түркiстанда кез келген режимдi қабылдауға дайын едi. Ал мұсылман зиялыларының бiрқатары, оның iшiнде Шоқай да: "Ресей демократиялық республикасының құрамындағы автономия зор ұлттық бастаулардың дамуына шариғат негiзiндегi бостандықтарына қарағанда әлдеқайда мол мүмкiндiктер жасайды" деген пiкiрде болды.
1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді.
Шоқай — кеңестанудың негiзiн қалаушылардың бiрi. Шоқайдың Түркiстандағы түрiк халықтарын интеграциялау жөнiндегi идеялары кеңестiк кезеңнен кейiнгi кеңiстiктегi Орта Азия мемлекеттерiнiң қоғамдық ой-пiкiрлерiнде қолдау тапты. Шоқай Түркiстандағы төңкерiстiң тарихи нақты тәжiрибесiн және жастүркiстандық реформаторлардың большевиктермен күрестегi жеңiлiсiнiң себептерiн философиялық тұрғыдан пайымдауға ұмтылды, сөйтiп Кеңес өкiметiнiң ортаазиялық аймақта түпкiлiктi орнамағанын дәлелдедi.
Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған. Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің үстемдігі астында», 2 томдық «Таңдамалылары», «Түркістандағы төңкеріс. Ақпан дәуірі» атты белгілі еңбектері жарияланды.2002 жылы Мәскеуде шыққан «Ресейдегі азамат соғысы:оқиғалар, пікірлер, бағалар» деген кітапта оның «Орта Азиядағы ұлттық қозғалыс» атты еңбегі жарияланды.