ӘЛІШЕР НАУАИ (1441-1501)
Науи есімі ұлы гуманист, кемеңгер мемлекет қайраткері, өзбек әдеби тілінің негізін қалаушы сөз зергері, өзбек классикалық әдебиетін бұрын-соңды болмаған биік дәрежеге көтерген ақын ретінде әлемге мәшһүр.
Оның аты әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында Рудақи, Фирдоуси, Низами, Сағди, Жәми сияқты ұлы сөз зергерлерінің есімдерімен қатар аталады.
Науаи XV ғасырдың екінші жартысында Орта Азия мен Қорасанның экономикалық және мәдени орталығы болып есептелетін Герат қаласында 1441 жылы 10 ақпанда дүниеге келген. Әкесі Ғиясаддин-Кичкене-Бахадүр өз заманындағы мемлекеттік дәрежедегі ресми іс-қағаздарын жүргізетін сауатты қызметкер болған. Мешхетте және Самарқандта оқып, жан-жақты білім алған. Науаи өз заманында ғылымның барлық салаларынан хабардар болған.
Науаи он-он екі жасында-ақ ғажайып лирикалық жырларын парсы және ескі өзбек тілінде жаза бастайды. Жас ақын Әлішер ескі өзбек тілінде жазған шығармаларына «Науаи» (сазды-мелодичный) деген лақап атпен қол қойса, парсы тілінде жазған өлеңдерін «Фани» (жалған-бренный) деген лақап атпен жариялаған. Ол кезеңде Шығыс шайырларының барлығы дерлік өз жырларын парсы тілінде жазатын болған. Орта Азиялық түркі тілі, яғни, ескі өзбек тілі (оны шағатай тілі деп те атайды) поэзиялық шығармалар жазуға жарамсыз тіл деп саналып келген еді.
Әлішер Науаи түркі тілі жөніндегі осы ұшкары пікірді тұңғыш рет теріске шығарды. Ол түркі халықтарнан шыққан ақындар ішінде бірінші болып түркі тілінде ғажайып өлеңдер жазды. Бірақ Науаи ешқашан «өзбек» деген сөзді қолданбайды, ол «Өз газалдарымды түрікше жаздым» деп атап көрсеткен.
Низами, Дехлеви, Жәми сияқты шығыстың ұлы шайырлары өз «Хамса» кітаптарын араб яки парсы тілінде жазған еді. Ал, Науаидың әлемді тандандырған жаңалығы – ол өз «Хамсасын» түркі тілінде жазды. Сөйтіп, Науаи тарихта тұңғыш рет түркі тілінде көркемдік дәрежесі мейлінше жоғары шығармалар жазуға болатынын дәлелдеп шықты.
Науаи түркі тілі әдеби тіл бола алатынын іс жүзінде дәлелдеу үшін, ескі түркі тілінде көлемді еңбектер жазған. Ол өте қысқа мерзімде, небәрі екі жыл ішінде (1483-1485ж) «Хамса» («Бес кітап») тобына жататын «Хайрат-ал абрар» («Ізгілердің қаһарлануы»), «Ләйлі мен Мәжнүн», «Фархад пен Шырын», «Сабаи сайяр» («Жеті әлем»), «Садди Искандарий» («Ескендір қорғаны») дастандарын жазды.
«Хамса» тобына жататын бірінші дастан «Хайрат-ал абрар» (Ізгілердің қаһарлануы) бірнеше бөлімнен тұрады. Дастанда әзірбайжанның ұлы ақыны Низами Гәнжауи, үндінің парсы тілінде жазған ұлы ақыны Әмір Хұсрау Дехлеви, тәжік әдебиетінің классигі Ә.Жәмидің ақындығы туралы арнайы түсініктемелер беріледі. Сонымен қатар дастанда сөз өнері мен оның қоғамда атқаратын қызметіне жоғары баға беріледі. Дастанның негізгі бөлімі «Мақаледе» (Насихат) тәрбие, қанағат, адалдық, бірлік, достық туралы баяндалады. Науаи ез ойын жекелеген әңгіме, ертегілер арқылы толықтырып отырады.
«Хамсаның» екінші кітабы – араб аңызының негізінде жазылған «Ләйлі мен Мәжнүн» дастаны. Бұл аңыз Ә.Дехлеви мен Низамиден бастап Шығыстың көптеген классиктерінің шығармаларына арқау болған. Ал Науаи оған жаңаша мазмұн беріп, өзіндік өрнекпен толықтырған.
«Хамсаның» үшінші дастаны – «Фархад пен Шырын». Бұл дастанда Иран ханы Хұсрау Парвиз бен оның сүйікті әйелі Шырын арасындағы сүйіспеншілік мәселесі сөз болады. Бұл сюжеттік желі де шығыс әдебиеті классиктерінің шығармаларында жиі кездеседі. Науаиға дейінгі ақындар негізгі кейіпкер етіп Хұсрау патша бейнесін сомдаса, Науаи басты кейіпкер ретінде Фархадты танып, дастанның атын да «Фархад-Шырын» деп атаған. Ақын дастанда Фархадтың дүниеге келуінен бастап суреттеп, оны талантты, қабілетті, парасатты өнер иесі ретінде бейнелейді. Фархад ез өнерін халық игілігіне, ал батырлығын, білімін елін қорғауға, гүлдендіруге жұмсайды. Мұнда ақын махаббатты достықпен, әділеттілікпен, тұрақтылықпен ұштастыра суреттейді. Поэмада Фархад образына Хұсрау патша образы қарама-қарсы алынады. Ол жауыздықтың, әділетсіздіктің, озбырлықтың өкілі. Поэмадағы әйелдер бейнесі де асқан шеберлікпен жасалған.
«Хамсаның» төртінші дастаны «Жеті әлем» ден аталады. Мұндағы оқиға Иран патшасы Баһрамның басынан кешкен бір жайды ғана баян етеді.
Науаи өзінің «Хамса» топтамасының соңын «Ескендір қорғаны» дастанын жазу арқылы түйіндейді. Бұл дастанның сюжеті де Шығыстың көптеген классиктерінің шығармаларына арқау болған оқиғадан алынады. Науаи дастанның негізгі кейіпкері етіп Ескендір патшаның (Александр Мақедонский) бейнесін алады да, бірақ басқа ақындардың ізімен кетпей Ескендірді ақылды философ, әділ ел билеуші, данышпан қоғам қайраткері етіп көрсетуге баса назар аударады. Сонымен қатар дастанда сол дәуірдегі ғалымдар мен олардың ғылыми жетістіктері жайлы сөз етіледі. Ақын Ескендір бейнесі арқылы өз тұсындағы ел билеушілерге үлгі-өнеге боларлық патша бейнесін жасаған.
Шығыс поззиясында Ескендір туралы екі жүзден астам дастан жазылған екен. Солардың ішінде, Фердоуси, Низами, Жәми, Науаи дастандары әлемдік жыр жауһарларының қатарына жатады.
Шығыс әдебиеті тарихында осылайша бір тақырыпты әрбір ұрпақтың ақыны қайта жырлап, тың дастандар жазатын, жарыса жырлайтын ақындық дәстүр болған. Оны шығыс шайырлары заңды құбылыс деп тауып, бұл әдеби дәстүрді «нәзира» (арабша: «жауап») деп атаған. Кейде оны «татаббу» (парсыша: «жауап») дәстүрі деп те атай береді.
¥лы Абай да бұл дәстүрден тыс қалмай, өзінің «Ескендір» поэмасын жазғаны мәлім. Қазаақ ақыны Ескендір тақырыбын өзгеше жырлаған деуге болады. Мұнда Ескендір патшаның өзгелерді жаулап алуы, іш тарлығы, мансапқорлығы, дүниеге тойымсыздық мінезі баса көрсетілген. Әділ, ақылды, қайырымды дана патшаны дәріптеу – көркем әдебиет пен фолыклордың ежелден келе жатқан аса маңызды тақырыптарының бірі.
Дастанда Ескендірдің даналығына көзі жеткен елдердің басшылары оған өз еркімен бағынып, қуанышпен қарсы алып отырды. Ескендір осылайша бүкіл әлемді өзіне қаратады. Ақырында Ескендір әскерінің күллі адамзатқа апат келтіріп жүрген Яджужд және Маджужд тайпаларынан жергілікті халықты қорғап қалу үшін олардың жолына бөгет болатындай қорған салдырғаны, халықтың оны «Ескендір қорғаны» деп атағаны баяндалады.
Науаидаң «Хамсасы» тек өзбек әдебиетінің ғана емес, бүкіл Шығыс әдебиетінің шоқтығы биік туындысы.
Өмірінің соңғы кезеңінде ұлы Науаи өзінің әдеби, саяси-қоғамдық, философиялық, лингвистикалық мәні зор еңбектерін жазған. Олар: «Иран патшаларының тарихы» (1488 ж.) «Саид Хасан Ардашердің өмірі» (1489 ж), «Мажолис-ун-Насроис» («Тамашалар- дың жинағы», 1491 ж.). «Мажолис-ун-Насроис» еңбегінде Науаи өзінен бұрын өткен және өз замандастары болып келетін 450 ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында көптеген деректер беріп, олардың өлеңдерінен үзінділер келтірген.
Сонымен қатар Ә.Науаи дидақтикалық-философиялық бағыттағы «Құстар әңгімесі» поэмасын (1499), «Сүйікті жүректер» атты прозалық шығармаларын және парсы тілі мен түркі тілінің поэтикалық қуатын салыстыратын лингвистикалық бағыттағы «Екі тіл туралы пікір» деген аса бағалы ғылыми еңбектерін жазады. Бұлардың ішінде, әсіресе, «Екі тіл туралы пікір» атты еңбегі Науаидың түркі тілі саласы бойынша ғалым ретінде ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеуінің жемісі еді.
Ақын тек кана поэзиялық туындылар ғана емес, діни ұғымдар мен әдет-ғұрып туралы да «Пайғамбарлар мен әкімдердің тарихы», «Мұсылмандардың нұры», «Гауһарлар шоғыры» сияқты ғажайып туындыларын өмірге әкелді. Сондай-ақ Науаи өлең құрылысына да ерекше көңіл бөліп, аруз уәзіні туралы «Мезонул-авзон» («Өлеңдер мөлшерінің өлшемі», 1492ж.) деп аталатын әдеби-теориялық мәні зор мұра қалдырды.
Әлішер Науаи есімін әлемге мәшһүр еткен лирикалық туындысы - «Хазоинул маони» («Ойлар қазынасы») атты өлеңдер жинағы. Бұл жинаққа енген өлеңдерін ақын шартты түрде төртке бөлгендіктен, оның бұл еңбегі «Чар диуан» («Төрт кітап») деп те атала береді. Шайыр бұл шығармасында адамзат өмірінің төрт түрлі кезеңін философиялық толғамдар арқылы бейнелейді. Кітаптың бірінші бөлімі – «Балалық базары», екіншісі – «Жастық жарасымы», үшіншісі – «Орта жастың қызығы», төртіншісі – «Қарияның пайдалы кеңестері» деп аталады. Ойшыл ақын бұл трақтатында адам баласы қаншама байлық пен даңққа ие болса да, оның басында дәуреннің мәңгі тұрмайтындығын, дүниенің жалғандығы мен өтпелілігін философиялық тұжырымдар арқылы түйіндейді.
ЗАХИРЕДДИН М¥ХАММЕД БАБЫР (1483-1530)
Шығыстың ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ержүрек қолбасшысы, зерделі тарихшысы, белгілі ақыны және жазушысы Захиреддин Мұхаммед Бабыр 1483 жылы 14 ақпанда Ферғананың билеушісі, Әмір Темірдің шөбересі –Омар Шейхтың шаңырағында дүниеге келген. Омар Шейх – әйгілі Әмір Темірдің тікелей ұрпағы (туажат) болса, Бабырдың анасы шағатай әулетінен шыкқан Жүніс ханның екінші қызы Құтлық Нигар ханым болған. Ал Жүніс ханның кенже қызы Хуб Нигар ханымнан Қазақтың белгілі тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулати туған. (Тарата келгенде, Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулати туған бөлелер болып шығады.) Жастайынан өнер-білімге құштар болған Бабыр түркі тілдерімен қатар, араб, парсы тілдерін жете меңгеріп, Шығыстың классикалық поэзиясынан еркін сусындаған, тарих, философия, табиғаттану ғылымдары бойынша, сондай-ақ сәулетшілік (архитектура) және соғыс өнері бойынша өз заманына лайық білім алған. Ержүрек батырлығы үшін оны бала кезден-ақ «Бабыр» (арабша-арыстан) атап кеткен. 1494 жылы әкесі кенеттен қаза тауып, он екі жастағы Бабыр таққа отырады. Бірақ туысқандары арасында тақ пен тәж үшін басталған күрес бірнеше жылға созылып, көшпелі Өзбектердің ханы Мұхаммед Шайбанидың жорығына төтеп бере алмай, 1504 жылы ол Кабул мен Бадахшанға кетуге мәжбүр болады.
Бабыр Ауғанстанды, кейін бүкіл Үндістанды өзіне бағындырып, 1526 жылы «¥лы Моғолдар» империясын құрады. Бірақ Бабыр жаңа мемлекетті ұзақ уақыт басқара алмайды да, 1530 жылы 26 желтоқсанда Агра каласында қайтыс болады.
Бабыр өзінен бұрынғы классиктерден үлгі ала отырып, олардың ақындық дәстүрін ілгері дамытады. Ол жасаған образдардың сұлулығы мен табиғилығы тыңдаушысын таң қалдырады. Бабыр адамның ішкі жан толғанысын, оның қуанышы мен қайғысы, арманы мен мақсатын көрсетуге күш салады. Оның лирикалық шығармаларының тақырыбы алуан түрлі. Ол базбір шығармаларында өмір жайлы философиялық толғамдар жасаса, өзі қолына қару алып ел қорғаған батыр әскербасы болғандықтан, оның лирикаларында батырлық, ерлік тақырыбы да көрнекті орын алған.
¥лы шайыр Әлішер Науаи Бабырдың тамаша лирикалық өлең- жырларына риза болғандықтан, оны өзінің ең дарынды шәкірттерінің бірі деп санаған. Бабырдың лирикасы негізінен сол кезде Шығыс классикалық поэзиясында кең тараған ғазал, рубаят, тұйық, маснауи т.б. жазылған өлеңдер болып келеді. Оның өмірді мадақтап, халықты өнер-білімге шақырған өлеңдерімен қатар, жат топырақта жүріп туған жерін, елін сағынып жазған жырлары да мол.
Біздің дәуірімізге Бабырдың қолжазба түріндегі өлеңдер жинағының екі нұсқасы жеткен. Оның бірі Парижде, екіншісі Индияның Рампур кітапханасында сақтаулы.
Бабыр кезінде жаңа жазу таңбаларын - жада графика ойлап піығарып, оны ел арасына таратады. Тарихта «Хати Бабыр» (яғни «Бабыр жазуы») аталып кеткен көне түркі ескерткіштерінің жазуына үксас болып келеді.
З.М.Бабыр бүкіл әлемдік тарихқа даңқты қолбасшы ретінде ғана емес, «Бабырнама» сияқты көркем-ғұмырнамалық шежіре іспетті бағалы туындыны калдыру арқылы енген.
«Бабырнама» – тарихи-мемуарлық көркем туынды. Кітапты шартты түрде үш бөлімге бөліп қарастыруға болады. Бірінші бөлімде XV ғасырдың соңындағы Мауереннахрдағы саяси оқиғалар, ондағы қалалар, қамалдар, билік үшін жүргізілген жанталас соғысты, ақынның өзінің шыққан тегі, нағашы атасы Моғолстанның билеушісі болған Жүніс хан мен Ташкентті билеген оның үлкен ұлы Махмұдтың билік жүргізген дәуіріндегі оқиғалар баяндалады. Екінші бөлім – Бабыр заманында Ауғанстан жеріндегі «Кабул иелігі» деп аталатын аймақтағы окиғаларды суреттеуге арналған. Үшінші бөлім – Солтүстік Үндістандағы саяси оқиғалар, ондағы елдің географиялық жағдайы, табиғаты, сол жерді мекен еткен халықтардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы туралы деректерді қамтыған.
Тарихи және әдеби кұндылықтарға толы «Бабырнама» кітабы 1494 жылдың маусымынан 1529 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңдердегі басты-басты оқиғаларды қамтыған.
«Бабырнама» авторы жан-жақты білімпаз адам болғандықтан, көз алдында өткен сан қилы оқиғаларға тек бақылаушы ретінде ғана емес, оны ой елегінен өткізген зерттеуші ретінде танылған. Бабыр өз еңбегінде Әлішер Науаи, әйгілі ғалым, астроном Ұлықбек, тарихшы-ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати сияқты әдебиет пен өнер қайраткерлерінің деректерге негізделген портреттерін жасаған. Сонымен қатар, «Бабырнамада» Қазақтың алғашқы хандары Жәнібек пен Керей, үш жүз мыңға жуық атты әскері болған қазақ ханы Қасым, ұлы жүздің Жетісудағы дулат тайпасынан шыққан тарихшы ғалым әрі ақын Мұхаммед Хайдар Дулати, ұлы жүздің жалайыр руынан шыққан ақын Хасен Али Жалайыри т.б. нақты, тарихи деректер берілген. Қазақ елінің қыпшақ, дулат, арғын, жалайыр руынан шыкқан кезінде қолбасы, есік ағасы, ұлы бек сияқты жоғары лауазымды қызмет атқарған қоғам қайраткерлеріне Бабыр өз еңбегінде мінездемелер береді.
«Бабырнама» 1857 жылы ескі түркі тілінде Н.И.Илыминскийдің дайындауымен Қазан қаласында басылады. «Бабырнаманың» түпнұсқа мәтіні өзбек ғалымдарының әзірлеуімен 1948 жылы Ташкентте басылып шығып, 1959 жылы «Бабырнама» өзбек тіліне аударылды. 1990 жылы Байұзақ Қожабеков бұл еңбекті орыс тілінен қазақшаға тәржіма жасады.
МУКИМИ (1850-1903)
Мукими (Мұхаммед Амин-хожа) 1850 жылы Қоқан қаласында наубайшы Мырзахожаның отбасында дүниеге келеді. Отбасы жағдайының құбатөбелдігіне қарамай, Мукими өз заманына сай Қоқан, Бұхара қалаларындағы медреселерде білім алып, өлең жазу ісімен жастайынан шұғылданады. Мукими көптеген шығармаларын Қоқан, Ферғана өңірлерінің әсем табиғатын суреттеуге арнайды. Сондықтан да оған Мукими (оседлосты-жергілікті тұрғын) деген лақап ат беріледі.
Мукими ақындық өнерін лирикалық өлеңнен бастайды, осы жанрды бүкіл творчествосына арқау етеді. Мукими демократ ақын ретінде азаматтық сарынды реалистікпен жырлайды. Ақын лирикаларына қоғамның озық идеясын, халықтың еркін, бақытты өмір жайлы арманын тақырып етіп алады. Мукими өлеңдерінің лирикалық кейіпкерлері – күнделікте өмірде кездесетін адал жанды, әділ, махаббатқа берік тұрақты адамдар. Мукими шығармаларының үздігі саналатын «Хафалақ» атты туындысын автор XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Махмур ақынға жауап ретінде жазады. Бұл шығармада Хафалақ атты елді мекен тұрғындарының алым-салықтан босату туралы өз ханына жазған шағым-арызы суреттеледі.
Қарапайым халықтың басындағы ауыртпалықты ақын «Жер өлшеушілер» атты сатиралық туындысында ашына жазады. Мукими өз кейіпкерлерін түпбейнесінің сұлбасын қиялдан жасамай шынайы өмірден алатын болған. Ол өзінің «Виктор бай» деп аталатын сатиралық шығармасында Виктор Ахматов деген Қоқан көпесінің айла-шарғыға кұрылған жағымсыз әрекеттерін аяусыз әшкерелейді. Бұл шығарма өз кезінде ерекше танымал болып, қалың көпшілік жиналатын жерлерде музыкалық сүйемелдеумен ән ретінде орындалатын болған.
Ақынның жекелеген өлеңдері де оның өз ғұмырымен өзектес болып келеді. Ол «Офарин», «Мен туралы кім айтар» деген өлеңдерін тұрмыс жағдайының төмендігінен қолы жетпеген өзінің шәкірті әрі сүйген қызы Офаринге арнайды. Мукими ғашық болған ақын қыз өз өлеңдеріне «Офарин» (похвала) деп қол қоятын болған.
ФУРҚАТ (1858-1909)
Зәкіржан Халмұхамедов – Фурқат (разлука) XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген өзбек әдебиетінің көрнекті ақыны. Ол 1858 жылы Қоқанда ұсақ қолөнершінің отбасында дүниеге келген. Өзіиің туған жерінде мектеп-медреселерден білім алады. Зәкіржан жас кезінен өлең жазумен әуестенеді. Шығыстың әйгілі классиктері Аттор, Хафиз, Жами, Науаи шығармаларын көп оқып, терең білім алады.
1882 жылдан бастап Фурқат Қоқан каласындағы саяси білімді, көзі ашық адамдармен араласып, әдеби үйірмелерге қатысады. Ол өз өлеңдері арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді өткір сынайды. Фурқат Қоқанда көптеген ғазалдар мен мухаммастар жазады. Тәжік тіліндегі шығармаларды өзбек тіліне аударуда да көп еңбек сіңіреді.
Фурқат өзбек тілінен басқа тәжік, әзірбайжан тілдерін жетік меңгеріп, кейінірек орысша да үйренеді. Ол өзінің «Ақындықтың маңызы және поэзияны ұлықтау» деп аталатын өлеңін тәжік әдебиетінің классигі Саадиге бағыштайды.
1889 жылы Ташкентке келіп, шығармашылық жұмыспен терең айналысады. Ол өз өлеңдерін «Түркістан уәләяты» газетінде жариялап отырады.
Ол XIX ғасырдың соңғы кезеңіңдегі жазған өлеңдерінде өзбек әдебиетінде жаңашыл ақын ретінде танылады. Оның «Гимназия», «Ғылым туралы», «Театр туралы», «Көркем туралы», «Концерт залында», «Суворов» деген шығармаларында ақын ағартушы және орыс мәдениетін уағыздаушы ретінде көрінеді. Техникалық дамудың жаңа жолын ұсынады. Ол жоғарыда аталған шығармаларында орыс ғылымы мен мәдениетін меңгере отырып, дүниежүзі мәдениетін үйренуге болады деген идеяны ұсынады. Темір жол, телеграф, электр жарығы жайлы айта келіп ғылыми техникалық прогресті жырлайды.
1891 жылы Фурқат Ташкенттен Самарқанд қаласына қоныс аударады. Бірақ онда ұзақ тұрақтай алмай Бақу және Батуми арқылы Түркия, Греция, Болгария, Египет елдерінде болып, 1892 жылы Араб елдеріне келіп біраз уақыт Меккеде тұрады. Кейін Үнді елінің бірнеше қалаларында болады да, одан Батыс Қытайға Қашқарияға сапар шегеді. Ақырында Жаркент қаласына барып тұрақтайды. Ақын қайда барса да әлеуметтік теңсіздікті көреді. Бұл тұстағы шығармаларына отаршылдық мәселесін арқау етеді. Ол 1909 жылы Жаркент қаласында (Қытай) қайтыс болған.
Шығыс және түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне деген ықыласы Фурқатты сол елдерді түгел шарлап шығуға жетелеген. Ол өмірінің соңына дейін халықтар достығын, түркі халықтарының бірлігін жырлаған, қайда жүрсе де оның келешегін ойлаған патриот ақын.
Фурқат – өлеңдері халық арасына кең тарап, халық өлеңіне айналған, өзбек классикалық әдебиетін жаңа мазмұндағы кұнды шығармалармен толықтырған, бүкіл Азия елдерін аралау арқылы кемеңгерлік дәрежеге көтерілген өресі биік, ойшыл қаламгер.
Достарыңызбен бөлісу: |