КІРІСПЕ
Түркі халықтары әдебиетінің мазмұны мен құрылысы.
Түркі халықтарының әдебиеті ЖОО филология факультеті студенттеріне көптен бері оқытылып келеді. Алайда кешегі, Кеңес үкіметі тұсында тек сол Одаққа кіретін он бес одақтас республикалардың ішінен санаулы ғана ұлттың әдебиетін оқуға мүмкіндік болды. 1990 жылдары кеңес империясының өзегі сөгіліп, бабалар армандаған еркіндікке қол жеткіздік. Анадолы түркілердің қатарына өз егемендігін алған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан республикаларының қосылуы бүкіл түркі тілді халықтардың өрісі біртұтас болып, қайта жақындасуына мүмкіндік туып отыр. Бұл мүмкіндік бүгінге дейін Ресей империясынан толық бостандығын ала алмаған түркі тектес автономиялы елдердің және дербестігі жоқ түркі ұлыстарының бірігуіне септігін тигізері сөзсіз.
Қырым түбегі мен оның таулы өңірінде ғасырлар бойы мекен еткен татарлар мен ноғайлар, Қап тауы сілемдерін мекен еткен қарашай мен балқарлар, құмықтар, қарайымдар және Балқан түбегіндегі ғағауыздар тағдыры туралы тіпті сөз болмады. Қап тауы мен Оңтүстік-шығыс Еуропа түркілерінің славияндық тоталитар (латынша – totalis) деспотизм (грекше – despots) құрығына түсіп ел болып еленбей құқықтары тапталып, қуғын-сүргінді басынан өткізген зардабын және олардың Орталық Азия мен Қазақстан жеріне шашыратып орналастыру себебін енді ғана біліп жатырмыз. Мұндай қасіретті басынан кешу түркілер мен үндістердің ғана маңдайына жазылғандығын нақты деректерден біліп отырмыз.
Америка құрылығын мекендеген байырғы тұрғын халқы үндістердің (испандықтар осылай атады) байлықтарын иемденген еуропалықтар құлқын үшін үндістерді түгел қырып жібергеніне тарих куә. Ал сол Америкалық үндістердің түркі жұрты ұрпақтары екендігі бүгін ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отыр. Ол дәлел біріншіден – Үндістер (яғни түркілер) қазіргі Америка құрлығына мұз басу дәуірінде (б.д.д. 11-9 ғ.ғ.) Солтүстік Америка мен Солтүстік Сібір жер қыртыстары мұз дәуірінен алдын тұтас бірігіп жатқандықтан сібір арқылы өткен. Екіншіден – үндістер антропологиялық жағынан үлкен моңғол пішіндес тобына жатады, яғни тыва, топа, хакас, саха т.б. Алтай тауының теріскейінде мекен еткен түркі тектестер болып шығады. Үшіншіден – тек түркілерде ғана кездесетін жас туылған баланың құйрығының жоғарғы жағындағы көк түймедей меңнің болуын бүгінгі күнгі медицина ғылымы АҚШ-тағы үндістердің сәбилерінде кездесетінін дәлелдеп отыр. Төртіншіден – қазақтың белгілі ғалымы, академик Р.Бердібай АҚШ-та болған сапарында үндістердің үйінде қонақта болғанын айта келіп: «Олардың қонақ күту мәзірі біздің қонақ күтуімізге ұқсастығы және күн шығарда екі қолдарын жоғары көтеріп күнге қарай өздерінше бірдеңелерді айтады» деген болатын. Бұл дегеніміз үндістердің баяғыдағы отқа, күнге, жарыққа табынатын шаман діннің сенімі сақталғанын дәлелдейді.
Ғалым Ә.Ахметов бүгінгі Американың тұрғылықты халқының түркі халықтарының бір бұтағы екендігін дәлелдеп кітап жазса, белгілі публицист жазушы Бейсенбайұлы Ж. «Америка үндістері – түрк халықтарының түп туысы» атты (Тіл және қоғам. Альманах №2. Астана, 2005) мақалаларында да бұл мәселе жан-жақты дәлелденген.
Қазақ жеріне түркі азаматтарының келе бастауы, 1917 жылы «Ұлы қазан төңкерісі» деп аталатын қозғалыста бәлшебиктер (қызылдар) патшалы Ресей өкіметін біржолата құлатып капиталистік қоғамның орнына социалистік қоғамды орнатудан басталады.
1928 жылдың 27 тамызында бәлшебиктер партиясы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару» туралы заң қабылдап, қолындағы бар мүлкін кәмпескілеу басталды (комписка – латынша confiskatio – қазақша мүлікті иесінен тартып алу) Байларды жер аударып, көшпенді кедейлерді отырықшылыққа айналдырды. Жергілікті халық өздерінің наразылықтарын отаршылдыққа қарсы бірнеше ұлт азаттық көтерілістермен көрсетіп жатты. Оны Ресей империясы Кеңес өкіметіне қарсы емес, өздерінің жергілікті би-манаптарына қарсы шыққан елеусіз көтерілістердің бірі деп, ақиқатты жасырып келді.
1929-32 жылдар аралығында халық басына үлкен нәубет келді, ол Кеңес өкіметінің қолдан жасаған ашаршылығы еді. Бұл қасірет ең алдымен қазақ түркілерінің басына түсті, өйткені жер беті де, асты да қазба байлыққа бай қазақ түркілерінің кең даласын Ресей империясы иемдену жолдарын қарастырды. Кеңес одағын 1922-1953 жылдар арасында билеген Сталин өзінің сыбайластарымен бірге оның жолын тапты. Голощекин деген зұлымды казақ түркілерін басқаруға 1924 жылы жіберіп, қолдан жасаған ашаршылықты сәтті аяқтағаннан соң 1933 жылы қайта алып кетті. Кезінде қазақ түркілері қол өнерді кәсіп етпеген, зауыт, фабрика және өндіріс орындары жоқ, тек малмен шұғылданады. Жесе азығы, ішсе сусыны, мінсе көлігі, жатса жамылғысы, кисе киімі болған төрт түлік малын отаршылдар салықтың түр-түрін ойлап тауып халықтың қолындағы бар малын сыпырып алды. Қолынан малы кеткен ел күн көрістің қамымен аяғы жеткен жерге дейін аман қалғандары дүниенің төрт бұрышына, яғни Қытай, Моңғол, Иран, Ауған, Түркия, Ресей т.б. көрші елдерге барып жан сауғалап қалды. Бүгінде шет елде жасайтын қазақ түркілерінің ұзын саны 5 миллионды құрайды.
Әдейі ұйымдастырылған аштықтың салдарынан үш жылдың ішінде 2,5 миллион қазақ түркілері өз жерлерінде аштықтан көз жұмды, олар негізінен жас балалар мен әйелдер болғандықтан халықтың өсу деңгейіне бүгінге дейін әсері тиіп отыр. Бұл қасірет тарихта «қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» (геноцид – гректің genos тек, ру, латынша caedere өлтіру – нәсілді тегінен жою) деген таңбамен қалып қойды. «Түркі дүниесіне қызметі үшін» атты халықаралық сыйлығының иегері, жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин: «...егер 1932-33 жылғы советтік геноцид болмаса, бүгінгі қазақтың саны жиырма миллионға тартар еді» деген еді.
Қоғам куә болған әрбір кезең көркем әдебиетте көрінісін бермей тұрмайды. Аштық тақырыбына қалам тартқан авторларды қатты сынға ұшыратып қуғындады, атап айтар болсақ Хамза Есенжановтың «Көп жылдар өткен соң», Балғабек Қадырбекұлының «Алатау» атты романдары еді. Ақын Жақан Сыздықовтың «Әли қарттың әңгімесі» поэмасы Кеңес одағын қатты сынға алғаны үшін баспа бетінде жариялатпай, ақыры Германияда жарық көреді. «Баламның етін жеймін бе, жемеймін бе?» деген жыр жолдары сол кезде Еуропа халқына үрей тудырған еді. «Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген халық мақалына саяды.
1937-38 жылдары сталиндік тоталитарлық жүйе, бас көтерер саналы, ел азаматарын жаппай «халық жауы» деген жалған хаттамалар түзіп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратты, тұтқынға алынған зиялылар дәлелді-дерексіз атып өлтірілді. Оларды «пантюркист» (түрік сыбайластары), «жопон шпионы» (жапон тыңшысы) деп жала жауып, әйел балаларына арнайы 1937 жылы құрылған АЛЖИР (қазақшасы – отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) түрмесінде қорлықпен ұсталады, мәселен; ақын-жазушылар С.Сейфулиннің әйелі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Күнжамал, қоғам қайраткерлері Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, С.Қожановтың әйелі Күләндам, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Асфандияровтың әйелі Рәбиға т.б. әйелдер жас баларымен осы түрменің азабын тартты. Лагерге анасымен түскен сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырып, балалар үйіне өткізілді. Әйелдер шартты түрде 5 жылдан 10 жылға дейін отырды, мерзімін өтеген әйелдерді белгілі уақытқа дейін туған топырағына жібермей арнайы бақылауда ұстады. Елім деп туған ерлердің көзін жойып, ұрпағын анасынан ажыратып тектілердің тегін жою, кеңестік империяның геноцидтік әрекеті қазақ түркілерінен бастау алды.
Бүгінгі күнде түркі тектес елдердің тілі мен әдебиетін шығу тарихымен байланыстыра зерттеу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
Сібірде жасайтын халықтардың біразының рухани мұралары теперіш көріп отыру себептерін біршама айтып өттік. Саха, шуаш, хақас, тува, шор сияқты халықтардың бүгінде «аға халықпен» тонның ішкі бауындай араласуы бүкіл болмысына әсер етіп отыр. Теріскейде жүрген бауырластарымыздың әдебиетімен қазақ әдебиетінің байланысын, бір-біріне әсері бар тұстарын қарастыру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Түркі сөзі мен ол халықтардың жеке-жеке аталуына келгенде қаламгерлер әрқалай айтып жатады. Әр ұлттың өзіндік шығу тарихы /этнонимі/ бар екендігінде дау жоқ. Бұл орайда батыс ғалымдарынан әлем тарихын дұрыс, әсіресе скифтер өмірін жүйелей білген алғашқы сұрыптаушы тарихтың атасы Геродот /б.д.д. 490-480-425/ сақтар мен скифтер және масагеттер туралы, олардың мекен жайы, әдет-ғұрыптары мен тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен өнері жайында мәліметтер келтірген.
Эфор /б.д.д. 405-330/ Грек тарихшысы, әрі зерттеушісі, 30 томдық «Жалпы тарих» атты еңбегінде: «Қойшы сақтар скифтер құрамына кіретін халықтар. Олар қарапайым көшпенділер тайпасынан, егінде салатын Азия тұрғындары. Сақтар бір жерден екінші жерге арабалармен көшіп жүреді, жылқы сүтін ішіп, етін жейді" десе, этнограф Клавдий Эллиан /III ғасырдың соңы шамасында, 244 жылдар/ өзінің «Әр түрлі хикаялар» атты көптомдық еңбегінде: «Сақтарда жігіт үйленер алдында қыз бен жігіт жарысады. Қыз озса жігітті өзінің құлы етіп алады. Жігіт жарыста озса ғана қызға үйленеді».
Грек географы әрі тарихшы Страбонны /б.д.д. 63-28/ бізге жеткен «Жағрафия» атты 17 томдық кітабында: «Каспи теңізінен бастап скифтердің үлкен тобыры, одан шығыста жасаушы бөлігі масагеттер мен сақтар» деп аталады.
Б.д.д. I ғасырларда жасаған Помпей Трогтың «Жалпы тарих» «Филипп тарихы» деп те аталады /сақтар мен масагеттердің шығу түбі, мекен-жайы ол халықтың анықтығы туралы дәйекті пікір бере келіп: «Скифтер Азияның ең алғашқы тұрғындары» деп кеткен болатын.
Шығыс зерттеушілері мен дерек көздерінде «Авестада» /б.д.д. ҮІ-ІҮ ғасырлар/ Ахманилер /б.д.д. 559-330/ мен Сасанилер /б.д.д. 224-651/ билігінде болған халықтар жайында айтылады. Бодан болғандар ішінде «тур», «тхура» деп аталған халықтар айталады. Ол Аму мен Сыр бойлары мен Хорезм аймағымен тұтас жатқан елді мекендердің тұрғылықты халықтары екендігі «Худайнамак» пен, «Шаһнамада» да бірнеше рет қайталаыады.
Араб тарихшысы «Пайғамбарлар мен Хандар тарихы» он томдық кітабында Бодхиз, Балх /Ауғанстан/, Чағанен, Казвин /Иран/, т.б. қала тұрғындарын түркі қабилалары көп пайызын құрағандығы айтылған. Осы кітапта арабтар мен түркілер арасындағы бірнеше шайқасты айта келе: «Түркілер жағында Соғда патшасы, Шаш патшасы, Хутталон әкімі Қарабурра, Чағанен әкімі Жабғу т.б. әскерлерімен қатысқан. Түркілер мен арабтар арасында үлкен шайқас 737 /милоди/ жылы Хутталонда және Щу бойында болған» деген пікірді айтады.
М.Қашқаридің «Дивани луғат ат-түрк» еңбегінде «Абескун /Каспи/ теңізінің айналасынан Румнан /Рим/ Чинге /Қытай/ дейін созылған ұзындығы бес мың, ені үш мың шақырым қашықтықты алып жатыр. Осы байтақ елді мекенде жасайтын түркілер 20 қабиладан тұрады. Олар Нұх пайғамбардан тарқағандар» деп оларды атап көрсетеді. Онда Румға жақын бірінші бажанақ, қыпшақ, оғыз, иамақ, башқұрт, басмил, қой, жабағы, татар, қырғыз. Қырғыздар Чин жағында. Бұлар батыстан шығыс аралығында. Ал, шығыл, тоқсы, лағма, иғрақ, жарық, жұмыл ұйғыр, танғыт бұлар оңтүстік пен солтүстікке орналасқандар.
Шоқанның қашқарда жүріп ел аузынан жинаған түркі атауының үш нұсқасын айтады. Соның бірі: «Жау шапқан елдің артында жалғыз бала қалады, оны ұрғашы қасқыр тауып алып тауға алып кетеді, екеуінің арасынан 10 бала туылады. Соның үлкені Ашина /қасқыр/ ел басқарады. Монғол тілінде моно, чино, қытайларда «а» әріпі құрметті адамдарға қойылатын таңба. Ежелгі қытай хан мен Ашина деген сөзді қатар қолдана берген.
Түркінің шығуы оның тарихы, аталуы т.б. пікірлерді Л.Н.Гумилев, Рашидиддин, М.Х.Дулати, Хандамир, Ж.Баласағұн, Утбии /Сұлтан М.Ғазнауи тарихы»/ т.б. жүздеген зиялылардың пікірлері бар.
Сан ғасырлық тарихы бар түркі халықтарының әлемдік мәдениет пен әдебиеттің алтын қорына қосқан қазынасы мол. Түркі әлемі мына жұмыр жер бетіндегі өзінің сан ғасырлық өркендеу, даму жолдарын бүгінгі күнге дейін жалғастырып, өзгелерге ұқсамайтын, бірақ оларға өздерін табанды түрде мойындатқан түркілік белгімен айшықталатын киелі шаңырақтың керегесін одан әрі кеңейтіп келеді.
Ежелгі түркілердің жылқы мен түйені қолға үйретіп, арба мен ат әбзелдерін ойлап табуы арқылы әлемдік өркениетке үлкен бетбұрыстар жасағандығын бұл күндері дүние жүзінің белгілі ғалымдары атап көрсетуде. Түркі халықтарының өркендеу дәуірінде көшпелі өмір салты Орталық Азия мен Византияға дейінгі кең аймақта өзіндік ерекшелікке ие мәдени-әлеуметтік көпір іспетті болса, Ұлы Жібек жолы өз бойындағы халықтар үшін сауда-саттық пен дипломатиялық қарым-қатынастың жолы ғана емес, ізгі ой-пікірлердің, ғылыми жаңалықтардың, рухани құндылықтардың өзегі болған. Осындай сан алуан тарихи-мәдени байланыстардың нәтижесінде түркілердің ойма (руна) жазуы пайда болған. Алтайдан, Шығыс Түркістаннан, Жетісудан, Хақасия мен Тувадан т.б. жерлерден табылған 200-ден астам көне түркі ескерткіштері түркілердің тарихи-мәдени дамудың өте жоғары сатысында болғандығын айқындайды. Көшпелі өркениеттің кез-келген өкілі бүкіл адамзаттың рухани құндылықтарына барып ұласатын ауыз әдебиетінің нұсқаларын жетік білген. Сонау ғасырлар қойнауынан бізге жеткен арман – елдікті қорғаудың, халық рухын сақтаудың бірден-бір жолы – түркі елдерінің бірлігін, рухани тұтастығында жатқандығын арғы-бергі замандардағы Түркі дарабоздары жақсы ұғынған.
«Түркі халықтары әдебиетінің тарихы» пәнін оқытудағы негізгі мақсат – туыстас, тағдырлас түркі тілді халықтардың өзара байланысын, сан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын, олардың бір-біріне әсерін, туындыларының идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, жалпы даму заңдылықтарын өскелең ұрпаққа таныту.
Сыртқы империялар қайсы кезеңде болмасын қаны, тілі, ділі бір бауырлас түркі халықтарының бастарын біріктірмеуге тырысты. Соның нәтижесінде түркі халықтарының Түркия түріктерінен (осман) басқасы бодандықтың қамытын киді. Ғалымдардың деректеріне қарағанда, қазіргі түркі тектес ірілі-ұсақты ұлт пен ұлыстар – 49. Түркі әлеміндегі халықтардың жалпы саны - 200 млн. (2006) адам.
Түркітану саласындағы жалпы жіктеме бойынша түркі халықтарның тілдері төмендегі топтарға бөлінеді;
1. Оғыз тобы: әзірбайжан, түрік, түрікмен, гагауыз тілдері.
2. Қыпшақ тобы: татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қарақалпақ, қазақ және қырым татарларының тілдері.
3. Қарлұқ тобы; өзбек, ұйғыр тілдері.
4. Ұйғыр-оғыз тобы: хақас, камасин, шор, сары ұйғыр, тыва (тува), шұлым, тофа тілдері.
5. Қырғыз-қыпшақ тобы: қырғыз және алтай тілдері.
Түркі халықтарының 97%-ы мұсылман дінін ұстанады. Тек аз ғана бөлігі – қарайымдар-иудаизмді, хақас, шор, алтайлықтар христиандықпен қоса – шамандықты, тывалардың біраз бөлігі будда дінін тұтынады. Отаршыл империялардың да, кеңестік жүйенің де түркі халықтарының бірлігіне салқын қарағандығы, кейде әдейі олардың бастарын біріктірмеудің амалын ойластырғаны бұл күндері ашық айтыла бастады. Соның салдарынан түркі халықтары әдебиетін оқыту үдерісіне ерекше зардабын тигізген құбылыс – олардың көркем туындыларының бір-біріне аударылмауы, аударыла қалса, тек орыс тілі арқылы тәржіма жасалуы.
Осындай зардаптарды жан жүрегімен сезінген, түркі халықтарының теңдігі мен бірлігін көксеген түркішілдік идеясының көсемі Мұстафа Шоқай:
Кімнен таяқ жегендей
Біздің Түріктің бапасы
Алдырып жүрген дұшпанга
Ауызының аласы – деп күңіреніп өткен.
№2 ДӘРІСТІҢ ТАҚЫРЫБЫ: ӘЗІРБАЙЖАН ӘДЕБИЕТІ
Достарыңызбен бөлісу: |