Кіріспе түркі халықтары әдебиетінің мазмұны мен құрылысы



бет3/54
Дата01.05.2023
өлшемі0,92 Mb.
#88642
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   54
Байланысты:
Кіріспе т ркі халы тары дебиетіні мазм ны мен рылысы

Низами Ганжауи (1141-1209)

Ілияс ибн Юсуф Низами Ганжауи – мұралары әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосылған әзірбайжан халқының ұлы ақыны және ойшылы. Ол 1141 жылы Әзірбайжанның ірі мәдени және сауда орталықтарының бірі болып есептелетін Ганже қаласында дүниеге келіп, осы қалада шамамен 1209 жылы қайтыс болған. Зерттеушілердің пікірінше, ол философия, тарих, әдебиет, мифология, астрономия, медицина, математика, логика, риторика сияқты ғылым салаларынан хабардар болып, әзірбайжан тілімен қатар араб және парсы тілдерін де жетік меңгерген. Низами суреткер ретінде өмір құбылыстарын жіті бақылап, адам және табиғат аясындағы тылсым сырларды өз шығармаларына өзек еткен.


Әзірбайжан әдебиет зерттеушілерінің пікірлеріне карағанда, Низамидің өмір жолына байланысты деректер аз сақталған. Олар көбінесе Низамидың өз шығармаларында ғана көрініс тапқан.
Низами 1173 жылы соғыс кезінде тұтқынға түскен Аппақ атты қышпақ қызына үйленеді. Ақын көптеген лирикалық өлеңдерін қыпшақ қызы Аппаққа бағъштаған, онын сұлулығын, ақыл-парасатын, құралайды көзге атқан мергендігін жырға қосады.
Ннзами жас кезінен терең білім алып, өзінің аса зор зеректігінің арқасында көптеген елдердің тарихын, тілін, әдебиетін жетік меңгереді.
Низами әзірбайжан жерінен қашықта жатқан Дешті-Қыпшақ елінің әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі, аңыз-ертегілері жайлы өзінің сүйген жары Аппақ арқылы мәлімет алады.
Әдебиеттің бүкіл әлемдік алтын қорына Низами есімін мәңгі өшпестей етіп жазып қалдырған мұрасы – «Хамса» («Бес кітап»). Низамидың «Хамса» топтамасы «Сырлар қазынасы» (1173-1180) «Хұсрау-Шырын» (1181), «Ләйлі-Мәжнүн» (1188), «Жеті ару» (1197) және «Ескендір-наме» дастандарынан тұрады.
Дидақтикалық-философиялық ой-пікірлерге толы «Сырлар қазынасы» дастанында ақын Қорқыт бабаның «Келімді-кетімді дүние, аяғы – өлімді дүние» дегеніндей, адам өмірінің өткінші екендігіне байлам жасайды. «Сырлар қазынасы» дастанына патшалар және қарапайым халық өкілдерінің өмірлерінен алынған, жиырма тараудан тұратын қысқа әңгіме-хикаяттар енген. Низами дастанның әрбір тарауын филолософиялық толғамдармен қорытындылап, ел билеушілердің қарапайым халыққа өз үстемдігін әділдікке, рақымшылдыққа сүйене отырып жүргізуін өсиет етеді.
Низамидің «Хұсрау-Шырын» дастаныңда адамзаттың ең қастерлі сезімі – махаббат символдық дәрежеде жырланады, сол арқылы ақын ел басқарушыларды әділетті, ынсапты, қайырымды болуы қажет деген тұжырым жасайды. Өмірінің ақырына дейін махаббатына адал бола білген Шырынды махаббат тәңірісіне балайды.
Орта Азия мен Иран елдерін мекен еткен халықтар арасында Ләйлі мен Мәжнүннің адал махаббаты туралы оқиғалар бағзы замандардан кеңінен мәшһүр болған. Низами Шығыстың классикалық поэзиясындағы нәзира дәстүрі бойынша осы оқиғалардың ізімен «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жазған. Низами махаббат деп аталатын тәңірге он сегіз мың ғаламның барлық құдіреттері бағынуы тиіс деген түйін жасайды.
Низами «Жеті ару» дастанында «мейірімділік пен бақыттың мәні неде? Адамзат мейірімділік пен бақытқа тура жолды қалай таба алады?» деген мәселелерді көтереді. Дастан әлемнің әр бұрышынан әкелінген жеті арудың Баһрам-гүр патшаға өз елдерінің тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлері туралы айтқан әңгімелерінен тұрады.
Дастанның жеті бөліктен тұруы да тегін емес. Себебі ертедегі және орта ғасырлардағы географ ғалымдар бүкіл әлемді жеті белдеуге бөліп қараған көрінеді.
Поэманың басты қаһарманы – Баһрам. Ол Иран елінің патшасы. Баһрам жастық шағын сауық-сайранмен өткізеді де, жасы ұлғайған шағында патша болып ел басқарады.
Баһрам жеті түрлі сарай салдырып, ол сарайларды жеті елдің аруы мекен еткен. Патша салдырған сарайлардың түсі де жеті түрлі, оларда тұратын арулардың түр-түстері де жеті түрлі болып келеді. Дастанда қоңыр түсті сарайда тұратын үнді сұлуы – сенбі күні, сары сарайдағы түркімен сұлуы – жексенбі күні, жасыл сарайдағы Хорезм сұлуы – дүйсенбі күні, қызыл сарайдағы славян сұлуы – сейсенбі күні, көк сарайдағы Мысыр сұлуы – сәрсенбі күні, сандал түсті сарайдағы Византия сұлуы – бейсенбі күні, ақ сарайдағы Иран сұлуы – жұма күні Баһрам патшаға өз елдері туралы сыр шертетін болған.
Низами «Жеті ару» дастанында адам бойындағы ең ізгі қасиеттерді: мейірімділікті, әділдікті, жомарттықты, кішіпейілдікті, ақыл-парасатты, білімділікті, қанағат сезімін мадақтап, адамзатты өз атына лайық болуға үндейді.
Дастандағы арулар Баһрам патшаға бірінен соң бірі қызықты әңгімелер айтып, сол арқылы ел ішіндегі сан қилы жауыздық істерді әшкерелеп отырады, ел билеушілерді әділдікке, ізгілікке шақырады.
«Жеті ару» дастанында ақын мемлекетті қашан да әділ, парасатты, білімді, мейірімді, қарапайым халыққа жаны ашитын адам басқаруы керек деген идея ұсынады.
Низамидің бесінші дастаны «Ескендір-наме» екі кітаптан тұрады. Біріншісі – «Шараф-наме», («Даңқ кітабы»), екіншісі – «Ықбал-наме» («Бақыт кітабы»).
«Шараф-наме» кітабы – ертедегі грек елінің патшасы Александр Мақедонский (Ескендір Зұлқарнайын) жайлы тарихи деректер мен аңыз-әңгімелердің желілеріне құрылған.
Низами туындыларының негізгі идеясы – Ескендірдің Батыс пен Шығыс елдеріне жорыққа шыққандағы мақсаты – сол елдерді әділетсіз патшалардан құтқарып, әділдік орнату екендігін баса көрсету болып табылады.
«Ықбал-наме» кітабында Низами Ескендір патшаны өнер-білімді, ғылымды дамытуға айрықша күш салып, қарапайым халықты соған шақырған ел билеуші ретінде дәріптейді.
Сонымен қатар, ақын «Ықбал-наме» кітабында ежелгі грек, қыггай, үнді елдерінің философиялық ой-тұжырымдарының маңызды екендігіне, одан үлгі-өнеге алу қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, бұл кітабында Низами аспан мен жердің жаралуы, адамзат тағдыры туралы да аса бағалы толғамдар жасайды.
Қорыта айтқанда, Низами «Ескендір-наме» дастаныңда заман туралы, тарихтың даму барысы жайында, жеке адам өмірі мен бүкіл халықтың болашақ бақыты хақында ғибратты ойлар түйіндейді.
Немістің ұлы ақыны Гете өзінің «Батыстық-Шығыстық диуан» деген еңбегінде Низами өз поэмаларында образ сомдаудың аса озық үлгілерін жасағандығын баса айтады.
1947 жылы Низамидің туғанына 800 жыл толуына байланысты мерейтойы әлемдік дәрежеде кеңінен атап өтіліп, оның қабірінің басына әзірбайжан халқының мақтанышына айналған сәулетті кесене тұрғызылды.
Көрнекті ақын Қалижан Бекхожин ұлы шайырдың «Жеті ару» дастанын қазақ тіліне аударып, халықтар достығының нығаюына атсалысты. Қ.Бекхожиннің «Аппақнаме» поэмасы Низами мен оның ғашық жары, қыпшақ қызы Аппақтың арасындағы кіршіксіз махаббатты жырлауға арналған. Бұл тақырыпқа ірі суреткер Ғабит Мүсірепов те қалам тербеп, «Қыпшақ қызы – Аппақ» деген драма жазды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   54




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет