Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі


Теңдік ауылдағы қалам сермеушілердің шығармаларын зерттеу арқылы көпшілікке ұсыну жолдарын анықтау



бет6/9
Дата13.04.2022
өлшемі15,89 Mb.
#30857
1   2   3   4   5   6   7   8   9
1.3 Теңдік ауылдағы қалам сермеушілердің шығармаларын зерттеу арқылы көпшілікке ұсыну жолдарын анықтау

Теңдік – Тайынша ауданының орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 16 шақырымдай жерде орналасқан ауыл. Елді мекеннің құрылғанына биыл 90 жыл толды. Тарихы тереңде жатқан Теңдік ауылының өткені жайлы кезінде үлкендерден естіп-білген, көзбен көрген естеліктермен бөліссем деген оймен қолыма қалам алып отырмын.

Әуелде бұл жерде он үй ғана болған деседі. Ауыл бір кездері Шолақ-Дастан деп аталып, одан кейін атауы Дюрменге ауыстырылыпты. Сол кезде айналдырған он үймен ауылдың сақталып қалуы екіталай еді?! Біртіндеп жан-жақтан адамдар көшіп келіп, шешен, неміс, поляк, тағы басқа этнос өкілдері де қоныстана бастайды. Сөйтіп, көп ұзамай ауылдағы үйлердің саны отызға жетеді. Тұрғындары, негізінен, Қызыл құрт, Бесбай, Алтыбай, Жетібай, Күшікбай деген бес атадан тараған.

Кезінде бұл жерге сырттан келіп, тұрақтап қалғандардың қатарында менің де отбасым бар. 1921-22 жылдары Петропавл мен Көкшетаудың арасында теміржол салынған болатын. Сол кезде анамыз сіңлісін ертіп жұмыс іздеп, Петропавлға, одан кейін Ынталыға, Тайыншаға келген екен. Жергілікті жердің игілігін көріп, адамдарының ыстық ықыласын сезінген анам Теңдік ауылында тұрақтап қалуды жөн көрген. Бүгінгі ұрпақтары да осында түтін түтетуде. Ауылдың қазығы қағылған жылдары дүниеге келген атамыз Есқан Бектасов бүгінде тоқсан жастан асып, көпті көрген ақылшымыз болып отыр.
Елді мекен бірден аяққа тұрып, даму жолына түсті деп айта алмаймыз, әрине. Небір ауыртпалықтарды басынан өткерді. Әсіресе, 1930 жылдары жергілікті тұрғындардың басына ауыр күн туған. Көктемгі су тасқыны кезінде мұндағы үйлерді тасқын шайып кетіпті. Шымнан қаланған баспаналардың барлығы құлап, көпшілік далада қалған. Алайда, ынтымағы мен ауызбіршілігі жа­расқан еңбекқор азаматтар қиындыққа мойымады. Қыстан қалған азық-түліктерінен де, баспанасынан да айырылған жұрт сол кезде ауызбіршілік танытып, біріне-бірі қолдау білдірген.

Ауылды Әбутәліп Оспанов, Қабдолла Хасенов, Жұныс Қожахметов есімді азаматтар басқарған кезде көптеген ауқымды істер атқарылды. Кейінгі жылдары Красноармейск ауданы құрылды. Теңдік ауылы тұрғындарының жағдайын жақсартуға бұл өзгеріс те ерекше әсер етті. Көп ұзамай аудан орталығында машина-трактор станциясы ашылып, “ХТЗ” деп аталатын екі тракторды біздің ауылға берген екен. Сол тракторлардың біріне отырған Қабыл Ерғалиев есімді азамат егін екті.
Жағдай түзеліп, ауылдың тыныс-тіршілігі жақсара бастағаны сол-ақ екен, елге сұм соғыстың басталғаны жайлы суық хабар жетеді. Сол жылдары Теңдік ауылынан қанды қырғынға 45 азамат аттанып, оның 21-і ғана елге аман оралды. Екі-үш жауынгерден “қаралы қағаз” келсе, қалғандары хабар-ошарсыз кетті.

Соғыстан кейінгі қиын-қыстау заманда ауылдың жағдайы мүшкіл еді. Тұрғындар масақ теріп күнелткен. Масақтан көже қайнатып, соны талғажау етті. Ауыл тұрғындарының жағдайы 1943 жылдың көктемінде Чапай кеңшары құрылғаннан кейін біршама түзеле бастайды. Алқапқа егін егіліп, тұрғындар үшін қант, шай, сабын секілді күнделікті қажет заттар сатылатын дүкен ашылады. Егін өсіп, нанға қолымыз жетті дей бергені сол-ақ екен, бидайды әскерге жіберу керек деген бұйрық келіпті. Сол кезде Шөкей Балтабеков деген тракторшы ауылға бес сиыр беріп, егіншілерге жәрдемдескен. Келесі жылға аман шыққандарға Надежка ауылы көмек көрсетіп, 40 қой мен тағы соншама тауық берген екен. Ауыл тұрғындары оны үй басы екеу-үшеуден бөліскен. Бұдан жергілікті тұрғындар қанша қиындықты бастарынан өткізсе де, мойымай, ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтай білгенін аңғаруға болады.
Ауылдың дамуына әсер ететін білім, ғылым емес пе?! Сондықтан сол заманда қазақ балаларының көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін ауылдық жерлерде мектеп ашу қолға алынды. Теңдік ауылында да екі сыныптық мектеп ашылды. Ал бірнеше жылдан кейін жергілікті балалар төртінші сыныпқа дейін оқуға мүмкіндік алды. Онда Нұрахмет Балтабеков есімді мұғалім балаларға сабақ беріп, көкірек көздерін ашқан. Білім ордасында қазақтармен қоса шешен, неміс, орыс, поляк этностарының балалары да оқыған.

1964 жылы ауылда клуб бой көтергенде елді мекеннің тамырына қан жүгіре бастады. Оған Айдархан Нұрышев жетекшілік етті. Осы жылы ауылға жарық тартылды. Аудан орталығынан кино табақтарын әкеліп, түгел ауыл бір жерге жиналып, көркем фильмдерді көретініміз есімде. Клубта концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, түрлі ойындар ойнайтынбыз.

Кейін Ленинградтан студенттер келіп, он жылдық мектеп салынды. Бүгінде ауылда орта мектеп жұмыс істеп тұр. Онда отыз шақты ұстаз жүзге жуық баланы білім нәрімен сусындатуда. Әр жылдары бұл жерде білім алған шәкірттер ұстаздарын да, мектепті де ұмытпай, арнайы атбасын тіреп, алғыс айтуды игі дәстүрге айналдырған. Жуырда түлектер арнайы келіп кетті.
Ауылдағы байланыс бөлімшесін басқарған Сейтжан Шаймерденов есімді азамат жақында мектептің жанынан мұражай ашты. Ата-апаларымыздың тұрмыста пайдаланған көне заттары қойылған бөлмеде көптеген шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, жақында бұл жерде “Ұлы дала – мәңгілік ел тірегі” деген тақырыпта облыстық деңгейдегі семинар өтті.
1976 жылдан бастап ұжымшардың директорлығына Орынбай Әлжанов тағайындалды. Білікті басшы тоқырау жылдары ауылды сақтап қалуға бар қажыр-қайратын жұмсады. Жастар оқу оқып, жұмыс істеу мақсатында ауылдан көшіп кетіп жатты. Директор ауыл құрып кетпеуі үшін шеттен көшіп келгендерге үй беріп, шама-шарқынша көмегін көрсетті. 2001 жылы өзінің күшімен “Айша бибі” мешітін тұрғызғанына тұрғындар дән риза. Себебі, Алла үйінің ауыл жастарын тәрбиелеп, имандылыққа баулуда көмегі зор. Ілкіден жалғасқан ізетті жолды кейінгілер сабақтаған ауылда бүгінде алкогольдік ішімдік сатылмайтынын ерекше атап өткім келеді.

Бүгінде Теңдіктің қойнауына орныққан құт пен береке одан әрі еселене түсті. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымызды көздерінің қарашығындай сақтаған ауыл ақсақалдарына деген қамқорлық артты. “Үлкенге құрмет, кішіге ізет” көрсетуді мақсат тұтқан жастар ардагерлерді ардақтап, қамқорлық көрсетіп жүреді. Бұл жерде сексеннің сеңгіріне шыққан 12 ақылшы қариямыз бар. Қарттар күнінде, басқа да атаулы мерекелерде өскелең ұрпақ аға буынды назарында ұстауға тырысады. Ал қыстыгүні жастар оларға ауладағы қарды тазалауға да қол ұшын созады.

Бүгінде көп ауылдар жүдеп, тұрғындары қалаға көшіп кетіп жатқаны жасырын емес. Бұл жағдай біздің ауылды да айналып өтпеді. Дегенмен, заман түзеліп, ауыл тұрғындарының құрамы сырттан көшіп келген қандастарымыз арқылы қайта толығуда. Қуанышымызға орай, Теңдік ауылына Моңғолиядан және Қызылорда, Шымкент қалаларынан да отбасылар көшіп келіп жатыр. Осылайша, мектептегі оқушылардың саны артуда.

Ауыл руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екенін ұмытпауға тиіспіз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егісін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған Теңдік ауылының болашаққа нық қадаммен бағыт түзегені қуантады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет