«Keruen» scientific journal
M.O.Auezov Institute of Literature and Art
ISSN 2078-8134
Volume 1, Number 70 (2021)
https://doi.org/10.53871/2078-8134.2021.1-01
МРНТИ 17.09.91
С.С.Қорабай
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,
бас ғылыми қызметкер, филол.ғ. к,
Алматы, Қазақстан
E-mail: korabay_ss@mail.ru
«Кодекс Куманикус» жазба жәдігерінің ғылыми құндылығы
Түйіндеме. Мақала орта ғасырлардағы құнды түркі жазба ескерткіші –«Кодекс
куманикус» жәдігеріне арналған. Қыпшақ тілінде жазылған діни мәтіндер мен
сөздіктерден тұратын кітапта аудармасыз берілген жұмбақтар, қыпшақ тілінің латынша
жазылған қысқаша грамматикалық очеркі де бар. «Кодекс Куманикус» Дешті
қыпшақта немесе Қырымда жинастырылып, бір ізге түсірілген. Осы өңірді қоныстанған
қыпшақтарды Батыс Еуропа жұртшылығы кумандар деп атаған. Ол кезде Дунай өзенінен
Жоңғар қақпасына дейінгі елдің бәрі де қыпшақ тілін түсінген. Батыс Еуропада қыпшақ
тілі халықаралық тіл ретінде пайдаланылған. Қазіргі түркі халықтарының, олардың ішінде
қыпшақ тобына жататын халықтардың қоғамдық, этнографиялық, саяси-әлеуметтік,
әдеби-мәдениеттік, тілдік тарихын зерттеуге «Кодекс Куманикус» материалдарының
тигізер пайдасы мол. Тіл ерекшелігі жағынан бұл жәдігер қазіргі түркі тілдерінің,
солардың ішінде қазақ тілінің орта ғасырдағы табиғи қалпын көрсетеді
Кілт сөздер: кодекс, жазба ескерткіш, жәдігер, қыпшақ, тіл, мәтін, сөздік, жұмбақ,
әдебиет, қолжазба.
Кіріспе.Әлемдік өркениет тарихында ерекше орны бар Алтын Орда дәуіріндегі
шығармалардың көпшілігі қыпшақ тілінде жазылды. Өйткені орта ғасырлардағы әдеби
жәдігерлер тілінде қыпшақ тілінің элементтері көбірек кездесті. Бұлай болу себебі де
ескерткіштер жазылған кез сол замандағы тарихи оқиғаларға тікелей қатысты болатын.
Қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпа, Орта Азия мен Шығыс Европаны
мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі – қыпшақтар Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін
алғашында Қимақ қағандығының құрамында болып, ХІ ғасырда бөлініп шығады да,
Қыпшақ хандығын құрады(Қазақстан. Ұлттық энциклопедия, 2004: 192). Жеке
мемлекеттік құрылым ретінде енді күшейе бастаған тұста монғол шапқыншылығы
басталып, жойқын соғыс салдарынан қыпшақтар қиян-кескі ұрыс жүргізе отырып, Ресей
жеріне үдере көшеді. Қыпшақтардың бір бөлігі Қап тауынан асып, Қара теңіз бен Кіші
Азияға дейін қоныс аударып, Шығыс Европа жерлеріне жетеді.
Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда)
тарихшылар Дешті Қыпшақ даласы деп атады(2, Қазақстан тарихы, 1996: 425). ХІІІ-ХІV
ғасырларда «қыпшақ» сөзі жалпы «түркі» ұғымын алмастырды. Монғол шапқыншылығы
кезінде ығыса көшкен қыпшақтар Шығыс Европаның Батыс Украина, Галиция, Львов
жерлеріне орналасты(3, Рустемов О.Д., 2018: 125). Каменец-Подольск қаласы маңы
қыпшақтардың негізгі қонысына айналды. Қоныстың іс қағаздары украин, поляк және
қыпшақ тілдерінде жүргізілді. Бұл үлкен аймақта қыпшақ тілі ХVІІ ғасырға дейін
халықаралық қатынас тілі ретінде қолданылды. Қыпшақтар Венгрияда да қоныстанып,
жеке өңірде тіршілік етті.