Байланысты: Көне ескерткіштердегі кейбір дауыссыздардың қазіргі түркі тілдеріндегі қолданылуы
С-ш: қазақ, қарақалпақ — есен, башқұрт — ишəн; қазақ, қырғыз, ноғай, өзбек — кесек, башқұрт, татар — кишəк; С-з: қырғыз, ноғай, өзбек — кесек, алтай, тува — кезек, хақас — кизек; қазақ, қарақалпақ —есен, башқұрт — ишəн, хақас — изен, алтай — езен. Көне түркілік с-ның көрінісі башқұрт тілінде һ арқылы көрінеді. М.Томанов: «Башқұрт тілінде көне түркілік жəне жалпытүркілік с дыбысы екі түрлі сипат алған: сөз басында (кейде сөз ортасында) һ көмей дыбысына ауысса, сөз ортасы мен соңында с(з) тіс аралық спирантына ауысып кеткен. Қазіргі түркі тілдерінің едəуір тобында кездесетін көмей дауыссызы башқұрт тіліндегі көмейлік дыбыстан этимологиялық жағынан басқаша екендігін байқауға болады», — дей келіп, һары (сары), һин (сен), һигез (сегіз), һүз (сөз) сияқты мысалдарды келтіреді [9; 55]. Бұл жердегі с-һ сəйкестігі башқұртпен бір топшаға жататын татар тілімен салыстырғанда да көрінеді: татар — сары, сен, сөз, алса, сатса, сенсіз; башқұрт — һары, һин, һүз, алһа, һатһа, һинһез т.б.
Ш дыбысының түркі тілдеріндегі сəйкестіктері ш-с, ш-з, ш-ж, ш-һ сипатында кездеседі.
Ш-с: ноғай, қазақ, қарақалпақ, якут тілдерінде ш дыбысы с дыбысына ауысқан. Мысалы: шол, шул — сол; киши — кісі; тешик — тесік;
Ш-з: хақас — кизи, тизик, чаза (көптеген тілдерде киши, тешик, йаша);
Ш-ж: татар — кіші, қырғыз — киши, тува — кижи; татар, құмық — аша, тува — ажа (қазақ —аса);
Ш-һ: якут — киһи (көптеген тілдерде киши).
Басқа түркі тілдерін қазақ тілімен салыстырғанда орын алатын ш-ж, ш-с сəйкестіктері де —жеке тілдерге тəн ерекшеліктер. Мысалы: түрікмен, түрік — алтынжы, онунжы; башқұрт —беренсе, икенсе, өсөнсө т.б.
Сонымен қатар қазақ тіліндегі ш-ның кей уақытта ч болып айтылуы жергілікті ерекшеліктерге байланысты диалект сөздерде де кездеседі. Бұл көбінесе басқа тілдердің əсерінен, яғни басқа халықпен іргелес жатқан халықтың тілінде кездеседі. «Қазақ тілінің говорларындағы сөз басында ұшырайтын ч, ш бірінің орнына бірі қолданылып, бірімен-бірі алмасатын дыбыстар болып табылады. Бұл дыбыстардың белгілі бір сөздің басында əдеби тілі мен көпшілік говорларда тш, ч яки ш болып айтылып, диалектілік құбылуы олардың сөз басындағы қызметінің тілімізде əлі дифференцияланып жетпегендігін аңғартады» [10].
Ч дыбысына қатысты түркі тілдерінде ч-ш, ч-с, ч-з, ч-һ сипатында көрінеді. Мысалы: тува, шор, тофалар — чық, қазақ, қарақалпақ, ноғай — шық; қырғыз — чап, чываш — суп; қазақ — ащщы, якут— аһы; қазақ — пышақ, якут — быһах т.б.
Түркітанушы-ғалым А.М.Щербак өзінің «Сравнительная фонетика тюркских языков» деген еңбегінде кей түркі тілдерінде т-ч сəйкестігі бар екенін айтып, оның мысалына чуваш тілінен: чер «колено» (тиз), чік «вставлять, колоть» (тік), чармала «царапать» (тірмала) сөздерін əзербайжан тілі диалектілерінен чіш «зуб» (тіш), чүш «спускайся» (түш) сөздерін келтіреді [4; 164].
Қазақ тіліндегі тышқан, түшкірік сөздерінің қырғыз тілінде чычкан, чүчкүрүк болып келуі, сірə, түбі бір түркі тілінің бір-біріне тигізген əсерінен болса керек. Себебі тышқан сөзі Махмуд Қашқарида сычған болып қолданылған. Мысалы: алымчы — арслан, берімчі — сычған (алушы — арыстан, беруші — тышқан); Арслан қарыса, сычған өтін көзəзур (Арыстан қартайса, тышқанның інін аңдыр).
Сондай-ақ түркі тілдеріне қатысты фонетикалық ерекшелік — з-й сəйкестігі. Мысалы, жылдың төрт мезгілінің бірін білдіретін қазақ тіліндегі жаз сөзі қырғыз тілінде жай түрінде беріледі. Көне түркі тілімен салыстырғанда да осындай сəйкестікті көреміз: жаз — йай. Бұл сияқты ерекшелікті қазақ тілінің өз ішінен де көруге болады: сөз-сөйлем, жаз-жай («көрпені жаз» немесе «жай» десек, бір мағына береді). Бұған М.Томанов: «Қазақ тіліндегі дауыссыз й-дің негізінен үш түрлі архетипі (з, д, г) бар екендігін айту керек,» — деп, қазық-қада, құдық-құй, қозы-қой, қаздию-қайқию сөздерін мысалға алады [1; 72]. Д-з сəйкестiгi башқұрт, түркiмен тiлдерiн түрiк тiлiмен салыстыру барысында да көзге түседi: qid-qid-qiz (девочка), ad-ad-az (мало), tid-did-diz (колено), hud-өоd-soz (слово). Сонымен қатар қазақ тілінде сіз есімдігі қырғыз тілінде сиз түрінде берілгенмен, көптік жалғау жалғанғанда, ерекшеленеді. Мысалы: сіздер — сиздер, сендер — силер, яғни көптік қосымшасы жалғану арқылы сыпайы түрде з дыбысы сақталып, анайы түрінде түсіп қалады. (Биз сиздерди концертке чакырабыз. — Біз сіздерді концертке шақырамыз. Силер качан келесиңер? — Сендер қашан келесіңдер?)
Қазіргі түркі тілдерінде з-р, з-һ, з-с сəйкестіктері де орын алған. Мысалы: түрік, қырғыз — узун, чуваш — въръм, якут — уһун; түрік, татар — кызыл, якут — кыһыл, түрік — йүзүк, чуваш — сірі; көптеген тілдердегі аз, ауыз-ағыз, қаз, сөз, қыз сөздерінің алтай, хақас, тува, шор, тофалар тілдеріндегі қолданысы — ас, аас, хас, кас, сөс, хыс, қыс жəне биз, біз сөздері шор тілінде пис, хақас тілдінде піс түрінде қолданылады.
Қазіргі түркі тілдерінің сөз басында қатаң немесе ұяң дауыссыздардың қолданылуы барлық тілдерге ортақ емес. Қыпшақ тілдері қатаң дауыссыздарды, ал оғыз тілдері ұяңдарды қолданылуымен ерекшелінеді. М.Томанов бұл туралы: «Сөз басында қатаң дауыссыздарды қолданатындар — хақас тілі мен чуваш тілі. Бұл тілдерде сөз қатаң дауыссыздардан басталады да, көпшілік түркі тілдерінде осы позицияда ұяңдап айтылады. Хақас, чуваш тілдері арасында кездесетін сөздің абсолют басындағы қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздардың сəйкестігі осылай келіп шығады,» — дейді [9; 59].
Туыстас түркі тілдері арасында көп кездесетін дыбыстық сəйкестіктердің сипаты п-б, т-д, қ-ғ, к-г түрінде болып келеді. П-б ауысуы түркі тілдері тарихында, сондай-ақ қазіргі түркі тілдері арасында орын алғандай, сөз басында қазақ тілінде ауызекі сөзде де болат — полат, бал — пал, бітіру — пітіру, бейнет — пейнет, бану — пану сияқты сөздерде кездеседі.
Көне ескерткіштер тілінде де сөз басында қатаң п ұяң б-ға қарағанда жиі айтылғандығы айқын.
«На разных этапах развития тюркского праязыка начальный п был, по-видимому, довольно распро- страненным смычным согласным. Исторически он предшествует начальному б. Такие слова древних и современных тюркских языков, как баш — голова, балық — рыба, бош — пустой и т.д. когда-то на- чинались с п», — сияқты зерттеушілер пікірлері бұған дəлел бола алады [5; 38].
Қазіргі қазақ тілінің өз ішінде немесе түркі тілдерінде п-б ауысуының болуы да, сірə, түркі тілдері тарихына байланысты сəйкестіктерге қатысты болса керек. Мысалы: бычак (пышақ), бышкан (піскен) /қырғызда/; сабаб (себеп), тортиб (тəртіп), асбоб (аспап) /өзбекте/; төпə (төбе) /ұйғырда/; тобырах (топырақ), пөл (бөл), піл (біл), паш (бас) /хақаста/; пус (бас), пулъ (балық), пул (бөл) /чувашта/ т.б.
Түркі тілдерінің тарихын зерттеушілердің айтуынша, д фонемасы көне жазба ескерткіштерінде сөз басында кездеспейді, көбіне сөз ортасында жəне сөз аяғында ұшырайды: адағ — аяқ, ыдуық — қасиет, будун — халық, бед — тақ, ед — уақыт, мерзім. Ал кей жағдайда көне түркілік т-ның қазіргі көрінісінің д екендігі айқын аңғарылады. Бұған «Күлтегін ескерткіші» кітабынан ірті — қуды, келті — келді сөздерін мысалға келтіруге болады. Бұл туралы М.Томанов: «Қазақ тіліне тəн деп қаралуға тиіс ерекшелік -т дыбысына аяқталған сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанса да, т ұяңдамайды, сол сапасын сақтайды: ат-ы, хат-ы т.б. Осымен байланысты ескерте кететін бір жай, қосымшаның басындағы т- (əрине, тарихи ежелгілері) түбірдің соңғы дыбысының əсерімен ұяңдап кеткен. Мысалы: ал-ды. Бұл сөздің алғашқы сипаты ал-ты болғаны мəлім,» — дейді [1; 66].
Түркі тілдеріндегі т, д фонемаларына қатысты сəйкестіктер т-д, д-т ауысулары арқылы көрінеді. Сондай-ақ т фонемасының д-мен алмасуы қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерінде де кездеседі: дұз — тұз, тиірмен — диірмен, дүзу — түзу, дозаң — тозаң, дызылдау — тызылдау.
Жоғарыда айтылған түркі тілдеріндегі т, д дыбыстарына байланысты сəйкестіктер жеке тілдерге ғана емес, көптеген тілдерді қамтуымен жəне ол сəйкестіктердің қазақ тілімен салыстырғанда, қатаң- ұяң немесе ұяң-қатаңдығымен ерекшелінеді. Мысалы, қазақ тіліндегі теңіз, терезе, терек, естелік сөздері өзбек тілінде денгиз, дераза, дарахт, эсдамек түрінде болып келсе, даяр, дыбыс, диірмен, доп сөздері қазақ тілінде ұяң, өзбек тілінде қатаң дауыссыздар арқылы беріледі: тайер, товуш, тегирмон, туп. Əрине, ұяң дыбыстарды сөз басында көп қолданатын оғыздардың біздің тілдермен салыстырғандағы қатаң-ұяң сəйкестіктері бұл жерде де көрінеді: тіл-дил, темір-демир, төрт-дөрт, түс-дүш, тас-даш т.б. Бұл ауысулар ұйғыр-оғыз тобындағы тілдерге де тəн: етік — тува, тофаларда — идик; ата — тува, хақаста — ада т.б.
Түркі тілдері табиғатында дауыссыздар сəйкестігінде к-г, қ-ғ-лар көп кездеседі. Бұл ауысулар түбір сөздерге қатысты да, түбір мен қосымша аралығындағы үндестік заңына да байланысты болып келеді. Мысалы: қаз, қол, қарт — газ, гол, гарт (əзербайжан); соқыр — соғур (тува); көл — гөл (əзерб., түрік); күріш, күкірт, күлкі, кілем — гуруч, гугурт, гулги, гилам (өзбек) т.б.
Жоғарыда келтірілген мысалдарда қатаң-ұяң дыбыстық сəйкестіктердегі қатаң дыбыстар біздің тілдерге, ұяң дыбыстар, көп жағдайда, оғыз немесе ұйғыр-оғыз тілдеріне тиесілі болса, кей жағдайда басқа тілдердегі қатаң дыбыстардың біздің тілде ұяң болып келетіні кездеседі жəне бұл жағдай сөз басына емес, сөз ортасына қатысты екендігі көрінеді. Мысалы: балға, жаға, таға, алғыс, үңгір, бұғақ, бала-шаға (қазақта); балка, жака, така, алкыш, үңкүр, богок, бала-чака (қырғызда); болға, еқа, тақа, ташаккур, унгур, буқоқ, бала-чақа (өзбекте).
Көне жазба ескерткіштер тілін қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда кездесетін с-з сəйкестігі (келмес-келмез, барсын-барзун, айырылмас-адырылмаз) қазіргі тілдерде де орын алып біз сөз етіп отырған сəйкестіктер қатарынан орын алады. Мысалы: аз — алтай, хақас, шор, тувада — ас; қаз — хас (хақас), кас (тува), кас (тофалар), қас (шор, алтай); қыз — хыс (хақас), қыс (шор, тофалар, тува, алтай); сөз — хақас, тува, шорда — сөс; сым-зым, тегіс-тегиз, алаңғасар-алаңғазар (қырғыз) т.б.
Деректерде көне түркілік қатаңдардың кейінгі даму барысында бірсыпыра тілдерде ұяңдағаны, ұяң дыбыстарды сөз басында көп қолданатын топ — оғыз тобы екені айтылады. Ал қазақ тілінің өз ішіндегі кей сөздердің əрі қатаң, əрі ұяң айтылуы олардың арасындағы мағыналық айырмашылықты көрсетпейді. Салыстырып отырған түркі тілдеріндегі қатаң, ұяң дыбыстар арасындағы айырмашылықтар да сол дəрежеде. Себебі қазақ тілінің өз ішінде де сөз басында қатаң не ұяң болуына қарай, бір-бірінен мағыналық жағынан ажырауы мүмкін (күл — гүл). Қазіргі түркі тілдеріндегі сəйкестіктердің бір тобы м, б дыбыстарына қатысты.
Қазіргі қазақ тілінде б сөз соңында қолданылмағанымен, көне жазба ескерткіштерінде біраз сөздерде болса да кездесетінін көреміз: суб, саб, себ, еб. Бұл мысалдардағы б-ның қазіргі қазақ тіліндегі көрінісі əр түрлі: суб сөзі су түрінде б түсіп қалып ықшамдалу арқылы орнықса, саб сөзіндегі б-ның қатаңданып п-ға айналып, сап түрінде ал себ, еб сөздеріндегі б-ның тіл ортасына жылысып, й-ға ауысқанын байқаймыз: сүй, үй [1; 66].
Айта кететін бір жағдай — көне жазбаларындағы б-ның қазіргі өзбек тілінде в-ға айналып, себ сөзінен севги (махаббат, сүйіспеншілік), аб сөзінен ов (аң, аң аулау) сөздерінің қалыптасқандығын көруге болатыны.
Кей түркі тілдерінде біраз түбір төл сөздердің, сондай-ақ қосымшалар құрамында сөз соңында б кездеседі, бірақ бұл тілде де қатаң п естіледі: чойшаб [чойшап] (төсек жапқыш), касб [касп] (кəсіп), келиб кетди [келип кетти] (келіп кетті), мактаб [мактап] т.б. — өзбек тілінде.