15 ЛЕКЦИЯ.
ТАҚЫРЫБЫ : Композиция және сюжет.
Жоспары :
1.Көркем шығармадағы сюжет.
2.Композиция, оның ерекшелігі.
3.Сюжеттің түрлері.
4.Композициялық бүтіндік мәселесі.
Композиция, сөз жоқ, сюжетпен тығыз байланысты : сюжет те, композиция да әдеби шығарманың мазмұнын көркем жинақтап, мазмұнды пішінге көшірудің құралы һәм тәсілі. Оның үстіне, бұлар да мазмұн мен пішін, не тақырып пен идея секілді біріне – бірі кшіп отыратын нәрселер; мәселен, композициялық бүтіндік, тұтастық жоқ жерде сюжет те жоқ. Сюжет – сюжет болу үшін оның барлық кезең – кезеңі түп – түгел белгілі бір композициялық жүйеге түсіп, бірлік табуы қажет. Бұл да сюжет пен композицияға тән бірлік.
Бірақ сюжет пен композицияның осындай өзара бірліген түсіне тұра олардың бір – бірінен өзгешелігін де ажырата білген жөн.
Қандай өзгешелік ?
Біріншіден, сюжет кез келген көркем шығармада бола бермейді.
Мысалы, мына өлеңді оқып қарайық :
Өзіңдей ұяңсың сен ар – ұяттың
Өзіңдей қиялсың сен табиғаттың.
Өзендей көкірегімде ағып жаттың,
Жалындай көкірегімде жанып жаттың.
Кешкілік серуен құрып, бақта жүріп,
Сыр шерттің ақ жаныңмен ақтарылып:
Нұрымен көздеріңнің қалды сонда,
Жазылып жүрегіме автогрф.
(С. Мауленов).
Шабытты жыр, сұлу сыр!.... Осы өлеңде сюжет бар ма ?Жоқ, сюжет жоқ. Композиция бар ма ? Бар болғанда қандай!.... Бәрінен бұрын ақынның көңіл күйіне, жан тебіренісінде, іштей тұтануы мен ұшқындауында бір түрлі бір әсем ажар, төрт құбыласы тегіс табиғи бүтіндік бар. Тек осындай ішкі әсемдіктен ғана мынадай саф таза сезім, шабыт пен сырға толы жыр туады. Содан соң ақынның ойы мен образында өзгеше үндестік бар : өзі өлеңге айналдырып отырған аяулы адамның ұяң мінезін кіршіксіз ар – ұятқа, болмыс – бітімін арман секілді табиғатқа теңеуі немесе одан ұққан сырды көкіректегі әсем ағысқа, ол дарытқан сезімді кеудеде лапылдаған жалынға теңеуі өзіңнің өзін биік әдемілікке, өнер туындысындағы шебер қиысқан мазмұн мен пішінге тән ішкі гармония мен сыртқы симметрияға көтеріп әкеткен. Ақыр аяғында ақынның шындықты суретке, суретті философиялық ұғымға айналдыру әрекетінде де рет – ретімен тартылған желі, өрілген арқау бар. Артық кеткен, шашау шыққан ештеңе жоқ. Өлең жұп – жұмыр. Осының бәрі – ұтымды тұтасқан композицияның әсері.
Бұл айтып отырғанымыз, чғни композицияның барлық шығармаларда түгел болатыны – оның сюжеттен бір өзгешелігі десек, екіншіден, композицииия сюжеттің өрбу кезеңдерін жүйеге түсіріп қана қоймайды, сюжеттен тыс нәрселерді де өзара қиюластырып, белгілі бір арнаға салады.
Сюжеттің басталуы (латынша exspositio – дәйектеме) оның кіріспесі іспетті ; мұнда әдеби қаһармандар өзара өарым – қатынасқа көшпес бұрынғы хал – жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Экспозицияның бір ерекшелігі – ол шығарманың сюжеттік желісіндегі өмірлік тартысқа тікелей ықпал жасамайды, тек мезгіл мен мекенге мегзеу, дерек, дәйек ретінде ғана қалады.
Сюжеттік байланыс (орысша завязка) – адамдар арасындағы әрекеттің басы ; тартыстың басталуы іспетті, шығарма арқауындағы негізгі оқиғаның әуелгі туындау себебі секілді.
Сюжеттік даму адамдардың өзара қарым – қатынасынан, қимыл - әрекетінен туған түрліше жағдайларда (французша situs), шиелістерге (латынша intrigart) байланысты. Шығарманың фабуласы да бірінен – бірі туатын әр алуан ситуациядан, интригадан құралады. Бұлар жоқ жерде сюжеттік даму да, фабулалық оқиға да жоқ. Ал шебер өрбіп, өріле өрістеп бара жатқан сюжет оқырманды да қызықтыра тартып, үйіріп, жетелеп отырады.
Шарықтау шегі (латынша calmen - шың) – сюжеттік дамудың ең жоғарғы сатысы ; адамдар арасындағы қимыл - әрекеттің мейлінше күшейіп, өрбіп жеткен жері ; шығармадағы драмалық тартыстың өрістеп шыққан биігі. Бұл тұста образдар да айырықша анық танылып, адам мінездері жан – жақты ашылады. Шығарма сюжетін күллі кезең – кезеңімен тұтастырып, белгілі бір бүтіндікке, үндестікке әкеліп тұрған композицияның аса жауапты тұсы да – осы.
Шешім (орысша развяска) – шығарма сюжетінің де шешуіші кезеңдерінің бірі ; суреткердің өзі суреттеп отырған өмір шындығына шығарған “үкімі”; адамдар арасындағы қарама – қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің бітуі ; түрліше тағдырлар тартысынан туған нақты нәтиже ; оқиғаға қатысушылардың ең ақырғы хал – күйі ; күллі құбылыс – көріністердің соңғы сахнасы.
Әдебиеттер:
1.Ахметов З.Өлең сөздің теориясы. Алматы 1973.53-62 б.
2.Байтұрсынов А. Әдебиеттанытқыш. А. 1989. 60—75 б.
3.Әдебиеттану. Хрестоматия. А. 1991.
4.Қабдолов З. Сөз өнері. А. 2002.63-92 б.
5.Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құрастырған Ахметов З. Шаңбаев А. 1996.
Достарыңызбен бөлісу: |