5- ЛЕКЦИЯ. Тақырыбы: Сөз өнерінің жалпы мағанасы Жоспары: 1.Сөз өнерінің эстетикалық мәні. 2.Қоғамдық сана.. 3.Марксшілдердің әдебиет туралы пікірлері. Сөз өнері жалпы мағанасындағы жай әдебиет емес, көркем әдебиет екенін тектен-тек деуге болмайды.Оның барлық эстетикалық байлығы әдеби шығарманың зкөркемдігі арқылы ғана жасалады. Суреткерлік шеберлік, шеберліктен туатын шедевр(көркемдіктің көкесі)... – осының бәрін тек қана осы арадан іздеу керек.Демек, әдебиеттің таным тарапындағы мәні де, тәрбие саласындағы мәні де, сайып келгенде, сөз өнерінің эстетикалық маңызына яки өнер туындысының көркемдік құнынына келіп тіреледі. Әйтпесе, өмірді ғылым арқылы да тануға болады; ал тәрбиенің ең үлкені оқу-білімде жатзқаны тағы даусыз. Адам баласына әдеби туындыдағы образдар жүйесі арқылы, дәлірек айтқанда, өнерге айналған өмір яғни өмірге айналған өнер арқылы тәрбие беру, таным қалыптастыру өз алдына айрықша бөлек! Оны сондай етіп ғылым да, білім де жасай алмайды. Көркем әдебиеттің күллі құдірет күші дәл осы арада жатыр.
Ендеше, сөз өнері – қоғамдық сананың әрі күрделі, әрі іргелі саласы.
Қоғамдық сана (идеология)дегеніміз белгілі бір таптың мақсаты мен мүддесіне сәйкес саяси, құқықтық, салттық, діни, көркемдік, философиялық көзқарастар жүйесі. Қоғамдық сананың басқа түрлері сияқты әдебиет пен өнер де жалпы ел “өмірінің ақиқат ағымы” (Маркс), яки материалдық(және соған негізделген рухани) тіршілік жағдайы болып табылатын әлеуметтік тұрмысына тәуелді. Міне, осы арадан келеді де марксшілдер көркем әдебиетті қоғамның белгілі бір даму дәуіріндегі экономикалық құрылымына яки базискенегізделген қондырма деп біледі.
Алайда мұның өзі сөз өнерінің эстетикалық табиғатына көп ретте кереғар келеді.
Алдымен әмбеге аян, қондырма мәңгілік емес, базиспен бірге
жоғалып кетеді. Ал, әдебиет ылғи олай бола бермейді. Айталық арғы ғасырдағы базис жоғалды, бірақ сол тұста туған Пушкин, Абай шығармалары әлі өмір сүріп келеді және өмір сүре бермек.
Содан соң, жұртқа мәлім, қондырма базисті нығайтуға тиіс. Ал, әдебиетте ылғи олай бола бермейді. Айталық, Пушкин, Абай шығармалары өз кезіндегі феодалдық базисті нығайтуға емес, әлсіретуге қызмет етті.
- Демек, - деп қортады марксшілдер, - әдебиет – қондырма.
Неге?
Мәселенің ең бір шытрман, қат-қабат, айтыс пен тартысқа толы күрделі жайын осы сұрақтың жауабынан байқауға болады.
Бәрінен бұрын, - дейді марксшілдер, - әдебиет қоғамдық сананың түрі ретінде әр дәуірдің өз базисімен бірге туады(?): феодализм өз әдебиетін, капитализм өз әдебиетін, социализм өз әдебиетін туғызады. Тіл олай емес, дәуірге де, дәуірлік базиске де тәуелсіз. Әдебиет өзінің әлеуметтік табиғатында базиске, тап тағдырына, қоғамдық құрылыс тағдырына енжар қарай алмайды, оларды жақтайды, я даттайды; олардың я дамуына ықпал жасайды, я құлдырауына әсер етеді. Тіл олай емес, олардың бәріне бірдей ортақ және бейтарап.