^ 1.2.1. Орыс тіл біліміндегі қытай тіліндегі мөлшер сөздер мәселесі. Қытай тілін зерттеуші кеңес дәуірі ғалымдарының осы мәселеге қатысты пікірлері өте маңызды, оның ішінде Петербург (Ленинград) және Мәскеу тіл білімі мектептерінде қытай тілі мәселесі жан-жақты қарастырылған.
Петербург тіл білімі мектебінің қытай тілін зерттеуші танымал ғалым А.А.Драгунов қытай тілінің мөлшер сөздері туралы ой-пікірлерін өз кітабында нақты атап көрсетеді [5,43].
Петербург тіл білімі мектебінің белгілі ғалымы С.Е.Яхонтов ұстазы А.А.Драгуновтан қалған зерттеулерге өз үлесін қоса отырып, оның идеясын жалғастырды.
«Қазіргі қытай тілінде етістік пысықтау түрінің екінші бөлігі мөлшер сөз бола алмайды», дейді С.Е.Яхонтов және оны өз кітабында нақты мысалдармен дәлелдейді [6,102].
Мәскеу тіл білімі мектебінің мөлшер сөздерді зерттеушілері ғалым В.М.Солнцев пен оның ұстазы Н.Н.Коротковтың еңбектері ерекше орынға ие екендігін атап айта аламыз.
Өз кітабында В.М.Солнцев жеке аффикстерден зат және нәрселердің мөлшерін немесе өлшемін білдіретін сөздерді бөлу қажет деп біледі. Мұндай сөздер тәуелсіз мағыналы сөздер болып, жекелік аффикстерінің алдында келіп, анықтауыш сипатына ие болуымен ерекшеленеді деп, оған 一碗茶[ yi wan cha] бір кесе шай, 一大碗茶[yi da wan cha] бір үлкен кесе шай, т. б. деген тәрізді мысалдар ұсынады.
В.И. Горелов, О.М.Готлиб, В.А.Курдюмов және О.А.Омельченконың еңбектерінде қытай тіліндегі мөлшер сөздер «счетные слова» деп қарастырылған.
Орыс қытайтанушыларының еңбектерінің басым бөлігінде мөлшер сөздерді «классификатор (счетные слова)» деп атаған.
^ 1.3. Қазақ тіліндегі мөлшер атауларының зерттелуі. Қазақ тіл білімінде мөлшер ұғымына қатысты қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін зерттеушілер тарапынан нақты да жүйелі жинақталған, жалпы атауын белгілі бір терминмен берген бірізді еңбек қазірше жоқ. Олар әрбір зерттеушінің еңбегінде әр түрлі аталып келеді. Тілдік тарихи даму үрдісіне қарасақ, мөлшер мәнді сөздер түркі тілдерінің барлығында, оның ішінде қазақ тілінде жиі кездеседі. Мысалы, бір үйір жылқы, бір табын сиыр, бір отар қой, бір уыс бидай, бір қадақ күріш, бір шелек сүт, бір құшақ отын, бір құлаш жіп, бір қарын май, бір жұтым су, бір үзім нан, таяқ тастам жер, сүт пісірім уақыт т. б.
А.Байтұрсынұлы есептік, реттік сан есімдерді сипаттай келіп: «...нәрсенің бүтінін емес, бөлімінің санын көрсететін сөздер бар: олар «темілдік» деп аталады. Темілдік сан: жарты, жарым, ширек. Қазақтың тілінде темілдік санның есімі тіпті аз», – дейді [7, 223].
А.Ысқақов «затты жеке-даралап атамай, оның жиынын тобымен атайтын зат есімдерді «көптік мәнді есімдер» деп атап, оларды: 1) сұйық заттардың атауы; 2) газ тектес заттардың атауы; 3) уақ, ұнтақ, ұйысқан, майда заттар мен бытыранды, таранды, үгітінді заттардың атауы; 4) дерексіз ұғымдардың атауы; 5) өздігінен табиғи жолмен бөлшектенбейтін кесек заттардың атауы; 6) жаратылыс құбылыстарының атауы деп алты топқа топтастырады [8, 200].
Е.Жанпейісов қазақ тілінде жиынтық, жалпылық мән қосарлы зат есімдер негізінде қалыптасқан аталымдар арқылы білдірілетінін айтады.
Диссертацияда қазақ тілінде мөлшер ұғымын білдіретін бірліктерді арнайы зерттеген Ж.Ш.Ахмедова, Т.Сайрамбаев, Ә.Болғанбаев, Ә.Хасенов, С.Жанпейісова, А.Тұрышев, К.Күркебаев, О.С.Караджа және Л.М.Қабылдина еңбектеріне шолу жасалынды.