Драма – (гр. dramo — әрекет) әдебиеттің эпос, лирика сынды үш тегінің бірі (Әдебиеттің тегі мен түрі). Драмада оқиға тартыс, не тартыстар желісіне жинақталып, кейіпкерлер әрекеті арқылы дамиды. Драмалық шығарма театрға арналып жазылады да, сахнада нағыз көркемдік қуатына ие болады. Драма бастапқы кезде хор, диалог, би, айтыс, пантомимомен аралас болып, синтетикалық өнер саласы ретінде дамыған. Кейін драма сөз өнерінің жеке тегі ретінде дараланды. Оның:
трагедия, – моралите,
драма, – мелодрама
комедия, – фарс
мистерия, – водевиль
миракль, – трагикомедия т.б. жанрлары қалыптасты.
Драма – көркем шындықты ерекше тәсілдерімен шиеленіскен тартыстар желісіне жинақтап, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер сөзі мен іс-қимылы арқылы көрсететін сөз өнерінің күрделі тегі. Драмалық шығармаларда баяндау болмайды. Оқиға, яғни тартыс желісі репликалар (кейіпкер сөзі) арқылы дамиды. Автор кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын білдіретін түсініктемелерді жақша ішіне бөлек жазып отырады. Оларды авторлық ремарка не ремарка деп атайды. Оқиғаның негізгі даму арнасы болып табылатын кейіпкерлер сөзі, яғни репликалар, көбінесе, диалог, кейде монолог түрінде болады. Қалай болғанда да репликалар шымыр, ондағы кейіпкер мүддесі мен құштарлығы, аласұрған сезім әлемі көрермендерді еліктіретіндей деңгейде құрылуы қажет. Олар өлең түрінде де, қара сөз түрінде де бола береді.
Драмалық шығармалардың құрылымы ондағы оқиға мен тартыстардың даму қарқынына және ауқымына байланысты көріністерге, актілерге, бөлімдерге бөлінеді. Ал композициялық тұрғыдан Драмада оқиғаның (тартыстың) басталуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімін табуы болады. Кейбір шығармалар мұндай классик. үлгіден өзгеше, яғни бірден тартыстың шиеленіскен тұсынан басталуы мүмкін. Ежелгі грек трагедияларында сахналық шығармалардағы тартыс аяқталып, өз шешімін тапқан соң, міндетті түрде бас кейіпкердің азапты күйі көрсетілген. Мұны катарсис, яғни күйіне отырып күнәсінен арылу деп атаған.