БАЯНДАМА
Көркем мәтінді оқып-үйрену және талдау жұмыстары. Шығарманы автор ізімен талдау, оның негізгі мақсаттары
Джаксыбаева Мунира, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Әдебиет - өнер пәні. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы оқушылар алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, ақ сенімі көрінеді. Әдебиетті оқытудың басты мақсаты- оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы - әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы парасаттылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.
Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі. Оқушыны көркем мәтіннің оқу түрлеріне дағдыландыру керек. Көркем мәтінді оқу түрлерін жіктеп ажыратамыз:
1) көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Оның мән-мағынасын түсіне оқу. Қиын, түсініксіз образды, айшықты сөздерді ұғына оқу, яғни лингвистикалық түсіндірмелі оқу;
2) таңдап оқу. Белгілі мақсатпен қойылған сұрақтарға жауап іздеп, тіл көркемдігін дәлелдеу, портрет, пейзаж, образды табу;
3) іштен оқу немесе өздік оқу. Іштен оқудың оқушыны жеке, өз бетімен жұмыс істеуге баулудағы маңызы ерекше зор. Ойлану, өз бетімен іздену, жауап табу, дербес белсенділігін арттырудағы іштен оқудың атқарар рөлінің ерекше екендігі;
4) рөлге бөліп оқу. Рөлге бөліп оқу таным белсенділігі, қызығушылығын арттыруда, қабілеттерін дамытуда, сабақтың эмоциялық, психологиялық мәнін нәрлендіруде пайдалы;
5) хормен оқу. Оқу техникасын жетілдіру, мәнерлі, айқын оқу, көркем мәтінмен жұмыс істеуге баулу бүкіл сынып оқушыларын көркем оқуға ұйымдастыруда тиімді;
6) ұжымдық оқу. Әсіресе, даралап оқытуда тиімді. Оқу техникасына, мәнерлеп оқуына қарай, оқушыларды топқа бөле отырып, мұғалім ұжымдық оқуды тиімді ұйымдастырса, көркем мәтінді тез меңгертуге ықпал жасайды, мәтінді оқуға деген оқушы ынтасын арттыруға әсер етеді;
7) жұптық оқу. Жұптық оқудың тиімділігі, біріншіден өз беттерімен оқу техникасын жетілдіру дағдыларын дамытады, екіншіден ұқыпты тыңдай білуге, бір-бірінің жұмысына талдау жасай білуге икемдейді;
8) мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу-әдебиетті оқытудың басты әдістемелерінің бірі. Мәнерлеп оқудың мақсаты:
а) оқушыларға көркем туындының эмоциялық-эстетикалық әсерін сезіндіру;
ә) көркем мәтінге жан беру, әр сөздің мәні мен мағынасын, сөз бояуларының нақышын сезе білу;
в)көркем мәтіндегі айтар ой мен поэтикалық көркемдікті өздеріне болжату, түсіндіру, мәтінді талдау дағдыларын дамыту.
Әдебиет сабағының күре тамыры көркем мәтінмен жұмыс істеу деп санаймын. Оның ерекшелігі сол - ол оқушының жүрегіне, сезім қылына әсер етуі. Оқушылармен бірге көркем шығармамен жұмыс істей отырып, олардың ойлауына, толғауына, пікір айтуына ықпал жасайды. Оқушылар көркем шығарманы оқып біткен мерзімде, ауызша, жазбаша сұрақтар арқылы мазмұнын айтады, өзіне ұнаған бір эпизодты қысқаша баяндайды, бір кейіпкердің іс-әрекетінен мысалдар келтіреді, ең негізгі деген жерлерден үзінді жазып, «Ол қай оқиғадан алынды, кімнің сөзі?» деген сұрақтарға жауап алынады, әр түрлі әдеби ойындарын жүргізіледі.
Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Көркем мәтінді оқыту мен талдауда оқушының мәтін мазмұнын меңгеруіне көңіл бөлу керек. Көркем шығарманы оқығанда, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушылардың зейіні, есте сақтау, қабылдау қасиеттеріне қарай мұғалім мәтінді тұтастай емес, ең негізгі басты мәселелерін ғана мазмұндатып, оны меңгеруді одан әрі жалғастырғаны тиімді болады. Үзіндіні мазмұндағанда, оқушыларды мүмкіндігінше жазушы тілімен мазмұндатуға икемдеу керек. Көркем шығарманы үйге тапсырма ретінде бергенде, түсініксіз сөздерді, сөйлемдерді оқушылардың алдын ала белгілеп келуін талап еткен жөн. Сабақ барысында шығарманың мазмұнына талдау жұмысын жүргіземін. Күрделі, түсініксіз сөздерге түсінік беремін. Мысалы: қыстау, атан, шам, ру, шариғат бұйрығы, ердің құны. Кейбір диалогтерді оқи отырып, ең басты мәселелерді түсіндіремін.
- «Арысыңды, ендеше, арыстан жеді» (Бөжейдің сөзі).
- «Ақ қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!» (Қодардың сөзі).
Әдеби талдаудың басты мақсаты-оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаға бағыттау болып табылады.
Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби - эстетикалық жолмен қарауды ұсынды ». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету - әдебиет шығармасын танытудың басты жолы.
Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады.
Көркем мәтінді талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. Әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады.
Көркем мәтінді терең түсіну, талдауда әңгімелеудің де маңызы ерекше деп санаймын. Әңгімелеу әдісінің тәжірбиемде қолданып жүрген мынадай түрлері бар: мәтінге жуық, көркем мәтін ізімен әңгімелеу, оқушының өзіне ұнаған эпизодын, әсерін әңгімелеу, шығармашылық жолмен әңгімелеу болып табылады. Мәтінге сәйкес әңгімелесу баланың еске ұстау қабілетіне әсер етеді, зерделілікке, ұғымдылыққа, алғырлыққа баулиды. Сондай -ақ ең бастысы, оның сөздік қорын, тіл байлығын, өз сөйлеу тілінде пайдалануға үйретеді. Көркем мәтінді дұрыс, нақты түсінуге жетелейді.
Көркем шығармадағы кейіпкерлердің орнын, ой-мақсатын оның сөйлесу тілі арқылы айқындауға болады. Көркем шығармадағы сюжет пен композициядан бастап, әрбір деталь, көркемдік тәсіл белгілі бір ойға, мақсатқа құрылады. Көркем мәтінді талдауға байланысты оқушы дағдысы, икем машықтарына қойылатын талаптар, осыған байланысты істелетін жұмыстар:
а) Өз бетімен, жеке талдау. Мұндай талдауда мұғалім талдау сұрақтарын, тапсырмалар береді. Сондай-ақ, көмек-карточкалар ұсынылады.
ә) Ұжымдық талдау. Ұжымдық талдау мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі. Ол оқушыны көркем туындыны қабылдау, бағалау жұмыстарына баулиды, бірігіп бір пікірге келуге, қорытынды жасауға жетелейді. Ұжымдық талдау сұрақ-жауап, мәтінмен практикалық жұмыс, пікірлесу, әдеби айтыс негізінде жүзеге асады.
Көркем мәтінді талдаудың жолдары мен бағыттары Рәбиға Сыздықова мен Бердібай Шалабай еңбектерінде жан-жақты сараланады. Ғалымдар көркем мәтінді талдаудың жолы мен жүйесін айқындайды.
Көркем мәтіннің негізгі белгілеріне байласым, тұтастық және эмотивтілік жатады.Байласым- лингвистикалық ұғым, ал тұтастық-психолингвистикалық ұғым. Байласым көмегімен мәтін құрылысының феномендері талданады, ал тұтастық ұғымы арқылы мәтіннің терең қабатындағы орналасқан әрекеттері түсіндіріледі.
Көркем шығармаларды оқытудың тиімді де өнімді жолдарын іздеудегі әйгілі ұстаз, әдіскер Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның еңбегі зор. Әдіскер ұстаздың қаламынан М.Әуезов шығармашылығын оқыту мәселесіне байланысты үш кітап жазылған. «Оқулықта... талдаудың бір түрі-образдық талдау жүйесі негізге алынған». Көркем шығарманы талдау жүйесі, ең алдымен көркем туындыда жазылған, баяндалған оқиғалардың тарихи негізіне назар аудартады. Мұғалімнің түсіндірме әңгімелерінен кейін, мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнымен танысу, мәтінді бөлшектерге бөліп, ат қою, әр бөліміне жоспар құру, құрылған жоспар бойынша тірек сөздерді қолданып мазмұндату, шығарманың басталуы, шығарма ішіндегі уақиғалардың байланысы, уақиғаның шарықтау шегі, шешімі айқындалады. Әр шығармадағы адам тағдыры жеке кейіпкерлер арқылы пайымдалып, іс-қимылы, мінезі, қылығы, әрекеті айқындала түседі. Кейіпкерді танытатын, айқындап, даралап беретін негізгі элементтер: портрет, іс-қимыл әрекеті, тілдік көрінісі, көркемдік детальдар, суреттеме, кейіпкерлер диалогы, жанама сипаттамалар, кейіпкердің өзара қарым-қатынасы, қақтығысы, күресі т.б.
Көркем мәтінді талдау әдісі – бұл әдеби талдаудың ғылыми негізделген әр түрлі жолдары мен тәсілдерін іздестірумен айналысатын сала. Әдеби шығарманың мазмұнын меңгергеннен кейін оған талдау жасалады. Әдеби талдау кезінде көркем мәтінді кез келген бөлшектерге бөліп, жіктеуге болады. Талдау жасағанда мәтіндегі әрбір шағын, жеке элементтер де назардан тыс қалмау керек. Әдеби талдау үстінде көркем шығарманың мазмұн‑пішіні, кейіпкерлер қатынасы мен тілдік құралдар ашылады. Әдебиетті оқытудағы басты мәселе – шығармаға, яғни көркем мәтінге талдау жасау. Әдіскер Т.Ақшолақов көркем шығармаға талдау жасаудың төрт түрлі әдісін көрсетеді. Олар: образ бойынша талдау; проблемалы талдау; тұтас талдау; тақырыптық талдау.
Достарыңызбен бөлісу: |