Ол сол туындыда көркем бейнеленген, өнер шындығына айналған өмір құбылыстары. Кеңірек айтсақ, ол суреткердің өмір-болмыстан өз дүниетанымы мен идеалына сәйкес таңдап-талғап алып, айтпақ ойы - идеясына орайластырып түрлі суреттеу тәсілдері (пішін) арқылы көркем бейнелеп өнер шындығына айналдырған өмір шындығы. Өмір шындығы - өнер арқауы, өнер туындысының мазмұны дейтініміз де осыдан.
Ал, қат-қабат сыры да, жыры да мол өмір шындығын адамсыз, оның мінезі мен іс-әрекетінсіз түсіну де, түсіндіру де, суреттеп таныту да мүмкін емес. Демек, туындыда тағдыр-талайы, өмір белестері бейнеленіп отырған тұлға немесе көркем бейнелер жүйесі автор үшін белгілі бір мазмұнды (яғни, қоғамдық шындықты, идеялық мұратты) көркем таныту тәсілі, яки пішін саналады.