КӨрнекті отандық этнолог – Х. А. Арғынбаевтың Өмірі мен шығармашылығЫ



Pdf көрінісі
Дата21.01.2017
өлшемі181,83 Kb.
#2392

КӨРНЕКТІ ОТАНДЫҚ ЭТНОЛОГ – Х.А. АРҒЫНБАЕВТЫҢ 

ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ 

 

Егеменді  еліміздің  тарихында  терең  із  қалдырған  Ә.Х.  Марғұлан,  И.В. 



Захаров,  В.В.  Востров,  М.С.  Мұқанов,  У.Х.  Шәлекенов,  Ү.Қыдыралин,  Р.Д. 

Ходжаева,  Х.А.  Қауанова  т.б.  сынды  алдыңғы  толқын  отандық 

этнологтардың  есімдерімен  қатар  Халел  Арғынбайұлы  Арғынбаевтын  аты 

ерекше  аталады.  Ол,  өз  ғұмырын  осы  салаға  арнап,  1920-1940  жылдардағы 

оқиғалармен байланысты тосын қисындарға толы өмірлік белестерді басынан 

кешірді. Олардың арасында 1929-1932 жж. ауыл-шаруашылығын  зорлықпен 

ұжымдастыру,  1931-1933  жж.  ашаршылық  жылдары,  1941-1945  жж.  Ұлы 

Отан соғысы т.б. қыйын қыстау оқиғаларды атауға болады.    

Этнология ғылымының болашақ майталманы 1924 жылдың 21 қыркүйек 

күні  Павлодар  облысы,  Баянауыл  ауданы,  №  17  ауылда  (Жамбыл  атындағы 

колхоз)  орта  шаруалар  отбасында  дүниеге  келген.  Бұл  шұрайлы  өлке 

Қазақстанның  барлық  аумақтарына  ұлттық  мәдениет,  ғылым,  әдебиет 

саласындағы  бірегей  дарын  иелерін  алып  келгенімен  белгілі.  Солардың 

қатарында  қазақтың  төңкеріске  дейінгі  этнография  мен  фольклорының 

білгірі,  меценат,  Ш.Ш.  Уәлихановтың нағашысы  –  Мұса Шорманов; белгілі 

дінтанушы,  ақын,  фольклорист  Машһүр-Жүсіп  Көпеев;  қазақ  әдебиетінің 

классигі 

Сұлтанмахмұт 

Торайғыров; 

отандық 


драматургия 

мен 


киноматографияның  негізін  қалаушы  Зейін  Шашкин  мен  Шәкен  Айманов; 

театр  және  киноматографияның  шебері  Кәукен  Кенжетаев;  ғұлама  ғалым, 

Қазақстанның  Ұлттық  Ғылым  академиясының  бірінші  президенті  Қаныш 

Сәтбаев,  Ұлттық  Ғылым  академиясының  президенті  Шапық  Шөкин, 

академиктер  Әлкей  Марғұлан,  Әбікен  мен  Есен  Бектұров,  Әбілқас  Сағынов 

(Социалистік Еңбек ері), Зайрулла Дүйсенбеков және басқалары бар. 

Арғынбаевтар  отбасы,  олардың  басқа  да  ағайындары  сынды  кеңестік 

тоталитарлық жүйенің қыспағын көрді. Ұжымдастыру кезінде мал-мүлкінен 

айырылып,  көшпелі  және  жартылай  отырықшы  өлкелерді  жайлаған  зұлмат 

ашаршылықтан  қашуына  байланысты  1931  ж.  Кузбасқа  көшуге  мәжбүр 

болған. Әкесі – Арғынбай бұл жерде шахтер қызметін атқарған. Мұқтаждық 

келесі жылы әкесін Қиыр Шығысқа – Камчаткадағы Петропавловск қаласына 

көшуіне  мәжбүр  етті.  Арғынбай  –  дүкен  күзетшісі  ретінде  жұмыс  атқарса, 

анасы  –  Қарабаева  Майра  тігін  шеберханасында  қызмет  еткен.  Осы  жерде, 

Петропавловск  қаласында  Халел  Арғынбаев  алғашқы  рет  мектеп 

табалдырығын аттап, 1934 жылы 2 сыныпты бітірген. Осы жылы отбасының 

Новосібір қаласына қоныс аударуына байланысты, 3 сыныпты аталған қалада 

аяқтайды.  1935  жылы  Талдықорған  облысының  Қаратал  ауданына  көшкен. 

Мұнда әкесі колхоз ұжымына қосылады. Кейін, 1938 жылы Қапал ауданына 

қоныс аударады, 1952 жылы зейнетақыға шығады. 

1938-1939  оқу  жылдары  Халел  Арғынбайұлы  Қоңыр  орта  мектебін 

бітіріп,  Қапал  педагогикалық  учлищесіне  оқуға  түседі.  1942  жылы  аталған 

оқу орнын аяқтайды [1, 6 п.; 2]. 


Өзінің  басқада  қатарластары  сияқты  18  жасында  Кеңестік  Армия 

қатарына  борышын  өтеуге  шақырылып,  Ұлы  Отан  соғысының  майданында 

күрескен. 

1942  жылдың  1  қыркүйегінен  1943  жылдың  13  қаңтарына  дейін  ол 

Ташкент  қаласындағы  Орта  Азиялық  әскери  аймақтың  қысқа  мерзімді 

радиотелеграф курстарының курсанты болды. 1943 жылдың 8 наурызынан ол 

Воронеж  майданының  10  артиллерия  штабында  радист,  1943  жылдың  23 

сәуірінен  бастап  1945  жылдың  мамырына  дейін  фашистік  Германияның 

толық  талқандалуынан  кейін  Украина  майданында  27  артиллерия  ІІ-ІІІ 

бригадасында  радист  болып  қызмет  атқарды.  Аталған  майдандардың 

құрамында  Украина,  Молдавия,  Румыния,  Венгрия,  Чехословакия, 

Югославия  және  Австрия  аймақтарындағы  әскери  іс-қимылдарға  қатысты. 

Кейін,  1946  ж.  мамыр  айына  дейін  осы  аталған  қызметінде  Карпат  өңірі 

әскери округі құрамында болды, ал 1946 ж. мамыр айынан бастап  – Балтық 

өңірі әскери округінің (Чортков қ.) 135 артиллерия бригадасы радисттерінің 

командирі. 1947 ж. 1 наурызында ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің 4 ақпан 1947 

ж. жарлығы бойынша әскерден босатылады.  

Қатардағы  жауынгер  Халел  Арғынбайұлының  ерліктері  елдің  ерекше 

марапатымен  лайықты  бағаланды:  «Ұлы  Отан  соғысы»  ордені,  «Көрсеткен 

ерліктері  үшін»  медальдар,  «1941-1945  жж.  Ұлы  Отан  соғысында 

Германияны  жеңісі  үшін»,  «1941-1945  жж.  Ұлы  Отан  соғысының  жеңісіне 

жиырма жыл», «КСРО қарулы күштеріне 50 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан 

соғысының жеңісіне отыз жыл» [1, 5-6 пп.]. 

Әскерден  кейін  Халел  Арғынбайұлы  өзінің  туған  өлкесіне  оралып, 

білімін  жоғары  деңгейде  жетілдіру  мақсатында  1947  ж.  қыркүйек  айында 

Абай атындағы Ұстаздық және Педагогика Мемлекеттік институтының тарих 

факультетіне  оқуға  түсіп,  1951  ж.  үздік  бітіріп  шығады.  Аталған  жылдың 

тамыз  айында  республикадағы  ағартушылық  жұмыстарын  жүргізу 

барысында  Министрліктің  тапсырысы  бойынша  Панфилов  қаласының 

Педагогикалық  училищесіне  оқу  ісі  жөніндегі  директордың  орынбасары 

қызметіне жіберіледі. Осы қызметті атқарумен қатар, ол КСРО және ҚазССР 

тарихы дәрістерінен сабақ береді [1, 137 п.; 3, с.35]. 

Аталған  пәндерді  оқыта  отырып,  ол  қазақ  халқының  заттық  және 

дәстүрлі рухани мәдениетіне және көршілес орыс-украин халқы мәдениетінің  

өзара әрекет етуіне назар аудара бастайды. Балалық шағынан бастап аталған 

халықтардың тұрмыс тіршілігі және мәдениетінде кездесетін түрлі құрамдас 

бөліктерінің  куәсі  бола  отырып,  өз  білімін  осы  сала  бойынша  жетілдіріп, 

кәсіби бағытта айналысуына көңіл бөледі. 

1954  ж.  15  қазанында  Халел  Арғынбайұлы  конкурс  негізінде  Қазақ 

КСРО-ның  Ғылым  академиясы  Ш.Ш.  Уәлиханов  атындағы  Тарих, 

археология  және  этнография  институтының  (кейін  –  ТАЭИ)  этнография 

бөлімінің  аспирантурасына  оқуға  түседі.  Аспиранттың  ғылыми  жетекшісі 

болып,  қазақ  халқының  дәстүрлі  этнографиясына  сүбелі  еңбек  сіңірген 

Ирина Витальевна Захарова бекітілді. 1940-1945 жж. ол Ломоносов атындағы 

Мәскеу  Мемелкеттік  университетінің  тарих  факультетінде,  1946-1949  жж. 


КСРО  Ғылым академиясының  Н.Н.  Миклухо-Маклай  атындағы  Этнография 

институтының  аспирантурасында  білім  алған.  1952  ж.  аталған  Институтта 

«Кеңес үкіметі ұйғырларының заттық мәдениеті» тақырыбында кандидаттық 

диссертация қорғайды. 1950-1954 жж. ҚазССР Ғылым академиясының ТАЭИ 

кіші  ғылыми,  кейін  ғылыми  қызметкері,  ал  1954  ж.  қыркүйегі  мен  1957  ж. 

қыркүйек  айлары  аралығында  Этнография  бөлімі  меңгерушісі  қызметін 

атқарды [1, 137 п.; 4]. 

Халел  Арғынбайұлының  диссертациясы  И.В.  Захарованың  ғылыми 

ізденістерімен  ұштастырылып,  Институттың  Ғылыми  кеңесінде  келесі 

атаумен бекітілді – «Орыс пен қазақ халқының тарихи-мәдени байланыстары 

және  олардың  ХІХ  ғ.  екінші  жартысы  мен  Қазан  төңкерісіне  дейінгі 

қазақтардың  заттық  мәдениетіне  ықпалы  (Семей  облысы  материалдары 

бойынша)». Бұл жұмыс ел арасынан жиналған мәліметтермен, ҚазССР ОММ 

мен  Семей  облысының  тарихи-өлкетанулық  музейінің  мұрағат  құжаттары, 

төңкеріске  дейін  жарияланған  әр  түрлі  әдебиеттерді  пайдалана  отырып 

жазылған. 

1957  ж.  қараша  айының  ортасында  Қазақстан  этнографиясы  бойынша 

мамандырылған Халел Арғынбайұлының аспиранттық мерзімі аяқталады. 16 

қарашада  Институттың  этнография  бөлімінде  жұмыс  ғылыми  талқылаудан 

өткізіліп,  оны  аталмыш  бөлімде  кіші  ғылыми  қызметкер,  кейіннен  ҚазССР 

Ғылым  академиясының  Қоғамдық  ғылымдар  бөлімінің  президиумында 

бекітуге  ұсынады.  Екі  жылдан  кейін,  оның  тарихи-этнографиялық 

зерттеулері 

ҚазССР 


Ғылым 

академиясының 

ТАЭИ 

Еңбектерінде 



жарияланады  [4].  Шығыс  Қазақстанның  материалдары  негізінде  жазылған 

диссертацияның басым бөлігі Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Н.Н. 

Миклухо-Маклай  атындағы  Этнография  институтының  Орта  Азия  мен 

Қазақстан  халықтары  секторында  талқыланып,  Диссертациялық  кеңесте 

қорғауға  ұсынылады.  1960  жылы  19  мамыр  күні  Мәскеуде  Халел 

Арғынбайұлы кандидаттық диссертациясын табысты қорғайды [1, 15 п.]. 

1961  ж.  22  қыркүйекте  ҚазССР  Ғылым  академиясының  Қоғамдық  

ғылымдар  бөлімінің  мәжілісінде,  осы  бөлімнің  ҚазССР  Ғылым 

академиясының академик-хатшысы С.Н. Покровский жүргізген мәжілісте, ол 

ҚазССР  Ғылым  академиясының  ТАЭИ    аға  ғылыми  қызметкері  қызметіне 

тағайындалады.  Екі  жылдан  кейін  1963  ж.  29  желтоқсанда    ҚазССР  Ғылым 

академиясының  президиуымының  №20/2  қаулысымен  Х.  Арғынбаевқа  аға 

ғылыми  қызметкер  ғылыми  атағы  берілді.    Бұл  Қаулыны  ҚазССР  Ғылым 

академиясының  вице-президенті,  ҚазССР  Ғылым  академиясының  академигі  

А. Полосухин дайындады [1, 24 п.]. 

Әрине,  бұл  қызмет  оның  дәстүрлі  қазақ  этнологиясына  атқарған 

белсенді ғылыми-зерттеу еңбегі үшін берілді. Оның көптеген жылдардағы әр 

облысқа, аудандарға Шығыс, Солтүстік, Орталық, Батыс, Оңтүстік Қазақстан 

және  Жетісу  жерлеріне  ғылымдағы  аға  әріптестерімен  –  академик  Ә.Х. 

Марғұлан, тарих  ғылымдарының  кандидаты И.В. Захарова, жас ғалым  М.С. 

Мұқанов және Р.Д. Ходжаевамен жасалған экспедицияларының нәтижесінде 

ел  арасынан  қыруар  мәліметтер  жинады.  Бұл  мәліметтер  Орта  Азия  және 



Қазақстанның тарихи-этнографиялық Атласына, екі томдық «Орта Азия және 

Қазақстан  халқы»  этнографиясына,  «Қазақ  колхоздық  ауылдарының 

мәдениеті  мен  тұрмысы»,  сонымен  қатар  Институттың  этнология  бөлімі 

қызметкерлерінің  болашақтағы  ғылыми  зерттеулеріне  құнды  мәліметтер 

болып табылады [6, 15 б.].     

1960 


жылдары 

Х.А. 


Арғынбаев 

қазақтың 

дәстүрлі 

мал 


шаруашылығының  қалыптасуы  және  тіршілік  қамы  жүйесінің  өзекті  

мәселелеріне  көңіл  аударады  [7].  Аса  құнды  мұрағаттық  материалдарды, 

төңкеріске  дейінгі  дереккөздерді,  ел  арасынан  жиналған  материалдарды 

пайдалана  отырып,  ол  мал  өрісі  жүйесін,  көшпелі,  жартылай  көшпелі, 

отырықшы  мал  шаруашылығының  негізгі  ерекшелігін,  көшпеліліктің 

бағыттары  мен  кеңістігін,  сипатын,  таралу  аймағын  талдап  қана  қоймай, 

маусымдық  жайылымның  өнімділігін  ерекшеліктерін  зерделей  келе  төрт 

түліктің түрлерінің құрылымының маңыздылығын нықтап аша білді.  

Ғалым ең алғаш этнография ғылымында қазақтардың сонау ғасырлардан 

бері келе жатқан көшпелілердің шаруашылығындағы малды емдеу әдістерін, 

дәстүрлі мал дәрігерлік жүйесіне байланысты қомақты еңбегін жария етті [8]. 

Халел  Арғынбайұлының  1973  жылы  жарық  көрген  отбасы  мен  некеге 

арналған  көлемді  монографиясы  тек  тарихшы,  этнограф,  жалпы 

гуманитарлық  бағыттардағы  ғалымдарды  ғана  емес,  жалпы  оқырман 

қауымның қызығушылығын арттырды. Аталмыш зерттеуінде ғалым алғашқы 

дәстүрлі  қазақ  отбасының  жан-жақты  құрылымын,  сипатын,  түрлерін 

анықтап,  отбасы  дәстүрінің  өзіндік  ішкі    қарым-қатынасын,  сонымен  қатар, 

Қазан  төңкерісіне  дейінгі  Қазақстанда  кең  таралған  неке  түрлерін 

қарастырды.  Қорытынды  төртінші  бөлімінде  республика  көлемінде 

этнографиялық  экспедицияда  20  жыл  бойы  ел  арасынан  жинаған 

материалдары  бойынша  Кеңес  дәуіріне  дейінгі  отбасы-неке  қарым-

қатынасына  байланысты  негізгі  бөліктерін  жинақтап  (36  бет)  айқындайды. 

Соның  ішінде  автор  1920-1930  жылдардағы  қазақ  әйелдерінің  теңдігі,  көп 

әйел  алуды  жою  мен  әмеңгерлікке  көңіл  бөлген.  Сондай-ақ,  соңғы 

онжылдықтағы  отбасы  жағдайындағы  өзгерістер,  әлеуметтік-экономикалық 

және  мәдени  өмірі  жайлы  да  айтылады.  Отбасы  ішіндегі  қарым-қатынас, 

некеге  тұрудың  түрлері,  дәстүрлері,  некедегі  тұрақтылық,  некенің  бұзылуы 

сынды жасалған нәтижелер бірқатар қызығушылықты арттыра білді [9].  

  Осындай  көлемді  монографиялық  зерттеу  нәтижесі  Х.Арғынбаевқа 

1975  жылы    республикамыздың  Ғылым  академиясының  Ш.Ш.  Уәлиханов 

атындағы Тарих, археология және этнология институтының Диссертациялық 

кеңесінде  «Қазақ  халқындағы  семья  мен  неке»  атты  докторлық 

диссертациясының  қорғауына  негіз  қалады.  КСРО  Министрлер  Кеңесінің 

Жоғарғы  аттестациялық  комиссиясының  шешімімен  1977  ж.  18  наурыз 

айында (№10 хаттама) Халел Арғынбайұлына тарих ғылымдарының докторы 

ғылыми дәрежесі берілді [1, 185 п.]. 

  Ғалым бір мезгілде әр түрлі антропологтар мен этнографтарға арналған 

ғылыми  форумдарға:  VІІ-і  (Мәскеу,  1964)  және  ІХ-ы  (Чикаго,  1973) 

халықаралық  конгресс,  Бүкілодақтық  сессия  және  симпозиумдар  Ашхабад 


(1967), Ташкент (1969), Алматы (1972), Мәскеу (1974)  белсене қатысады [1, 

42 п; 3, с.35]. 

  Осындай  беделділік,  ғылымға  деген  қызығушылық,  бөлімдегі 

әріптестеріне  деген  сыпайылық  пен  жақсы  қарым-қатынасының  арқасында 

1976    жылы    ҚазССР  Ғылым  академиясының  вице-президенті,  Институт 

директоры  А.Н.  Нүсіпбеков  1976  жылдың  желтоқсанында  Халел 

Арғынбаевты  этнография  бөлімінің  меңгерушісінің  уақытша  атқару 

қызметіне тағайындады. 1977 жылы 20 мамырда конкурс нәтижесі бойынша 

осы  қызметке  сайланады.  Осы  жылдың  28  мамырында  ҚазССР  Ғылым 

академиясының  корреспондент-мүшесі,  бөлімнің  академик-хатшысы  З.А. 

Ахметовтың  басқаруымен  Қоғамдық  ғылымдар  бөлімі  бюросының 

мәжілісінде,  конкурс  нәтижесі  бойынша  этнография  бөлімінің  меңгерушісі 

қызметіне  тағайындалды  [1,  52,  60-62  пп].  КСРО  Министрлер  Кеңесінің 

Жоғарғы Аттестациялық  Комиссиясының 1982 ж. 19 ақпандағы шешімімен 

ғалымға  археология  және  этнография  кафедрасының  профессоры  атағы 

берілді. Ғалым бұл бөлім меңгерушісі қызметіне екі рет, атап айтқанда 1982 

ж. 12 қарашада  және  1986 ж. 19 мамырда  сайланды. 1990 ж. қаңтарында ол 

этнография бөлімінің бас ғылыми қызметкері қызметіне аттестацияланды [1, 

98, 111, 117 пп.]. 

  1980 ж. жарық көрген «ХІХ-ХХ ғғ. қазақ халқының шаруашылы» атты  

ұжымдық  монографияда,  көп  жылғы  жұмыс  нәтижесінде  Орта  Азия 

халықтары  және  Қазақстанның  тарихи-этнографиялық  Атласы  еңбектерінің 

«Төртүлік  және  оның  түрлері»,  «Төртүлікке  байланысты  наным-сенімдер» 

негізі бөлімдерінің  авторы Х.А. Арғынбаев болды [10]. 

   Халел  Арғынбаевтың  кең  дүниетанымы,  оның  заттық  және  рухани 

мәдениеті, неке және отбасы қарым-қатынастары зерттеулерінен бөлек, қазақ 

халқының қолданбалы сәндік өнері бойынша зерттеу жұмыстары дәлел бола 

алады.  1987  жылы  шыққан  еңбекте,  кезінде  академиялық  әріптестері  Ә.Х. 

Марғұлан,  Э.А.  Масанов  және  М.С.  Мұқанов  сияқты  ғалымдар  көтерген 

мәселелерге  ғалым  өзіндік  ғылыми  үлесін  қосты.  Монографияның  негізін 

алдыңғы  онжылдықта  автордың  ел  арасынан  жинаған  деректері  құрайды. 

Олардың арасында: тарихи-өлкетанулық музейлердің жәдігерлері, төңкеріске 

дейінгі  жазба  деректері.  Бұл  еңбекте  қазақтардың  дәстүрлі  қолданбалы 

өнерінің  құрамдас  бөліктері:  ағаш  ою,  металл,  тас,  тері,  мүйіз,  сүйек 

бұйымдарын көркемдік өңдеу салалары зерттелген [11]. 

1990  ж.  1  қаңтарындағы  мәлеметтер  бойынша  Х.А.  Арғынбаевтың  7 

монографиясы,  167  мақаласы,  солардың  ішінде  докторлық  диссертациясын 

қорғаған уақыттан бері қарай 2 монография және  102 мақаласы жарық көрді 

[1, 115 п.].  

  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТАЭИ  ғылыми өміріндегі ерекше құбылыс 

ретінде 1995 ж. жарыққа  шыққан «Қазақтар. Тархи-этнографиялық  зерттеу» 

ұжымдық  монографиясын  атауға  болады.  Бұл  монографияда  этникалық 

үдерістер,  дәстүрлі  шаруалықты  жүргізудің  әдістері,  ұсталық  өнері, 

материалдық  және  рухани-мәдени  элементтері,  ХІХ-ХХ  ғғ.  қазақ  халқының 

отбасы мен неке мәселелері қарастырылған [12]. 


1990  ж.  екінші  жартысында  ғалым  белсенді  түрде  қазақтың  тарихи 

этнографиясының  белгісіз  жақтарын  зерттеуді  бастайды.  Мәселен,  дәстүрлі 

ілімдердің тіршілік қамы қызметтері мен генеология (шежіре) мәселелері. 

1998  ж.  Х.А.  Арғынбаев  қаза  болған  соң  «Қазақтардың  дәстүрлі 

мәдениетінің  тіршілік  қамы»  атты  ұжымдық  монографиясы  жарық  көреді. 

Бұл  жұмыс  отандық  этнологиядағы  теориялық  және  нақты-этнографиялық 

зерттеу  бойынша  алғашқы  еңбектердің  бірі  болып  табылады.  Халел 

Арғынбайұлы  аталған  еңбекте  қазақтардың  тіршілік  қамы  мәдениетінің 

құрамдас  бөлігі  дәстүрлі  ілімдердің  құрылымы  мен  тіршілік  қамы  қызметін 

зерттеген [13]. Ерекше атап өтетін бір жайт, бұл еңбек оның координаторы, 

белгілі  этнограф  Н.Әлімбайдың  арқасында  жарияланды.  Себебі,  сол  жылы 

монографияның үшінші авторы М.С. Мұқанов та марқұм болған еді. 

2000  ж.  Х.Арғынбаев,  М.С.  Мұқанов  және  В.В.  Востров  қайтыс 

болғаннан  кейін,  олардың  еңбегі  бағаланып,  қазақтардың  үш  жүзі  –  Ұлы, 

Орта,  Кіші,  тайпаларының  генеологиясына  (шежіре)  қатысты  жұмыстары 

жарияланды.  Еңбектің  басқа  ұқсас  зерттеулерден  айырмашылығы  сипаттау, 

классификациялау  сияқты  ғылыми  әдістерімен  қоса,  қазақ  жүздерінің  шығу 

тегі,  олардың  орналасуы  мен  этникалық  құрамы  кең  түрде  қарастырылған 

[14]. Осы жолы да, библиографиялық сирек кітапқа жататын жарияланымның 

шығуына Халел Арғынбайұлы мен Марат Сәбитұлының шәкірті, «Атамұра» 

баспасының бас редакторы А.Б. Прмановтың еңбегі ерекше. 

2005  ж.  автордың  келесі  монографиясы,  қазақ  отбасының  дәстүрі: 

балалық, үйленуге және өлім-жітім сынды әдет-ғұрыптарға арналған зерттеуі 

«Қайнар» баспасынан жарық көрді [15]. Ол толығымен көп жылдар бойы ел 

арасынан  жинаған  этнографиялық  мәліметтер,  мұрағат  деректері  және 

арнайы  әдебиеттер  негізінде  жазылды.  Монографияның  құндылығы  – 

отбасылық  әдет-ғұрптардың  шығу  тегіне  және  даму  ерекшеліктеріне  ғана 

емес,  сонымен  қатар  әр  аймақтағы  басымдықтар  мен  олардағы  біркелкілік 

және ерекше тұстарының болуында. 

Халел  Арғынбайұлы  өзінің  ғылыми  жұмысын  1966-1970  жж.  Абай 

атындағы  ҚазПИ-де  педагогикалық  қызметімен  және  1958-1959,  1975-1987 

жж.  С.М.  Киров  атындағы  ҚазМУ-дың  археология  және  этнография 

кафедрасында профессорлық қызметімен жалғастырған [1, 73, 96 пп.] 

Сонымен  қатар,  Х.А.  Арғынбаевты  қазақстандық  этнографтар 

мектебінің  негізін  қалаушысы  деп  айтуға  толық  негіз  бар.  Оның  ғылыми 

жетекшілігімен  «этнография»  мамандығы  бойынша  Алматы  және  Мәскеу 

қалаларында  15  докторлық  және  кандидаттық  диссертациялар  қорғалды. 

Ғалымның  шәкірттері  арасында  құнды  жұмыстарымен  республикамызда 

танымал  тарих  ғылымдарының  докторлары  Ү.Қыдыралин,  С.Е.  Әжіғали, 

Ж.О.  Артықбаев,  Ш.Ж.  Тохтабаева,  А.У.  Тоқтабай,  А.Б.  Қалыш  және  т.б. 

атауға болады. 

Жалпы  айтқанда,  Халел  Арғынбаевтың  бүкіл  өмірі,  оның 

ұйымдастырушылық,  ғылыми-педагогикалық  қызметі,  қазіргі  және  болашақ 

тарихшылар мен этнологтар үшін мысал бола алады. Ғалымның адамгершілік 

мінезі  мен  қарапайымдылығы,  кеңпейілділігі,  тектілігі,  ақылдылығы  мен 


данышпандылығы  әріптестері  және  шәкірттерінің,  жақындары  әрі 

туыстарының есінде мәңгілік сақталады. 



 

А.Б. Қалыш., т.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық 

университеті, археология, этнология және музеология кафедрасының 

меңгерушісі 



 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

 

1.

 



 ҚР БҒМ Біріккен мекемелік мұрағаты (кейін ҚР БҒМ БММ). қ.-11, т.-1, 

а-л. 498 - іс, 223 п. 

2.

 

Арғынбаев Х. Баянулдан Камчаткаға дейін // Жұлдыз. – 1991. – №7. – 



125-142 б. 

3.

 



Биобиблиография обществоведов Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1986. 

– 478 с. 

4.

 

ҚР БҒМ БММ. қ.-11, т.-1, а-л. 532 - іс., 1, 4, 32 пп. 



5.

 

Аргынбаев  Х.А.  Историко-культурные  связи  русского  и  казахского 



народов и их влияние на материальную культуру казахов в середине ХІХ и 

начале ХХ вв. // Труды ИИАЭ АН КазССР. – 1959. – Т.6. – С.19-90. 

6.

 

Калыш  А.Б.,  Исаева  Ә.И.  1945-2000  жылдардағы  Қазақстан 



Республикасы  Ұлттық  Ғылым  Академиясының  Ш.Ш.  Уәлиханов  атындағы 

тарих және  этнология институндағы  этнография  ғылымының дамуы  //  Отан 

тарихы. – 2003. – 13-24 бб. 

7.

 



Арғынбаев  Х.А.  Қазақтың  мал    шаруашылығы  хақында.  –  Алматы: 

Ғылым, 1969. – 170 б.  

8.

 

Аргынбаев  Х.А.  Этнографический  очерк  о  народной  ветеринарии 



казахов. – Алма-Ата: Кайнар, 1963. – 51 с. (на каз. языке). 

9.

 



Арғынбаев  Х.А.  Қазақ  халқындағы  семья  мен  неке  (тарихи-

этнографиялық шолу).  – Алматы: Ғылым, 1973. – 328 б. 

10.

 

Хозяйство  казахов  на    рубеже  ХІХ–ХХ  вв.  –  Алма-Ата:  Наука, 



1980. – 254 с. 

11.


 

 Арғынбаев  Х.А.  Қазақ  халқының  қолөнері:  Ғылыми  зерттеу  еңбек.  – 

Алматы: Өнер, 1987. – 128 б. 

12.


 

Казахи. 


Историко-этнографическое 

исследование. 

– 

Алматы: 


Казахстан, 1995. – 352 с. 

13.


 

Алимбай  Н.,  Муканов  М.С.,  Аргынбаев  Х.  Традиционная  культура 

жизнеобеспечения  казахов.  Очерки  теории  и  истории.  –  Алматы:  Ғылым, 

1998. – 234 с. 

14.

 

Арғынбаев  Х.,  Мұқанов  М.,  Востров  В..  Қазақ  шежіресі  хақында.  – 



Алматы: Атамұра, 2000. – 464 б. 

15.


 

Арғынбаев  Х.А.  Қазақтың  отбасылық  дәстүрлері.  –  Алматы:  Қайнар, 

2005. – 215 б. 

 

    




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет