Жиілік сөздіктер түзудің теориялық мәселелері
Қазақ тілі біртіндеп ғылым, саясат, басқару, ақпараттың толыққанды тілі болып келеді. Ғылымның барлық салаларында, қоғамның саяси өмірінде және ақпараттық-техникалық кеңістігінде мемлекеттік тілдің дамуынсыз саяси, ғылыми, эстетикалық, қоғамның құқықтық санасын дамыту мүмкін емес, ал қоғамдық сананың дамымай қалған негізгі түрлері бар қоғам аморфты, деструктивті, ол мемлекет пен биліктің тұрақтылығы үшін қауіпсіз емес. Сондықтан оның тез арада қалыптасу үдерістерін және толығымен ғылымға: жаратылыстану және техникалық, соның ішінде ақпарат, басқару қызмет етуін жандандыру қажет; қазақ тілі жоғары технологиялар мен ғаламтор кеңістігінің тілі болуы қажет. Осыған байланысты қазақтілді кадрларды: ІТ мамандарды, бағдарламалаушыларды, компьютерлік инженерлерді, информатика мамандарын тәрбиелеу қажет. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бастамасымен Қазақ тілінің ұлттық корпусы жобасын жүзеге асыру қажет.
«Лексикография» термині қазіргі кезде негізінен төмендегідей мәнде қолданылып келеді: 1) сөздіктерді түзу принциптерін зерттей- тін ғылым, сөздік жасау теориясы; 2) сөздік жасау ісі; 3) бір тілдегі сөз- діктер жиынтығы; 4) бір елдегі сөздіктер жиынтығы (Ахманов О.С., Берков В.П.). Тіл білімінің лексикография саласы сөздіктер жасаудың теориясын, оның практикалық ерекшеліктерін, яғни теориялық лексикография лексикалық бірліктерді сұрыптау, сөзтізбенің көлемі мен сипаты, материалдарды орналастыру қағидалары, сөздік мақаланың құрылымы, сөздік анықтаманың түрлері, лексикалық бірлік туралы ақпарат т.б. сияқты мәселелерді зерттеу, сөздіктердің типологиясын жасау, лексикография тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеу тәрізді кешенді мәселелерді зерттеумен айналысады. Ал практикалық лексикография сөздіктер жасауды, сөздік материалдарын жинақтау мен сақтауды мақсат етсе, оның нәтижесі – сөздіктер мынадай қоғамдық маңызды қызметтер атқарады: 1) тіл үйрету; 2) ана тілді нормаландыру; 3) тіларалық қатынас; 4) тіл лексикасын ғылыми тұрғыдан зерттеу. Сондықтан лексикография ілімі тіл ғылымы саласындағы зерттеулер үшін маңызды болуымен қатар, қоғамның рухани өміріндегі құнды мәдени мұрасы – сөздіктердің ерекшеліктерін танытуға қызмет етеді.
|