Әдеби KZ Бақты-Қожа уәзір қателеспеді. Қасқырдың қаншығы тек күшігі қасқыр бол-
ғанша ғана ана, ал күшігі қасқыр болғаннан кейін, анасы да оған қасқыр. Ақылды
уәзір Сүйіншікке «Ханға әке де, шеше де, аға-іні де — тек алтын тақ» деп бекер
айтпаған еді.
Уәзір ханға Сүйіншіктің тілін осылайша тапқанын ашпады. «Ханға бәрі бір емес
пе, баласы анасының басын қалай алғаны. Тек бұйрығы орындалса бол-
ғаны ғой».
— Жақсы, Бақты-Қожа уәзір, — деді хан, анау басын төмен иді.
Осы сәтте Ақжол бидің өлгенін естіртуге шабарман келді.
Әбілқайыр Тарланкөкке мініп, қалың нөкерлері мен «хан қорғаны»
жауынгерлерін ертіп, қазақтың көне дәстүрін сақтап, Ақжол аулына көңіл айтуға
аттанды. Орда-Базарды қоршай қонған қазақ ауылдарын аралай, Қаракеңгірдің
етек жағына қаза болған Ақжол биге арнап тіккен үйлерге беттеп келе жатты. Хан
атының басын тежей тартып, әлсін-әлсін өзен, көл бойларын жағалай жайлаған
қалың елге қарап қояды. Қараған сайын сұрлана түседі. Арғын, Қыпшақ, Найман,
Қоңырат, Керей, Уақ ауылдарының маңайында өреде ерттеулі ат, белдікте
шошайған найза сойыл. Жайшылықтағы тыныш жататын бейбіт елде жауға шығар,
не жау күтер алдында осындай бір сұсты түр пайда болатын. Мынау жорыққа
дайындалған, дүрліккен ауылдар. Тек Маңғыт, Бүркіт, Барлас, Қарашын, Қосшы
рулары мен төлеңгіт ауылдары жайбарақат. Әбілқайыр қазақ руларының түрін
көріп сескенейін деді. Қобыландыға Ақжолды өлтір деп бекер ақыл бердім бе,
қалай деп ойлайды ол бір мезет. Жаздың жарқыраған әдемі күнінде жауар
бұлттай қаһарлана қалған, мынау, қалың елдің осыншама кәр көрсетуіне себеп
болғанына, Әбілқайыр енді өкінді. Ақжолдың құнын жоқтап Жәнібек пен Керей
құр қол келе қалады деген жорамалының да бұрысқа шыққанын ұқты. «Ақжол
ажалын Жәнібек пен Керей өз мұраттарына пайдалана білген екен. Енді тек
айқастың күндерін күтіп отыр-ау деді ол ішінен. Ханның қайсарлылығы ұстап кетті.
— Айқасса Әбілқайыр дайын. Қазірдің өзінде биылғы жылдай бейбітшілік жылдың