2.1 Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын, шығармашылық құзыреттілігін дамыту жолдары Оқушылардың орындайтын өздік шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыруда саралай оқыту әрекеті – білім алуға бағыттаған әрекет. Ол өз бетінше әрі мұғалімнің жетекшілігімен жүзеге асады.
Кез-келген дамыған өндіріс қазіргі таңда шығармашылықпен жұмыс жасауды талап ететін адамды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамның негізгі іс-әрекеті ақыл-ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс-әрекетте тасымалдай алуға негіздейді. «Шығармашылық» ұғымы жөнінде Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасында: «Шығармашылық — бұл адамның өмір шындығында өзін — өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түюі, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет» - делінген.
Мектептегі оқу процесі оқушылардың іздемпаздығын, танымдылық белсенділігін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуында жол ашуы қажет. Оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары формасына олардың өз еркімен амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады.
Оқушылардың шығармашылығын, іздемпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық, пәндік апталықтар мен ғылыми - шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық іздемпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану - олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай-ақ мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркем өнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді.
Шығармашылыққа үйрету тұлғаның интеллектуалдық аспектісі ғана емес, оның психологиялық, мінез-құлық ерекшеліктерін де көздейді. Оған жігерлілік, жаңа жағдайларға бейімделуге икемділік, қаржылық пен табандылық, тәуелсіздік пен адамгершілік сезімі, ынтымақтастық, қажырлы еңбекке қабілеті, белгісіз жағдайдағы өзіне сенімділік, ақиқаты іздеудегі және қарым — қатынастағы адалдық жатады. Әр сыныптағы әр оқушыға байланысты мұғалім өзінің мақсатқа жету жолдарын іздейді. Ол оның үстіне басты шарты аталған қасиеттерді көрсетуге тырысады.
Оқушылардың жоспарлы жұмыс істеуге және өз жұмысының нәтижесін өзі тексеруге, оларды тапсырманы орындаудың тәртібі мен әдістерін анықтай білуге, сабақта, бір күнгі, апта ішіндегі, ай ішіндегі өз жұмысын жоспарлай білуге ұсынылған критерийлер негізінде өз жұмысының нәтижесін талдау мен бағалауға, сондай-ақ мұндай критерийлерді өздері жасауға үйретуді көздейді.
Шығармашылық сабақтың базалық негізін анықтауда әр жағдайда сабақтың үйлесімді үлгісі таңдап алынды. Шығармашылық сабақтың мақсаты оқушылардың өзіндік білімділік нәтижесін құру болып табылады. Оқыту сабақтарының шығармашылық сипаты оқушының танымдық белсенділігін оятып оның шығармашылық қабілеттерінің дамуына адамгершілік қасиеттеріне әсер етеді. Ұжымдық сабақтарда өзінің сыныптасының кемшілігін көруге өзгелердің ісінен сабақ алуға танымдық әлеуметтік ұстанымының қалыптасуына өз ортасының пікірінің әсері зор. Мұндай сабақтарда оқушылардың ұжымдық ой-пікірлері қалыптасады.
Сабақ үстінде ұжымдық шығармашылық қалыптасуы үшін оқушылардың міндеттерін көрсетсек:
- өзіндік пікірлерін дәлелдеу;
- пікірталастар мен талқылауларға қатысуы қажет;
- өзінің жолдасына мұғалімдерге сұрақ қоюы;
- жолдасының жауабыңа пікір айту;
- сыныптасының жауабы мен жазбаша жұмысын бағалау;
- үлгерімі нашар сыныптастарын оқытумен айналысу;
- үлгермеушілерге түсініксіз жерін түсіндіру;
- өз бетімен қиындау тапсырмаларды таңдау;
- танымдық тапсырманың шешімдерін табуда бірнеше нұсқасын көрсету;
- өзіндік бағалауға жағдай туғызу өзінің танымдық және практикалық әрекетін талдау;
- танымдық тапсырмаларды шешуде бұрыннан білетін әдісті қолдану арқылы орындау.
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда сабақтарды түрленіп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап өтсек: сабақ құрылымының ұйымдастырылуы сыныптағы оқушылардың іс-әрекетін бақылауға қолайлылық оқу - танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқыту уақытының үнемделуі.
Шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігі қалыптасып, ұстазы берген ақпаратты, іс-әрекет тәсілдері мен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және ұжымдық тәжірибе тағлымдарын игеріп қана қоймай, оқушы барлық іс-әрекетте шығармашылық бағыт ұстанады, қабілет, білігін ұштай түседі.