Пікірлер:
Жазушы Аманхан Әлімовтың Кеңшілік ақын туралы төмендегідей пікірі де ерекше назар аударуға тұрады: «Лирик ақын Кеңшілік болмысынан үлкен эпикалық тыныстың да иесі еді. Онысы ұзақ-ұзақ толғау, балладаларынан ақ қылаң ұратын. Оқиға желісі, баяндау мәнері, жазу стилі өзгеге ұқсамайтын ол, еркін көсіледі. Жазғандарында кібіртік танытып, іркіліп, тежелуі кездеспейді. Сондықтан болу керек, ақын поэма жанрында да судағы балықтай сезінеді. «Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Қойшы мен космонавт», «Сарыөзек сағыныш» поэмалары соның айғағы. Аталған туындылардың қай қайсысы болсын тақырыптық жағынан үлкен жүк көтеріп тұр. Шымыр сомдалған Біржан мен Иманжүсіп образдары жан-жақты ашылған, сенімді, жүріп көргені, біліп сезгені еркіндік қана болған екі алыптың болмыс бітімі шынайы да сыршыл шертіледі. Кеңшілік поэмаларындағы диалогтарды оқығанда керемет шеберлікке таң қаласың. Оларда ақын кейіпкерлерінің жан дүниесін, бітім болмысын барынша ашады.
«Өкілі сегіз болыс. Жүз қаралы,
Төбе би төрде отырған сызданады.
Сескенбей ештеңеден Иманжүсіп,
Сотта тұр Қараөткелдің мұзбалағы.
- Ал, кәне, сөйле? - деді төрдегісі, -
Дейді ғой, осы өңірдің сен бөрісі.
- Ол рас, - деді сері,- сол бөрінің
Қор боп тұр кештеу түлеп көнтерісі».
«Иманжүсіп» Осы бір қас пен көздің арасындағы сөз қақтығыстан-ақ ақын өзінің кейіпкерінің алымдылығына қоса шалымдылығын, өжет ерлігін пайымдайды. Кейіпкер мінезін ашуда мін жоқ. Бұл қасиетті поэманың кез келгенінен байқауға болады» - дейді байқағыш сыншы.
Кеңшіліктің ақындығы туралы лайықты тура бағасын бергендердің бірі – Қуанышбай Құрманғали. Ол Кеңшіліктің:
«…Жайлауға бірге барғанда,
Кезекпен әнге салғанда.
Кезіккенімді білмеппін,
Қадыр түн - қайран, арманға!» дейтін өлеңін мысалға ала отырып, былай дейді:
«Талантты ақынның тағы бір тамаша қыры оның өлеңдерінен қазақи иіс шығып тұратындығы. Авторына қарамай-ақ аңғаруға болатын осынау қасиеті сермегенін, шыққан биігінің заңғарлығын зерделейсің. Осы орайда Кеңшіліктің алқалы топқа атын танытқан, алғашқы кітаптарында жарияланған «Қайрақ», «Әубәкір туралы элегия», «Апам», «Анар», «Мөр», «Төлеутайдың төрт қызы», «Ақ көйлек», «Ваня», «Күлғайша», «Тобық», т. б. толып жатқан жырлары ойымызға оралып, жадымызда жаңғырады». Тағы да «Кеңшілік өлеңдерінде өрнектелген ұлттық мақам, бояу, қазақи сөз саптасы сыңғырлап тұратын. Сондықтан да естіген кісіні өлеңдетіп еліктіріп ала жөнелетін» дейді ол. Мен Қуанышбайдың Кеңшілік шығармашылығына берген әділ де, тура берген бағасына разы болдым. Өйткені Кеңшіліктің поэзия кеңістігінде шыққан биігін көп ақын сыншылар білсе де, көп алдында айтпай жүрген, немесе айтқысы келмей жүрген шындық еді.
Кеңшілік туралы жеріне жеткізіп айтқандардың бірі- Иранғайып еді:
«...Жаратқаны, жарылқағаны емей не дерсіз - өзі өліп жатып өлшеулі өмірін мәңгі өлмес өлең - жырының арқауы етсе?! Бұдан артық Адамнан не талап етуге болады?! Қанша «құдай» еді дегенмен Адамның аты - Адам -Пенде ғой, әрі кетсе - Ақын…
Ал, Ақынды «құдай» емес деп көріңіз?!
«Табаным талай шоқ басып,
Қып-қызыл отқа күйді ерін.
Тарпаң ем, тағдыр ноқтасын
Салғызбай басқа сүйредім.
Салғызбай қайда барайын,
Артық деп едің мен кімнен.
Кең дүние еді сарайым,
Қор болмасыма сендім мен...»
Иә, «Кетті бір адам, Өтті бір ақын дүниеден, Сезімі мен сөзіне ғана сүйенген,..». Кеңшіліктің бұл дүниеден кеткенінеде жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Кезінде оның қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, тіпті ҰЛТ АҚЫНЫ атына лайық ақын екені айтылды.
Достарыңызбен бөлісу: |