Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігі
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
Курстық жұмыс Тақырыбы: Кеңшілік Мырзабековтың лирикасы
I .КІРІСПЕ БӨЛІМ ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ ІІІ ҚОРЫТЫНДЫ ІV ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
I.Кіріспе бөлім Қазақ өлеңіне алпысыншы жылдары келген таңдаулы ақындардың ішінде Кеңшілік Мырзабеков (1946-1989) алар орны тұғырлы, дара дарын болуымен тартады. Сыртын жылтыратып, уфілеп-суфілеп, шылғи өтірік қосып, жауырды жаба тоқып, жабыны тұлпарға қосақтай қоятын даңғаза мақтанға бұл ақын сыймайды. Кеңшілік әншейін көңіл жықпастықпен қара көбейте қоятын авторлардан емес. Ол қазақтың құнары күшті уыздай бал тілін құтты қалыбымен, алтынды топырағымен кейінгі буындарға жеткізуші анық елші, анық перзент, ұлтшыл, суреткер ақын.
«Қазақ поэзиясында лирикалық өлеңдердің өзгеше тыныс ашқын кезінде әдебиетке келген Кеңшілік Мырзабеков өзіндік дауысын тез тапты. Оның лирикалық жырларының жұпары бөлек-тұғын», – деген Әділғазы Қайырбековтың пікірі ақын атына берілген әділ баға екені даусыз.
Асқақ романтика мен сыршыл сезімін К. Мырзабековтың өлеңдері мен баладаларына тән сипат. Оның қаламынан туған «Ақ көйлек», «Көшу» сияқты сюжетті өлеңдерде ақындық үн ұлттық бояумен астасып, өзгеше өрнек тапқан.Сыншылар назарына көп іліккен «Ақ көйлек» өлеңі астарлы, ишаралы өлең. Өлеңнің атының өзі астарлы бір ойға меңзейді. Ақынның қылаусыз сезімі, тап-таза көңілі, жүрек бұлқынысы өлең құрылымын тұтасымен жанды суретке айналдырып, ерекше бір әсер қалдырады.
Қаладан көкем әкелген маған ақ көйлек,
Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.
Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,
Киер ем күнде ауылда, әттең, көп той жоқ
деген жолдармен басталатын өлең әрі қарай ақынның сол ақ көйлекке деген ерекше сүйіспеншілігімен өріліп, алаңсыз, қылаусыз балалықтың белгісіндей болған көйлекті киген сәттегі лирикалық кейіпкер сезімі, балалық пен бозбалалық дәурен арасындағы толқу, ақ көйлекті қара құйынның ұшырып әкеткен сәтіндегі күйініш пен өкініш тамаша үйлесім тапқан.
Ақ көйлек, ақынның өз сөзімен айтқанда, – «жамауы жоқ, жасауы жоқ, көңіліндей аппақ қылаусыз» балалығының белгісі. Балалықтың сәтте ғайып болуы – өмір заңы. Ақ көйлекті ұшырып әкеткен қара құйын – балалық атты дәуренді ғайып қылар қатал күш тәрізді.
«Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім,
Бозбала болдым. Балалық көңілім мертігіп»,
деген жолдармен түйінделеді.
Көріп отырғанымыздай, ақ көйлек жалаң ғана киер киім ретінде жырланып тұрған жоқ. Ақ көйлек – алаңсыз балалық дәуреннің ишарасы. Кеңшілік қаламына тән асқақ үн ишарамен, тұспалмен астасып, өмір шындығы романтикаға, содан символға ұласқан.
К. Мырзабеков өлеңдерінен романтикалық, символдық сипаты анық көрінеді. Кеңшіліктің «Аңыз» атты өлеңінде еркіндікке құштар, биіктікке құмар өршіл рух жырланады.Аты айтып тұрғандай, өлең мазмұны аңыздық сипатта.Ақын тілінде «Еркін құс» түрінде жыр өзегіне алынып отырған азат рух, оның замана қыспағында шырылдауы түйсікпен барлап түсінер нәрсе.Көркемдік тәсілдің шебер өрілуі нәтижесінде мазмұны терең, поэтикалық айшығы салмақты өлең дүниеге келген.
Сонымен бірге, айтылар ойдың ишарамен, тұспалмен жеткізіліп, азат рухты еркін құспен ауыстырылуы символизмге тән сипат екенін ескерте кету керек. Әрине, символизм ағым ретінде ақын шығармашылығына терең сіңіспегенімен, бірсыпыра сыршыл өлеңдерінде өзіндік ерекшелікпен көрініп қалып отырады.