2 Өсімдік шаруашылығындағы биотехнология жетістіктерінің қолданылуы
ХІХ-шы ғасырдың аяғында өсімдіктердің кішкене бөлшектері мен жекелеген мүшелерін алғаш рет өсіруді бастаған неміс ғалымдары еді. Мысалы, К. Рехингер мен Х. Фехтинг өсімдік бүршіктерін, тамырлары мен сабақтарының кесінділерін дымқыл құмда өсіруге тырысқан. Осындай тəжірибелердің кейбіреулерінде жасушалардың бөлінуі нəтижесінде каллустар пайда болған. Бірақ каллустардың əрі қарай өсуіне қолайлы жағдай туғызылмандықтан, олар өспей, шіріп кеткен. Дегенмен, бұл тəжірибелерді сəтсіз деп есептеуге болмас, себебі «жасушаны организмнен тыс өсіру» идеясына бастама болды.
Жекелеп бөлініп алынған өсімдік ұлпаларын жасанды ортада өсіріп-көбейту жөнінде алғашқы ойды 1902 жылы ботаник жəне физиолог Г. Габерланд айтқан болатын. Бірақ оның декоративтік үй өсімдігі – традесканцияны жасанды ортада өсіруге бағытталған жұмысы нəтижесіз аяқталған. Осыдан отыз жылдан астам уақыт өткеннен кейін ғана АҚШ ғалымы Филипп Уайт жəне француз ғалымы Роже Готре өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген жасушалары мен ұлпаларын өсірудің тыңғылықты əдістерін ойлап тапқан болатын.
Жасуша өсіруде айтарлықтай табысқа 1922 жылы Германияда В. Котте жəне АҚШ-да В. Роббинс бір мезгілде ие болды. Олар өсірген тамырдың ұшында жəне бүршіктерінде меристема ұлпалары мол болған. В. Котте бұршақ пен жүгері тамырларының ұштарын өсіргенде қоректік орта ретінде глюкоза, кейбір амин қышқылдары мен пептон сұйықтығы қосылған Кноп ертіндісін қолданған. Ал В. Роббинс болса, қоректік ортаға, оларға қосымша ашытқының экстрактасын қосқан.
Он жылдан кейін Ф. Уайт АҚШ-да көптеген зерттеулер жүргізіп, қызанақ ұлпаларын өсіруде өте жақсы нəтижеге қол жеткізді. Сонымен Ф. Уайт өткізген осы тəжірибелер мен француз ғалымы Р Готренің сəбіздің жəне талдың камбий ұлпаларымен жүргізген жұмыстары өсімдіктер жасушаларын өсіру əдістерінің қазіргі кезеңдердегі жетістіктерінің негізін қалады деп айтуға толық болады.
Американдық ғалым Ф. Скуг құрамында минералды тұздар, көмірсулар, дəрумендер бар қоректік ортада темекі сабағының кесінділерінің өсуін зерттеді. Ол қоректік ортаның құрамына, табиғи қосынды кокос сүтінің орнына, экзогендік фитогормондарды енгізді. Осы тəжірибелердің кейбіреулерінде каллус пайда болса, қайсібір жағдайларда бүршіктердің қалыптасуы байқалған. Атап айтқанда қоректік ортаға ауксин қосылғанда каллус түзілген де, бүршіктердің пайда болуы жəне өсуі тежелген. Ал, аденинді қосқанда, керісінше, бүршіктер пайда болған, яғни бұдан аденин ауксиннің тежеуші əсерін бəсеңдетеді деген қортынды жасалынады.
Ф. Скуг əріптестерімен бірге ашытқыдан физиологиялық белсенді зат бөліп алады. Бұл зат ауксиннің қатысуымен темекі сабағының өзекті паренхимасы жасушаларының тез бөлінуін, каллус ұлпаларының түзілуін жəне онда бүршіктердің дамуын қамтамасыз етті. Жасуша бөлінуін үдететін осы затты олар кинетин деп атады. Осылар сияқты физиологиялық белсенді заттар тобына цитокининдер деген ат берілді. Осы ғылыми жаңалықты ашу арқасында Т. Мурасиге мен Ф. Скуг 1962 жылы өздерінің белгілі қоректік ортасын дайындады. Бұл орта өсімдіктердің көп түрлерінің алуан ұлпаларын жəне мүшелерін өсіруге қолайлы болып шықты жəне қазіргі уақытқы дейін кеңінен қолданылуда.
Осы зерттеулер нəтижесінде өсімдік жасушаларының өсуі мен дамуы үшін ауксин мен цитокниннің маңызы зор екендігі көрсетілді жəне өсімдік жасушасы физиологиясының бұл бағыты қарқынды түрде дами бастады. Сөйтіп, жасушалары іn vitro жағдайында өсірілетін өсімдік түрлерінің саны арта берді. Дегенмен, қандай да болмасын өсімдік түрін іn vitro жағдайында өсіре бастағанда, оның өзі тұрмақ, əрбір мүшелері мен ұлпалары түрлі қоректік ортаны қажет ететіндіктерін ескеру керек. Сондықтан, тəжірибе арқылы құрамы іріктеліп алынған қоректік орталардың саны өте көп жəне бұл жұмыс одан əрі жалғасып келе жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |