2.1.2 Оқу сабақтарында ойын арқылы балалардың ойлау
қабілетін арттыру
Ойын - оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде де қолдануға болады. Бастауыш сынып оқушыларының мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті - ойын болса, оқу-тәрбие үрдісінде олар біртіндеп ойын әрекетінен оқу әрекетін орындауға бейімделуі тиіс. Ол сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асырылады. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді. Ойын - оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан да бастауыш, дайындық сыныптарында оқущылар сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Оларға пайдаланатын ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады. Мысалы, дайындық сыныбында қарапайым ғана ойын түрлерін ойнатсақ, сыныбы үлкейген сайын баланың жас ерекшелігіне сай болып күрделенген жөн. Олай болса ойынды пайдаланудың, маңызы зор. Ойынды математика сабағында қолдана отырып, балаларды саналы ойлауға үйретеміз. Нәтижесінде балалардың қаншалықты білім меңгергенін анықтауға болады. Мұндай ойынның көптеген түрлері бар. Сондықтан ойын балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін сабақтың тақырыбына мазмұнына сай етіліп таңдалып алынғаны дұрыс. Бала ойын іс-әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үрдісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Сонда ғана ойын және іс-әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасайды. Мысалы, дайындық сыныптарда сан санауға заттарды санап және олардың екі тобын салыстыруға, өлшеміне, пішініне және түстеріне қарай ажыратуға үйрету мақсатында «Жеміс жинау», «Өз орныңды тап», «Сан құрамын анықта», «Құстарға қамқорлық», «Жапырақ жинаймыз», «Шырша безендіру» ойындарын ойнатуға болады. Ойын да халық педагогикасының құрамдас бір бөлігі болып келеді. Ұлттық ойындар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамығанына қазақ халқының ойындарымен таныса отырып, көзіміз әбден жетеді. Халық ойындарын сабақтарда пайдалану оқушының алған білімін күнделікті өмірмен бері кұштастыруға қолайлы.
Мысалы: математика сабағында балалардың ой-өрісін дамытатын «Санамақ» ойыны. Оның басты ерекшелігі — баланың ойлау қабілетін жетілдіру. Атау ұйқастарын санау арқылы бала сан үйренеді, санға аты ұқсас заттарды танып біледі.
Бір дегенім - білім,
Екі дегенім - егеу т.б.
Оқушылардың ой белсенділігін, саналы ойлана білуін дамыту, жетілдіру - мұғалімнің негізгі міндеті. Ойын баланың ойлау қабілеті мен сөздік қорын түрлі дағдымен шеберлікті меңгеруге қиындықты жеңуге, төзімділікке баулиды.
Әр сабақта ойынды тиімді пайдалану сол сабақтағы өтілетін жаңа тақырыпты баланын жақсы өз дәрежесінде меңгеруіне әкеледі. Дайындық сыныптарда сауат ашу сабағында әріптермен, дыбыстармен танысу барысында балалар бірнеше ойын түрлерін ойнайды. Мысалы: «Сөз ойла,тез ойла», «Балықшы», «Сәйлемді жалғастыр», «Жоғалған буынды тап», «Кім тапқыр?», «Кім көп біледі?» т.б.
Бірнеше ойындар ойнатуға болады. «Сөз ойла, тез ойла» ойынында доп лақтырып ойнатылса, «Балықшы» ойынында аквариумнен балықты, магниттік кубиктерді қармақпен аулап (қармақ басында,балықтың астыңғы жағында магнит болады), сонымен балықты алып, ондағы сұраққа жауап беруге болады. Ойын - адамның өмір танымының алғашқы қадамы.
«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп өлеңде айтылатындай, бала өміріңде ойын ерекше орын алады. Балалар ойын барысында өздерін еркін сезініп, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет танытып, түрлі психологиялык түсінікпен сезім әрекетіне сүңгиді. Ойын үстінде бала шынайы өмірдегідей қуаныш пен реніш сезімінде болады. Ұлттық ойын ойнау арқылы оқушылардың өз салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына деген сүйіспеншілігі артады. Сондықтан мен өз сабақтарымда мынандай ұлттық ойын түрлерін ойнатамын. «Бәйге», «Хан талапай», «Орамал тастамақ» т.б. ойындар.
Бәйге ойынында екі топтан екі оқушымен ойналады. Екеуі келіп сұрақтар алады, Кім тез жауап берсе, сол дереу тақтадағы өз жорғасын мәреге жеткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |