Латын әліпбиіне көшу – заман талабы



Дата11.06.2023
өлшемі25,58 Kb.
#100621

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Толеуханова Арайлым Демеухановна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
М.Әуезов атындағы №5 жалпы
орта білім беретін мектеп
Арқалық қаласы
toleuxanova95@mail.ru

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» 
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауынан.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өміршең бағдарламасындағы мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру ұсынысын көпшілік толық қолдайды. Қазіргі заман қарыштап дамып, күн өткен сайын өзгеріп, ақпараттар сағат сайын жаңаланып жатқан уақытта, сәл ғана кешіксең артта қалып қоятын сияқты сезінесің. Осы дамып келе жатқан 21 ғасырда өз тілімізді, дінімізді, тарихымыз бен салт- дәстүрімізді сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін , әрине, оған ең бірінші таза тіліміз бен ұғымды сөз керек. Сондықтан қазіргі таңда қолдынылып келе жатқан кириллицаны латын қаріпіне ауыстыру тиімді тұжырым екендігіне келісемін.
Еліміздің бай мұрасы мен мәдениетін, ақын- жазушыларымыздың көптеген еңбектерін шетелдік оқырмандарға танытуда да латын әліпбиіне өтуіміз үлкен септігін тигізер еді. Өсіп келе жатқан жастар үшін өзге дамыған елдердің түпнұсқа мол жинақталған еңбектерін, техникалық , әдеби тағы да басқа туындыларымен танысуға жол ашады.
Латын әліпбиі, сонымен қатар тіліміздің дамуына да үлкен ықпал етері мәлім. «Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп атап көрсеткендей, қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің басты мақсаты- бұл қазақ тілін дамыту үшін де жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазақ тілі - мемлекеттік тіліміз болып табылады. тұрғыда қарағанда, жазуымызды латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге де қосар үлесі зор деп білемін. Қазіргі таңда мемлекеттік тіліміз керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып, мемлекеттік тілге деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр.
Сонымен бірге қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі ел болашағы - жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазіргі заман - жазу заманы, ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас іс - қағаздары, компьютер, интернет желісі арқылы хабарласулар - бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Бұл дегеніміз сөздің мән-мағынасы орфографиялық нормаға сай жазылуы тиісті. Ал латын әліпбиі осындай олқылықтардың орнын толтыруға жәрдем етеді. Сонымен бірге жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер латын әліпбиімен байланысты екені анық. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру адамның мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білемін. Латын әліпбиінің енгізілуі көпұлтты мемлекетіміздің де ынтымағы артып, бірлігінің нығаюына үлкен ықпал етеді деп есептеймін. Сонымен бірге, түркі тілдес халықтар мен қарым – қатынас жасау, түсінісу жеңілдеп, өзге елдерде жүрген қандастарымыз үшін де ортақ әліпби, жазу болатынына кәміл сенемін. Бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Себебі қазір ойланып қарасақ, әліпбиді ауыстыруға ұзақ мерзім, көп қаражат, интеллектуалдық күш қажет. Көрші өзбек ағайындарымыз әліпбиін латынға баяғыда ауыстырып қойған. Елбасымыздың айтуынша латын әліпбиіне көшу келешек жастарға жаңа технологияны меңгеруге үлкен пайдасын тигізеді және дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етсек латын әліпбиіне көшу шетелдіктерді еліміздің тарихын, мәдениетін түсіну үшін жасалған ең оңай жолдардың бірі болмақ. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз әлемдік деңгейге өзімізді таныта аламыз. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді, Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден түбі бір түркі тілі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді. Қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлеп, монотілді ұлтқа айналған кезде қазақ тілін латынға көшіру жолдары жеңілдейді. Біз оны көрші әзірбайжан бауырларымыздан айқын байқай аламыз. Олардың жағдайы, өздерінің ана тілін жақсы білу мәселесі қазаққа қарағанда тәуір болғандығы кешегі кеңес кезінен белгілі еді. Өкінішке орай, біздің тарихымыз бен тағдырымыз өзгеше қалыптасты.
Сонымен, латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Дауысты дыбыстар е әрпі созылыңқы және қысқа айтылуына байланысты мысалы: Liber - тәуелсіз, Liber – кітап сөздердің мағыналары өзгереді . Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Айта кетсек, солардың бірі - филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің пікірі: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды – деп айтты . Әрине, ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа жоғарыда аталған елдердің тәжірибесіне қарап салыстыра отырып жасалса құба-құп болар еді. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр.
Қорыта келгенде, латын әліпбиі – өркениетке бастар жол. Жаңа әліпби бізді көптеген мүмкіндіктер мен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Латын қаріпі – жаңа технологиялар мен ғылымның тілі. Сол себепті кездесер қиындықтарға төтеп беріп, осы аталған әліпбиді қолдасақ, рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Өз құндылығымызды, ерекшелігімізді сақтай отырып, жаңа әліпбиді енгізу тіліміздің халықаралық аренаға шығуына,әлемдік мәдени тұтастығымызды нығайтуға зор ықпал етеді. Және де ақпарат алу мүмкіндігіміз кеңейіп, көп ұлттың басын бір шаңырақ астында біріктіріп отырған еліміздің ынтымақ-бірлігі одан әрі бекемденіп, бүкіл түркітілдес халықтардың басын біріктіруге күш салары хақ. Сонымен бірге еліміздің үштілділікке көшу үдерісі жылдамдап, ғылымымыз қарыштап дамиды. Латын жазуына көшу еліміздің, тіліміздің болашағы үшін, бүгіннің кезек күттірмес өзекті мәселесі екендігін әрбір қазақстандық азамат білуі тиіс деп ойлаймын.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру / Егемен Қазақстан, 12 сәуір 2017 ж.

  2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан халқына Жолдауы / 14 желтоқсан 2012 ж. http://www.akorda.kz/kz/official_documents/strategies_and_programs

  3. Қазақ әліпбиі / https://kk.wikipedia.

  4. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б. Аяған. – Алматы. 2004 ж. – 238 б.

  5. Латын әліпбиі: рухани тәуелсіздік жолы / Қазақ үні, 11 сәуір 2017 ж. – 7 б. 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет