Шерубай Құрманбайұлы:
– Жалпы, жазу, әліпби ауыстырудың үлкен саяси мәні бар мәселе. Оны ашық айту керек. Екінші жағынан бұл тек қана саясат емес, бұл - тілдің таза лингвистикалық мәселелерді шешу үшін қажетті жағдай. Ең алдымен, отарсыздану бағытын дұрыс жүргізу үшін бұл жазу ауыстырудың, әліпби ауыстырудың маңызы өте зор.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Оны айтып отырғанымыз біздің көптеген тілдегі емле, ережелеріміз, тілге қабылдаған әліпбиіміздегі таңбалар кирилл әліпбиінен алынған.
Кеңестік кезеңде солай алынғандықтан біздің қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбаламайтын басы артық таңбалар тілімізде қалып қойды. Осы сөздерде, енді біз қазақтың өзінің дыбыстық жүйесіне, айту мәнеріне сай жазамыз дейтін болатын болсақ, бұрынғы кирилл әліпбиін пайдаланып қалған адамдар оны қабылдай қоймайды.
Ал латынға көшкен жағдайда, сөздер жаңа латын әліпбимен жазылғанда жұрттың бәрі оны жаңадан қабылдайды. Жаңа сөз ретінде, жазылуын орфографиялық норма ретінде қабылдап көзі де үйренеді. Бұл, әсіресе, тілдегі басы артық дыбыстардың, сөздердің, дұрыс жазылуын, қазақша дыбысталуын қамтамасыз ету үшін, тілдің өз табиғаты үшін керек.
Жазу ауыстырудың плюсі де бар, минусы да бар. Плюсі – тілдік ерекшелігімізді сақтау, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуы. Өйткені латын жазуы ағылшын тілі сияқты әлемге кең тараған әліпби екеніне дау жоқ. Сол арқылы біз қазіргі интернет желісінде ақпарат алуда ғылым, білім саласында осы кеңістікке көбірек кіріп, жастарымыз да тануға, тез оқуға, ақпарат алуға мүмкіндігі артады. Екінші жағынан, бұл – түрік әлемі мен Қазақстанның бірігуі. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты елдердің жазуымен бір болғаны – біздің еліміз үшін тиімді.
Әрине, минус жағы да бар екенін ашық айтуымыз керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдығының өзінде қазақ мектептерінде, жоғарғы оқу орындарына көптеген оқулықтармен қамтамасыз етілмей жатқан жағдайлары бар. Ал ертең жазу ауыстырылған күннің өзінде қазіргі латын тілінде жазылған бастауыш мектептің, орта мектептің, одан кейінгі жоғарғы оқу орындарындағы оқу құралдарын, көркем әдебиетті бір күнде аударып тастау өте қиынға соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |