Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Шалкиіз жырау толғауларының идеялық-көркемдік сипаты



бет27/104
Дата14.10.2022
өлшемі369,21 Kb.
#43171
түріЛекция
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   104
Байланысты:
Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму

3. Шалкиіз жырау толғауларының идеялық-көркемдік сипаты.
Шалкиіз шығармаларының дені – толғау. Толғауларынын негізгі тақырыптары ел бірлігі, адамгершілік, ізгілік, жомарттық, достық қасиеттерді үлгі етіп насихаттау. Толғауларының мазмұны бip-бipiмeн тығыз байланысты, нақыл-ғибраттық мәнде, дидактикалық сарында болып келеді.
Жыраудың бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық әлеуметтік лирикаға жатады. „Алаштан байтақ озбаса“, „Күпшек санды тіл жалмаған күреңді“, „Бұз үстіне от жаққан“ деп басталатын толғауларында өзі туралы деректер беріледі және өз бейнесі көрініс табады.
Шалкиіз жырларында суреттелетін адамдар – Темір, Әзике, Мансұр, Арық хан және жыраудың өзі. Жыраудың өзін біз көбінесе лирикалық «Мені» арқылы танимыз. Осылардың ішінде жыраудың Темір би мен өзін бейнелеуінен сөз зергерлігін анық аңғарамыз.
Ол өз көңіл күйін толғайтын бірді-екілі толғауының өзінде де өмір заңдылығын, заман үрдісін қатар суреттеп отырады. Жырау «отбасы, ошақ қасының» қарапайым пендешілік халіне айналмай, өзіне дейінгі және өз заманындағы қилы-қилы сырларға көз жібереді, өмірде көрген көп жайларын көңіл таразысына салып, қорыта толғайды, көсем көңілмен, өнегелі сөзбен ізгілікке үндейді.
Нақыл түрінде келетін өсиет ойлары мына толғауларында беріледі: „Жапырағы жасыл жаутерек“, „Жақсының жақсылығы сол болар“, „Жалп-жалп ұшқан жапалақ“, „Ор, ор қоян, ор қоян т.б.“
Жырау туысқан біткенді ту етіп, жаманын да жақын тарта бермейді. Оларға адалдық, азаматтық тұрғыдан саралай, сын көзбен қарайды.
Жаман туған бар болса,
Жаман жолдас көп болса,
Жазаны содан көрерсің.
Немесе:
Жаманға жақыным деп сыр айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты.
Яки:
Ағайынның ішінде
Бір жақсысы бар болса,
Қоңқалаған көп жаман
Сол жақсыны көре алмас.
дейді өмірлік тәжірибесі мол жырау. Міне, жырау өмірдің өзінен туындап жатқан ащы шындықты айқын көре алған да, жақын деп жаманға жантартуға емес, «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей адамды, азаматты, абзалдықты сүюді былай деп өсиет етеді:
Атаның ұлы ерлерге
Малың бер де басың қос,
Басыңды қос та бек сыйлас,
Күндердің күні болғанда,
Басың жауда қалар ма?!
Бұл жолдардағы – Шалкиіз ұғымындағы «Ата ұлы» адамдығы мол азамат ерлер ретінде танылады. Өз заманының ақылгөй жырауы, әрі айтулы батыры Шалкиіз суреттеуінше, адамның өмірдегі қадір-қасиетін белгілер ерлік пен ездік, достық пен дұшпандық деген қасиеттер ел басына екіталай күн туған «тайғақ кешу, тар жерде» танылмақ.
Күпшек санды тіл жалмаған күреңді
Тілеген достан аяман.
Тілекті бірге тілеген,
Малымды достан аяман –
дейді батыр жырау.
Бұл – жыраудың батыр ретіндегі бірлік пен ерлікке үндеген мәрт мінезі, әрі адалдық анты дерлік. Өмір талқысын көп көрген жырау жауға – мейірімсіз, досқа – адал, дұшпанға – сақ болуға шақырады.
Аңдып жүрген дұшпаныңнан жүз сақын,
Күле кіріп, күңіреніп
Шыққан достан мың сақын.
Немесе:
Дұспаныңа беліңді шешіп инанба,
Инантып тұрып өлтірер, –
деп үнемі қырағылықта болуға үндейді.
Шалкиіз жыраудың дінге қатысты таным, көзқарасын “Жапырағы жасыл жаутерек” деп басталатын толғауының:
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірі өзі біледі,
Ажаламыз қайдан дүр-
деген үзінділерінен, “Күпшек санды тіл жалмаған күреңді” деп басталатын толғауындағы “Мен ісімді хаққа тапсырғанмын һәр жерде” деген сөздерінен, сонымен қатар:
Тәңірі өзіне бермесе,
Менменсіп жүрген ер жігіт
Кісіден тартып алып жарымас!
деген өлең жолдарынан көруге болады.
Темір әміршісінің дәрежесі өзінен артық болса, осының барлығын “алладан” да, “құдайдан” да көрмейді, “тәңірден” көреді, тәңірі ісі дейді. Тіпті кәғбаның өі алланың емес, тәңірінің үйі. “Ниет еттің тәңірінің үйі кебеге”, - дейді жырау.
Сондай-ақ жырау өмірдің бір орында тұрып қалмай, өзгеріп жаңарып отыратындығын да өзінше танып жырлайды. Дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ дегенді жырау былайша береді:.
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кімдерге қоныс болмаған.
Жағына жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған…
Жыраудың бұл дүниетанымның түпкі төркіні дінде емес, халық философиясында жатыр. Жыраудың діндарлығы қатып қалған қағидалар шеңберінде емес, тіршілік пен тұрмыс мәселесін тәжірибе жүзінде тану, бағалау жағдайларымен аралас келеді.
«Дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ дейді жырау. Әлем бір қалыпта тұрмайды, бәрі фәнилік, бәрі өткінші. Бірақ осы пікірлерінен жырау сопылық қорытынды шығармайды, – өмір қысқа екен, бұл жалған басы жұмыр пенденің бәрінен де өтеді екен, демек, осы аз ғұмырды дүниедегі бар қызықты тегіс көріп думандатып өткізу керек. Осыған қарағанда, жырау ислам дінінің кейбір қағидаларына онша берік болмағанға ұқсайды» деген пікір айтады ғалым М.Мағауин.
Шалкиіз әр кезде шектен шығып кетпеуді уағыздайды. Әр пенде ақырын жүріп, анық басуға тиіс - асқанға тосқан дегендей пікір айтады жырау.
Шалкиіздің толғаулары негізінен дидактикалық сарында жазылған жыраулар үлгісіндегі ғибрат сөздер, адамгершілік сананың, әділетшіл ақын иесінің жемістері.
Халық ежелден бері қастерлеген ағайын арасының татулығы, азамат ердің, рулы елдің алауыз болмай тату-тәтті өмір сүруі – жырау туындыларының негізгі идеясы.
Атадан алтау тудым деп
Салмақтама немеңді,
Салмақтасаң немеңді,
Тәңірі тесер төбеңді, -
дейді жырау.
Ел бірлігі мен ерлік дәстүрді қуаттау, адамгершілік ақыл, ғибрат сөз уағыздау – Шалкиіз өлеңдерінің негізгі идеясы. Ал Шалкиіздің дүниетанымы, моралі, этикасы ислам дінінің негізінде жатыр.
Жыраудың «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауының өлең жолдарына көз салсақ, тек Темірге ғана емес, шын дос, шынайы жолдасқа жүрегін де жұлып берер мәрт батыр бейнесі елестейді. Мысалы:
Күпшек санды тіл жалмаған күреңді
Тілеген достан аяман.
Тілекті бірге тілеген,
Малымды достан аяман.
Тайғақ кешу, тар жерде,
Менің достым барды һәр жерде,
Іздесем табылмайды тар жерде.
Табылмаса қайтейін,
Мен ісімді хаққа тапсырғанмын һәр жерде.
Енді бірде өмірдің ащы-тұщысын көп татып, теңіздей тебіренген ойлы жырау бейнесі көз алдымызға келеді. Ол жақсы мен жаман, ер мен ез, жат пен жақын, асыл мен арзан, дәуір мен дүние сияқты өмірдің өзекті мәселелері туралы толғанады. Ол кейде өткеннен түйген өміршең ойларын ақыл-нақыл, мақал-мәтел, терме, тақпақ ретінде шегелеп айтса, бірде ел ағасы, халық қамқоры ретінде бірлікке, ізгілікке үндер өсиеттер толғайды.
Өмірдің өтпелілігін Шалкиіз «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауының «Қоғалы көлдер, қом сулар» шумағында анық та ашық айтады. Жауынгер жырау жыр жолдарында өзіне етене таныс «сақалына сары шіркей ұялап» далада қалған барымташы ерлердің реңсіз тағдырын мүсіркей суреттей отырып, жер басып, тірлік кешкен адам атаулыға ортақ құбылыс – өмірдің қысқалығы мен өткіншілігі туралы тебіренеді. Бірақ, бұл өмірдің өзі аз ғұмыр екен деп аза тұтып, күңіренбейді, қайта:
Күлелік те ойналық,
Киелік те ішелік.
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған?! –
деп «жалған дүниеде» ойнап, күліп, бар рахатты бастан кешіріп, шалқып өтуге үндейді. Бұл толғауынан жыраудың қысқа ғұмыр мен қысаң тағдырға деген ашу-ызасы да, өмірге іңкәр оптимистік рухы да танылады.
Өмірдің үздіксіз дамуда екенін, дүниеде бір қалыпта өзгермейтін мәңгілік болмыс жоқ екенін мол сезінген Шалкиіздің өзінен бұрынғы және кейінгі дәуірлермен үндесіп жатқан бір пікірі – ұлы адамның өлмейтіндігі, өзі өлсе де сөзі өлмейтіндігі, «Жақсының аты өлсе де, хаты өлмейді» деп келетін халық даналығы Шалкиізде «Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау» күйінде келеді.
Жырау шығармаларының көркемдік ерекшелігі де арнайы сөз етуге тұрарлық. Жырау белгілі 6ip тақырыпты жырлағанда табиғат, өмip құбылыстарын қатар алып бейнелейді. Жырау шығармаларынан айқын аңғарылатын бір ерекшелік – оның өлең сөздерінің серпінділігі мен қуаттылығы, мазмұн-мағынасына сай ойлылығы мен құнарлылығы, хас шебердің қолынан шыққандай мінсіздігі мен ажарлылығы.
Шалкиіздің бірқатар жыр жолдары халық мақал-мәтелдерімен үндес келеді. Мысалы, қазақ мақал-мәтелдеріндегі «Әлін білмеген әлек» деген пікірді:
Бар күшіңді сынамай,
Балуандармен күреспе,
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың күлемге, –
түрінде тарата түсіндіріп, нанымды насихатқа айналдыра толғайды. Ал, «Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді» Шалкиізде – «Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау» күйінде кездеседі. «Жаманға сырыңды айтпа, сырыңды айтсаң да, шыныңды айтпа», «Жаманға сырыңды айтсаң, жарға жығар», «Жақсыда жаттық жоқ» сияқты мақал-мәтелдер мен Шалкиіздің:
Жаманменен дос болсаң,
Жазымда басың қалмас па?!
Жат туғанды өз етсең,
Жақсыларды дос етсең,
Ғұмырың ұзақ болмас па?!
Жаманға жақыным деп сыр айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты, –
деген өлең жолдары мағыналас.
Шалкиіз – өзінен кейінгі дәуір поэзиясына елеулі ықпал, әсер еткен жырау. Бұл салада М.Мағауин бірқатар мысалдар келтіріп, құнарлы пікірлер айтады. Ғалымның пікірінше, халық ауыз әдебиетіндегі «Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақтан», «Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық», «Жаманнан туған жақсы бар, Адам айтса нанғысыз. Жақсыдан туған жаман бар, Бір аяқ асқа алғысыз», «Дұшпаныңнан бір сақтан, жаман достан мың сақтан» сияқты мағыналы сөздер Шалкиіз жырлары арқылы тарап, мақал-мәтелге айналғанға ұқсайды.
Шалкиіз жыраудың көркемдеу тәсілдерінде, ягни образ жасау, сөз қолданыстарында халықтық эпостарға тән белгілер мол көpiнiс тапқан. Ежелден келе жатқан әдеби дәстүр сақталған
Шалкиіз шығармашылығы кейінгі дәуір ақын, жыраулар шығармашылығына да әcepi мол болды. Оның жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар игі өнеге алған. Қажет жағдайда Шалкиіз жырларының жолдары мен бейнелі тіркестерін өз жырлары арасында сол күйінде қолданып, не өзгертіп, жаңғыртып, ұстарта жырлаған. Мысалы, Махамбет өлеңдеріндегі «Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген», «Бұзбай құлан пісірмей, мұз үстінде от жақпай» сияқты бірқатар бейнелі тіркестердің түп төркіні Шалкиіз жырлары екендігі аңғарылады. Осы сияқты қолданыстар XIX ғасырдың көрнекті импровизатор ақындары Абыл мен Шерниязда кездеседі.
Жыраудың бізге белгілі бірден бір эпикалық туындысы – „Ер Шобан“ жыры. «Ер Шобан» алғаш рет «Шайыр» жинағында авторсыз жарияланған. «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан» жинақтарында М.Мағауин оны Шалкиіз шығармалары қатарында береді. М.Мағауиннің «Ер Шобанды» Шалкиіз шығармасы деп санауына Мұраттың «Шәлгез» аталатын толғауы себеп болған сияқты. Мұрат «Ер Шобандағы» оқиға желісін және батырларды бейнелеу тәсілін ғана үлгі тұтқан. Суреттеу әдістерінің ұқсастығы ғана болмаса, бейнелеу, ажарлауларында «Ер Шобанды» қайталап жатқан егіз қозыдай сөз тіркестері жоқ. Тіпті, М. Мағауиннің өзі айтқандай, Мұрат толғауында Шалкиіздің «...өзіне ғана тән стилі көрінбейді». Ғалым Ә.Дербісәлин Естерекұлы Ер Шобанның тарихта болған адам екенін дәлелдер келтіріп, Ер Шобан Шалкиіз сияқты әрі батыр, әрі жырау болған, «Ер Шобан» сол жыраудың туындысы деген тоқтамға келген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   104




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет