Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
2. Шал ақынның өмiрi мен шығармашылығының зерттелуi, жариялануы. Шал ақынның өмiрi, шыққан тегi, өмiр сүрген ортасы туралы қазақ әдебиеттану ғылымы саласындағы алғашқы айтылған пiкiрлер Шоқан Уәлиханов жазып қалдырған деректерде кездеседі. Шоқан: «Из преданий о происхождении киргиз замечателен джир ахуна из племени аргын, из рода атыгай и поколения Худайберди и отделения его Баймбет-Чала, современника прадеда моего, хана Аблая. Знающих эту эпопеютеперь очень мало, по крайней мере, я до сих пор не имел случая ее слышать», - деп деректер береді
Шал ақын шығармаларының кеңес дәуiрiнде зерттелуіне келетін болсақ, ақынның «Он бес деген жасым-ай» атты толғауы тұңғыш рет «Жаңа әдебиет» журналында (1958, № 5) жарық көреді. Ғалым Малдыбаев 1958 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 48 санында «Шал ақын кім?» деген мақаласын жариялайды. Онда Шал ақынның арғы тегінен, өмірбаянынан, шығармашылығының ерекшеліктерінен мәліметтер бере отырып, ақынның сегіз өлеңін – 18 шумақ немесе 70 жолдай жырын оқырманға ұсынады. Осы деректер 1962 жылы шыққан «XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» деп аталатын кітапта қайталанып берілді. Бұл жинаққа ақынның тағы да басқа өлеңдері енгізіліп 11 өлеңі, яғни 600 жолдай өлең жарияланады. Осы жинақтағы және 1965 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Үш ғасыр жырлайды» кітабында жарық көрген 35 өлеңі (жалпы көлемі – 441 жол) ақын мұрасымен оқырмандардың кеңінен танысуына мүмкіндік туғызды. Бұл жинақтың «Алғы сөзінде» Ы.Дүйсенбаев Шал Құлекеұлы шығармаларының негізгі тақырыптарына, идеялық-көркемдік ерекшлеіктеріне назар аударып ақыныдық өнеріне баға береді.
Бұдан кейін ақын өлеңдері 1967 жылы шыққан «Ертедегі әдебиет нұсқаларына» енгізіліп шығармаларының идеялық ерекшелігі Қожа Ахмет Иассауи философиясымен біршама салыстырыла қарастырылады. Одан кейін ғалым М.Мағауин «Қобыз сарыны» монографиясында Шал поэзиясына арнайы тоқталып, талдау жасап, «Алдаспан» жинағында өлеңдерін жариялады. Онда Шалдың өмір сүрген жылдарын Шоқан пікіріне сүйене отырып 1748-1819 деп көрсетеді. Ғ.Малдыбаевтың дерегі бойынша 1760-1831 жылдар. «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» «...қазіргі Көкшетау облысының территориясындағы Азат темір жол станциясының маңында дүниеге келеді» делінсе, Ғ.Малдыбаев «Шал ақынның туып-өскен жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданы Қаратал деген ауыл» дейді. Шал ақынның өмірін, кейбір өлеңдерін Шал шығармаларын жинауға Айқын Нұрқатов та атсалысып, 1949 жылы Молдағұл Мырзабеков деген кісіден біршама деректер мен өлеңдерін жазып алған екен.
Шал ақын өлең-толғауларының мәтіндері, зерттеу пікірлер соңғы кездері жинақталып жеке жинақ түрінде жарық көрді (Шал ақын. Өлеңдер. Зерттеу деректер. – Алматы: «Арыс» баспасы. 2003., Шал ақын Құлекеұлы. Шығармалары. Зерттеулер. – Алматы: «Дайк-Пресс», 1999).
Бізге Шал ақынның әдеби мұрасы жазба түрде емес, халықтың ауызша түрде айтылуымен, жатталып жетті. Ақынның өлеңдері халық аузынан түспей бірден-бірге айтылып жеткізіліп отырған. Әйтсе де Шалдың өлеңдері дәл өзі айтқандай қалпында сақталып бізге жеткен деп, толық сеніммен айта алмаймыз. Өйткені, ақын айтты деп, кейбір жолдарын жеткізушілер, жазып алушылар қосып та жіберіп отыруы, т.б. себептері болуы да әбден мүмкін. Шалдың өлеңдерінің кейбіреулері осы уақытқа дейін шыққан жинақтарда әр түрлі жарияланып келді
Мысалы, Шалдың Абылайдың үлкен баласы Уәлиханға айтты деген атақты «Қонақ кәдесінде» «Таң атты жалаң аяқ тоқты арқалап» деген жол бар. Ғ.Малдыбаев та және «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармаларында» осылай да, «Үш ғасырда», «Алдаспанда» «Жалаң аяқ, жалаң бас қой арқалап» боп кетеді. Қайсысы дұрыс, қайсысына жүгінуге болады?. Бұл сұраққа жан-жақты зерттеу негізінде ғана көз жеткізуге болады.
«Ескі әдебиет нұсқаларына» Шалдың 12 өлеңі енгізілген. Бұлардың он бірін М.Мағауин 1964 жылы Шалдың жерлесі Қошан Жантілеуовтен жазып алады. Әрине, айтушы Шалдың айтқандарын дәлме-дәл жеткізген деп сеніммен айта алмаймыз. Кейбір жолдарына құрастырушының да қолы тиіп кеткені байқалады. Әлбетте, Шалдан түпнұсқа қалмаған соң ақын былай айтып еді ғой дейтін бізде дәлел де жоқ. Дегенмен, Шалдың қалыптасқан шымыр стиліне қарап, өлеңдерін тануға болады.
Осы сияқты әр кездердегі жарияланымдардағы әртүрлілік басқа шығармаларынан да байқалады. Шал шығармалары молырақ орын алған 1971 жылы «Жазушы» баспасында басылған «Алдаспан» жинағында да бұрынғы-кейінгілермен салыстырғанда алшақтықтар кездеседі.